Туған жердің адам өмірінде алар орны ерекше. Бүгін мен ерекше мақтаныш сезіммен айтқалы тұрған ауыл Лесновка деп аталады. Бұл киелі өлкеде барша қазаққа танымал көптеген тұғыры биік тұлғалар өмірге келген. Дәлірек айтатын болсақ талды өңір қазақ елінің мақтанышы, жезтаңдай әнші, «Жетісудың бұлбұлы» атанған Дәнеш Рақышев пен арқалы ақын Әбен Дәуренбековтей дара тұлғалардың кіші отаны. Осы ауылда туып-өсіп, Дәнеш ағаларының ізін басып келе жатқан өнерлі жастарымыз да жетерлік. Мектебімізге Дәнеш ағаның есімі берілгені де біздер үшін үлкен мәртебе.
Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен осы ауылдың тумасы Анисим Пащенкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ауылымызда осы батырдың атында және тағы да бір соғыс ардагері мен еңбек ардагері – А.Қасымбеков пен М.Жүнісовтердің есімдерімен көшелер аталған. Сондай-ақ ауған соғысының ардагерлері Мұқаш Дауренбеков пен Қасен Байсеркеев те ауылдастарының ілтипатына ие болып жүрген ізгі жандар. Ал, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Алаш ұстазы» төсбелгісімен марапатталған, «Тұлпардың тұяғымен жазылған тарих», «Жаркент өңірі: өткені мен бүгіні», «Мұқай батыр» атты кітаптардың авторы Қали Ибырайымжанов біздің ауылымыздың мақтанышы.
Жетісу – жер жәннаты болса, бұл ауылды ормандағы жұмақ дерсің. Жуырда ғана осынау жұмақ мекен Лесновка ауылында аудан көлеміндегі мәдениет үйлері, кітапханалар мен музейлер арасында «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбында облыстық байқау өтті. Байқаудың өткізілудегі мақсаты Жаркент өңіріндегі мәдениет үйлері мен ауылдық кітапханалардың заман талабына сай түбегейлі өзгерісін, мәдени өрлеуі мен жаңаша өмір жетістіктерін облыс деңгейінде таныстыру болған еді. Сонымен қатар, жалпы қоғамдағы кітапханашылардың шығармашылық әлеуетін және кәсіби шеберлігін дамыту, кітапхана қызметінің беделін көтеру.
Кең көлемде өткен бұл шарада облыстан келген бақылаушылар мүшесі, «С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханадан» келген қонағымыз Ғалия Самиғұлқызы болды. Басқа да мәдениет саласының басшыларымен қатар, «Жетісу» телеведениясы келіп сәтті түсірілім жасалды. Қонақтар мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен жасалған мерекелік іс-шарамен бірге «Байрағы биік байтақ ел!», «Бір ел – бір кітап» тақырыбындағы көрмелерді тамашалады.
Атап айтар болсақ, ауыл өнерпаздарының ішінде көпшіліктің көзайымына айналып, қошеметке бөленгендер қатарында бар өмірін медицинаға арнаған зейнеткер Атамбеков Нұрмұхамет, Нүрпейісова Жазира, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Наймантаев Ерден және әжелерден құрылған «Айбике» әжелер ансамблі бар. Сонымен қатар, басқа салада еңбек етіп жүрген біршама ауыл өнерпаздары да мың бұрала би билеп, әуелете ән шырқап өз өнерлерін көрсетті.
Айжан ШАКИЕВА