Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай бүгін Текеліде теңіз деңгейінен 1332 метр биіктікте орналасқан «Аютабан» туристік маршруты бойынша бұқаралық денсаулық акциясы өтті.
Тау бөктеріндегі бақылау алаңына жиналған көпшілік алдымен көк Туға көз жіберіп, Мемлекеттік Гимнді орындады. «Аютабан» туристік маршрутын ұйымдастырушы, қалалық мәслихат депутаты Арман Қожабек Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңындағы акцияның мән-маңызына тоқталып, отаншылдық рух көк Туға, Елтаңба мен Әнұранға құрмет көрсетумен, туған жердің тау-тасын қадірлеумен беки түсетінін айтып, маршрут барысымен, қауіпсіздік ережелерімен таныстырды.
Іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, мемлекеттік қызметшілер, спортшылар, жастар қатысып, саламатты өмір салтын қолдады. Олар туристік маршрут бойымен жаяу жүріп өтіп, табиғат аясында демалды, «Аютабан» жотасына көтеріліп, көк Туды биіктен желбіретті.
Көк байрағымызды сан мәрте жеңіс тұғырына көтерген жерлесіміз, бокстан әлем чемпионы, Текелідегі Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дидар Өтелбаев: «Бұл акция бұқаралық спортты дамытуды, ішкі туризмді насихаттау және патриоттық рухты нығайтуды көздеді. Биік жотаға жаяу көтерілудің өз қиындығы мен қызығы бар. Діттеген биікке жеткеннен кейін төменге көз салғанда Текелі қаласының алақанға салғандай әдемі көрінісі көзді жаулады. Бұқаралық спорттық іс-шараға қатысқан көпшілік көк Тумен суретке түсіп, Мемлекеттік Рәміздер мерекесінен әсерлі естелік қалдырды», – деді.










