Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқыны жеделдеген сайын соған қарай адамдардың іс-әрекеті алдыңғы қатарға шығуда. Қоғамдық өмірдің барлық саласында адамның өзі-өзі дамытуы, білімін толықтыруы, ғылыммен айналысуы барлық салада өз белсенділігін көрсете біліп, өмірді дамытушы, алдыға сүйреуші ретінде көрінуі тиіс.
Адамдар қазіргі дамып бара жатқан нарықтық қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін белгілі бір мақсатты көздеп, өзінің қалыпты өмір сүруі жағдайында өз құқығына байланысты қажеттіліктердің бәрін толық меңгеруі керек. Осы орайда, адамдарға өзінің көздеген жеке мақсаттарына жету жолында табанды, белсенді іс-әрекеттерге бару қажеттілігі туындайды. Қойған мақсатқа ұмтылған адам оған әртүрлі жолдармен жетуге қалайда мүдделі болады. Арманына жету жолында сан қырлы кедергілерге ұшырап, діттегеніне қолы жетпей, бар өмірін сарп етуі де мүмкін. Әйтсе де, адам ерекше жаратылған жан болғандықтан ол өзіне тиімді жолдарды таңдайды. Адамдардың мақсатына жетудегі тура жолы сарқылмайтын, қиындық атаулыдан қуаттандырып алып шығатын білімде жатыр. Ағылшын философы Френсис Бэконның «Білім дегеніміз – күш» деген сөзіне еріксіз құлақ қоясыз. Білім дегеніміз тек бірнеше оқу орындарын бітіріп диплом деген қатырма қағазға мамандығы жазылған сөздер емес, ол бойға жинап, миға сақтайтын білімдарлық.
Қазіргі жаңарған елімізге оқығаны мол, тоқығаны одан да көп тәжіребелі мамандар толқыны қажет-ақ. Еліміз егемендік алғанына отыз жылдан асса да қоғам мүшелері әлі де болса еңбек нарығының ерекшеліктеріне, әлеуметтік психологиялық факторларға, адамдар арасындағы өзгерген қатынастарға, оның заңдарына қалыптаса алмай жатыр. Қоғамдағы адамдар арасындағы барлық қарым-қатынасты реттеп отыратын Қазақстан Республикасының заңдары. Адамдар еркін демократиялық қоғамда өмір сүрсе де, ол алдымен өзінің азаматтық құқығын толық білмей айналасындағылармен еркін өмір сүре алмайды. Сондықтан да бұл жерде құқықтық сана алғашқы орынға шығады.
Қоғамдағы адамдар арасындағы сананың қалыптасуыда әртүрлі жағдайда жүреді. Адамның дүниеге келген отбасындағы алған адамгершілікті тәрбиесі және мектеп қабырғасында оқып жүріп алған лайықты білімі ойдағыдай әсер ете отырып, сол жастардың бойында құқықтық сананың дұрыс қалыптасуына жол ашады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» қағидаты жүреді. Азаматтар еңбек ете жүріп жеке тұлғалармен, түрлі мекемелермен, кәсіп ашып, онымен айналысып әртүрлі ұйымдармен, нарықтың басқа да түрлерімен қоғамдық қарым-қатынасқа барады. Бұл жұмыстарды ойдағыдай жүргізу үшін құқықтық сауаттылық керек. Ал сауаттылық дегеніміз ол жеке тұлғаның құқыққа көзқарасымен анықталады. Заң нормаларын, онда белгіленген тәртіптерді сақтау, заң шеңберінен шықпай әрекет ету, қабылданған шешімдермен танысып, қажет болса орындап отыруды қамтиды.
Қоғамда өмір сүретін адамдардың бәрі заңгер болуы міндетті емес. Ал, жаңа қабылданған заңдармен, ережелермен, қаулы-қарарлармен танысып отыру ешқашан артық етпейді. Не болмаса өзің айналысып жүрген шаруаның қыр-сырын заңдық тұрғыдан түсіндіретін заңгерлерден, арнайы курстарға барып консультациялар алу сіздің құқықтық біліміңізді артырады. Адамдар қоғамда түрлі жағдайда әрекет ететін, мысалы; әкімшілік, азаматтық, қылмыстық тағы басқа да көптеген заңдар бар екенін білгенімен, оны шынайы тереңірек, жете білмеуі мүмкін. Мемлекет өз азаматтарының құқығын қорғауға кепілдік бергенімен де кез-келген іске алдымен жеке тұлғалардың өзі барары анық. Дегенмен де бұл бағытта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында «Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз» деген сөздерін көпшілік назарға алуы тиіс сияқты. Сондықтан да халқымызға пайдасы тиетін кез-келген іс-әрекетке барарда өзіңнің құқықтық мәдениетің мен сауаттылығыңа сүйене қимылдағаның дұрыс.
М.СОЛТАНАЕВ