Соғыс атаулының қай-қайсысы болса да жақсы еместігі сол – орны толмас қазаға соқтырып, бітпес қайғы қасырет келтіріп, кейінгі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өкінішті өмірге әкелері сөзсіз. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл қырғын 60 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған Еуропа құрлығындағы 1939 жылы 1 қыркүйекте басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде аяқталған екінші дүниежүзілік соғыс еді. Кеңес одағына жарияланбаған соғыс ашып, тұтқиылдан басып кірген Гитлерлік Германиямен 1941 жылғы 22 маусымда басталған соғыс, екінші дүниежүзілік соғыстың арасындағы кезең болды.
Алғашқы күннен әскери соғыс комиссариаты арқылы майдан шебіне жауынгер ретінде шақырылған Әлібаев Патық (Азан шақырылып қойылған аты Фатих) қанды шайқастың 1418 күнге созыларын білді ме екен? Әкесі атақты күйші Әлібай қария мен әйелі Бижамалдың тұңғыш ұлы Фатих 1914 жылы жұртқа қысы-жазы жайлы қоныс болған Бестөбе тауының бауырында дүниеге келген еді. Кішірек кезінен жеңгелері ат тергеп «Ақ жігіт» деп, үлкендер ширақтығына қарап бағалап «Еті тірі, болатын бала» деп үміт артатын. Кеңес өкіметімен қоса есейіп, шаруашылықтың әр саласында істеп, тапсырылған әр жұмысты мейлінше тыңғылықты атқарып үлкендердің көзіне түсе бастаған-ды. Бастауыш сыныпта оқып, 4 кластық білім алды. 1932 жылы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру, одан кейін колхоздастыру басталғанда болар баланың белін бу демекші сауатты, орталарындағы орысша жақсы сөйлейтін жігерлі жасты ауылдық Кеңестің шешімімен Шымкент қаласына арнайы оқу курсынан өтіп келуге жібереді. Оңтүстіктегі үлкен қаланың бірі болған, халқы көп жерге барып ел көріп, жер көріп, жаңа жұмысты игерудің қыр-сырын үйреніп, тәжірибеден өтіп, колхоз құрылысын ұйымдастырушылардың оқуын бітіріп ауылға оралады. Алмалы ауылының аумағындағы шағын елді мекендердегі шашырай орналасқан ұсақ шаруа қожалықтары мен артельдердің жұмыс күшін бір жерге жинақтап, топтастыру, ірілендіру жұмыстарына қатысады. Жоғарыдан тікелей келген арнайы директивалармен үш-төрт ауылдан бір колхоз ұйымдастырылып, оған «Қызыл Октябрь» деген ат беріледі. П.Әлібаев осы жаңа құрылған колхозды көп жылдай басқарады. Колхоз деген атауы болмаса әлі де болса қоғамдасып өмір сүруді, шаруа жүргізуді жете түсінбей жатқан, әрі арасында қауымдастықты ұнатпай қисая тартатын адамдармен жұмыс жүргізудің қиындығын бастан өткерді. Арғы жаққа өтіп алып, бергі беттегі шаруашылықтарды жиі-жиі шауып, жұрттың мал-жанын, мүлкін тонап кететін у-шудың да әлі тиыла қоймаған кезі еді. Жер жағдайын жақсы білетін жігіттер колхоздың малын өріске апарса өрістен, не жайлаудан айдап Қорғас өзенінің ар жағына өткізіп әкететін. Кейбірі әлі буыны беки қоймаған, жаңа ұйымдасып жатқан шаруашылықтың темірден жасалған егін салуға қажетті құрал-саймандарын, заттарын, соқа, тырма, кетпен-күректерді қоймай ұрлап, шекараның арғы жағына алып кететін. Егін салуға күш-құралдары жетпейтіндіктен мұндай жағдайдан шығу үшін амалсыз көрші Басғұншы заставасының қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырған Н.Головацкийден көмек сұрайтын. Соның арқасында жер жыртылып, егін себіліп көңіл тоғаятын. Себебі ұры-қарылар өздерінің соқа-саймандарын күзететін заставаның солдаттарының мылтығынан сескенеді екен.
Ауыл халқы осылайша жақсылыққа бір кенеліп қалды. Алмалы ауылы колхоз орталығы болғаннан соң әр жерге шашырай орналасқан жеке-жеке үйлердің адамдарымен ақылдаса жүріп ортадан жол қалдырып, екі жағына соқпа тамнан үйлер салдырып, алғашқы орталық көше түсірді. Кейінгі үйлерде сол белгіленген тәртіппен көше болып салына бастады. Қиындықты жеңе жүріп ұжымдағы елдің күшімен қаржы тауып, Алмалы ауылының солтүстік шығысындағы бұлақтардың басын қостырып, науамен қырға ағызып, құлама сумен алғаш рет су диірмен орнатты. Өзінде өсірілген астықты алысқа тасымалдамай ұн тартуға ағыны қатты тегін су күшін пайдаланды. Ол диірменді ұзақ жылдар бойы Дуанбеков Сабырбай ақсақал мен әйелі Айша Бекбосынқызы жүргізді.
Барлық жетістік білімге байланысты екендігін жақсы түсінетін Патық ағамыз ауылдың ортасынан бастауыш мектеп үшін шағын болса да тамнан үй салдырып, балалардың оқуына қамқорлық көрсетті. Осы орайда Әлібаев Патықпен қатар Басғұншыдағы жеке шаруашылықты басқарған Н.Головацкийдің 1930 жылдары Қорғас өзеніне 110 ваттық су электр станциясын орнатып, Басғұншы ауылын осы аймақта тұңғыш рет электр жарығымен қамтамасыз еткенін айта кетсек артық болмас. Басғұншы ауылының тұрғындары электр станциясына қажетті жабдықтарды ат арбамен айлап жүріп барып Шымкенттен алдырғаны ел есінде. Бұндай мәліметті қазіргі Елтінді батыр атындағы орта мектептің директоры Н.Әлібаев 1980 жылдары Н.Головацкийдің Басғұншы ауылының тұрғындарымен кездесуінде өзі аузынан естігенін айтып отыр.
Қым-қиғаш шаруашылықтың тынымсыз жұмысын атқарып, елдің жағдайы енді оңала бастаған тұста соғыс басталды. Алмалы ауылынан ең алғашқылардың бірі болып майданға алынғандардың бірі Патық Әлібайұлы еді. Отан қорғауға әр отбасы бірі әкесін, ағасын, бауырын аттандырып жатты. Қорғаныс соғыстарының қызу жүріп жатқан кезінде Башқұртстанның астанасы Уфа түбінде жасақталып, аздаған дайындықтан кейін 1941 жылдың соңында 101 жеке атты артиллериялық дивизионның құрамында ұрысқа кірді. Украинаның астанасы Киев қаласының түбінен жауды қарсы алып, басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған неміс-фашистерімен аласапыран шайқасқа түсті. Кеңес одағының шекарасына тұтқиылдан соққы беріп, шұғыл шабуылдаудың арқасында аз уақыттың ішінде басып алып құлдыққа түсіреміз деген фашистік командованиенің қияли жоспары алғашқы айқастардан-ақ Кеңес жауынгерлерінің қарсылығына тап болып, күйрейтіні білінді. Елдің ішіне қарай ентелей ұмтылған қару-жарағы сайлы фашистердің әскерлерімен табан тіресе шайқасқа түскен Кеңес жауынгерлері қатты қарсылық көрсетті. Қайнаған ұрыстың бел ортасында басын сәт сайын қатерге тігіп, өзіне бекітілген ұрыс бірлігімен (боевая единица), яғни ат арбасымен Әлібаев Патық та тасымалдаушы болып жүрді. Кеңестік әскерлер әлі соғыс техникасының моторландырылған түріне қолдары жете қоймаған кезінде қос атты арба маңызды рол ойнады. Соғыстың өң бойындағы тасымалдаушы күш көліктің негізін осы ат арбалар құрады. Тылдан әкелінген, оның ішінде қазақ даласынан да жинап майданға жіберілген мыңдаған аттар соғыс барысында адам сенгісіз қызметтер атқарды. Кейіннен Орталық майданның 7 гвардиялық атты әскер корпусындағы 16 гвардиялық атты әскер дивизиясының құрамындағы 101 жеке артиллериялық атты парктегі арбакештердің (атты паркте 128-дей арбакеш, 200-дей аттары болған. Бірақ ұрыс жағдайында шығын көп болып, толықтырылып отырған) міндеті артиллериялық дивизион ұрысқа кірісер алдында жау көзіне шалынбай, ойлы-қырлы жерлерді сағалап, керек кезінде аттарын желе жортқызып белуардан ор қазып орналастырылған зеңбіректерге жүздеген снарядтар тасып, олардың шабуылдаған неміс әскерлеріне қарсы үздіксіз оқ жаудыруын қамтамасыз ету болатын. Қайтарында жарақаттанған, мылтық ата алмайтын, не болмаса денесінің сау тамтығы қалмай оқ осып кеткен жаралыларды, қайтыс болған жауынгерлерді арбаларына салып, тылға апарып керекті жерлерге табыстайтын. Солардың қос алақанына нешелеген тонна оқ-дәрінің, снарядтардың мүңкіген иісі, қаншама жараланған, қайтыс болған жауынгерлердің қанының күлімсі иісі сіңіп қалды.
Әскер қатарына шақырылғандардың барлығы бірдей аттың жағдайын, арбаға оның қалай жегуді біле бермейтін. Ұрыс аяқталған кездерде, арасында жаңадан келгендерге атарбамен қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп отырған. Ең қауіпті кез кеңес әскерлерінің шебіне немістердің шабуыл бастар алдындағы артиллериялық дайындығы болатын. Алдын ала көп адам байқамайтын қолайлы биік тұсқа жасырынған жаудың бақылаушылары немістің атыс расчеттарына артиллериялық снаряд жаудыратын позицияны тура нұсқай отырып хабарлап, қай нүктеге оқ жаудыруды дәл бағыттап отыратын. Мұндайда жер қопарылып, асты-үстіне шығатын, ойран-топыр болатын. Топырақтың түте-түтесін шығаратын барлық артиллериялық атыс құралдарының жаппай ұзақ атқылауынан кейін окоптар мен траншеялар, командирлік блиндаждар жермен жексен болатын. Көптеген жауынгерлер қаза тауып, жараланатын, ал зеңбіректердің, минометтердің атыс тетіктері быт-шыт болып істен шығып жайрап қалатын. Қасарысып, жаумен шайқасқа түсіп жатқан алдыңғы окоптағылар жанталаса хабарласып оқ-дәріні, зеңбіректің, пулеметтің қосалқы бөлшектерін тез жеткізуін сұрайтын. Қауіп-қатерге қарамай Патық пен өзі сияқты арбалы жауынгерлер алдыңғы шепке ұмтылатын. Жаңбырша жауған оқ астында қалған зеңбірекшілерден жанымыз артық па деп тылдағы артиллериялық парктің қоймасынан алынған зеңбірекке қажетті қосалқы бөлшектер мен снарядтарды, жауынгерлердің жарақатын таңатын алғашқы жәрдем беру заттарын тиеп алып, қосарлап жеккен аттарын қамшылап ойлы-қырлысына қарамай алдыңғы шепке құйғыта жөнелетін.
Соғыс даласындағы жауынгерлердің осындай көрсеткен ерліктері жоғары бағаланып, Әлібаев Патық құрамында болған 16 атты әскер дивизиясының құрамындағы 101 жеке атты артиллериялық паркке 1943 жылы 14 ақпандағы Жоғарғы командованиенің бұйрығымен 148 гвардиялық атағы берілді. Әлібаев Патық та осы жеке артиллериялық парктің құрамында жеке ат арба көлігі бар гвардиялық жауынгер атанды. Шабуылдаушы әскерлерге оқ-дәрі, снарядтар, кейде ыстық ас-ауқаттарын жеткізіп беріп, майдан даласынан жараланған солдаттарды арбасымен санитарлық бөлімге алып келу – осының бәрі жауып тұрған оқ пен оттың астында, қауіп-қатердің үстінде, өмір мен өлім арасындағы күресте жүретін.
Ол өміріндегі ең ауыр да қауіпті әрі ұзаққа созылған соғысты басынан өткізді. Қыстың қақаған аязды күндері шұрық тесік палаткада не тар окопта жатса да тек соғыс тәртібіне бағынып әрекет етті. Ұрыс арасындағы тыныс алған сәттерде жауынгерлер бір-бірінен қағаз сұрап алып, сия қарандашты ауызға салып жібітіп, ала көлеңке болса да үйлеріне, туған-туыстарына хат жазатын. Өздерінің аман екендігін білдіріп, жағдайларын сұрап жазысатын. Шайқастан кейінгі үшбұрышты хат жауынгердің кезекті сұрапылдан аман қалғандығын білдіретін. Патық та ауылдағы хат жазған туыстардан туған інісі Дәуештің де майданға алынып, сұрапыл ұрыста жүргенін біліп амандығын тілейтін.
Тылдағы қалған әйелдер, балалар, қыздар, жұмысқа жарамды, соғысқа алынбаған ер азаматтар күні-түні тынбай майдан үшін деп шаруашылық жұмыстарын атқарды. Соғыс жылдары шаруашылықтар жұмыс күшінің жетімсіздігіне қарай аздаған тары, бидай, арпа өсіретін. Колхоздың малын бағу, арық қазу, егістікті суғару, малға жем-шөп дайындау, тасу, астық ору, бастыру, қырман сапыру сияқты күллі ауыл шаруашылық жұмыстары әйелдермен бірге әлі соғысқа баруға жасы келмейтін бала-шағаның мойнына түсті. Әйел біткен кешкілік жиналып отырып, май шамның жарығымен жауынгерлерге шұлық тоқып, биалай, тон тігетін. Кешегі өткен қан майдандағы Кеңес әскерлерінің басқыншы жауды талқандаудағы орасан ерлігіне тылдағы жұрттың қосқан еңбек үлесін ешкім жоққа шығара алмайды.
Майдандағы жауынгерлерде артта қалған ел-жұрттың,бозөкпе балаларының бақытты келешегі үшін жан бере шайқасты. Мұны біз шайқастағы батырлығы үшін 148 гвардиялық жеке атты артиллериялық парктің жауынгері П.Әлібаев туралы 1944 жылы «Ерлігі үшін» медаліне ұсынғандағы жазылған мінездемеден білеміз. «Қатардағы жауынгер Әлібаев Патық қиындық пен уақытқа қарамай өзіне берілген тапсырманы дәл мезгілінде орындайды. Өзінің ат арбасына мұқият қарап, аттарын сақтап, әрқашан дайын ұстайды. Чернигов, Речица, Мозырь, т.б. қалаларды дивизия шабуылдап басып алу кездерінде жолдың және ауа райының ауырлығына қарамастан, аттарды сақтап қалуға күш салды. Осының нәтижесінде дивизияның шабуылдау кезінде ат арбасы тоқтаусыз қимылдады» деп атап көрсетеді 7-ші гвардиялық атты әскер корпусының командирі генерал М.П Константинов.
Осындай бір кезекті шайқаста жау позициясынан үздіксіз жауып тұрған снарядтарға қарамай керекті заттарды тосып отырған зеңбірекшілерге жеткізіп беруге келе жатқанда алдынан түскен снаряд атымен қоса арбасының күл-паршасын шығарған. Өзіне снарядтың бірнеше жарықшағы тиген. Соның біреуі ішек-қарнын ақтарып кете жаздап, ұзақ емделді, дәрігерлер әупірімдеп жанын алып қалған. Госпиталда жатып жазылған соң өзінің артиллериялық паркіне қайта барып ұрысқа кірген. Жарақатының бірі – сол иығына тиген оқ көпке дейін қарын көтертпей жүрді. Ал ұшқан оқ қарыс сүйемдей төменірек жүрек тұсынан тигенде бұл өмірді көру-көрмеуі неғайбыл еді. Патық емделіп шығып, жауынгерлік міндетіне қайта араласты.
1944 жылы жамбасынан тиген оқтан сал болып көп уақыт төсек тартып жатып, 22 тамызда госпиталдан шықты. Жарасының орны бітіп, аяғынан тұрғаннан соң да біразға дейін сылтып басуға тура келді. Үш рет ауыр жарақат алса да майдан өтін тастап кетпей, қайтадан сапқа тұрып, жаумен ұрысын жалғастырды. Қолына мылтығын ұстап, жаумен қоян-қолтық ұрысқа да кіріп шығатын кездері болды. Көкейінде тек тыныш өмірінің құтын қашырған жауды жеңсек екен деген ой жүрді.
Патық Әлібаевтың неміс-фашистерімен ұрыстағы ерлік істерін жоғары бағалап, Жоғарғы Қолбасшы Сталиннің өзі қол қойған оннан астам Алғыс хатпен марапатталған. 1945 жылы 31 қаңтарда 7-ші атты әскер корпусының командирі генерал М.П.Константиновтің №266 бұйрығымен 148 гвардиялық жеке артиллериялық парктің жауынгерлеріне Ландсберг, Мезеритц, Швибус, Цюллихау (4 қала) қалаларын босатқанда көрсеткен ерлігі үшін Алғыс жарияланған. 2 наурыз 1945 жылы №294 бұйрықпен Кеңес әскерлері 5 қаланы шабуылдап алғаны үшін Патық Әлібаев та Алғыс хатпен марапатталған.
Қым-қиғаш ұрысқа қатысып, үздіксіз шайқастардың арасындағы тыныш сәттерде келесі майдан өтінде бауыры Әлібаев Дәуеш те жаумен қоян-қолтық ұрыста жүргенін көз алдына елестететін. Польшаның қалалары мен елді мекендерін азат ету ұрыстарына қатысқан кездердегі ерлік ісін атап отырып Кеңес Одағының маршалы, Бас қолбасшы Сталиннің атынан Алғыс хаты тапсырылады. Онда былай деп жазылған. «Гвардиялық жауынгер Әлібаев Фатих 5 наурыз 1945 жылғы №290 бұйрықпен Польша жеріндегі Штаргард, Наугард қалаларын азат еткен сіздің жауынгерлік құрама мен оған қатысқан жеке өзіңізге алғыс жарияланды» деп тайға таңба басқандай етіп марапаттаған. Бұл Кеңес әскерлерінің екпінді шабуылдап, нәтижелі жүргізіліп, жеңіспен аяқталған «Висла-Одер» операциясына қатысқандардың ерліктерін марапаттағандардың қатарында болғандығын білдіреді. Белоруссияның, Польша мен немістің Пруссия жері сыңсыған орманды, батпақты, өзенді-көлді табиғи кедергілері өте көп жерлер. Оған қоса бірінші дүниежүзілік соғыста жарылған мыңдаған снарядтар мен миналардан, бомбалардан қалған шұңқырлар, ойлы-қырлы жыралары жүк тасуға қиындық келтіретін. Соның қаншама жерін мойнына жаңбыр суын сүмектетіп, қара балтырдан батпақтап, тығылған ат арбасын итеріп, жетектеп, тізеден су кешіп артқа қалдырды. Соғыс барысында қанша үлкенді-кішілі елді мекенді басып, қаншама өткелді кешіп, нешеме өзеннің суын жалдап өтті, оның есебін кім алып жатыр дейсің. Сол мың соқпақты тар жол, тайғақ кешу жолдан Басғұншыдан шыққан жауынгер П.Әлібаев қайсарлықпен, еш нәрсеге мойымай өтті.
Жоғарғы командованиенің тапсыруымен Берлинге шабуылдау маршал Г.К.Жуковтың қолбасшылығындағы 1-ші Белорус майданына жүктелді. Майданға қарасты құрамалардың бірі 7-ші гвардиялық атты әскер корпусындағы 148 гвардиялық артиллериялық парктегі жауынгерлер үздіксіз шайқастарға қатысып, алдыңғы шептегі шабуылдаушыларға оқ-дәрі мен снарядтарды, гранаталарды дәл уақытында қамтамасыз етіп, орасан зор қызмет көрсеткені командирінің назарынан тыс қалмаған. П.Әлібаевтың шайқаспен өткен жорық жолдарын түгендеп көрсеңіз марапатпен атап өтілген 25-тен астам қаланы азат етуге қатысқанын көресіз. Аталмай қалған, немістерден азат етуге қатысқан қаншама елді мекен, қалалары және бар еді.
1945 жылдың 16 сәуірінде Кеңес әскерлерінің Берлинге тікелей шабуылы басталды. Гитлер шығыс майданда Берлинге шабуылдап келе жатқан Кеңес әскерлеріне қарсы ұзындығы 20-40 шақырымға созылған үш қатарлы қорғаныс шебін жүргізді. Бекініс қазылған орлар, тартылған тікенекті сымдардан, дзоттар мен доттардан тұрды. Жасақталған 1 миллионнан астам солдат, 214 дивизия мен 14 бригаданы қарсы қойды. Сол сияқты техникалық жағынан нығайту мақсатында 10 400 артиллериялық атыс қаруларын, зеңбіректер мен минометтерді, 1500 танкті, 3300 ұшағын шайқасқа салды. Ал батыстағы позициялық соғыста отырған американ-ағылшын қарулы күштеріне қарсы нашар қаруланған 60-қа жуық дивизиясын ұстады. Берлинді алуға Кеңес командаваниесі 2,5 миллион жауынгер, 41600 зеңбірек, минометтермен, 6250 танк пен өздігінен жүретін атыс құралын, 7500 әртүрлі ұшақтарын жұмылдырды.
Соғыстың тезірек бітуі Берлин қаласын алумен тынатынын жақсы түсінген жауынгерлер алға ұмтылды. Солардың арасында П.Әлібаевта шайқасқа кірді. Осы Берлин операциясы кезінде, 1945 жылы 23 сәуірде №339 бұйрықпен Берлин қаласына шабуылдау барысында қорғаныс шептерін бұзып өтуде көрсеткен ерекше ерлігі үшін тағы марапат – Алғыс хат берілген. Кеңес әскерлері жаппай шабуыл барысында немістердің шебін бұзып өтіп, Берлинді қоршауға алды. Осы қантөгіс ұрыстар барысында әрбір қадам жер суша төгілген адам қанымен алынғаны айғақ. Әскерлерді ақырғы шайқастарға жігерлендіру үшін Кеңес командованиесі марапаттарды, Алғыс хаттарды, наградаларды беріп шабуылдарға салды. Жауынгерлердің осы ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Өзге қаруластарымен бірге ерлігі 1945 жылдың 25 сәуірінде бөлім командирі Хмелевтің №342 бұйрығымен «Берлинді қоршауға алғаны үшін» Алғыс хатымен атап өтілді.
Өліспей беріспей жанталасқан фашистік басшылық қаланың өзін 9 бөлікке бөліп, алынбас қамалдай бекітсе де жаужүрек жауынгерлер шабуылдай отырып 2 мамыр күні жеңіске жетті. Берлин горнизоны тізе бүкті. Батыстан басталған қанқұйлы соғысқа нүкте қойылды. Гитлерлік Германия одақтастар алдында сөзсіз тізе бүгу актсіне қол қойды.
Патық Әлібаевтың төрт жылдық соғыстағы ерлігі ерекше бағаланып, 1945 жылдың 2 мамыр күні №472160 бұйрықпен ең жоғарғы марапатпен «Берлинді алғаны үшін» медаліне наградтауға ұсынылады. Берлинді алған деген атақ сол уақыттарда және соғыстан кейінгі бейбіт кездерде өзге құрамалардың жауынгерлерімен салыстырғанда үлкен мәртебе болатын. Көптеген жауынгерлер соғыстағы ерліктері үшін наградаға ұсынылғанын білсе де сол кездегі жағдайларға байланысты табысталуы кешігіп жататын. Жеңіс жайлы қуанышты хабар бүкілхалықтық мерекеге ұласты. Берлинді алуға қатысқан жауынгерлерді наградтауға байланысты Жоғарғы Кеңестің Жарлығы 1945 жылдың 9 маусымында ғана жарыққа шықты. Москвадан жіберілген құжаттар мен медаль Әлібаев Патыққа 1946 жылдың 2 ақпанында Панфилов аудандық әскери комиссариатында құрметпен табысталынады. Подполковник Фоменко гвардиялық жауынгер Патық Әлібаевқа медалін, куәлігін қоса береді. Куәлікте «Берлинге шабуылдаудағы ерлігі мен алғаны үшін» деген сөздер жазылған.
1945 жылдың қыркүйегінде әскерден аман-есен оралғаннан кейін «мен соғыс ардагері едім» деп кеуде қақпай, қарапайымдылығын сақтай жүріп өзге колхозшылардай еңбек етті. Кезінде «халық жауы» атанып ұсталып кеткен Жанғазының Анархан деген қызына үйленіп отбасын құрды. Екеуі жеті бала тәрбиелеп, қатарларынан қалдырмай, өздері сүйетін мамандықтарын алуына ықпал жасады. Әлібаев Патық ағамыз СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен 1945 жылы 9 мамырда «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталып, әрі Ұлы Отан соғысына қатысқандығы туралы куәлік жазылып, оны КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы атынан Панфилов аудандық комиссариаты арқылы 1951 жылы 27 сәуірде алды.
Соғыс адам баласының басына орасан зор қатер төндірген кезде, қан майданда шайқас жүріп жатқанына қарамай жаулар да ел ішінде қастандық ұйымдастырумен болған. Мұндай қылмысты әрекеттер соғыстан кейін де жалғасып жатқан. Ұлы отан соғысына қатыстым деп жалған куәлікпен жұртты алдайтын ұры-қарылар, алаяқтар көбейгендіктен үкімет тарапынан арнайы Жарлық шығарылып, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға заңды құжат берілетін болған. Жетпісінші-сексенінші жылдары Отан соғысына қатысқандар қатары сирей бастағанда жоғарыдағы билік өкілдері соғыста бар ауыртпалықты көтерген әскерлерге жеңілдіктер жасай бастады. Ел қорғаудағы жанқиярлық ерлік көрсеткен жауынгерлерді Кеңес және партия ұйымдары, мекемелер назардан тыс қалдырмауға тырысты. Сондай марапаттар П.Әлібаевқа да көрсетіліп, 1966 жылы 1 мамырдан бастап Ұлы Жеңістің 20 жылдығы медалі, ал КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен 1975 жылдын 25 сәуірінен Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 30, 40 жылдық» медальдарына ие болған. 1985 жылғы 12 сәуірдегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ұлы жеңістің 40 жылдығы» медалі және жаңа үлгідегі «Соғыс ардагері» куәлігі қоса табысталған. 1967 жылғы 26 желтоқсаннан үзбей КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл, 60 жыл, 70 жылдық медальдарымен наградталған. Егерде майдан даласында ерекше елігімен көзге түспесе мұндай мадақтауларға,марапаттарға үлкен ықыласқа П.Әлібаев ие болмас еді.
Патық ағамыз соғыста алған жарақаттары сыр берсе де 1980 жылдарға дейін елден қалыспай жұмыс істеді. Еңбек және соғыс ардагері Патық Әлібаев 80-ге қараған шағында дүниеден өтті. Халық сыйына бөленген, талай жанға өзінің адамгершілік істерімен үлгі бола білген аға есімі Басғұншы ауылындағы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткендерге арналып орнатылған ескерткішке қашалып жазылды. Отан қорғаушылар қатарынан орын алған майдангердің есімі мәңгі өшпейді.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы» газетінің Бас редакторы.