Біздің Жаркент өңірінің ең бір берекелі, жағасы ну тоғай, тоғай іші толған жеміс-жидекке толы өзеннің бірі – Өсек өзені. Өсек (Үсек) – еліміздің оңтүстік-шығысындағы Іле алабына жататын өзен. Жетісу Алатауының асқаралы ақ қар мен оңтүстік сілемдері – Тышқантау, Тоқсанбай жоталарындағы мұздықтарынан бастау алып оңтүстік бағытпен тоқтамаған күйде Ілеге барып құяды. Өсек өзеніне құятын судың бәрі Тоқсанбай жотасынан бастау алады. Тек Тышқантаудың солтүстік беткейінен ағатын су ғана Үлкен Өсекке қосылады. Тоқсанбай жотасы Өсек өзенінің бастауы мен Көксу өзенінің бастауы – Қазан өзенінің суайрығы болып саналады. Су жинау алабынан бастау алатын осынау асау өзен аңғары жолай жоғары және орта бөлігінде таулы жерлермен еңісті құлдилай тау ортасындағы терең шатқалдармен ағады. Тау етегінен жоғары қарай суайрық жоталарына дейінгі биіктік 1200 бен 1500 метр арасында.
Жалпы ағып өтер аумағы Жаркент өңірінің жері. Солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 164 шақырымды құрайды. Ал, су жиналатын алабы 1970 шаршы шақырым аймақты алып жатыр. Жоғарыдан төмен құлай аққандықтан ағыны қатты, суы мол. Жылдық орташа су ағымы Талды ауылы тұсында 15,7 текше метр/секунд. Төменгі алабының шөбі шүйгін, тұтастай мал жайылымы. Өзен суын ауыз су ретінде пайдалануға болады. Өзен бойындағы балшығының да адам денсаулығына емдік қасиеті бар.
Бұл өзеннің негізгі үш саласы бар. Олар ретіне қарай – Үлкен, Орта, Кіші Өсек сулары деп аталады. Үлкен Өсекті – көрініп тұрған таудың күнгейіндегі барлық сулары мен Шатыртастың суы құрайды. Ал, Орта Өсекке – Үйтастың суларымен қатар Қабылдың сайының суы және Сарытаудың күнгейінің сулары жиылып, Қашамадан келіп құйылады. Үйтастың теріскейінің сулары Көксуға барып қосылады. Дәл осы Қашама Үлкен және Орта Өсекті екіге бөліп тұр. Енді бұның үшінші тармағы Кіші Өсек өзінің бастауын Жасылкөлдің суларынан алады. Өсек өзеніне сол жағалауынан құяды. Ұзындығы 41 шақырым, су жиналатын алабы 407 шаршы шақырым. Тек Кіші Өсек қосылғаннан кейін ғана Өсектің екі жағалауы арасындағы аңғары кеңейіп Жаркент қаласына қарай ағып шығады.
Таудан жазық алқапқа шығысымен Өсек суы егістікке, Жаркент қаласы мен өзен жағасында отырған ауылдардың қажеттіліктеріне бөлінеді. Мәселен, Еңбекші ауылындағы 1970 жылы салынған су торабы арқылы шығыс бағыттағы Бабилян каналымен – Жаркент қаласы, Жерұйық, Жаскент, Сүптай, Надек, Алтыүй, Үлкен Шыған, Кіші Шыған, Пенжім, Төменгі Пенжім, Ават, Қырыққұдық елді мекендерінің аумағындағы егістік жерлерді нәрлі сумен қамтамасыз етеді. Ал, енді батысқа қарай бөлінген Қызылеспе тармағы — Жылыбастау жазығын, Әулиеағаш, Көктал, Үшарал тағы басқа да біршама ауылдарды жасыл желекке бөлеп, егіндерін жайқалтып отырған тіршілік көзі. Жалпы аудан бойынша 7341 га жердің егістігі мен бау-бақшасын тіршілік көзі сумен қамтып отырған өзен.
Әрине, жылдан-жылға егістік алқабының көбеюі, дәнді дақылдар өнімін алуды еселеп арттырғанымен, екінші жағынан Іле алқабындағы табиғатқа өзінің кері әсерін де тигізуде. Себебі, қазіргі таңдағы өзен суының азаюы қоршаған орта мен экологияға да орны толмас үлкен зиянын әкелуде. Ғасырлар бойғы орман-тоғай мен аң-құс тіршілігінің арқауы болған өзен суы азаюы салдарынан аңғары қаңсып, кеуіп оңтүстіктегі Іле өзеніне жетпей тартылып, жоқ болуда. Демек, өзен алабының біршама жерлері өзінің тіршілігін жойды деген сөз. Сол жойылған тіршілік қалдықтары ауамен, желмен ұшып қоршаған ортаға өзінің зияндығын тигезітіні баршамызға аян жағдай…
Өзен атауы қайдан шыққан?
Ал, енді қолымызда бар мәлімет бойынша осынау асау өзеннің өткен тарихына аз-кем тоқталып өтер болсақ… Бұл өзен бұрындары жаз маусымында су қоры біз ойлағаннан әлдеқайда көп болып, арқырап ағысы қатты аққандықтан әйгілі Шыңғыс қаған дәуірінде Түрген аталған екен. Яғни, өткел бермес жал-жал толқындар жолындағының бәрін түріп, сыпырып ағызып әкетіп отырған. Ендеше белгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлының қаламынан туған мына бір дерекке назар аударайықшы: «…Мәселен, тайжігіттер (тайчиуды) Шыңғысханды Түрген бойындағы тоғайдан тоғыз күннен кейін ұстап алады. Тайжігіттер Онон бойымен оны әкетіп бара жатқанда, күзетші баланы ұрып жығып, Теміршың қашып шығады да, құтылып кетеді. Түрген мен Ононның және Бұрқанның бір-біріне жақын жерде жатқанын осы оқиғадан-ақ аңғару қиын емес. Түргеніміз – Үсек өзені, Өнәніміз – Іле». («Шыңғысхан туған жеріне жерленген» мақаласы, Б. Нұржеке-ұлы).
Одан бергі Қазақ хандығы заманына келер болсақ, тарихшы жерлесіміз, өлкентанушы М. Солтанаев ағамыздың «Тағдырлы тарихымның түпқазығы» атты кітабында қазақ-жоңғар соғысындағы әйгілі «Орбұлақ шайқасымен» байланыстырады. Тарихшының айтуы бойынша: «Жәңгір ханның Жетісу өлкесінің солтүстік-шығысында жатқан Жаркент аймағының жерін қалмақтармен тартысқа түсіп, жанын сала қорғап жүргені бекер емес. Бұл жер Жәңгір сұлтанның әкесі Есім ханның атасы Жәдіктің бірге туған бауыры Үсек (қазақша Өзек деп қойылған болуы керек) сұлтанның жайлаған жері. Ал Үсек сұлтанның мекені біз сөз етіп отырған Жаркент өңіріндегі Сарытау, Қосқолаң тауларының ең көрікті жерлері. Үсек сұлтанның атымен аталып қалған (картаға «Усяк» деп түсіріліп, бұрмаланып «Өсек» аталып жүр). («Тағдырлы тарихымның түпқазығы», Алматы, «Принт-Плюс» баспасы, 2020. 222 бет).
Бұндағы Үсек сұлтанға (кіші хан болған) аз-кем тоқтала кетсек, бұнда біз қазақтың біртуар тұлғасы Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының жазған мәліметтеріне жүгінеміз:
«Жошының төртінші баласы – Тоқайтемір, біздің қазақ осының қол астында болған және Әбілмансұр Абылай ханның арғы атасы осы еді. Тоқайтемірдің төрт баласы – Мөңгөтемір, Тодамөңгө, Урантемір, Өзтемір. Мөңгөтемірдің баласы – Тоқтағу. Өзтемірдің үш баласы – Қожа, Сарижа, Абай. Қожаның баласы – Бадақұл, оның баласы – Арыс хан, оның екі баласы – Темірмәлік хан, Құйыршық хан. Темірмәліктің үш баласы – Бекболат, Темірқұтты, Шадибек. Темірқұттының екі баласы – Болат хан, Темірхан. Бұл Темірдің лақап аты – Үлұғмұхамедхан, біздің қазақ Ормамбет хан дейді. Бекболат, Шадибек һәм Темірқұттының нәсілі – Ноғай хандары. Жоғарғы Құйыршық ханның баласы – Барақ хан. Оның екі баласы – Дәруиш һәм Абусағид хан. Әз Жәнібек хан аталған осы Абусағид еді. Қазақты ертіп алып Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан Әз Жәнібек осы еді. Мұның тоғыз баласы – Иранчы, Махмұт, Қасым хан, Айтек, Жаныс, Қамбар, Тәтіш, Үсек, Жәдік. Осы айтылған Қасым хан біздің қазақта «Қасым ханның қасқа жолы» деген бітім жолын шығарған хан еді».
Енді ойымызды одан әрі сабақтар болсақ, Түркістан мен Қашқардың ортасындағы Жетісу да олардың иеліктері болды ғой. Сол иеліктерінің бірі Үсектің басындағы жайлаудың бірінде Үсек сұлтан өмірге келген болар деп топшылауымызға әбден болады. Мысалы, Іленің бойында дүниеге келген балалардың көбінің есімі – Ілебай, Қорғас өзенінің бойында дүниеге келгендерді Қорғасбай, Қорғасбек, Еділдің бойында туғаны Еділбай дегендей, тағы басқа ұқсас есімдер қазақта көп кездеседі емес пе?!
Ал, бұл жердегі айтылып отырған Қасым тарихтағы «Қасым ханның қасқа жолы» атты бітім жолын, яғни, заңын шығарған хан. Жәдіктен «Орбұлақ шайқасының» бас қолбасшысы Салқам Жәңгір өрбиді. Және бір дерекке кезек берейік. Қазақққа әйгілі ғұлама Қадырғали Жалайридің Ондан Сұлтан туралы шығармаларында мынадай мәліметтер келтіріледі:
Шығай ханның ұлы Ондан сұлтанның әйелі туралы деректе «…Хатыны Алтын ханым – Осек ұғлы Болат сұлтанның қызы, ұғлы Оразмұхаммет Тәтті ханымнан туған ерді…», бұндағы аудармасына келсек «Ондан сұлтанның бірінші әйелі – Алтын ханым Үсек ханның баласы Болат сұлтанның қызы еді» делінген (Ә.Х. Марғұлан. ХІІІ том, Алматы, «Алатау» баспасы, 2012).
Әңгімеміздің арқауы болып отырған Үсек сұлтанның тікелей ұрпағы Кіші Жүздің әйгілі ханы болған – Әбілқайыр хан. Бәрі де үйлесімді, ойлап қарасаңыз бір ғана Үсек өзенінің тарихы қазақтың арғы-бергі шежіресімен қатар, елі мен жері үшін жанын пида еткен атақты тұлғалар өмірімен астасып, қаншама ғасырлар мен дәуірлерді қамтиды. Иә, ел мен жер тарихы бірін-бірі толықтырып тұр.
Енді одан бергі тарихи деректерге жүгініп көрелік. Демек, ХІХ ғасыр, 1856 жылғы қазақтың ағартушы ғалымы, саяхатшы Шоқан Уәлиханов Құлжаға сапары кезінде осы өзен бойында аялдағаны туралы біршама деректер қалдырған, мысалға алсақ:
«…Үсек бойында бұған дейін жыңғыл және тобылғы бұталарынан басқа биіктеу келген боз үйеңкі (Salix cinerea) мен жиде ағашы кездескен болатын, ал, енді бұдан біршама әрірек жерде арық жағалауларында жасыл жапырақты, сымбатты сұлу шегіршін мен барбарис өскенін көресіз». (Ш. Уәлиханов, Екінші том, Алматы 2010, 197 бет).
Және тағы бір дерегіне кезек берсек:
«…Үсек өзенінің Ілеге құйған жеріндегі бұрыш жалаңаштанып, жазық далаға айналады». (Ш. Уәлиханов, Екінші том, Алматы 2010, 199 бет).
Осы 1856 жылғы Құлжа сапары кезінде Ш.Уәлиханов Үсек өзенін картаға да түсірген. Онда да «Усек» деп жазылған. Егер де ол кезде «Өсек» деп аталса картаға «Осек» болып түсірілетін еді ғой. Демек, өзеніміздің тарихи атауы «Үсек» болып картаға түсірілуінің себебі сол кезеңде солай аталғаны анық.
Және тағы бір мәліметті де келтіре кетейік:
«Үсек – Іле алабындағы өзен. Алматы обл. Панфилов ауд. жерімен ағады. Ұз. 164 км. Су жинайтын алабы 1970 км2» (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, Алматы 2007, 9 том, 136 бет).
Иә, басын Түргеннен бастап еді соңын Үсекке айналдырып жіберді деген бөтен ой туындамас үшін, мына бір жағдайды да ескере кеткеніміз жөн болар. Алысқа бармай-ақ, дәл осы Үсекке қатар ағатын батыс жағындағы Бурақожыр өзенін (кейбір деректерде Бөріқұзар) мысалға алайық. Ондай болса оған да керек деген дәлелімізді ортаға салайық:
«…Белжайлау жазығының аяқ тұсында Аяқсаз деп аталатын үлкен көксаздан ағып шығып жатқан сансыз бұлақтардан құралған мол суға түгел қосылып, Аяқсаз өзені аталып, буырқанған үлкен өзен болып, биік құлама Қарасай шатқалымен ағып өтіп, Китің қыстағына келгенде, Китің өзені деп аталады. Өзеннің ағысы Долаңқара тауының қыспағынан құлама жасай бұрқырап, Жаркент арасанын жанай өтіп, Үлкенағаш жазығына шыққанда Қу өзені болып аталған. Жазыққа шыққан өзен алқапты көкорай шалған гүлге бөлеп, жағасында жеті жүз жыл көгеріп тұрған Әулие ағашты жанай өтіп, Көктал елді мекеніне жеткенде Бурақожыр өзені аталады». (Б. Жақыбаев, «Жаркентте жеті өзен, жеті арасан» кітабы, «Жамбыл» баспасы, 2019. 48 бет).
Міне, өздеріңіз оқып отырғандай бір өзен ағып өткен жер атауларына орай бір мезгілде төрт атаумен аталады екен. Дәл сол сияқты Үсек өзенінің бастау алар жоғарғы жағы Үсек аталып, Ілеге құяр төменгі ағысына қарай Түрген аталуы әбден мүмкін ғой. Бұл жердегі «Үсек» атауы әу бастан келе жатқан ең ежелгі атауы екендігін де ескергеніміз жөн болар. Себебі, кейбір деректерде біздің байырғы бабаларымыз болған көне Түркі тілінде: «Үс» – су, «ек» – ана, яғни «Су ана» деген мағына береді деген мәліметтер де айтылып қалып жүр. Демек, «Жаркент жеріндегі кішігірім өзен сулар мен бұлақтардың анасы, тіршілік көзі» деген мағынада түсінгеніміз абзал. Ендеше бұндай атаудан несіне тартынамыз? Айтар ауыз бен естір құлаққа да жағымды, тамаша атау емес пе?!
Өзен атын Өсек емес, Үсек дейік, қатені түзетейік!
Қазақ халқының тарихы мен әдебиетіне зор еңбек сіңірген тұлғаларымыздан, Қазақстан Ұлттық энциклопедиясынан дәлелдер келтіріп отыруымның басты себебі мынада: біздің өңірдегі өзендердің ішіндегі ірісі, суы молы осы Өсек (Үсек) өзенінің аталуын бірізді жасасақ деген ой. Себебі, «Өсек» сөзінің жер-су атауына ешқандай қатысы жоқ, сондайлық мән де, мағына да бере қоймайды. Бар-жоғы ауыл, үй арасындағы шындыққа жанаспайтын «жел сөзді» білдіреді. Ауызбіршілікке емес, алауыздыққа бағыттайтын көпшілікке жағымсыз әсері және бар. Сол үшін де бұрынғы тарихи атауы болған «Үсек» сөзінің шығу тарихы ұмытылып, мағынасына онша мән берілмей, айтуға жеңіл, келемеж бен күлкіге оңай айтылатын «Өсек» болып өзгеріске ұшыраған сыңайлы. Оның себебі кешегі патшалық Ресей мен Кеңестік коммунистік отарлау жылдарындағы жер-су атауларының адам түсінбестей болып әдейі қасақана қатты бұрмаланғаны екендігін бәріңіз де білесіздер. Отаршыл жүйенің негізгі көздегені автотохтонды қазақ халқының өткен тарихына, жер-су, тау-тас, елді мекенге қатыстының бәрін ұлт жадынан өшіріп, тұтастай бір ұлтты жер бетінен жою болды. Мінекей, 30 жыл өтсе де әлі күнге өңіріміздегі елді мекендердің тарихи атауларын әлі қалпына келтіре алмай жатқанымыз да сол бір сұрқай жылдар мен зымиян саясаттың кесірі емес пе…
Сөз соңын алаштың ардақтысы, жерлес жазушымыз Б.Нұржекеұлының: «Үсек сөзі «үс» және «ек» деген екі сөзден құралады. «Үс» деген, ғалымдардың айтуы бойынша «су» деген мағына беретін көне түрік сөзі, ал «ек» деген құрметті, қасіиетті деген мағына береді, сонда «Үсек» дегеніміз «үсеке» деген сөзден ықшамдалған болып шығады. Кәзір де үлкен кісілерді құрметтеп «Бәке», «Сәке», «Тұреке» дейміз ғой, соған қарағанда «Үсек» «үлкен су» деген мағынаны да білдірсе керек», – деген сөзімен аяқтағым келеді. Ағамыздан асып айтарымыз да, жазарымыз да жоқ.
Ендігі айтпағым, ата-бабаларымыз нешеме ғасырлар бұрын атын атап, тасқа таңбалап кеткен өзеніміздің тарихи атауы «ҮСЕК» сөзін қайта қолданысқа түсіріп, бұдан кейінгі жерлерде айтылуы, жазылуында осы атаудың өзгеріссіз жазылуын ескерсек деген ұсынысым бар. Оған дәйек: жуырда ғана жаңа құрылған «Жетісу» облысының атауы қазақ және орыс тілдерінде өзгеріссіз «Жетісу» болып жазылсын деген нұсқау келіп, бүкіл құжаттар осындай мағынада жазылып жатыр. Осы қатарға бізде қосылып, «Үсек» атауын тарихи қалпына келтірсек нұр үстіне нұр болар еді. Тарихилығымен қатар, мән-мағынасы да терең, естілуі де жанға жағымды.
Ендеше, туған жеріміздің көнеден келе жатқан төл атауларын қалпына келтіруге бір кісідей жұмыла, ұйымшылдықпен атсалысайық.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ
Менің туған жерім менің сағындым тоғайы суды ауылды