Соңғы уақытта елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы халық арасында кең қолдау тауып келеді. Бұл бастама тек сенбілік ұйымдастырып, көшені тазалаумен ғана шектелмей, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды деп ойлаймын. Жаркент қаласының тұрғыны ретінде осы өзгерістерді күнделікті өмірде анық байқап жүрмін.
Бұрын кейбір көшелерде шашылған қоқыс, ретсіз төгілген тұрмыстық қалдықтар көзге жиі түсетін. Әсіресе саябақтар мен арық бойларында тазалық мәселесі сезілетін. Ал «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері қаламыздың ажары айтарлықтай ашылды. Көшелер тазарып, қоғамдық орындар ретке келтіріліп, айналаның көркі кіре түсті. Аула маңдары мен жол жиегіндегі тазалыққа тұрғындардың өзі де бейжай қарамайтын болғаны қуантады.
Бұл бастаманың басты жетістігі – халықтың сана-сезіміне әсер ете бастағаны. Қазір көпшілік қоқысты кез келген жерге тастамауға, табиғатты аялауға мән бере бастады. Әсіресе жастар мен мектеп оқушыларының белсенділігі байқалады. Олар сенбіліктерге қатысып қана қоймай, өзгелерді де тазалық сақтауға үндеп жүр. Мұның бәрі экологиялық мәдениеттің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Тазалық – мәдениеттің белгісі. Таза көше, таза аула, таза қала – тұрғындардың жауапкершілігін білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан» акциясы ел азаматтарын ортақ іске жұмылдыра білді деп айтуға болады. Қарапайым халықтың табиғатқа деген көзқарасы өзгеріп, туған жерге жанашырлық арта түскендей.
Жаркент – табиғаты көркем, тарихы терең мекен. Осындай қасиетті өлкенің таза әрі көрікті болуы – баршамызға ортақ міндет. Егер әр адам өз үйінің ғана емес, өз көшесінің, өз қаласының тазалығына жауапкершілікпен қараса, қоғам да өзгереді. Өйткені тазалық сыртқы көрініс қана емес, ол – ішкі мәдениеттің айнасы.
«Таза Қазақстан» акциясы уақытша науқан болып қалмай, тұрақты өмір салтына айналса екен деген тілек бар. Сонда ғана болашақ ұрпаққа таза табиғат пен көрікті қаланы аманат ете аламыз.
К.МҰҚАШЕВА,
Жаркент қаласының тұрғыны










