Жазиралы Жаркент өңірінде халық игілігі жолында жүзеге асқан тағы бір ауқымды жоба – «Жаркент Плаза» заманауи сауда орталығының ашылу салтанаты өтті. Бұл нысан аудан кәсіпкерлігінің дамуына тың серпін беріп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндігін ұсынбақ.
Жаркент – тарихы терең, тағылымы мол, ұлттық құндылықтар мен өркениет тоғысқан қасиетті мекен. Бүгінде осы өңірде бой көтерген «Жаркент Плаза» сауда орталығы заман талабына сай салынып, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетуге бағытталған маңызды нысандардың біріне айналып отыр.

Қала орталығында орналасқан сауда кешенінің жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта 200 сауда орны қарастырылған. Сонымен қатар, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 50 орындық арнайы көкөніс саудасы кешені де пайдалануға берілді. Қазіргі таңда кәсіпкерлер өз орындарына жайғасып, халық сұранысына сай түрлі тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынуда.
Жобаны жүзеге асыруға кәсіпкерлер Ғалымжан Мадиев пен Сәкен Баймағанбетов қолдау көрсеткен. Сауда орталығының ашылу салтанатына қазақ эстрадасының танымал өнер жұлдыздары қатысып, мерекелік кештің сәнін келтірді.
Жаркент қаласындағы базар аумағын кезең-кезеңімен жаңғыртып, оны заманауи әмбебап сауда кешендеріне айналдыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның жарқын көрінісі – жаңа «Жаркент Плаза» сауда орталығы. Жылы әрі жарық, барлық санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сай салынған қызмет көрсету орталығы тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастырып отыр.
Салтанатты шара барысында жаңа нысанның лентасы қиылып, қонақтар мен тұрғындарға жылы лебіздер айтылды. Өз кезегінде аудан басшылығы кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Ауданымызда кәсіпкерлік саласы тұрақты түрде дамып келеді. Жыл сайын жаңа нысандар мен қызмет көрсету орталықтары халық игілігі үшін пайдалануға берілуде. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың және елдің әл-ауқатын арттыруға атсалысып жүрген іскер азаматтардың еңбегінің нәтижесі. Базар аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталып, енді оны толықтай заманауи талаптарға сай сауда кешеніне айналдыру жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр, – деді шара барысында.
Бүгінде жаңа сауда орталығында 200-ге жуық кәсіпкер өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ аудан экономикасының нығаюына оң әсерін тигізбек.

«Жаркент Плаза» – жай ғана сауда орталығы емес, бұл өңір кәсіпкерлерінің әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инвестициялық жоба. Осындай игі бастамалардың арқасында Жаркент қаласы заман көшіне ілесіп, өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін беруде.










