Арғы бабаларымыз сонау Сақ ұлысынан бері қоныс еткен Жаркент жерінің өткені тұнып тұрған тарих. Оған дәлел, Жетісу Алатауының етегінен оңтүстікке – Іле өзенінің жағалауына дейін көлбей орналасқан обалар мен қорғандар. Топыраққа көміліп, құпиясын қойнына бүккен көне елді мекендердің орны мен ені 1-3 метрден асатын топырақтан соғылған қабырға қирандылары.
Демек, осы өлкенің ежелгі тұрғылықты адамдары өмір сүруге қолайлы деп Бурақожыр (Бөріқұзар), Үсек, Тышқан, Шежін, Қорғас өзендері маңайына қоныстанып, тіршілік кешкен. Шаруаға қолайлы, уылжыған жеміс-жидекке толы табиғаты, жанға жайлы ауа-райымен қатар шүйгін шөпті құнарлы жайылымы бір төбе.
Әзіргі жорамалымыз бойынша Жаркент өңіріндегі қала, кенттердің қалыптасып дамуы Үйсін дәуірімен тұспа-тұс келеді. Неге десеңіз үйсіндер біржақты көшпелі болмаған. Олар хал-қадірінше қолөнермен айналысып, кенттер, қалалар тұрғызған жартылай отырықшы болды. Үй салып, кенттер мен қалалық өмір сүруді өздерінің арғы бабалары сақтардан мұра еткен халық. Ал, сақтардың құрылыспен айналысып, мекен тұрақтар салғандығын ғылыми тұрғыда дәлелдеген отандық ғалымымыз, археолог Кемел Ақышев болатын. Оған дәлел ретінде Есік қорғаны мен Бесшатыр обалары және Үйсіндердің қыстақ-тұрақтарына жүргізген қазба жұмыстарында табылған суландыру тоғандары, арықтардың, түрлі дәнді-дақылдар тұқымдарының қалдықтары мен орақ, соқалардың, дәнүккіштердің, т.б. шаруашылық құралдары дәлел.
Жаркент қаласының әйгілі шығыс пен батысты жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасуы да тегін емес. Қазақ жеріндегі қалалардың, кенттердің халықаралық сауда ықпалымен дамуы артып, гүлдену шегіне жеткен шағы б.з. VІІІ-ХІІІ ғасырлары. Оның бірден-бір негізгі қозғаушы күші әйгілі Ұлы Жібек жолының Жаркент өңірін көктей тіліп басып өтуі. Ұлы Жібек жолының тарихы б.з.б. І ғасырдың орта шегінде, ежелгі Қытай жеріндегі Хуанхэ өзені аңғарындағы болған Чаньан қаласынан басталады. Ол қазақ жерінен өткен соң, Қара теңіздің солтүстік-шығысын айналып, Еуропаға ат басын тіреген.
Одан бергі тарихта ерте ортағасыр аталатын VІ-ІХ ғасырлар аралығында Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аймақта – Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанаттары өмір сүрді. Бұл мемлекеттердің ішінде Батыс Түрік қағанатының негізгі территориясы Жетісу болса, оның ең бір шұрайлы бөлігі біздің Жаркент жері екені баршаңызға аян. Сондай-ақ, бұл қағанаттар кезеңінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани жағынан дамыған отырықшылық қалалық өмірдің жоғары қарқын алғаны байқалады. Мәселен, Тараз, Баласағұн, Мерке, Ілебалық, Талхир, т.б. көптеген кенттер мен қалалар пайда болды. Б.д. VІІ – ХІ ғасырларында қала мәдениеті Қазақ даласының барлық өңірлерінде де жоғары қарқынмен дамыды деп айтуға толық негіз бар. Заман ағымына сай керуен жолдарына таяу орналасқан тұрақты қыстаулар – керуен тоқтайтын кенттер мен қалаларға айналып отырды.
Сауданың өркендеуі әсерінен түскен қыруар қаржыдан біртіндеп байып, әлеуметтік жағдайын көтерген Түркі қағандары өздерінің ұлылығын паш ету мақсатында алыстан шеберлер шақырып, ордаларында елеулі өзгерістер жасады. Мәселен, топырақтан соғылған орданың сыртқы дарбазасы алдына арнайы құрылғылар мен темірден қақпалар қойдырып, биік қабырғаның бұрыштарына күзет мұнараларын орнатып, қауіпсіздік қажеттілігі үшін дуалдың сырт жағына айнала ор қаздырып, суға толтырды. Сөйтіп, ел билеушілер өзінің ордаларын қуатты да айбарлы бекініс қорғандарға айналдырды (мысалы – өзіміздің Түргенкент, Ілебалық).
Бұл сөзімізді нақтылау үшін соңғы археологиялық мәліметтерге жүгініп көрелік, біз бұнан Жетісу Алатауы мен Іле Алатауы өңіріне тән аймақтардан қалалық орталықтар, қоныс-қыстақтар сияқты елді мекендердің 80-ге жуығының орнының анықталғанын көреміз. Оған дәлел ретінде Көксу бойындағы Қойлық, Іле өзені алқабында Екіөгіз, Талғар қаласы маңындағы Талхиз, ежелгі Жаркент өңірінен – Ақкент, Жаркент, Ілебалық, Түргенкент т.б. қалаларының бой көтеруін айтсақ та жетіп жатыр.
Енді, Жаркент қаласының пайда болуы туралы сөз қозғасақ, қайтадан байырғы Сақ заманына ораламыз. Себебі, тарих ғылымына сүбелі үлес қосқан атақты ғалымдарымыз – В.В.Бартольдтың, Н.Я.Бичуриннің, П.П.Румянцевтің және отандық тарихшы К.Ақышевтың, тағы басқа зерттеушілердің ғылыми дәлелдері бойынша «…қазіргі Жетісуды, оның құрамындағы Жаркент өңірін б.з.д. VІІ-ІІІ ғасырларда сақ тайпалары мекен еткен» деген тұжырымдамалар бар. Одан бергі дәуірлерде жоғарыда айтып өткеніміздей бұл өлкеде: Үйсіндер, Түркілер, Түргештер, Қарлұқтар, т.б. өмір сүрді.
Осыдан мың жыл бұрын Таяу Шығыстағы Иерусалимде өмірге келіп, мұсылман жұртының көпшілігін аралаған араб оқымыстысы, географы әл-Макдисидің ежелгі Испиджаб (қазіргі Шымкент) аймағы туралы жазып қалдырған еңбегінде: «…Испиджаб аймағы Мауреннахрдың (бұл жерде Оңтүстік Қазақстан) орта тұсында орналасқан. Оның Құрлұқ, Жұмышлағу, Арсубаникет, Бараб, Шабғар, Сауран, Тұрар, Зерах, Шағылжан, Баладж, Барукет, Бұрұқ, Яғанкент, Азақкент, Дех Нуджикет, Тараз, Балу, Жікіл, Барысхан, Атлах, Жамукат, Шелжі, Көл, Сұс, Тақабкет, Дех Науи, Құлан, Мирки т. б. көптеген қалалары бар дей келе (барлығы 51 қала), сөз соңын Жаркент қаласының атымен аяқтайды. Бас қаласы – Испиджаб» (Байпақов К. Қазақстанның ежелгі қалалары. – Алматы: «Аруна Ltd», 2005. 11-12 беттер) деп көрсетілген деректер сақталған.
Бұл мәліметтің өзі оқыған адамды үлкен ойға жетелейтіні сөзсіз. Енді бұнда аталған бірнеше қалаға Жаркентпен салыстырмалы түрде тоқтала кетсек. Мерке — әл-Макдиси Х ғасырда бұл қаланы былай деп сипаттаған:
«Мерке – орташа көлемдегі қала. Ол мықты қорғалған, ішкі қамалы бар. Үлкен мешіт бұрын шіркеу болған. Әмір Әд-Даул Фаик рабатты қала қабырғасының сыртына салдырған» (Байпақов К. Қазақстанның ежелгі қалалары. – Алматы: «Аруна Ltd», 2005. 281 бет).
Жұмышлағу – әл-Макдисидің жазбасына орай, бұл – «…үлкен және кең қала. Ол жерде ағын су бар. Сол араға жауынгерлер қоныс аударған. Үлкен мешіт базарлардан алыс орналасқан» (Байпақов К. Қазақстанның ежелгі қалалары. – Алматы: «Аруна Ltd», 2005. 271 бет).
Тараз – жазба деректерден Тараз қаласы VІ ғасырдан бастап белгілі. 568 жылы түркі қағаны Дизабул-Истемидің қол астындағы осы қалаға Византия императоры ІІ Юстинианның Земарх Киликийский басшылық еткен елшілігі келген (Байпақов К. Қазақстанның ежелгі қалалары. – Алматы: «Аруна Ltd», 2005. 299 бет).
Бұның жалғасы іспетті келесі көңіл аударатын тағы бір қызықты ақпарат – академик В.В Бартольдтың «Жетісу тарихының очерктері» атты ғылыми еңбегіне қосымша көмекші құрал ретінде жасалған «Орта ғасырлар картасына» көз жүгіртсек, сол дәуірдің өзінде қазіргі Жаркенттің орнында, үлкен жолдың бойында қала болғандығы белгіленген екен (Б.Нұржекеев. «Өзендер өрнектеген өлке», Алматы «Жалын» 1984. 131 бет).
Ал, сол заманғы «Үлкен жол», яғни, Ұлы Жібек жолы әлі де сол орнында емес пе?! Бұны біздер нанымды дәйек ретінде ұсына алатындығымызды да айтқым келеді.
Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің кітабындағы 1643 жылғы «Орбұлақ шайқасы» туралы жазбасында:
«Соғыс ескі Жаркент балығынан күншілік жерде Қосқолаң тауының арасында болды», – деп келтіреді. (Түп-тұқияннан өзіме шейін. Алматы «Жалын», 1993. 203 бет).
Міне, бұдан біз ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында Жаркент балығының болғандығына куә боламыз. Бұндағы «балық» сөзі «қала» деген мағынаны білдіреді. Мысалға: Ханбалық, Ілебалық, Бесбалық, Ордабалық, тағы басқа атаулар Шығыс өлкедегі ежелгі қалалардың аттары.
Иә, қаншама шапқыншылық пен соғыстарды басынан өткерген көне Жаркент қанша рет қираса да тіршілікке қолайлы болғандықтан сонша рет қалпына келтірілген деп топшылаймыз.
Салыстырмалы түрде алатын болсақ жоғарыдағы оныншы ғасырдағы Мерке мен VІ ғасырдағы Тараздың көне тарихи шежірелерде біздің Жаркент қаласымен қатар аталуы, біздің қаламыз Жаркенттің тарихына кемінде 1400 жыл толған деп жобалауымызға әбден болады.
Жоғарыда келтірілген арғы тарихи мәліметтерді қоя тұрып, 1856 жылы отандасымыз, ғалым әрі саяхатшы Ш. Уәлихановтың өзі Құлжаға сапарындағы 3-ші тамыз күнгі естелігінде «Бүкіл жол бойы біз тоғайлар ішімен, арықтардың бойымен жүріп отырдық. …Яркенд, Тышқан қалаларын оң жағымызда қалдырып, Ақкентке тура тартып кеттік» деп, жазып картаға түсіріп кетті емес пе. (Ш. Уәлихаов, 2 том, Алматы 2010. 202 бет).
Алғаш 1852 жылы Құлжа мәселесі бойынша Жаркентте Жетісу әскери канцеляриясының әскери губернаторының бөлімшесі құрылып жұмыс істесе, Жетісу казак әскерлерінің басқармасы 1854 жылы өз қызметін бастаған. Егер, Жаркент қала болмаса бұндай мемлекеттік маңызы бар нысандар, мекемелер басқа жерге орналастырылатын еді деген ойлар да көкейге қонып тұр. Әуелі десеңіз, бұл Ш.Уалихановтың Құлжаға сапарынан 4 жыл бұрын болған оқиға.
Қолда бар архив құжаттарынан алынған туған жеріміздің өткеніне қатысты мынадай ақпараттарды ұсынамыз: Патшалық Ресей кезінде Жаркент қаласы оңтүстік-шығыстағы ірі сауда және мәдени орталығы болды. Орыс үкіметінің отарлық езгісіне қасқайып қарсы тұрып есімдері аңызға айналған, Суаннан шыққан қос батыр Әтіке-Нұржекелердің ерлік істері осы жылдармен тығыз байланысты. Және Батыс Қытайдағы ұйғырлар мен дүнгендерді осынау Жетісудың Жаркент аймағына көшіру мәселесі 1880 жылдары ғана сөз болған.
Жаркент аумағына қарасты ашылған уездік басқарма 1883 – 1919 жылдар аралығында қызмет жасады, сондай-ақ, бұл басқарманың архивінде жергілікті Суан тайпасы туралы мол мәліметтер сақталынғандығын ескерте кеткенді жөн көріп отырмын.
Өткеннің көзіндей болып бізге жеткен тарихы бай қаламызды кейбір шолақ ойлы ағайындарымыздың Патшалық Ресей тұсындағы, дәлірек айтсақ, 1882 жылғы отаршыл әкімшіліктің (генерал – лейтенант А.Фриденің бұйрығы бойынша) қала дәрежесін заңмен бекіткен жылдан бері есептеп Жаркенттің бұрынғы ғасырлар бойғы тарихына орны толмас қиянат жасалуда. Отаршыл үкімет бізге жоқ жерден жарылқап қала салып берген жоқ, ағайын! Ұлы Жібек жолы бойында орын теуіп, көптеген ғасырлар бойы өзіндік керуен сарайы мен сауда орталығы болған Жаркентіміз олар келгенге дейін де қала қызметін атқарған болатын. Жаркенттің тарихы 140 жыл емес, 1400 жыл кемінде.
Жаркент қаласына бар болғаны 140 жыл толды десек жоғарыда келтірілген Жаркент қаласының өткеніне қатысты, әр дәуірдің әрқилы кезеңдерінен хабар беретін тарихи деректерді қайда, қалай жасырып қоймақпыз? Мың жыл бұрынғы әл-Макдисидің жазбасын қалай жоққа шығарамыз? Осыдан мың жыл бұрын Жаркент қаласы болған деп тайға таңба басқандай жазып қалдырған жоқ па. Зейін салып, зерделеген жанның санасына сәуле берерлік нақты дәлелдерді ұсынып отырғанымыз да сол, Жаркенттің жасын кемітіп, қателеспейік. Тойлағымыз келсе 140 жылдығын емес, Қазақстанға белгілі ғалымдарды, тарихшыларды шақырып, республикалық конференция өткізіп, 1400 жылдығын тойлайық.
Тәуелсіздігімізге 30 жылдан асты, сол үшін де бәрімізге жылт еткенді орысқа, жоңғарға, сырттан келген келімсектерге (әйтеуір қазаққа емес), Кеңес үкіметіне телитін құлдық психологиядан арылатын уақыт жеткен сияқты. Құлдық сана мен жалтақтықтан арылмай, төл тарихымыз ешқашан түгенделмесі анық. Тіпті, тек тарих саласы ғана емес, мемлекеттік тұрғыда барлық жағынан толыққанды тәуелсіздікке жетуіміз де нейғабыл. Сондықтан да мынау құрылып жатқан «Жаңа Қазақстанда» әділеттілік салтанат құрып, туған қаламыздың пайда болуы туралы ой-пікірлеріміз бір арнада тоғысып, кесімді бір датаға нүкте қойып, тарихымыз ақиқи қалпына келер деген сенімдеміз.
Бірақ, үнемі есте сақтап, ұрпақ санасына ұрандай жаттататын бір нәрсе бар – ол қазіргі Жаркент қаласы мен бүкіл Жаркент өңірі ежелгі Сақтардан бастап, Ғұндардың, Үйсіндердің, Түркілердің, және солардың тікелей ұрпағы біздердің, яғни, Қазақтардың аяулы атамекені екендігі.
Әлі де біздің туған өлкеміздің шеңберінде (жалпы қазақ даласын айтпағанда) Ұлы Жібек жолы бойында өз зерттеушісін күтіп жатқан бағзы заман құпиялары жетерлік десек қателеспейміз. Сондай-ақ, зерттеймін деп талпынған адамға орта ғасырлық қала, кенттер мен қорған-бекіністер қатарына жататын тұрақтардың қиранды жұрттары біздің өңірде баршылық. Әрине, жоғарғы биліктің қолдауымен, археолог, тарихшы ғалымдарды тартып, қаражат бөлу арқылы мемлекетіміздің темірқазығы болған туған жердің тарихын түгендеп, зерттеу қажет.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі, тарихшы.