Күз айының қоңырсалқын күндерінің бірі. Бұған дейін де өлкеміздің тау-тас, сай-саласын кезіп, туған жердің өткенінен хабар беретін көне тарихи ескерткіштер туралы қал-қадірімізше қалам тербеп біраз мақалалар жазған едік. Міне, бүгін тағы бір естелік-сұхбаттың да кезегі келіп қалыпты. Кішішығандағы досым Айқын Тоқбайұлының шақыруымен Ұлы Жібек жолының төменгі жағындағы ежелгі елді мекендер – Жыңғыл, Құдиярдың қазіргі қалпын жазбаға түсірудің сәті түсіп тұрғандай. Мақсатымыз туған жердің өткенін там-тұмдап болса да насихаттап, кейінгі толқын жас ұрпаққа тапқан, қолда бар тарихи мәліметтерімізді аманаттау. Айқынның көлігіне мініп шығыстағы Пенжім ауылы жаққа жолға шықтық…
Жолай осы сапарымыздың ұйытқысы болып отырған Айқын әңгімесін бастап кетті. Өзі елжанды, нені болса да тереңнен ойлап, салмақпен шешетін білімді жігіт. Иә, оқырман ел мен жеріміздің тоқымдай бір пұшпағына арналған осынау қысқаша шежірелі естелік-сұхбатты назарларыңызға ұсынайын. Оқып, өздеріңіз ой таразысына салып көріңіздер. Бұл тарихи-танымдық сапарымыз неден басталып, қалай аяқталды, ал, ендеше бастайық…
Айқын Исабековтың естелігінен
Қазіргі заманның ең бір жоғары жетістігінің бірі – ақпараттар ағыны толастамайтын әлеуметтік желі екендігі баршамызға аян. Сол әдетпен бір күні «Жаркент Оlx» парақшасынан Пенжімдік Базархан ағамыздың дәнді дақылдарды үгуге арналған тастан жасалған дәнүккіш бұйымдарын көріп қызығушылығым оянғаны сондай, дереу Базкеңе хабарластым. Мән-жәйді ұққан соң тарихшы досым Қали Ибрайымжановқа телефон соқтым. Содан не керек ескі Жигулиді от алдырып, Пенжімге тарттық. Ағаға жолықтық, емен-жарқын әңгімеміз жарасып, ертесі сол тас бұйымдар табылған Жыңғыл ауылын көзбен көріп қайтуға уәделестік. Ертеңінде балалық шағы Құдиярда өткен тағы бір Амантай Оразымбекұлы атты ағамызды жолсерікке қосып алдық. Әзіл-қалжыңымыз жарасқан біздер бұрыннан бірге жүрген таныстардай Пенжім ауылының төмен жағындағы көпірден өтіп, егістік арасымен құлдилатып «Қайдасың Жыңғыл, Құдияр?» деп тартып кеттік.
Жолай, Айқын әкесі, Жетісуға танымал ақын Тоқбай Исабеков ағамыздан естіген бір әңгімесін бастады.
«…Біздің өңірге 1917 жылғы ішкі Ресейде басталған Қазан төңкерісінің дүмпуі жетіп, аласапыран заманның кезі келіп, аумалы-төкпелі дүние болған уақыт екен. Күш ала бастаған жаңа үкіметтің қысымына шыдамаған ел-жұрт бұрыннан қалыптасып қалған еркіндіктен айрылғысы келмей амалсыздан Қытай жаққа қоныс аударып, шекара асқан. Шығысқа бет алған көштің бәрі аталмыш «Қытай қара жолымен» жүрген. Тап сол жылдары аталары Исабек осы Жыңғылда (Жангалда) ауылнай болып қызмет атқарыпты. Мал мен жандары қызылдардың талауына түскесін, амалдың жоғынан атақоныстарын тастап, үдере көшкен керуендерге ілесіп, Жыңғылдың тұрғындары да бірі қалмай Қытай асып кеткен ғой.
Күндердің күнінде аудандағы қызметтестері Исабек атамызға астыртын хабар жібереді. «…Біздердегі мәлімет бойынша қоластыңдағы елден ешкім қалмапты. Жақында ОГПУ сені сұраққа алуы мүмкін, олардың қанды шеңгеліне бір іліксең қайта шығу мүмкін емес. Қамдан, қапы қалып жүрме..» деген мәтінде. Жағдайды бірден түсінген сұңғыла атамыз бір түнде шұғыл түрде мал-жанын алып, көшті өзі бастап шекараға беттейді. Апамыз Рабиға Аппаз атамды арқалап, Сүлеймен ата қасында, Исабек ата бастап алдын-ала кеткен көштің соңынан жолға шығады. Сол кезде мен іште екенмін. Қорғас өзеніне жеткенде мылтық кезенген екі қызыл әскер шекарашылары тоқтатады.
Апамыз дереу қулыққа көшіп мылқаудың кейпіне енеді. Ымдап, қолымен нұсқап әйтеуір мал іздеп жүрген «жоқшы» екендігін әупірімдеп түсіндіреді ғой. Шекарашы қызыл әскерлер еш күдіктенбестен, мылқау адамға жаны ашып, еркіне жібереді. Шекарашылар ұзап кеткеннен соң, жол азабының қиындығы мен аса қауыптілігіне қарамастан Қорғастың суын жаяу кешіп өтіп, арғы беттегі үлкен көшке аман-есен жетіп қосылады.
Міне, балам, сол аталарымыз бен апаларымыздың ұрпағына деген мейрімі мен жанкешті ерлігінің арқасында біздер аман қалып, Қазақстанда, туған Отанымызда бақуатты ғұмыр кешіп жатырмыз деп айтқан еді бір естелігінде» деп досым сөзін аяқтады.
Аракідік Базархан ағамыз жол бойын таныстырып келеді. Жыңғыл ауылына да келіп жеттік. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп аталарымыз айтқандай ауылдың жұрнағы да жоқ. Көне бейітті аралап, жүгері егістігіне айналған орнын көріп, бәрін де суретке түсірдік. Ағаларымыз ауылдың өткен шежіресін еске түсіріп, өздерінің қарым-қабылетінше бала кездерінен есте қалған естеліктерімен бөлісті.
Көнекөз қарияларымыздың айтқан әңгімелеріне қарағанда Жыңғыл (Жангал) елді мекені «Қытай қара жолы» деп аталған ескі Ұлы Жібек жолының бойында орналасыпты. Демек, егіншілікпен қатар саудаға да ыңғайлы болғаны байқалып тұр. Қай ғасырда пайда болғандығы туралы нақты дерек болмаса да, Ресей заманындағы түсірілген Жаркент өңірінің карталарында Жангал деп белгіленген. Қазіргі күні орны тегістеліп, борпылдақ топырақты жүгері егістігіне айналған. Көненің көзі болып Жыңғылдың шығысында сол ауылдың қайтыс болған адамдары жерленген көне бейіт қана қалыпты. Бұл жердің иесіз қалуы сол Кеңес өкіметі уағындағы өткен ХХ ғасырдың 65-68 жылдарына тура келеді екен. Сол кезеңде ауыл тұрғындарының бәрін батыс жақ тұсындағы 2-2,5 шақырымда тұрған Ават ауылына көшіріліпті. Көне бейіттің төмен жағында 100 метр ара қашықтықта Қытайға апаратын жаңа салынған автожол жарқырап жатыр.
Амантай Оразбекұлының естелігі
«Кішкене бала күнімізде осы жерден екі шақырымдай батыс жағымызда тұрған Ават ауылындағы мектепке жаяу қатынап оқып, төртінші сыныпты бітірдік. Одан үлкен сыныпқа көшкен соң Пенжім ауылынан оқыдық, ол жермен бұл аралық төрт шақырымдай. Ол кезде бұл Жыңғылды аулында ұзыннан ұзақ бір көшеде шамамен 30-дан астам үй болды. Ауылдың ең төменгі жағында тұратын Мұхтар ағамыздың үйінің көше жағында ағаштан бұралатын шығыршығы, шелегі шынжырға байланған құдық бар еді. Барлық ауыл тұрғындары ауыз суды сол құдықтан алып ішетін. Мектеп, кітапхана, дәрігерлік бөлімше, клуб деген атымен жоқ болған. Қазақ-ұйғыр аралас отырды.
Осыдан сәл төменіректе «Қытай қара жолы» деген жол болған. Сол замандарда сол жолмен көш, керуендер жүрген. Жол бойындағы құдықтарға шекара асқан кейбір көш-керуендер түрлі себептермен алтын, асыл заттарын көміп кеткен деген қауесеттер көп айтылады. Мысалы, өткен ХХ ғасырдың 80-ші жылдары, арғы бетке өткен бір орыстың баласы осы жаққа келіп алтын іздепті. Бұл жақта қай жерде тұрақтағаны белгісіз. Сол Патшалық Ресей кезінде шекара асқан ақ казактардың ұрпағы болуы керек. Айтуына қарағанда кәдімгі кірпіш болып құйылған құйма алтын көрінеді. Оның қолында әкесі сызып берген карта болған екен, сол карта бойынша қанша іздеп әуреленсе де таппаған секілді. Мүмкін тауып та алған шығар, ол жағы бізге беймәлім» деп ағамыз Қытай жақты қолымен нұсқап.
«Содан, ашаршылық пен бәлшебектердің қырғынынан арғы бетке, Қытайға өтіп кеткен ағайындар 1955-1962 жылдары қайтып оралып, елге ел қосылады. Содан соң 1965-1968 жылдары Жыңғылдың тұрғындарының бәрін Ават ауылына көшіріп, кейін бұл жерлер Калинин атындағы колхоздың (ұжымшар) егістік жерлеріне айналып жүгері егіледі. Жақын маңда алмабақ болған еді, оны да қырқып жоқ қылды. Ол кезде біздер төменгі Құдиярда тұрған едік. Осы жерден төмен оңтүстікке қарай шамамен 3-4 шақырымдай жер» деп ағамыз да жермен-жексен болып тегістелген ауылдың бос орнына қарап ойланып тұрып қалды. Иә, кім біледі, мүмкін сол кезеңдегі көне ауыл тамдарының сұлбасы мен адамдары, балалық шағы ой-санасында сағымдай болып елес берген болар…
– Жақсы, ағалар. Сұхбаттарыңызға рахмет! Енді Құдиярға қалай барамыз? – дедім мен үнсіздікті бұзып. – Шамамен, осы жерден оңтүстікке қарай 3-4 шақырым жерде Құдияр (карталарда Худояр) шағын елді мекені болу керек, – дедім сұраулы жүзбен.
– Былай жүреміз, – деді Базархан аға көлденең тұрған жаңа автожолдың арғы беттегі төменгі жағын қолымен нұсқап.
Тура өтер жол жоқ, біраз аялдап, жан-жағымызды бағдарлап алдық. Содан сол тұрған жерімізден автожолдың шығысын жағалап 400-500 метрдей жер жүріп барып, көпірдің астымен өтіп Құдияр елді мекеніне қарай бет түзедік. Ендігі әңгіменің ауаны Құдияр ауылы туралы естеліктерге ауысты.
Базархан Жекебаевтың естелігі
«Біз де бала күнімізде төменгі Құдиярдан жоғарғы Пенжім ауылындағы интернатта жатып оқыдық. Сонда осы жерден өткенде үңірейген соқпа тамдар мен бұзылған қораларды көргенде бойымызды үрей билеп, қатты қорқатынбыз», – деп сөзін бастады ағамыз.
Сонымен, әне-міне дегенше Құдияр елді мекеніне де жеттік, ауылдың төменгі жағындағы Қостерекке жақын жерде тұрмыз. Одан оңтүстігімізде зәулім теректермен қоршалған колхоз кезіндегі бұрынғы инкубатордың үйлері қарауытады.
– Қостеректің ескі құдығының төмпешік орны әлі бар, – деді шығыс жаққа қараған қалпы ағамыз. Содан сәл төмендегі егістік жерді нұсқаған Базекең бала күніндегі бір оқиғаны есіне алды.
«Көктем кезі. Біздер ойын баласы, соқа сүйреген шынжыр табанды трактордың соңынан жүгіріп ойнаймыз. Содан соқасын жерге қадаған трактор жаңа суарылған дымқыл жердің топыраған қопарып, тарылдаған күйде жерді жыртып барады. Көп ұзамай-ақ, 5-6 қадамнан кейін қопарылған топырақпен бірге үлкен құмыра жер бетіне сопаң етіп шыға келді. Біздер шу ете қалдық, онымызды елең қылмаған орыс тракторист тоқтамаған қалпы кете барды. Әлгі шағылған құмыраның іші толған көне темір тиындар екен. Біздер таласып алғанымызша алдық, қалғаны қалды. Үйге әкеліп шиканка ойнадық, ат жүгендеріне тақтық, сөйтіп, жоқ болды ғой», – деп ағамыз әңгімесін аяқтады.
Қайтып Құдиярға келдік. Ауылға кіре берістегі екі жағына алып қарағаштар өскен қазылған ордың сұлбасының жағасына келіп тоқтадық.
– Тағы бір қызық айтайын, – деді Базархан аға көліктен түсіп, сәл жымиған қалпы сұлбасы тоған секілді ойпаң жерге барып.
«Өткен ғасырдың 85-86 жылдары менің осы бөлімшеде механик болып жұмыс жасап жүрген кезім. Тракторисіміз орыс еді, «ЮМЗ» тракторымен осы Құдиярдан инкубаторға дейінгі бағытта тереңдігі адам бойындай ор (траншея) қазды. Содан дәл осы жерде ордың ішін көрейін деп секіріп ішіне түстім. Қарасам ордың батыс жақ қабырғасында адамның бас сүйегі тұр, қорыққаным сонша төбе шашым тік тұрды-ау… Сол жағында айқастырылған аяқтың ба, қолдың екі жілігі, ал, оң жағында кішкене мойны жоқ құмыра тұрды. Қарғып сыртқа шығып Нұрмұхамед деген жігіт бар бірнеше адамды айғайлап шақырдым. Олар жетіп келді.
– Не болып қалды? – дейді.
Қорқынышым әлі басылмаған, дауысым дірілдеп.
– Анау жерде адамның басы тұр, – дедім сасқалақтап.
Олар да ентелей апыр-топыр ордың ішіне бірінен кейін бірі секіріп түсті.
Біреуі басты, екіншісі құмыраның жан-жағындағы топырағын ағаш бұтағымен аршып енді қолына алғаны сол еді, қолынан түсіп кеткен құмыра жұмсақ жердің үстіне түссе де күл-паршасы шықты. Іші толған топырақ екен, қанша уақыт тұрғанын кім білсін? Быт-шыты шығып сынғанына қарағанда өзі де морып әрең тұрғаны болуы керек. Кейін, біраз көздері үйренгеннен кейін қалжыңбас Нүкең әлгі қубаспен қасындағы жұмысшыларды, әйелдерді қорқытып қарық болды. Оның бұл ісін көріп қалған бір үлкен ағамыз:
– О, несі-ей, қубаспен ойнағандары!, – деп қатты ұрсып кетті.
Бәрі жым болды. Үйден кетпен, күрек алғызып, ауыл шетіндегі қорымға апарып құран оқып, қайта жерлетті. Міне, осындай да қызық оқиға болған», – деді ағамыз маңғазданып көзін қысыңқырап, темекісінің түтінін будақтатқан қалпы.
Мен қатты ойланып қалдым. «Аға есіңізге түсіріп, нобайын болса да суретке түсіріп бере аласыз ба» деп өтініш білдірдім. Сақтардың, Үйсіндердің жерлеу ғұрпы туралы шамалы болса да хабарым бар еді. Мынадай жерленген адам сүйегі туралы бірінші естуім.
«Жақсы, сурет салғанды өзім де жақсы көремін», – деп уәдесін берді.
Ағаларды үйлеріне апарып, досым екеуміз көңілді кейіпте үйге қайттық.
Қайтар жолда
Бүгінгі сапарымыз сәтті болды, ой-санамызда туған жер тарихына деген қызығушылық пен құлшынысымыз бұрынғыдан да күшейе түскендей.
– Аталарың Жыңғылда бұрыннан тұрған ба, әлде кейін, белгілі бір себептермен көшіп келген ба? – деген сұрағымды қойдым Айқын досыма.
– Ой, ол өзі бір қызық әңгіме, – деді Айқын көліктің дөңгелегінің астында көз ілеспес жылдамдықпен жұтылып жатқан қара жолға бір қарап алып күлімсіреген қалпы.
«Атамыз Исабек жас күнінде ер көңілді, жиын-тойда өлең айтып, көкпар тартқанда алдына жан салмайтын, елдің аузына іліккен айтулы жігіттердің бірі болыпты. Өзің білесің ол кезде біздің Мырзагелді ауылы жоғарғы тау етегіндегі Еңбекшіде (Қызылеспе) тұрған. Содан үлкен атамыз Теңізбай аталас туысының баласы Шәуенді ат шаптырып той жасап, отауға бөліп шығарады ғой. Атамыздың бұл ісіне жасы жетіп, қыз таңдап жүрген өз баласы Исабек қатты ренжіп, атына қамшыны басқан күйі төмендегі Жыңғыл ауылына түсіп кетеді».
– Міне!, – деді сосын Айқын қолын шошайтып. – Өз баласынан бұрын туысының қамын жеп, шаңырағын шайқалтпаған қайран, аталарым-ай, – деп таңданғаннан басын шайқады.
Содан кейін, жанарын төмен салып, сөзін әрі жалғады. «Қазіргі үлкендерде ағайынға деген сондай бауырмалдық қасиеттің жоқтығы, әрине, көңілді құлазытады. Бүгіндері аталарымыз ұстанған сондай асыл қасиеттер мен салт-дәстүрлеріміздің өгейсіп шетте қалғаны өкінішті-ақ», – дегенді айтып көзін қара жолдан алмаған қалпы басын шайқады.
Сәл үнсіздіктен кейін, көліктің жылдамдығын арттырып, ыңғайланып отырып алды да әрмен қарай сөзін жалғады. Ышқына жүйіткіген машина бар жылдамдықпен ағызып келеді.
– Сол төменгі ауылда да көпшілдігімен, емен-жарқын өлеңін айтып, көкпарын тартып көпшіліктің, ағайынның көзіне ілігеді. «Жұрт мақтаған жігітті, қыз жақтаған» дегендей сол өңірде жүріп Дәмекқызы Рабиғамен танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ көтереді. Көп ұзамай-ақ адамгершілігімен, ақылдылығымен, қажырлы еңбектерімен аймаққа есімдері белгілі болып, ауылдастарының қадір-құрметіне бөленген екен. Жұптары жарасқан берекелі, мерекелі отбасының ұйытқысы болған Исабек атамды сыйлы ел ағалары қолдап «ауылнай» сайлайды», – деді досым қабағын керіп. Сөйтіп, аталарына, апаларына деген мақтаныш сезімі жүзінде нұр болып ойнаған қалпы сөзін аяқтады.
Жұмбақ жерлеу рәсімі
Ертесі-ақ, ағамыздың сол бір құпия жерлеу рәсімін бейнелеген қолдан салған суретін алып, таң-тамаша болдым. Расында бұрын-соңды көрмеген, тарихи кітаптардан кездестірмеген көрініс. Дереу, ватсап желісі арқылы археолог, т.ғ.к. Д.Тәлеев ағамызбен, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының маманы М.Шағырбаевтармен кеңесіп, жоғарыдағы сурет туралы пікірлерін сұрадым. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл жерлеу ғұрпы шамамен «Ерте темір дәуіріне» жататын сыңайлы. Нақты уақытын сол адамның бас сүйегі мен құмыраны арнайы сараптамадан өткізгенде ғана анықталатынын да айтты.
Амал қанша, бізде ондай мүмкіндік қазір болмай тұр. Себебі, ол бас сүйекті қайта жерлеген адамдар өмірден өтіп кеткендіктен дәл қай жерде екенін де көрсете алмаймыз. Енді аз да болса «Ерте темір дәуірі» туралы қысқа-нұсқа деректерді де келтіре кеткеніміз артық болмас.
Жалпы, Ерте темір дәуіріне бірінші мыңжылдықтың (б.д.д. IX—VII ғасырлары) аралығы жатады. Дәл осы кезде алғашқы тайпалық бірлестіктерде темірді балқытып игеру кезеңі басталған еді. Ал, археолог ғалымдарымыз «Ерте темір дәуірі» деп қола заманынан кейінгі кезеңді, яғни, темірден жасалынған заттардың кеңінен қолданысқа түсіп, көптеп өндіріле бастаған уақытты айтады. Қазақстан жеріндегі «Ерте темір дәуірі» деп шартты түрде хронология бойынша б.д.д. VIII-VII ғасырлар аралығын айтамыз. Демек, бұл «құпия жерлеу рәсімі» Құдияр елді мекенінің тарихын тым тереңнен бастау алатынын меңзеп тұр деген сөз. Жобамен ой жүгіртсек қола дәуірге барып тірелетіндей… Сақ, Ғұн, Үйсін, Түркіңіз беріде қалады екен…
Иә, біздің Жаркент аймағы әлі де құпия тылсымын бауырына бүккен жұмбақ өңірдің бірі ғой. Сонау, Алтынемелдің асуынан Қорғас өзеніне дейінгі аралықта небір бағзы дәуірдің ескерткіштері мен ежелгі елді мекендердің орындары жетерлік. Олардың бәрін қал-қадірінше, қабілетіне қарай зерттеп, зерделеп, кейінгі жас ұрпаққа насихаттау кез-келген елім-жерім деген азаматтың қасиетті парызы. Парызымызға адал болайық.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
тарихшы, өлкетанушы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Пікірлер 1