– Хамит Әбдуәлиұлы, алғашқы туындыңызды бесінші сыныпта салыпсыз, әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Бастауышты бітіріп, 5-ші сыныпқа барған кезде сурет өнеріне тереңірек үңіле бастадым. Себебі, мектепте әр сынып өз қабырға газетін шығарады, онда өзінің редакторы және суретшісі болады. Ол газеттер тек мереке күндері қарсаңында шығарылып, мектеп дәлізінің қабырғаларына ілінетін. Оны оқушылар үзіліс кезінде оқып, салынған суреттерді тамашалайтын. Біздің газетіміз «Ұшқын» аталып, мені суретші етіп сайлағаннан кейін жауапкершілік көбейді.
Үлкен сыныптар қатарынан қалмау үшін «сурет салуды жетілдіру керек» деген ойға бекіндім. Сурет пәні бағдарламасының бұл бағытта бізге берері аз еді. Қосымша білім алу үшін, апайымыз пионерлер үйіндегі сурет үйірмесіне қатысуға кеңес берді. Бұл үйірмені Алматы суретшілер училищесін бітірген кәсіби маман жүргізеді екен. Ол өзінің берген ақыл-кеңестерінде үнемі «Суретті көшіріп сала берме, өз бетіңше еркін түрде жұмыс жаса, көре біл, суретші басқаның көрмегенін көре білуі керек» дейтінді жиі қайталайтын.
Аудандық кітапханадан «Школа изобразительного искусство» деген кітап жаздырып алып, содан да керегімді үйрендім. Және де сынып жетекшіміз Роза Мұхаммедқызы Бекболатованың менің суретші болып қалыптасуыма ықпалы көп тиді. Ол кісімен өмірінің соңына дейін хабарласып, амандық білісіп тұрдық. Мен өткізген көрмелерден қалмай келіп, өз ойларын бөлісіп тұратын.
Бірде сол жылы 5-ші сыныпта жүрген кезімізде Жаркент-Арасанға экскурсияға бардық. Табиғат көрінісі керемет әсер берді, отыра қалып бірнеше сурет салдым. Үйге келген соң соның біреуін сурет дәптеріме тушпен көшіріп, сол кезде шығатын «Қазақстан пионері» газетіне жібердім. Бірақ, онымды ешкімге айтпадым. Жолым болып, салған суретім газет бетінен жарық көрді. Ертеңіне сыныптастарым газеттің осы санын сабаққа алып келіпті, қуанышымда шек жоқ. Менің атыма мектепке Қазақстанның түпкір-түпкірінен оқушылардан хаттар келе бастады. 6-9-шы сыныптарда басқа да газеттерге суреттерімді жіберіп тұрдым. Әуелі десеңіз Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетіне жіберген суреттеріме қаламақы төлей бастады.
Алдыма қойған басты арман, мақсатым Әбілхан аға сияқты суретші болу еді. Ол кісінің салған пейзаждық суреті менің нағашы апайымның үйінде ілулі тұратын. Нағашы апайым Зағира Нүсіпбекова Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім болатын. Сол атақты алған кезде ағасы Әбілхан Қастеев қарындасына өз қолтаңбасымен сыйлаған жұмысы болатын. Сол суретті көру үшін апайымның үйіне күніне бір рет кіріп шығатынмын.
«Талаптансаң Әбілхан аға сияқты суретші боласың!» дейтін, менің аузым ашылып, суретке таң қалып қарап тұрғанымды көріп.
8-ші сыныпты бітірген соң салған суреттерімді жинастырып Н.В.Гоголь атындағы Алматы суретшілер училищесіне, сол кездегі Қазақстанда кәсіби суретшілер дайындайтын жалғыз оқу орнына оқуға түсуге келдім. Жылына 5 бөлімшеге 70 қана студент қабылдайды екен. Құжат тапсырғандардың ұзын саны 800-ге барады. Конкурста бір орынға 10-12 адамнан келді, мен ғой бұл жолы оқуға түсе алмадым. Келер жылы жатпай-тұрмай дайындықпен қатар колхоз басқармасының жолдамасын қоса ала келіп, армандаған оқуыма түстім-ау…
Мен ол кезде сұраныста болған оформительское отделение (қазіргіше дизайнер) бөліміне түстім. Бірақ ол бөлімде живопись айтарлықтай деңгейде оқытылмайды екен. Оқу бітірген соң көңілім картина жазуға, этюд жазуға тартып тұратын. Оған көп уақыт жете бермейтін. Себебі көркемдеу- безендіру жұмыстары менің негізгі жұмысым еді. Сәл қол босағанда өз бетімше білімімді жетілдіріп жүрдім. КСРО кезінде ай сайын шығып тұратын «Художник», «Творчество», «Искусство», т.б. журналдарды үнемі жаздырып алып жүрдім.
– Сіздің туындыларыңыздың ұлттық бояуы қанық, қазақы қалыбы басым екенін байқадым, бұл өнердегі ұстанымыңыз ба?
– Менің әкем Әбдуәли Құсайынұлы Файзуллин «Октябрьдің 40 жылдығы» колхоз-агрофирмасында ферма меңгерушісі, егіс бригадасының бригадирі болып 40 жыл еңбек етті. Анамыз Тұрсынхан Айдарқызы сауыншы болды. Біздер мектепке оқуға барғанға дейін, жазда-жайлауға, қыста-қыстауға ферма еңбеккерлерімен бірге ауыл болып көшіп жүретінбіз. Жайлауымыз Арқас тауларының (Жетісу Алатауы) етегі болатын. Мамыр айының орта шенінде – Бұрхан, Мәнжу, Жиренайғыр, Текше сияқты жайлаулардының біріне қоныстанатын едік. Осы кезде ауыл әйелдерінің жұмыстан тыс кездегі үй тірлігіне байланысты қосымша тағы бір әбігерлігі басталатын. Ол қыста істей алмайтын киіз басу жұмыстары, тағы басқа тірліктер. Әсіресе апаларымыз киіз басқанда қастарынан шықпайтынмын. Ою салуға арналған жүн үйінділері жатқан жерден айналсоқтап кетпей жүретінмін. Сол көз тартар түрлі-түсті бояуларды көргенде көзім жайнап, қуанғаннан қол шапалақтап, есім шығатын. Мен апама келіп «Апа, мына жүндерді қайдан алдыңыз?» деген сауалыма апам ол бояуларды қаладағы базардан алатынын, сонан соң ақ жүндерді түрлі түске бояйтыны туралы айтып түсіндіретін. Одан, жата кеп қалаға барғанда осындай бояулар сатып алсам ғой деп армандайтынмын.
Сөйтіп, суретші болып қалыптасқан кезде осы түстердің қанықтығы мен тазалығы менің палитрамнан ойып орын алды. Бояулар тазалығы өнердегі өмірлік ұстанымым деп есептеймін. Бірде, «Творчество» журналының кезекті бір санында абстракционизмнің іргетасын қалаушылардың бірі, бейнелеу өнерінің теоретигі В.В.Кандинскийдің «Символика цвета» деген мақаласы көзіме түсті. Асықпай баппен оқып шыққандағы түсінгенім, бояулар түсінің символикасы, түсінігі әр халықта әр түрлі екен. Бірақта сайып келгенде түпкі ұқсастықтары, сәйкестігі, түсінігі бір-бірінен онша да алшақ емес болып шықты. Бояу түстерімен қатар оның мән-мағынасын да түсінгендей болдым. Қандай түсті қай кезде пайдалану керектігін ұқтым. Белгілі бір түс, белгілі бір мағынаға ие болады екен. Осы бояулар сыры деген ұғыммен кейін бірнеше картина жаздым. Олар «Қызылқия. Ұрпақ жалғасы», «Өмір тынысы», «Жарық пен қараңғы», «Итшілеген өмір», т.б. Өзім көріп өскен қазақтың ұлттық бұйымдарында қара түсті көп кездестірмедім. Менің де палитрамда қара түсті бояу жоқ. XIX-шы ғасырда бейнелеу өнеріне жаңалық алып келген бастамашыл топ импрессионистер де қара бояуды қолданбаған екен. Мен үшін бояу түстерінің сырлары тереңірек ашылғандай болды.
– Еліміздің көркем табиғатын кенепке кестелеуден жалықпайсыз, шабытты даладан аласыз ба?
– Мына жарық әлемде табиғат әсемдігіне сүйсіне қарамайтын адам жоқ шығар. Ия, мен табиғат көріністерін көп жазамын. Соңғы кезде түбегейлі пейзаж жанрына көшіп те кеттім. Нәтижесі жаман емес. Соңғы жетістігім былтыр 2021 жылы Украина мемлекетінде өткен Әлемнің үздік пейзажист суретшілерінің халықаралық көрмесінде лауреат атанып, Диплом мен алтын Сертификат және естелік медаль алдым. Мұндай мүмкіндік 5 жылда бір рет қана беріледі екен. Бұл көрмеге әлемнің 300-ден астам суретшісі қатыстып, мыңға жуық жұмыстарын өнер сүйер қауымға ұсынды. Каталогы да шықты. Көрмені Украинаның Мариуполь қаласында А.И.Куинджи мемориалы және Украина Мәдениет министрлігі ұйымдастырды. Ұлы суретші А.И.Куинджидің туылғанына 180 жыл толуына байланысты Мариуполь қаласында 4-ші маусымнан 4-ші шілдеге дейін өтті. Жалғасын Грекияның Афина қаласында тапты.
Пейзаж жанрындағы менің ең үлкен ұстазым – ол табиғат. Табиғатты алдай алмайсың. Шебер құдай асқан құдіретімен табиғат суретін салып қойған ғой. Тек соны көре білуің керек. Мысалы, Жаркент-Арасан тас жолының бойында орналасқан Әулиеағаш ауылының батыс жағындағы Қызылкеріштердің суретін Ә.Қастеев ағамыз да 1969 жылы салған екен. Демек, ұлы суретшіге керемет әсер, шабыт берген болуы керек.
Және де табиғатты сүйетін халықтың бірі Қытай елі. Тауды жармай, тас жолдарын табиғаттың әсемдігін бүлдірмей, шатқал арасына өте ұқыптылықпен оншақты километрге дейін кететін аспалы жолдар салған. Міне, нағыз табиғат жанашырының жұмысы.
Біз де өз жеріміздің жауһарларын аялап, қорғап, сақтай білсек қой, шіркін… Жергілікті әкімдердің табиғатты түсінбеуі ме, әлде аяламағаны ма, әйтеуір көркем жерлерді жекеге үлестіріп жатады. Бұл тек қана Жаркентке ғана қатысты емес, жалпы қазақ жеріне қатысты.
– Сурет өнерінің құдіреті жайлы не айтар едіңіз?
– Сурет салу ең ежелгі өнер түріне жатады. Адам баласы жазудан бұрын өздері тұратын үңгірлерде адамдардың, жан-жануарлардың суреттерін салған. Кейін сурет салу арқылы бір бірімен хабарласқан. Онан келе өз ойларын жартастарға қашап, композициялық жұмыстары арқылы бере білген. Оның дәлелі біздің кең байтақ Ұлы даламызда көптеп табылып жатқан Таңбалы тастар – петроглифтер. Петроглиф (лат. петро — тас және грек. глиф — жазу) – тақтатас. Жартастарға салынған суреттер бейнелер. Живопиське келер болсақ үңгір живописінен бастап күні бүгінге дейін үзіліссіз даму үстінде.
– Енді сол өнер туындыларын қалай бағалап жатыр, құны қандай?
– Бүгінгі күні әлемде ең қымбат сатылған картиналар арасында Леонардо да Винчидің «Әлемнің құтқарушысы» картинасы 450 миллион долларға, Виллем де Кунингтің «Айырбастау» картинасы 300 миллион долларға, Поль Сезанның «Карта ойыншылары» 250 миллион долларға, Поль Гогеннің «Нафеа Фаа Ипойпо» деген туындысы 210 миллион долларға сатылған. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Бір ғана мысал: Леонардо да Винчидің атақты «Мона Лизасын» көру үшін жер шарының түпкір-түпкірінен туристер жыл сайын толассыз ағылуда. Францияның «Лувр» атты музейіне жылына 10 миллионнан астам туристер келеді екен. Онымен не айтқым келіп отырғаны белгілі. Бұл бағалар өнер туындыларының қаншалықты құнды екендігін көрсетеді. Бұл бағалар бұнымен тоқтамайды, уақыт өткен сайын өсе береді.
– Туындыларыңызды сатасыз ба? Бұл өнер сізге экономикалық кіріс бере ала ма?
– Иә, сұрағыңыз қызық екен… Мәселен, постимпрессионист суретші Ван Гогтің тірісінде бір ғана суреті сатылған екен. Ал, қазір ол суретшінің жұмыстары жүздеген миллион долларлар тұрады. Бұл қатарға тағы оншақты суретшілерді қосуға болады. Аш-жалаңаш жүрсе де өнерін тастамағандар. Мен де салған суреттерімді сатамын. Біреулері неге арзан сатасың десе, екінші біреуі тым қымбат дейді. Кейбіреулері «ой нең кетті, бір жұмысыңды бере салмайсың ба?», «былай-былай сүйкей саласың ғой» дейді, шіркіндер. Оның артында қаншама еңбек, уақыт, қаншама жол жүру, материалдық шығындар тұрғанында біздің бауырлардың шаруасы жоқ. Бүгінгі күні сурет өнеріне арналған кенеп, майлы бояу, қыл қаламдардың бағасы өте қымбат және олар тек қана шет елдерден экспортталады. Туған күндерде, үйлену тойларында сыйлап та жүрмін, бірақта бағалап жүргендері шамалы.
Картиналарымды көбінесе өркениетті, мәдениеті дамыған мемлекеттердің азаматтары, коллекционерлері алады. Еуропада кез келген үйде постер болса да жоқ дегенде 6-7 картина ілулі тұрады. Олар сол картиналардан рухани ләззат алады. Эстетикалық, талғампаздық мәдениетін көтереді. Қазақ еліне бейнелеу өнері кенжелеп келді. Бейнелеу өнерінің құдіретін түсініп, оны шын мәнінде бағалап, талғамның жоғары деңгейіне жету үшін әлі талай жылдар керек. Ол бейнелеу өнерімен ғана шектелмейді. Сонымен қатар ел тұрмысы жақсарып, қаржылық табыстары жоғары болуы тиіс. Үйдегі картина біреулер үшін салтанат сәні болса, өнер бизнесімен айналысатындар үшін табыс көзі. Музейлердегі картиналар – ол мемлекет байлығы, мақтанышы. Коллекционерлердегі өнер туындылары – ол баға жетпес құнды қазына.
– Жаркент өңіріне арнаған шығармашылығыңыз туралы айтып берсеңіз…
– Жазиралы Жаркенттің киелі топырағында жаратылғаннан кейін, туған жер әрқашан ыстық маған. Жаркентке жылына бір-екі рет барып пейзаж жазып қайтатынмын. Жаркент деген атау – «жар үстіндегі қала» дегенді білдіреді. Сол жарлар неше түрлі формада жылдар бойы мүжілген.
1998 жылдары 5-6 этюд жаздым осы Жаркент жарларынан. Бұл жарлар кішігірім Шарын шатқалына ұқсайды екен. Бір жарлар көне қамалдарды елестетсе, екіншісі өрлей жылжып бара жатқан айдаһарға ұқсайды. Енді бірі адам басына ұқсап кетеді. Соңынан қала әкіміне арнайы кіріп мына жарларды сақтайық, сіз ол жерлерді қоқыстан тазалаттырып, туристер, қала халқы тамашалайтындай жағдай жасасаңыз деп едім, ол кісі маған: айтып тұрған жерлерді участокке береміз деп жауап берді. Ендігі ол жарлардың біразы жоқ болды.
2006 жылдан бастап мені Жаркент керіштері қызықтырып жүр. Бірнеше жұмыстар да жаздым. Сонымен қатар тауға барып сурет салғанды ұнатамын. Талай қауіпті әрі қызықты жағдайларға тап болған кездер болды. Тау өзенінің арғы жағалауына секіріп өтемін деп тасқындап жатқан мұздай тау суына құлап, ағып кете жаздаған кездер болды. Биікке шығып, панорама жазамын деп жартастан да құладым. Тау ішінде қасқырмен бетпе-бет кездесіп те қалған кез болды. Бір жақсысы шабуыл жасамады, шамасы тоқ қасқыр болуы керек. Осының бәрі өз бетімше жалғыз жүріп жұмыс жасауым еді.
Менің барлық дерлік картиналарымда тау сілемдері немесе таудың нақты өзі жазылған. Табиғат таңғажайыптарын іздеп жүріп жазамын. Соның бірі – Сарыбел, Садыр, Тұрпан ауылдарынан тау шыңдарына қарап көз жүгіртсеңіз, «Ұйқыдағы ару және батырды» көресіз. Осы екі шыңның аралығында және бір тау сілемі бар, «Ұйқыдағы ару» мен «Батырды» бөліп тұратын. Сонымен «Ұйқыдағы ару», «Құбыжық» және «Батыр» деген пленерлік жұмыс пайда болды. Амандық болса картина етіп жазсам деймін.
Мен көбіне лирикалық пейзаж жазғанды ұнатамын. Ондай пейзаждар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Жерұйығым Жетісуымды әлі аралап болғаным жоқ, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына Ә. Қастеев музейі ұйымдастырған «Ұлы таулар шыңдары» атты республикалық көрмеге екі картинамды қойдым. Тәңір тауы етегінде қазақи өмір бейнеленген «Жерұйық» картинасымен «Менің Отаным» атты өзім туып өскен Арқас тауы жайлауы бейнеленген көлемді жұмыстар болды.
– Ван Гог әбден қалжыраған сәтінде, жүдеу тұрмысын көрсету үшін өзінің ескі аяқ киімін кенепке бейнелепті. Сіздің өміріңізде қиналған кезіңізді бейнелейтін туындыңыз бар ма?
– 1990-шы жылдардың басында колхоз, совхоздарды тарқатты. Тіптен кейбіреулері «тарқамаймыз, ұжым болып өмір сүреміз, бірлік бар жерде тірлік бар» десе де қарамай күшпен жоқ етті. Ауылдық жерде өмір сүру қиынға айналды. Ал, бұндай кезде суретіңіз кімге керек? Сонымен 1995 жылдың көктемінде пайға алған 4 гектар жерді бауырлармен біріктіріп, он екі гектарға жүгері ектік. Кетпенді мойынға салып, егістікке шықтық. Жыл бойы еңбектеніп жинаған өніміміздің табысын да дұрыстап көре алмадық. Жалмаңдаған делдалдарға желіндік.
Осындай жағдай 1996 жылы да дәлме дәл қайталанды. Сәуір айының соңынан қарашаның аяғына дейін қауырт шаруа жұмыстары бір тоқтамайды. Қыс айларында сәл бос кезімде «Итшілеген өмір» атты картина жаздым. Оны кейін көрмеге қойдым. Сол жұмысымды көрген бір әйел «Хамит дәл жасапсың, қазіргі өміріміз – өмір емес, нағыз ит өмір болды ғой» дегені.
Ия, қарапайым халық үшін сол кездер нағыз жан бағу үшін күрес болды. Алдыңғы жылы осы картинаны өртеп жібердім, итшілеген өмірден халық құтылсыншы деп, ырымдап.
– Сіздің үш балбал тастың артында тұрған бала бейнесі салынған суретіңіз керемет әсер сыйлады, тіпті бұл шығарма бабалар аманаты деген ұлы сөзге сай келетіндей, бұл туындыны қашан салдыңыз, идея қайдан келді?
– 1993 жылы атақты Орбұлақ шайқасының 300 жылдығы республика көлемінде аталып өтіп, Белжайлауда ас берілетін болды. Соған орай біз бір топ комиссия мүшелері Орбұлақ шайқасы болған жерге бардық. Бару мақсатымыз жер жағдайымен танысып, киіз үйлер тігілетін орындарды, сахналық қойылымдар өтетін жерді, т.б. жобаларды белгілеп, карта жасауымыз керек едік. Арамызда жергілікті газеттің фотокоры Жұмағазы Бейсебеков те бар. Біз жоба сызып төменде қалдық, ал Жұмағазылар Қызылқия деген төбеге атпен кетті. Олардың бару себебі сол Қызылқияда үш балбал тас бар екен, соны суретке түсіру үшін. Кейін, Жұмағазыдан сол суреттерді сұрап алдым. Тастардың қашалу мәнері, Мәнжу жайлауында бала шағымда кездестірген тастардай екен. Қазақ жерінде басқа өңірлерде кездесетін балбал тастарға ұқсамайды. Орындалуы өзгеше, анық бейнеленген портреттік жұмыстар.
Бірі тақия киген ақсақалға ұқсаса, екіншісі кимешек киген әжеге ұқсайды, ал үшінші тасты жаулық тартқан жас келінге ұқсаттым. Осыдан ой келді. Егерде бұл бір отбасы болса, онда ер азамат қайда, шамасы қан майданда шайқаста қаза тапқан шығар деген. «Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген» деген ақын шумақтары ойға оралды.
Ия, біз ұрпақтары бармыз ғой қазақтың. Қанша шапқыншылық болса да жоғалып кеткен жоқпыз, бармыз. Содан барып айдарын жел ескен ұрпақ жалғасы, бала образы туындады. Енді бұл жұмысты бояулар сыры әдісімен жүзеге асыруды ұйғардым. Тастардың қазіргі тұрған жері жасыл төбе, яғни жасыл түс – ол тыныштықты білдіреді. Тастар ақ түсті – ол пәктікті білдіреді, өйткені ақсақал, әже, жас келін қапысызда жау қолынан қаза болған шығар деген ой. Ал, қызыл түс – ол өрт, ол қан, соғыс қасіреті. Атойлап жапырып келе жатқан қара нөпір жау қолы қара түс – ол қайғы-қасірет, қара түнек. Сонымен «Қызылқия. Ұрпақ жалғасы» атты картина жазылды.
– Ал, Желтоқсан көтерілісіне де бір туынды арнапсыз, картинадан ақбоз атты, көгершіндер мен барыстың бейнесін көре аламыз…
– 2006 жылы Желтоқсан оқиғасына 20 жыл толу қарсаңында, қаза болған боздақтарға бір картина арнасам деген оймен алаңға барып аралап жүрдім. Алаңда көзіме бірден «ақ үй» түсті. Сол кездегі «Компартияның орталық комитеті» орналасқан ғимарат. Яғни, жебе осы үйден атылды. Барлық бұйрықтар осы үйден шығып жатты емес пе?
Көшенің сол жағындағы биік үйлерге «СЛАВА КПСС» деген плакаттар ілінетін. Бейкүнә жастардың қызыл қаны төгілген ақ қар үстіне жастық пен махаббаттың символы болған раушан гүлдері… Ақбоз атынан түсіп, ұрпақтарының батырлығына тағзым етіп, кең даланың гүлдерін алаңға қойып жатқан Сақ жауынгерінің образы келді көз алдыма. Ақ үйден атылған оқ Қазақстан символына айналған барысты жаралап, ашу-ызасын туғызды. Қапияда, ойламаған жерден, опат болды ғой қайран қайсар қазақтың ұл-қыздары. Лағынет атқан сол кездегі системаны қара түнек басып, жасын найзағай өртеді ғой. Міне бұл картинаның туу себебі осындай ойлардан шығып еді. Суретті түсінбейтіндей емес, тек қана ыждаһатпен көңіл бөліп оқысаңыз болғаны.
Аталған картиналармен қатар «Өмір заңдылығы», атты жұмысым Москвада өткен «Visionary Art Award» атты көрермендік және символдық өнердің халықаралық көрмесіне қатысып, каталогқа енді. Сондай-ақ «Таластырған кім», «Ақ бота» сияқты жазылған картиналардың мазмұны өзгеше. Көп адам бұларды анималистика жанрымен шатастырып жүр. Менің мақсатым осы жануарлардың бейнесі арқылы адамдардың мінез-құлқын, басқаларға деген көзқарасын, жан дүниесін, психологиясын көрсету әдісі.
Сонымен қатар аңшылық тақырыбында картиналар жазуды ұнатамын. «Аңшы таңы», «Қансонардан қайтқанда», «Қабыландармен аң аулау» ( бұрын тазы иттердің орнына қабыландарды ұстаған, аң аулаған, өйкені ол жер жүзіндегі ең жүйрік аң), «Кешкі әуен. Қоштасу» — кең далада өмір сүрген адамдардың қатыгездігінен қазақ жерінен ғайып болған қабыландар туралы. Енді қобызын зарлатып, жоғын іздеп отыр, сол үшін қоштасу деп аталады.
Азиялық қабыландар түрі Қазақ жерінен ғайып болды. Соңғы қабылан Ақтау маңында 1972 жылы атып өлтірілген. Ендігі кезекте мамонттардың құрдасы құралайдың өз жерімізден жойылып кету қаупі бар. «Олар да табиғаттың баласы ғой, атпаңдаршы бауырлар, сақтап қалайық! Елдігімізге сын болады әлем алдында, егерде киелі киіктерді жойып алсақ» дегім келеді.
– Енді салсам деген туындыңыз қандай мазмұнда?
– Пейзаж жанрына келетін болсақ, енді Шығыс Қазақстанның, Үстірттің, Баянауылдың, Арқаның, Көкшенің әсем табиғатын жазсам, өз еліміздің табиғат кереметтерін өзге елдерге, халықаралық көрмелерде көрсетсем деген арман мен мақсат бар. Аман болайық!
– Қылқаламыңыз суымасын, Хамит аға! Жаркенттік жерлестеріңіз сізге тек шабыт және шаттық тілейді.
Сұхбаттасқан Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ