Тозығы жетпеген салттың бірі – бата беру. Қазақ кішкентайынан ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген.
Біраз бұрын бір бесік тойда болғам. Жаңа туған нәрестені бесікке бөлеу рәсімінде ерлерден ешкім жоқ, кілең қыз-келіншектер мен кемпірлер. Қонақтарға арнап жайылған дастарханға төрде отырған жасы шамамен 65-70 арасындағы кемпір бата берді. Қысқасы не айтып, не қойғанын өзі түсінгеніне күмәнім бар. Батаның соңында «Осы бала сендердің көз жастарың болып жүре берсін. Әмин» дейді. Құдай сақтасын. «Көз жасы» болғаны несі? Жайылған алақанды Жаратқан құр қайтармайды деуші еді, сол кездегі батаның қабыл болғанының дәлелі ме дерсің, бүгінде сол кішкентайдың жиі сырқаттанып, ата-анасының «көз жасы» болып жүргеніне куә болып жүрміз.
Батаны да сөздің парқын білетін, ақылы асқан, ғұмырында адал еңбекпен жақсы нәтижеге қол жеткізген жүзінде нұр, жүрегінде иман, тілінде кәлимасы бар қарттың бергені жөн болар.
Десе де, өткенде түскі уақытта берілген үлкен ас барысында бата сұрап еді, ақсақалдар «сен айт, мен айттап» кетті де, ақырында мақұлдап бата берген кісінің батасы батадан гөрі тілекке ұласып кеткендей. Батасының соңында «Істеп жатқан игі істерің берекелі боп, қолдарыңа қуат бермесін» дейді. Отырғандар бір ду ете қалды. «Не қуат берсін деп, не дерт бермесін» деп айтсаңшы деп біреуі күліп жатты.
Жасы ұлғайған кісі «бір жерге барған соң жасы үлкені мен болып қалсам бата сұрауы мүмкін» деген оймен кемінде екі мәнді-мағыналы бата жаттап алуға болады ғой. Бата білмейтін кісінің де алақанын жайып алып тілек айтып тұрғанын құптамаймын. Бата сұрады ма, бата беріңіз. Тілек айтудың реті келеді.
Жалпы төрге шығып алып, бата берем деп ойына келгенді айтатын кісілерге осындай назым бар. Бірақ үлкендердің бәрі бата білмейді дегенім емес. Бұрындары адвокат болған Үшарал ауылында тұратын бір ағамызды көрдім кішігірім бір отырыста. Дастарханға отырғаннан бастап 3-4 рет бата сұралды, әр жолы бір-біріне ұқсамайтын өте мағыналы, сапалы баталар берді. Шіркін, қарттың бәрі батаны осылай берсе ғой деген ойда қалдым.
Тоғжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ