2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда қалалар мен елді мекендерді абаттандыруға арналған жаңартылған үлгілік қағидалар күшіне енеді. Жаңа құжат тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңартылған талаптарға сәйкес көлік құралдарын арнайы қарастырылмаған орындарға қоюға тыйым салынады. Атап айтқанда, автокөліктерді тротуарларға, балалар ойын алаңдарына, көгалдарға, абаттандырылған аумақтарға және қоқыс контейнерлерінің маңына қоюға жол берілмейді. Сонымен қатар аулаларда бөлшектелген немесе техникалық ақауы бар көліктерді ұзақ уақыт қалдыруға шектеу қойылады.
Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында да жаңа тәртіп енгізілмек. Енді жергілікті атқарушы органдардың келісімінсіз шлагбаумдар, бетон блоктар, бағаналар және көлік қозғалысын шектейтін басқа да құрылғыларды орнатуға болмайды.
Инженерлік желілердің қауіпсіздігіне қатысты талаптар да күшейтіледі. Құдықтар мен люктер маңынан қауіпті ақаулар анықталған жағдайда жауапты мекемелер бір сағат ішінде қоршау орнатып, ескерту белгілерін қоюға міндетті. Ал бес сағаттың ішінде ақауларды жою шаралары қабылдануы тиіс.
Сондай-ақ жеке тұрғын үй иелеріне де бірқатар талаптар қойылады. Үй аумағынан тыс жерлерде құрылыс материалдарын, жанар-жағармай өнімдерін, тыңайтқыштарды сақтауға, сондай-ақ тіркемелер мен өзге де заттарды қалдыруға тыйым салынады.
Мамандардың айтуынша, жаңа қағидалар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.










