Домбыра – қазақ халқының рухани болмысын айқындайтын, сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін бойына сіңірген қасиетті ұлттық аспап. Ол халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, тарихи оқиғаларын және ұлттық құндылықтарын күй өнері арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келеді. Сондықтан домбыраны халқымыздың баға жетпес мәдени мұрасы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аманаты деуге толық негіз бар.
Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ қоғамында домбыраның орны ерекше болды. Күй – халықтың үнсіз шежіресі. Әрбір күйдің астарында ел тағдыры, ерлік пен елдік, табиғат пен адам арасындағы үйлесім, өмірдің сан қилы белестері бейнеленген. Осылайша домбыра тек музыкалық аспап емес, халық жадын сақтаушы рухани құндылыққа айналды.
Бүгінде музейлер ұлттық мұраны сақтап, зерттеп, насихаттауда маңызды рөл атқарады. Музей қорларындағы көне домбыралар – халқымыздың қолөнер дәстүрін, шеберлік мектебін және орындаушылық мәдениетін айғақтайтын бірегей жәдігерлер. Әрбір домбыраның жасалу ерекшелігі, қолданылған материалы мен сыртқы безендірілуі белгілі бір тарихи кезеңнің мәдени келбетін танытады. Осындай жәдігерлер арқылы келушілер ұлттық аспаптың тарихымен ғана емес, қазақ халқының рухани әлемімен де танысады.
Қазіргі таңда домбыра өнеріне деген қызығушылық артып келеді. Жас ұрпақ ұлттық аспапты меңгеріп, дәстүрлі күй өнерін жалғастыруда. Бұл – ата-баба аманатына деген құрметтің айқын көрінісі. Ұлттық домбыра күнінің аталып өтуі, түрлі фестивальдер мен мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылуы ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдейді.
Домбыра – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Оны сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа жеткізу – мәдениет саласы қызметкерлерінің, музей мамандарының және барша қоғамның ортақ міндеті. Ұлттық мұраны қадірлеу – тарихымызды құрметтеу, ал домбыраның үні – халқымыздың мәңгілік рухани үні болып қала береді.
Тоғжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ,
«Жаркент мешіті» сәулет көркемөнер
музейінің қор сақтаушысы










