Тоқбай Исабек 1932 жылы 14 шілде күні ҚХР, Іле аймағы Қорғас ауданына қарасты Бессаланың Майбұлақ жайлауында дүниеге келген.
Елдің жағдайы енді түзеліп, ашаршылық кезеңінен арыла бастаған еді. Әжесі Тыншыбала: «Енді ел тоқ, әрі бай болсын, немеремнің атын Тоқбай қояйын», — деп атын қойды.
Шипаңзе қаласындағы орталау мектепті, Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасыми атындағы училищені бітірген. 1947 жылы Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» институтының 3 жылдық мұғалімдік курсына оқуға түсіп, оны 1950 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолын 1950 жылы Сүйдін ауданындағы орта мектепте мұғалім болудан бастайды. Алайда дәл сол жылы облыстық партия комитеті мен Уәли мекемесінің Жарлығымен 9-ауданның Күре, Бесағаш, Кеңсай, Байдишаң, Сүйдін ауылдарында жер реформасын жүргізу отрядының бастығы болып тағайындалады.
1952 жылы наурыз Іле облысының әкімшілігінде кадрлар бөлімінің ұйымдастыру бастығы қызметіне жоғарылатылады. Бұл қызметте 1955 жылдың сәуір айына дейін қызмет істеп, сол жылы Кеңес жеріне әкесімен бірге өтіп келеді.
1955 жылы Панфилов педучилищесінің ІІІ курсына оқуға түсіп, 1957 жылы бітіріп, Кішішыған ауылында жаңадан ашылған қазақ сыныбына жұбайы Рысхан екеуі мұғалім болып орналасады.
1960 жылдан 1975 жылға дейін аталған мектепте директор, 1975-1981 жылдары кешкі жастар мектебінің директоры, 1981-1991 жылдары кластан тыс жұмыстарды ұйымдастырушысы болып қызмет атқарған. Өзі қызмет атқарған мектептің сегіз жылдық пен орта мектепке айналуына елеулі үлес қосады.
Ал 1991 жылы ақпан айынан бастап Еңбек Ері Н.Н.Головацкий басқарған агрофирманың халықаралық қазақ тілі қоғамы біріккен комитетінің төрағасы болып сайланады
Тоқбай Исабекұлының «Жазушы», «Жалын» баспаларынан «Мөлдір бұлақ», «Жердегі жазулар», «Тау гүлі», «Сырлы дүние», «Жүректегі жұлдыздар» атты жеке жыр жинақтары жарық көрді.
«Өнер» баспасынан 1987, 1993 жылдары шыққан «Кең жайлау», «Жастық шақ әуендері» атты ән жинағына әндері енген. 30-дан астам әннің, 60-тан астам әнге арналған өлеңнің авторы. «Жаркент вальсі», «Қазақстаным менің» сияқты 30-дан астам ән шығарған. «Жаркент вальсі» атты әні белгілі публицист М.Портнойдың сценарийі бойынша 1982 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Уыз сүттің дәмі» атты әдеби, ғылыми-көпшілік түрлі-түсті 2 сериалы фильмге арқау етіп алынған. Әндері облыстық, республикалық радио, теледидарда орындалып жүр.
2002 жылы «Әнші Дәнеш» атты деректі романы мен «Әдишаның ажалы» атты пъесасы жарық көрді. Халық мұғалімі Зағира Нүсіпбековаға арнап «Ұстаз жолы», Халық Қаһарманы Р.Қошқарбаев туралы «Күткен күн», Еңбек Ері Күләш Айтжанова туралы «Жоңғар жұлдызы», халық суретшісі Әбілхан Қастеев туралы «Туған жердің түлегі», халық әртісі Дәнеш Рақышев туралы «Бұлбұл» сынды 10-нан астам поэма жазды.
Талай аудандық, облыстық, республикалық айтысқа қатысып, жүлде алған.
Кішішыған орта мектебінде және Ә.Қастеев атындағы орта мектепте өзінің атында ұйымдастырылған балғын ақындар сыныбы бар. Аудандық «Арқас алауы» атты әдебиет пен өнер бірлестігінің негізін қалап, оған жетекшілік етті. Бірнеше рет Қазақстан жазушыларының, мұғалімдерінің съездеріне, мәдениет қызметкерлерінің жоғары дәрежелі жиындарына қатысқан. Дүниежүзі қазақтары 2-құрылтайының делегаты болған.
Ақын, жазушы, сазгер, журналист, драматург, ұстаз Тоқбай Исабекұлы Теңізбайтегі Қазақстан Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшесі, «Қазақстан оқу-ағарту ісінің Үздік қызметкері», «Арқас алауы» әдебиет пен өнер бірлестігінің жетекшісі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық, облыстық басқарма мүшесі, «Панфилов ауданының Құрметті азаматы».
Ол өзі өмір сүрген заманда аяулы жар, асқар тау әке, саялы ата атанып, ел алдында өз парызын толыққанды өтеген азамат бола білді.
Туған жер
Уа, қасиеттім, бабамнан қалған мұра жер,
Өзіңе айтар сырым көп менің ұға көр.
Елімнің мен де өсірген баулап ұлымын,
Дүниеге мынау болатын түгел мұрагер.
Жүргенде түсіп лапылдап жанған отқа бір,
Шуағын шашып өмірге келді жаңа нұр!
Өзгеріп кетті еңбекпен мынау кең далам
Бұлбұлдар сайрап, құлпырып тұрды бақта гүл.
Ерлік бізге заманды нұрлы ап келді,
Басына елдің еркіндік пенен бақ берді,
Білекті түріп істеді еңбек құлшынып,
Аямай төкті ел молшылық үшін ақ терді.
Игердік тыңды, тербелді тыңда алтын дән,
Қамбаға сыймай қаншасы қалды артылған.
Тұрғызған мынау мәрмәрден зәулім үйлерді,
Айналып кеттім жасампаз туған халқымнан.
Жұлдызға жол сап, айға да қонды қырандар,
Кеңістік сырын ұшқыштан ғана сұраңдар.
Құпия сырға қанады сонда айызың,
Ерлікті осы ой көзбен қарап сынаңдар.
Көз жауын алар қарасаң шексіз гүл далам,
Күлімдеп шығып сәулесін шашқан күн маған.
Қауышқан құшақ жүзінен тамған бұлбұл нұр,
Жаз көңіл жайнап жадырап жүрген күллі адам.
***
Тілегім менің – тыныштық
Естігенмін менде ата-анадан,
Кей соғыста қалмай қалған жан адам.
Қалғандары мүгедек боп мәңгілік,
Жазылмаған соғыс салған жарадан.
Әке-шеше айрылғанда баладан,
Мұң-зар өсер ұлан-ғайыр даладан.
«Ақтабан шұбырынды» аңыз боп,
Ғасырдан ғасырларға тараған.
Ұлы Отан соғысында кешегі,
Мәлім бізге құрбандардың есебі.
Өшпестей-ақ таңба салды тарихқа,
Соның суық желі әлі еседі.
Астан- кестен дүние әбден бүлінген,
Айқыш-ұйқыш жердің беті тілінген.
Белгісізге орнатылып ескерткіш,
Белгілінің аты биік ілінген.
Осыларды келем ішке түйіп мен,
Жазыла алмай келем әлі күйіктен.
Сондықтанда тілеп жанға тыныштық,
Жар саламын бар даусыммен биіктен.
Деместен-ақ қиындықты мен көрдім,
Жер ананың құшағында тербелдім.
Адам үшін жаралған ғой дүние,
Жақсылықты келер елге тең бөлгім.
Қысқа жіптей келмейтұғын күрмеуге,
Қысқа өмірге риза боп жүр кеуде.
Өткізуге аз өмірді мәз етіп,
Хақымыз жоқ тыныш өмір сүрмеуге.
Көк тартады гүл жамылған тауларым,
Шалғыныңа барып сансыз аунадым.
Осыны да қызғана ма деп қорқам,
Қара ниет, қаскөй менің жауларым.
Қандай таза ауасы да аспанның,
Дүниеге нұр сәулесін шашқан күн.
Ядролық қару жарып жер-көкті,
Ластанған адамдарға қас жаным.
Жақсылықты адамдармен бөлістім,
Тас бұлақтың кәусар суын бөле іштім.
Адамдарды қыратұғын улы газ,
Былғамасын мұхит, теңіз, жер үстін.
Түрі менен тілі басқа елдердің,
Келмейді әсте біреуін де кем көргім.
Тілейтінім бәріне де бейбіт күн,
Азаттықты аңсаушыға дем бердім.
Ядролық жасаса жау жарылыс,
Кешірілмес мұның өзі жаңылыс.
Арты мұның шауып кетіп насырға,
Басталып бір кетпес пе екен тағылы іс?
Естімейтін енді ананың назасын,
Алмайықшы сәбилердің мазасын.
Ел тынышын бұзам десе кімде-кім,
Ар алдында алсын әділ жазасын.
Қоқан-лоқы салса жаулар есіріп,
Әлем елі жатпайды оны кешіріп.
«Бейбітшілік» деген сөзді жазайық,
«Соғыс» деген сөзді мәңгі өшіріп.
Ойлаңдаршы дүниедегі ойлы адам,
Кімдер екен қанға әлі тоймаған?!
Әлемдегі елге керек – тыныштық,
Осы жайлы күндіз-түні ойланам.
***
Өмір толғауы
Өмірде құпия көп ашылмаған,
Құйынды дауылы бар басылмаған.
Жақсының жамандықпен араласып,
Әділет жеңбегенге ашынды адам.
Мұхиттай тереңдігі дүние бұл,
Бар екен шешілмеген түйін небір.
Сүйсініп жақсылыққа, ей, адамдар,
Істерге әділетсіз күйіне біл.
Кім келіп бұл өмірге кім кетпеген,
Түбіне сонда да олар біз жетпеген.
Күресіп өмір үшін жан пида қып,
Өмірді азамат па гүлдетпеген.
Өмірде ащы, тұщы тамсантты ма?
Ұға біл жаза басқан жаңсақты да.
Кетпегін қу құлқының құлы болып,
Бас име мықты екен деп мансаптыға.
Бұл өмір жақсылығын бізге арнаған,
Жақсы екен бақ қонғанда қызғанбаған.
Адамның келгені не, кеткені не,
Ұрпаққа үлгі болар іс қалмаған?!
Жуытпа қатыгездік қатулықты,
Пір қып тұт от жігер мен батылдықты.
Қонақсың бір-біріңе, ей, адамдар,
Өмір кеш, ту қып ұстап татулықты.
Құзғынға мың жасаған көп қарадым,
Үлгі етіп түк шықпады көпке аларым.
Адамға құзғын жасын бермегенге,
Табиғат таразы ма деп қаламын.
Жер, көкте жарқ-жұрқ етіп от ойнаған,
Бүлінді таза ауа жоқ шет айналам.
Тартпасын ұрпақтарым соғыс дертін,
Жойылсын қан құмарлар атойлаған.
Жетеді өмір бізді жүдеткені,
Қасірет-қайғыны кім жыр етпеді.
Қызғалдақтай өмірде жайнап өссін,
Дәуірдің Төлеген мен Жібектері.
Зерттесең бұл өмірді ойды өсірген,
Шықпастай ғажап сыр кейде есіңнен.
Ұрпаққа құпиясын ашып беріп,
Шіркін-ай, жасап кетсем бейнесін мен.
***
Өссек өзені бойындағы ой
Ұрады толқын жартасты,
Аузынан шашып ақ көбік.
Құшаққа алып жармасты,
Құшырлана жатты өбіп.
Ала алмай тежеп тізгінін,
Ылдиға кетті шапқылып.
Шыққандай іздеп түз гүлін,
Қамшыны басты қаттырақ.
Мөлдір ең неткен өзенім,
Қалыппын қарап таң қалып.
Сылдырдан сезім сеземін,
Тапқандай азық жанға анық.
Қойғандай бейне бал салып,
Денем тұр сезіп, түйсініп.
Демін ап тұрмын тамсанып,
Сіміре бердім сүйсініп.
Сылқ-сылқ күліп сылаңдап,
Арудай аппақ арбайсың.
Бишідей билеп бұраңдап,
Соңымнан еріп қалмайсың.
***
КІШІШІҒАН КЕШІНДЕ
Күн батып бара жатса ұясына,
Нұр шашып таудың шың-қиясына.
Кеудеңде толқын тулап керемет бір,
Жазира кең өлкеге сиясың ба?
Күн мен түн орын ғана ауыстырып,
Жатқандай кезектерін табыс қылып.
Кезінде апақ-сапақ қос құшақты,
Тағдырдың қойғанынай қауыштырып.
Жерде де, аспанда да жұлдыз жанып,
Азырақ ай аунады мызғып алып.
Қырманда қызу еңбек жүріп жатты,
Қарай ма айда іштей бір қызғанып.
Жастар жүр жалындаған жас жігермен,
Қарқынды қара көзбен қасты керген.
Дүрілі думанды еңбек басылмады,
Ай жылжып кеткенінше асып белден.
Алтын дән қыр басынан ағылады,
Сынап жүр жігіт өзі бағын әлі.
Қырманды қыздырса бір қыз күлкісі,
Ой тастар сөзі шалдың мағыналы.
***
КӨШЕДЕ БІР ҚЫЗ КӨРДІМ
Көшеде бір қыз көрдім ақ маралдай,
Тұлғасына көрген жан жалт қарардай.
Арудың сияқтанды періштесі,
Жүрген жігіт сырларын ақтара алмай.
Қиғаш қас, қыр мұрынды, жазық маңдай,
Билеген бұралады нәзік талдай.
Ай жүзінде алқызыл нұр толқиды,
Күлімкөзден тұрасың наз ұққандай.
Сырлы сылдыр естілді күлкісінен,
Ғажап құбылыс байқалды түр-түсінен.
Балбұл жанған көріктен көз тайсалды,
Бейне аумайды Алтайдың түлкісінен.
Сезбеді бұл байқауды қыз жүрегі,
Өйткені ол бейғам өскен түз гүл еді.
Неткен қыз заманға лайық туған,
Дер едім бұл дәуірдің Қыз Жібегі.
Ерекше жарқырайтын жұлдыздан да,
Анаға ризамын қыз туғанға.
Өміріңде бақытқа бөленер ол,
Аялы Отан-ана біз тұрғанда.
***
НАУРЫЗ-КӨКТЕМ
Қант сынды аппақ қар шайға еріген,
Бұйра толқын лықсып мол сайда өрілген.
Түн жарымда ай жылжып бара жатыр,
Ақ шәлісі айнымай Әйгерімнен.
Мұның өзін дейді жұрт ерте көктем,
Хабаршы қара торғай ерте жеткен.
Кешігіп жатыр екен мұнша неге,
Қас қарлығаш сәбиім еркелеткен.
Әлемді сыйғызғандай бір қауызға,
Айналайын қытымыр қыс жыр-аңызға.
Орынын ауыстырған кезекшідей,
«Ләм-мим» демей барады бұл наурызға.
Қызығы мол келді де наурыз-көктем,
Аймалады даланы, тау, құзды еппен.
Амандасқан кемпір-шал бір-біріне,
Дейді «әйтеуір, биыл қыс саумыз дерттен».
Күн нұрына жер жіпсіп терлеп,
Бұрқырайды булары бықсып өрлеп.
Қар қантты сіңіре алмай,
Жер қиналды бойы да шып-шып тер боп.
Тырналар тыраулайды тізбектеліп,
Қаз, үйрек көлін тапқан іздеп келіп.
Қорыққан жыпылықтан жылуыстай,
Жар қабаққа тығылған мұз кептеліп.
Жұртым жүр көктемде қуанысып,
Ақтарылып ағынан сыр алысып.
Наурыз тойын жасауға кіріседі,
Жаны қалмай жайраңдап құрақ ұшып.
Наурыз мерекесі ең көктем едің,
Сен біраз назды бізге өкпеледің.
Ата мұрам өзіңді жылда тойлап,
Қызығына бөленсем деп келемін.
***
Шәнті шешен
Көп тартып кедейліктің зардаптарын,
Көзімен көрді байдың зарлатқанын.
Қылқұрттай көміріп жеп кеулеп кетті,
Шәнтінің шымыр туған жан қатпарын.
Зұлымдық бейне басқан қара тұман,
Найзасы кедейлерге қаратылған.
Қыбырласа ілініп найза ұшына,
Жетіп кеп жебірейіл алатын жан.
Жандарал күн көрсетпей мазаны алып,
Жазықсыз жандар кеткен жазаланып.
Жандарал патша алдында барған шақта,
Шығатын сүттен ақ боп тазаланып.
Жала жауып дегенде «ұры кезеп»,
Бай, манапқа тұратын тілін безеп.
Жәрмеңкеге Жаменке шақырыпты,
Келгендей сөйлейтұғын бүгін кезек.
Ойнақы, ойлы сөзі жан түлектен,
Баурап ап жұртшылықты тәнті еткен.
Өтілген Қарқарада жәрмеңкеге,
Мініп ап қаһарына Шәнті жеткен.
Сан шешен алмас тілді алмастырған,
Секілді көкте ұшқанда талмас қыран.
Бір-бірін өткір отырып малдас құрған,
Асып келген шешеннің қанша асудан,
Тулап жүрек бойында қан тасыған.
Жәрмеңкеде Шәнті би сөзбен қағып,
Жаменкені түсірген жалпасынан.
Ол етіп әділетті тілге тиек,
Тастаған бай манапты түйреп.
Сыбағасын сөзбенен тартып берген,
Керектігін кімге май, кімге сүйек.
Шешендер ол қалмаған жүздеспеген,
Дұшпаны аз болды ма із кеспеген?!
«Бас кессе де, болмайды тіл кесу» деп,
«Орақ тілді өршіл боп» бізге өс деген.
Қақтығыспен кетсе де күн кешкіріп,
Өрт шалып, жатты өртеніп күндес қылық.
Ақ дауылы Шәкеңнің аузына кеп,
Жіберді тіл безеген үнді өшіріп.
Мақсатына тек шешен тілмен жеткен,
Әр сөз болып жатты білгенге өктем.
Табиғаттың таптырмас талантына,
Сый апарып сыйлаған гүлмен көктем.
Кеткен жоқ дау-дамайда, талқыда есең,
О, Шәке, сенгіш болсаң, халқыңа сен.
Бүгін де әділеттің мінбесінен,
Сөз сөйлеп тұрғандайсың Шәнті шешен.
Əкешім ,сенің өлеңдеріңлі оқып өзіңмен тілдескендей болдым, балалықпен көп нəрсеге мəн бермептік , Алладан ұрпақтарыңа өзіңнің қасиеттерің дарыса екен деп тілеймін