Қазіргі таңда осынау ғылым-білім дамыған заманауи қоғамда өмір сүріп жатсақ та, біздің күнделікті тіршілігімізде біршама отбасыларда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары кездесуде. Ол дегеніңіз кез-келген азаматтың құқын бұзып, бір адамның екіншісіне тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Және осы бір келеңсіз жағдайлар сол жанұяның шеңберінен шықпай, жағымсыз болса да кішігірім құпиясы болып сақталып қалып қояды. Бұл жағдай кінәлілердің өзін еркін сезінуіне соқтырып, келесі бір кезеңде уақыт өте келе тағы бір құқық бұзушылық фактілерінің орын алуын туындатады.
Енді осы отбасылық зорлық-зомбылық себептерінің туындау фактілеріне қысқаша тоқталып өтсек: Біріншіден, жанұядағы жәбірлеуші жақындарына қол жұмсауды қалыпты құбылыс санайды. Екіншіден, күйзеліс, оқыстан, яғни, аяқ астынан болған психологиялық соққы, жұмыссыздық, рухани мүгедектік және ішімдік пен нашақорлыққа салынудың соңы, адамның жүйке жүйесін бұзып оның бойында қатыгездік қасиетті қалыптастырады.
Нәтижесінде, еркектер әлімжеттік жасайды, өз кезегінде кейбір жағдайларда әйелдер де олардан асып түспесе кем түспейді. Өздеріне жіті көңіл бөлмеген сәттерде, рухани және материалды қолдауға ие бола алмаған жағдайда ыза буған әйел адам да ашудың жетегінде кетері сөзсіз. Міне, осы әрекеттердің бәрі жиылып келіп айрандай ұйып отырған отбасының шырқын бұзып, берекесін алады.
Жиі қайталанған берекесіздіктен жүйкесі тозып қорланған әйелдер өзін-өзі қорғаймын деп қылмысқа ұрынып, темір тордың аржағынан да шығып жатады. Не болмаса ауыр психикалық ауытқуларға ұшырап, алған физикалық түрлі жарақаттарымен ауруханаларға түседі. Сәби шағынан осындай зорлық-зомбылықтың жайсыз көріністерін басынан өткерген балалардың да жүйкесі зақымданып, кішкентай күнінен-ақ түрлі ауруларға шалдығып, келешегіне балта шабылады. Бұндай жағдайға жанұядағы тәрбиенің бостығы мен ұлттық салт-дәстүріміздің кеңінен дәріптелмеуі де себепші-ау. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, жанұядағы ұрпақ тәрбиесіне қай қоғам болса да бей-жай қарамасы анық. Өйткені желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтар сол қоғамның келешегі, қозғаушы күші болып табылады.
Себебі, мұндай жағдайда көбінесе қасірет шегетіндер – әйелдер мен балалар. Балаға, әйелге жасаған дөрекілік пен күш көрсету жас өскіннің өмірге деген көзқарасы мен ұстанымын өзгертеді. Тағдырдың тәлкегін буыны қатпай жатып басынан өткерген баланың бойында пайда болған қатыгездік, өмірге, айналаға деген өшпенділікке ұласпасына кім кепіл? Тіптен ашық қылмысқа мәжбүрлеп, өзіне-өзі қол салуына әкелуі де мүмкін ғой…
Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңында зорлық-зомбылық түрлерін төмендегідей етіп көрсеткен:
1). Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қоланып, денені ауыртып денсаулық қасақана зиян келтіру;
2). Психологиялық зорлық-зомбылық – адам психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер жасау. Сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту;
3). Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы әдейі ойластырылған әрекет. Және кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер;
4). Экономикалық зорлық-зомбылық қатарына – адамның заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, қаражатынан әдейі түрде айыру.
Қоғамда болып жатқан түрлі қатыгездікке бей-жай қарамай, сыйласымды, мәдениетті қарым-қатынас туралы жан-жақты насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізу – бүгінгі күннің басты талабы. Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбандарына әрдайым көмек қолын созу әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Енді жалпыәлемдік деңгейдегі статистика көрсеткішіне сүйенер болсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын дүние жүзі бойынша 50 мыңнан астам нәзік жандылар аталмыш отбасылық зорлық-зомбылықтан қайтыс болады екен. Отбасылық зорлық-зомбылыққа кінәлілер өздерін заң алдындағы жауапкершіліктерін жете түсінбеуінен, яғни, құқықтық сауатсыздықтан да туындап жататындығы жасырын емес.
Жалпы отбасылық зорлық-зомбылық дегеніміз қарапайым тілмен айтар болсақ, ол – кез-келген жанұя мүшелері арасында болып жататын қарым-қатынастағы түрлі жағдаяттарда орын алатын шиеленіс. Осы түсінбеушілік нәтижесінде пайда болатын – психологиялық, физикалық және эмоцианалдық бағыттағы қысым. Ол сол отбасындағы ері мен әйелі арасында ғана емес, аға, іні, әпке, қарындастары арасындағы туыстық араласуда да болып жатады. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан жанұя мүшелері бір-біріне қасақана түрінде рухани және материалдық тұрғыда зияндық жасар болса, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық болып саналады.
Бір үйде тұрғанымен еркек пен әйел заңды некеде тұрмаса, олардың арасындағы белең алған кесірлі кикілжің немесе бір-біріне жасаған түрлі қысымдары тұрмыстық зорлық-зомбылық болып табылмайды.
Айта берсек зорлық-зомбылықтың түрлері өте көп. Мәселен, еркінен тыс жыныстық қатынасқа тарту, қорқытып үрейлендіру, өз айтқанымен ғана жүргізу, адамдық дәрежесін түсіру, кемсіту. Сондай-ақ, жұмыс істеуіне рұқсат бермеу, ақшасын тартып алып, жоқшылықта, тәуелділікте ұстау. Заңды түрде сот арқылы ажырасса да сыртынан аңду әрекетін жалғастыру, тыныштық бермей мазалай беру, міне осындай іс-әрекетердің бәрі де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жатады.
Ал, осы зомбылыққа қатысты жанжалдар бойынша түскен арыз-шағымдардың басым көпшілігі әкімшілік жауапкершілікке, (әкімшілік қамауға алу немесе айыппұл салуға) тартылады. Мәселен, арызы қабылданған жәбірленушіні тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ішкі істер органдарында жеке профилактикалық шараларды қолданып, одан әрі қарай оларды мамандандырылған дағдарыс орталықтарына бағыттайды. Жазалаудың түрлеріне келсек, зорлық-зомбылық көрсеткен адамды арнаулы орында мәжбүрлеп ұстай отырып, санаулы мерзімге бас бостандығынан айырады. Ал, мәжбүрлі амбулаториялық бақылау мен психатриялық стационардағы мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы шараларды Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес сот тағайындайды.
Сондықтан, Қазақстан Республикасының Атазаңында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығы, әр адамның ар-намысы мен абыройының қорғалу құқығы бар екендігі атап жазып көрсетілгендігін де қалың оқырманға ескерте кеткенді жөн санадық.
Және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал, олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері өзінің қызметінің құқықтық негіздерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциядан алады. Және оған қосымша елеміздің аумағындағы отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғаудың заңдар қатарын — Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ішкі Істер органдары туралы» Заңы және басқа ада нормативтік актілер жинағы құрайды.
Бұл бағыт бойынша біздің қоғамымызда баспасөз мәслихаттары мен түрлі акциялар өткізіліп, оңалту орталықтары да жұмыс жасауда. Және де осы тақырыптағы аймақтық семинарлар өткізіліп, рейдтер жүргізіліп, М.Тұрсынбайұлы «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» фотокөрмесі де ұйымдастырылды. Демек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатындағы игі іс-шаралар да алдағы уақытта өз жалғасын табары сөзсіз.
Сондықтан да қоғамымыздың ғұмыр кешіп отырған әрбір азаматы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ешқашан жол бермеуі керек деген ойдамыз.
Қали ТҰРДЫҒАЗЫҰЛЫ