Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл – адам жанының арашасы болып, халық денсаулығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып жүрген дәрігерлерге, медбикелерге және денсаулық сақтау саласының барлық мамандарына көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі.
Осы атаулы мереке қарсаңында ауданымызда медицина қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Ақболатов қатысып, ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Өз сөзінде ол денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапты міндетіне тоқталып, олардың халық денсаулығын қорғаудағы ерен еңбегі мен жоғары кәсібилігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ сала мамандарына ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс пен толағай жетістіктер тіледі.
Салтанатты жиын барысында аудандық аурухананың бірқатар қызметкерлері марапатталып, өз ісіне адалдығымен және кәсіби біліктілігімен ерекшеленген үздік медицина мамандарына құрмет көрсетілді. Адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты парызы санайтын дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбегі қашанда жоғары бағалауға лайық.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, аудан өнерпаздары өз өнерлерін тарту етті. Әсем ән мен күмбірлеген күйден құралған мерекелік кеш медицина қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, салтанатты жиынның сәнін келтірді.
Ақ халатты абзал жандардың еңбегіне көрсетілген бұл құрмет – олардың қоғамдағы маңызды орны мен өлшеусіз қызметінің айқын көрінісі. Халық денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген барлық медицина қызметкерлеріне деген алғыс пен құрмет әрдайым жоғары болмақ.










