Өмір деген өрекпіген бір ағын… Оны әркім әр қилы өткізеді. Тіршіліктің тоқтау бермес сол ағынында толқынымен таласып жүріп, өз жағалауыңды табу – алдымен шыққан тегіңе, жас кезде алған тәрбиеңе және өмір кешкен ортаңдағы жайлы, жайсыз құбылыстарға да байланысты.
Өз басым Жаркент қаласының жанға жайлы шағын иірімінде көптен бері көрші қоныс тұратын, марқұм Қалибек құрдасымның аяулы жары, Панфилов ауданының Экономика және қаржы бөлімінің бас маманы, жоғары білімді заңгер және қаржыгер Света Ілиясқызы Медетбекова ханымды өмірде жолы болған, қайда жүрсе де тіршілік ортасында ұстаз да, дос та тапқан жандардың бірі деп санаймын.
Света Қазақстанның ең шеткі нүктелерінің бірі шекара түбіндегі Басқұнша ауылында Ілияс-Жұмақыз есімді ерлі-зайыпты қарапайым шаруа жандардың отбасында алты баланың ортасындағы қыздың кенжесі болып өмірге келіпті. Әкесі Ілияс иманы жанында, ибасы қасында тірлік кешкен ауылының қарапайым құрметті азаматы еді. Анасы Жұмақыз да отбасында бала тәрбиесімен шүғылданып, үйінің шаруасын дөңгеленткен алтын құрсақты ана болатын. Бұл жанұядан өсіп-өрбіген төрт қыз бен екі ұл бала өсе келе тәрбие көрген тектілігін танытып, ауылдастарының, ел-жұртының құрметіне бөленген азаматтар болып ер жетті. Төрт қызы жат шаңырақтың шырағын жағып, отбасын ұйытқан ана атанса, ұлдың үлкені Құрмаш аға марқұм өмір бойы шаруашылықтың қаржы саласында қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін Жаркент қаласына көшіп келіп, әкеден көрген тәлімін ұштап дін, имандылық жолында мешітте қызымет жасады. Ол жақын жылда ұл-қызын ер жеткізіп өмірден озды. Екінші ұл Серік аудандық әкімдікте көптен бері еңбек етеді.
Ал, енді негізгі кейіпкеріміз Светаға келер болсақ, ол ауылындағы орта мектепті тамамдағаннан кейін Талдықорған қаласындағы сол кездегі Заң техникумына 1979 жылы оқуға қабылданып, оны 1981 жылы үздіктер қатарында аяқтап, қолына дипломын алғаннан кейін туып-өскен жерге, Жаркент өңіріне оралып, аудандағы «Көктал» кеңшарына заңгер болып жұмысқа орналасты.
– Жалпы мен жұмыста жолым болған бақытты жанмын, – дейді Света Ілиясқызы. – Арнаулы орта білімді маман атанып, «Көктал» кеңшарына заңгер болып жұмысқа орналасқанымда совхоз директоры Құрбан Қасымов жас деген жоқ, үлкен ілтипатпен қарсы алып, ақылын айтып, қызыметте, ел-жұртпен араласуға бағыт-бағдар беріп отырды. Одан кейін кеңшарға бірінші басшы болған Әділшайық Ыбраймолдаев ағамыз да өте білімді, алғыр адам еді. Ол кісі кейін 1992 жылы Панфилов ауданының тұңғыш әкімі болды. Осы кісілерден, сол кезде шаруашылықтың партия ұйымының хатшысы Ораз Абдрахманов және бас бухгалтері болған Есмұрат Жұмәділовтен, тағы басқа да жақсы, жайсаң жандардан тағылымды тәлім алып, көптеген тәжірибе жинақтадым.
Света бірер жылдан соң өзі өскен ауылы Басқұншаға оралып, осындағы «Қызыл Шығыс» ұжымдық шаруашылығына заңгер болып ауысады. Мұнда да оны жұмыста өз ауылдастары құшақ жая қарсы алып, қамқор ортасына қабылдады. Қызыметте сол кездегі ұжымшар басқармасының төрағасы Шернияз Нұғыманов, шаруашылықтың партия ұйымының хатшысы Нұрғабыс Бейсеғұлов ресми іс жүргізудің қыр-сырын үйретіп, қолдап отырды. Кейіннен ұжымдық шаруашылық тарап, кооператив құрылғанда да ұжым басқарған Канал Сембаев, Тоқтарбай Керімқұлов сынды ағаларының ақылмандығын, қамқорлығын көрді.
Света еңбек ете жүріп өндірістен қол үзбей, жоғары оқу орындарында білім алып, алдымен Талдықорғандағы заң иниститутында оқып, жоғары білімді заңгер, кейіннен Алматыдағы ауыл шаруашылық иниститутының экономика факультетін тамамдады. Саналы жан күнделікті тіршілігінде де көп оқып, өмір ағымынан қалмауды мызғымас мақсатына айналдырған.
Кеңес кезеңінің саяси-әлеуметтік болмысы бөлек еді. Оны бүгінгі жастар білмесе де көнекөз қариялар ұмыта қойған жоқ. Света қайда қызмет жасаса да жастық жігермен қоғамдық жұмыстардан тыс болған емес. Алғашқы еңбек жолы басталған «Көктал» кеңшарында заңгерлік қызыметін атқара жүріп, шаруашылықтың комсомол ұйымының жұмысына белсене араласты. Жастар ұйымы хатшысының орынбасары атанды. Кейін «Қызыл Шығыс» ұжымшарында да жастар ұйымының жұмысын қоса алып жүрді. Кеңс кезеңінде лектор, насихатшы дейтін қоғамдық жұмыстар болатын. Коммунистік партияның әлеуметтік-экономикалық саяси бағыт-бағдарын қарапайым халыққа түсіндіретін бұл істерден де тыс қалмады. Осындай белсенділігінің жемісі болар 1984 жылы Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Серғазы Бесбаевтың қолынан партия билетін алды. Сенім мен құрметтің бәрі Светаның іскерлігінің, белсенділігінің, халықпен қоян-қолтық жұмыс жасауының нәтижесінің көрінісі.
Света Ілиясқызы біз жоғарыда атаған жұмыс орындарынан басқа өмір жолында аудан деңгейінде бірнеше еңбек ұжымдарында үлгілі қызметкер атанған жан. Атап айтсақ 1994 жылы Панфилов ауданының қаржы және валюта бақылау комитеті бөлімшесінде бақылаушы-ревизор, 2000 жылы аудан бойынша салық басқармасында, 2012 жылы Экономика және жоспарлау бөлімінде жұмыс істеп, қазір өңірлік Экономика және қаржы бөлімінде бас маман болып қызымет атқарады.
Света 1994 жылы ішкі істер қызыметкері Қалибек Жебегеновпен үйленіп, екеуі өмірге Алмаз, Анель есімді ұл мен қыз әкелді. Бүгінде балалары жоғары білімді маман атанып, шаңырақ көтеріп, аналарына немерелер сүйгізіп отыр. Өкініштісі осы қуанышты балаларының әкесі Қалибек көре алмады.
Тіршілік жолы тым күрделі. Ол кейде тоқтамас, тізгін тартсаң бас бермес асау, арынды ат секілді. Кейде беті тымық болса да асты аласапыран болып жататын қара су сияқты. Қалай болғанда да әркім содан өз еншісін табуға ұмтылады. Осыдан алпыс жыл бұрын 24 тамызда өмір есігін ашқан Света Ілияқызы тіршілік жолында байсалды мінезімен, іскерлігімен, елшіл-отаншылдығымен абыройлы тірлік кешіп, белес асқан құрметті жандардың бірі. Оның бақыт бағаны мәнді тіршілігінде.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
Жаркент қаласы.