Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында Абай күніне орай «Толық адам» тұжырымдамасын насихаттауға бағытталған тағылымды іс-шара өтіп, көпшілікке арналған «Ақыл, қайрат, жүрек» кітап бұрышы ашылды. Басты мақсат – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу, жастарды кітап оқуға баулу және адам бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.
Кітап бұрышының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған 10 кітап жобасы аясында қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған шығармалар қойылды.
Олардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері», Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» романы, Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы мен «Дарабоз» роман-дилогиясы, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі», Дулат Исабековтің «Қарғыны», Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» әңгімесі және Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» бар.
Бұл шығармалардың әрқайсысы – қазақ халқының тарихын, болмысын, тағдырын, арман-мұратын көркем тілмен жеткізетін рухани құндылық. Сондықтан кітап көрмесі оқырманға әдеби мұрамен танысып қана қоймай, ұлттық дүниетанымның тереңіне бойлауға мүмкіндік берді.
Шараға өңірге белгілі ақындар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Абайға арналған арнау өлеңдерін оқыды. Қатысушылар ұлы ақынның шығармашылығы мен «Толық адам» ілімінің бүгінгі қоғам үшін маңызы жөнінде тағылымды ойларын ортаға салды.
Салтанатты шара барысында жаңа кітап бұрышының лентасы қиылып, келушілерге «Толық адам» тұжырымдамасы негізінде рухани құндылықтарды насихаттайтын әдебиеттер таныстырылды. Кітап бұрышының атауына арқау болған «ақыл, қайрат, жүрек» ұғымдары да Абай ілімінің өзегін құрайтын адамгершілік қағидаларымен сабақтас.

Абайдың «толық адам» туралы ойлары адамның білімді, еңбекқор, әділетті әрі мейірімді болуына үндейді. Осы тұрғыдан алғанда, кітап оқу – адамның рухани дамуына жол ашатын маңызды құрал. Әсіресе жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, ұлттық шығармаларды оқуға ынталандыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
«Ақыл, қайрат, жүрек» кітап бұрышы осы мақсатқа қызмет ететін рухани ортаның біріне айналмақ. Мұнда ұсынылған шығармалар арқылы оқырман қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларымен танысып, халқымыздың өткені мен бүгінін, ұлттық болмысын тереңірек тани алады.
Абай күніне орай ұйымдастырылған бұл іс-шара ұлы ақын мұрасын кеңінен насихаттап қана қоймай, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, ұлттық әдебиет пен мәдени құндылықтарды дәріптеуге және өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.










