29 шілдедегі сайлауалды дебаттан кейін бір нәрсе анық байқалды: жеті партияның ұстанымы әртүрлі болғанымен, барлығының бағдарламасы ақырында қарапайым адамның тұрмысын жақсартуға келіп тіреледі. Бірі ауылды, бірі бизнесті, бірі әлеуметтік әділетті, бірі экологияны, енді бірі білім мен жастарды алға шығарды.
Қазір елдегі басты мәселе де осы ұсыныстардың қайсысы халықтың күнделікті сұранысына көбірек жауап беретініне байланысты.
Қазақстанда 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына жеті партия қатысады. Олар 145 депутаттық орын үшін бақ сынайды. Партиялық тізімдерге барлығы 545 кандидат енгізілген.
«Әділет»: білім, медицина және адам капиталы
«Әділет» партиясы адам капиталына, білімге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік инфрақұрылымға көбірек көңіл бөледі.
Партия өкілдері мектептер мен балабақшалардағы орын санын көбейту, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру сияқты мақсаттарды атады.
Бұл бағыттың қоғам үшін маңызы үлкен. Өйткені ата-ананың бүгінгі негізгі уайымы — баласының сапалы білім алуы. Ауылдағы ата-ананы мектептің жағдайы алаңдатса, қаладағы ата-ананы балабақша мен мектептегі орын мәселесі толғандырады. Ал ересек адам үшін медицинаның қолжетімділігі мен сапасы маңызды.
Бірақ мәселе тек мектеп немесе аурухана санында емес.
Бізге ғимарат емес, сапалы білім мен сапалы медицина керек.
Сондықтан «Әділеттің» ұсыныстарының нәтижесі халыққа мұғалімнің, дәрігердің, мектептің және медициналық қызметтің сапасы арқылы көрінуі тиіс.
ЖСДП: еңбек адамы және әділет
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы дебатта әлеуметтік әділет, еңбек адамы, жұмысшының құқығы және халықтың табысы мәселесін алға шығарды.
Партияның ұсыныстарының арасында еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қорғауды күшейту, жұмыс уақытын қайта қарау секілді мәселелер бар.
Бұл бағыттың қоғамдағы өзекті мәселесі — еңбек ететін адамның еңбегі мен табысының арақатынасы.
Адам күні бойы жұмыс істеп, соған қарамастан баспана ала алмай, отбасын асырауда қиналса, экономикалық өсімнің оған пайдасы қаншалықты жетті деген сұрақ туындайды.
Сондықтан ЖСДП көтеретін еңбек және әлеуметтік әділет тақырыбы қоғамда сұранысқа ие.
Бірақ әлеуметтік ұсыныстардың бәрі нақты экономикалық есеппен қатар жүруі керек. Өйткені кез келген әлеуметтік жеңілдіктің артында бюджет шығыны тұр.
«Байтақ»: экология енді тек табиғат мәселесі емес
«Байтақ» партиясы экологияны негізгі саяси бағыт етіп отыр.
Арал, су тапшылығы, ауаның ластануы, өндірістік қалдықтар, қоршаған ортаның жағдайы — мұның бәрі енді тек экологтарды алаңдататын мәселе емес.
Су азайса — ауыл шаруашылығына әсер етеді. Ауа ластанса — қала тұрғындарының өмір сапасына әсер етеді. Табиғи ресурстар дұрыс пайдаланылмаса — экономикаға әсер етеді.
Сондықтан «Байтақтың» экологиялық күн тәртібінің қоғам үшін маңызы бар.
Бірақ халықтың алдында бір сұрақ тұрады: экологиялық проблеманы нақты қалай шешеміз?
Кәсіпорындарға қандай талап қойылады? Су ресурстары қалай қорғалады? Арал мен басқа экологиялық аймақтарды қалпына келтіруге қандай қаражат жұмсалады?
Экология ұран деңгейінде қалмай, нақты саясатқа айналғанда ғана оның саяси салмағы артады.
Қазақстан Халық партиясы: әлеуметтік әділет
Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік мәселелерге көбірек басымдық береді.
Партия көтеретін негізгі мәселелердің қатарында кедейлік, жастардың жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік қорғаныс, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайы және еңбек нарығындағы мәселелер бар.
Бұл — халықтың күнделікті өміріндегі ең сезімтал тақырыптардың бірі.
Қазір көптеген отбасы үшін экономикалық өсімнен бұрын ай сайынғы табыс пен шығынның арақатынасы маңызды. Азық-түлік бағасы, коммуналдық төлем, баспана, бала тәрбиесі — отбасы бюджетіне тікелей әсер етеді.
Сондықтан әлеуметтік саясаттың негізгі өлшемі жәрдемақының көлемімен ғана емес, адамның өз еңбегімен лайықты өмір сүре алу мүмкіндігімен өлшенуі керек.
«Ауыл»: ауылды көтермей, ел экономикасын көтеру қиын
«Ауыл» партиясының негізгі бағыты түсінікті: ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл инфрақұрылымы, жеңілдетілген несие, субсидия, жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын көбейту.
Партия өкілдері ауылда 7,5 миллионға жуық адам тұратынын айтып, ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде көрсетеді. Бағдарламада әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, экология және отбасылық құндылықтар да қамтылған.
Бұл — халықтың нақты мәселесіне жақын бағыт. Өйткені ауылдағы негізгі сұрақ — жердің немесе егіннің ғана мәселесі емес. Ауылда тұрақты жұмыс бар ма? Жастар неге қалаға кетеді? Мал ұстайтын, егін егетін адамға несие алу қаншалықты оңай? Ауылдағы жол, су, интернет, мектеп пен медицина қандай деңгейде?
«Ауылдың» ұсыныстары осы сұрақтарға нақты жауап бере алса, партияның ауылдағы ғана емес, жалпы ұлттық деңгейдегі қолдауы артуы мүмкін.
«Ақ жол»: кәсіпкерлік пен өндіріс
«Ақ жол» партиясы экономиканы дамытуда кәсіпкерлікке, отандық өндіріске және ұлттық экономикалық мүддеге басымдық береді.
Партия көтеретін мәселелердің бірі — табиғи ресурстардан түсетін табыстың ел экономикасына көбірек қызмет етуі. Сонымен бірге шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді азайтуға басымдық береді.
Бұл жерде халықтың күткені айқын: жұмыс орындары көбейсін, жалақы өссін, шағын кәсіп ашқан адам тексеріс пен артық бюрократиядан қорықпасын.
Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау туралы көп айтылады. Бірақ кәсіпкер үшін ең маңыздысы — жеңіл сөз емес, нақты жағдай: несие қолжетімді ме, салық түсінікті ме, нарыққа кіруге мүмкіндік бар ма?
Сондықтан «Ақ жолдың» негізгі сынағы — кәсіпкерлік туралы ұсыныстарды нақты экономикалық механизмге айналдыру.
Respublica: жаңа экономика және кәсіпкерлік
Respublica партиясы жастар, кәсіпкерлік, технология, еңбек өнімділігі және жаңа экономиканы дамыту мәселелерін алға шығарады.
Бұл — Қазақстанның жаңа экономикалық жағдайына бейімделуге бағытталған ұстаным.
Бүгінгі жастардың бір бөлігі мемлекеттік қызметке немесе дәстүрлі кәсіпке ғана емес, технологияға, жеке кәсіпке, жаңа мамандықтарға қызығады. Бірақ олардың алдында бастапқы капитал, баспана, жұмысқа орналасу және тәжірибе мәселелері тұр.
Сондықтан Respublica үшін маңызды сұрақ — жастарға мүмкіндік беретін экономикалық орта қалай қалыптасады?
Жас адамға тек грант немесе бағдарлама емес, өз кәсібін бастай алатын, білімін ақшаға айналдыра алатын, жаңа идеясы болса оны жүзеге асыра алатын орта керек.
Жеті партияның айырмасы неде?
Жалпы көрініске қарасақ, жеті партияның әрқайсысы қоғамның белгілі бір сұранысына жауап беруге тырысады.
«Әділет» — білім, медицина және адам капиталы.
ЖСДП — еңбек адамы мен әлеуметтік әділет.
«Байтақ» — экология және табиғи ресурстар.
Қазақстан Халық партиясы — әлеуметтік қорғау және әлеуметтік мемлекет.
«Ауыл» — ауыл, агроөнеркәсіп және азық-түлік қауіпсіздігі.
«Ақ жол» — бизнес, өндіріс және экономикалық еркіндік.
Respublica — кәсіпкерлік, жастар және жаңа экономика.
Бірақ халықтың өмірінде бұл мәселелер бір-бірінен бөлек тұрған жоқ.
Ауылға жұмыс керек. Жұмыс үшін өндіріс керек. Өндіріс үшін кәсіпкерлік қажет. Кәсіпкерлік үшін қолайлы экономикалық орта керек. Ал оның бәріне білімді маман қажет.
Сондықтан жеті партияның ұсыныстарын бір-біріне қарсы қоюдан гөрі, олардың қайсысы Қазақстанның нақты мәселесін қалай шешуді ұсынатынына қараған жөн секілді.
М.СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы»










