Бүгінгі президенттік сайлау үдерісі – қазіргі саяси демократиялық ұстаным мен мәдениеттің айқын көрінісі. Мемлекет басшысының сайланбалы ұстанымы мен парадигмасының ғылыми түсініктері батыста қайта өрлеу мен жаңа дәуірінен бастау алғанын тарих біледі. Ал басшының таңдалуы мен тағайындалуы, біздің түсінігіміздегі сайланып қойылуы туралы көзқарастар сонау ежелгі дәуірлерде Шығыстан (Ежелгі Қытайда) Конфуцидің «меритократиялық», «зиялылық» принциптерінен, Ежелгі Римнің шешен-философы Цицеронның басшыны таңдау еркіндігіндегі «сөз құдіреті» деп келетін идеясы, одан кейінгі адамзатының қоғамдық, мемлекеттік тіршілігінде сайланбалы ұстанымына негіз әрі арқау болған түпнегіз ұстаным деп айтуға негіз бар.
Ал бұл мәселе қазақтың дала қоғамында еліміздің хан сайлау тарихымен байланысты болғаны зайыр. Хандық дәуірлердегі қазақ билері мен батырларының осы тұрғыдағы таным-түсініктері, білімі, тәжірибесі ерекше маңыздылығымен, рухани-саяси құндылығымен біздің жадымызда. Олардың танымгерлігі мен талғампаздығы, жоғары саяси мәдениеті бүгінгі біздердің саяси мінезімізден көрініс тапса игі дейтін арман тұрады.
Басшыны таңдау мен сайлау эйкумендік адамзатының қоғамға, мемлекетке бірігу еркіндігі мен халықтың өзара келісімімен болған құбылыс болуынан бастау алған дүние. Сайлау принципін сол әлеуметтік заңнан өрбіген заңдылық екенін мойындауымыз абзал. Осыдан «билік – халықтікі» деген заңды түсінік қалыптасқан. Оған адамзат тарихы куә. Осыны назарда ұстаған Аристотель «халық түгел бәрі бірдей мемлекетті басқара алмайды, олар өз арасынан бір не бірнеше адамдарды басшы етіп тағайындауы керек» деген идеяны ұсынған. Бүгіндегі Президент таңдаудың түптамырлық маңызы осында болмақ. Демек, қалай болғанда да бір адам басшылық етуі заңдылық, одан басқа амал жоқ, бұл аксиома.
Олай болса, Цицеронның «сөз құдіреті» ұстаным-концепті бүгінгі тілмен айтқанда, Ел Президентін таңдау мен сайлауда, ол халық көзқарасы мен пікірінің маңыздылығын және оның бір жерге тоғысып консенсус табуын білдіреді. Бұл өте маңызды да құнды. Басшы таңдау мен сайлаудың мақсаты осы. Алайда, бұл үдеріс түптеп келгенде халықтың саяси талғамы мен мәдениетіне тәуелді болады. Сондықтан сайлаудың күрделілігі мен қиындығы осында. Халықтың саяси сауаттылығы мен мәдениетін нақты өлшейтін құрылғы әлі өзін таппаған. Ол тәуекелге толы жаратылыс. Әр адамның ішкі рухани дүниесін жыға анықтайтын амал-тәсілді адамзат ойлап тапқан жоқ. Біздің ол жөніндегі танымымыз тек ықтималдық ұстанымына сүйенеді, басқа амал жоқ. Саяси демократияның жемісі де, қасіреті де осында.
Ал енді Ел Президентін таңдауда сонау ықылым замандардан келе жатқан басшы бойынан іздейтін қасиеттер: «ізгілік», «зиялылық», «білімділік», «отаншылдық», «халықшылдық», «табандылық», «жауапкершілік», «әділшілдік», «ақиқатшылдық». Саяси сананы билейтін басты түсінік – ол «Сенім» ұғымы. Бұл – өте Құдіретті Рухтық таным.
Президент болатын тұлғаның ең алдымен іргелі теориялық білімдарлығы, екіншіден, мемлекеттік қызметіндегі тыңғылықты еңбек тәжірибесі, үшіншіден, халықаралық қатынас саясатындағы білгірлігі мен сауаттылығы, төртіншіден, әлемдік деңгейдегі танымалдығы мен беделінің жоғары болуы маңызды. Бесіншіден, ұстамдылық мінез саяси басшыға ең таптырмайтын қасиет. Біздің данагөйлерімізден қалған «Мінезің қара жердей ауыр болсын…» дейтін шешендік нақыл тап осы ел басқаруға талпынған тұлғаларға айтылған.
Президенттің саясатта эмоция құрбаны болмауы үлкен қасиет. Саясатта қызбалық басшыға серік бола алмайды. Оны адамзат тарихы дәлелдеген. Қазақты тарих талқысынан сақтап қалған рухани қарудың бірі – «ізгілікті дипломатизм». Бұл қазақтың саяси мәдениетіндегі теңдесі жоқ этногендік жаратылыс.
Сайлауға барыңыз, өз таңдауыңызды жасаңыз. Ел тағдыры әр азаматтың қолында тұрғанын естен шығармайық.
Дәулетбек РАЕВ,
ф.ғ.д., профессор.