Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының өкілдерімен онлайн форматта жиын өткізді.
«Ауыл» РҚШ-ның қызметкерлерімен кездесу барысында ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығы басшысының орынбасары Иван Мушкет ТМД ПАА-дан 60 бақылаушы ҚР Президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат науқанының барысын бақылап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ТМД ПАА Халықаралық демократияны дамыту мониторингі институтының сарапшылары үгіт-насихат науқанының өтуі, проблемалық мәселелердің болуы туралы сұрады.
«Ауыл» ХДПП-нан ұсынылған ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабының басшысы Төлеутай Рахымбеков өз сөзінде бүгінде еліміздің 166 ауылдық елді мекенінде және 88 қалада, оның ішінде республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 облыс орталығында үгіт-насихат науқаны белсенді жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Кездесу соңында Иван Мушкет кандидаттың штабымен сайлау күні қарсаңында кездесуге ниет білдіріп, алдағы саяси додада сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Төлеутай Рахымбеков ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шетелдік бақылаушыларына алғысын білдірді.