Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы ғана емес, қоғамның даму бағытын айқындайтын басты құжат. Онда мемлекеттің құрылымы, билік жүйесінің өзара қарым-қатынасы ғана емес, ең алдымен адамның құқықтары мен бостандықтары, азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілік айқындалады.
Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум арқылы қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл – еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңін бастаған маңызды құқықтық құжат.
Жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітуі. Конституцияның 1-бабында Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені нақты көрсетілген. Мұндай конституциялық қағида мемлекеттің барлық қызметінің түпкі мәнін айқындайды: мемлекеттік институттардың жұмысы азаматтың қауіпсіздігіне, құқығына және лайықты өмір сүруіне қызмет етуге тиіс.
Ата Заңның құқықтық күші де айрықша. Конституцияның 5-бабына сәйкес, оның ең жоғары заңды күші бар және ол республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Демек, Конституциядағы нормалар жай ғана декларация емес, құқық қолданудың негізгі өлшемі болып табылады. Заңдар мен өзге де нормативтік актілер Конституцияға сәйкес келуге тиіс.
Бұл – қарапайым азамат үшін аса маңызды кепілдік. Өйткені адамның құқығы қандай да бір ведомстволық шешімнен немесе лауазымды тұлғаның көзқарасынан жоғары тұратын конституциялық қағидаттармен қорғалады.
Конституцияның тағы бір маңызды қыры – мемлекеттік биліктің бастауы ретінде халықты тануы. Ата Заңда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендік иесі екені белгіленген. Халық өз билігін жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей, сондай-ақ мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.
Мұның өзі мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың конституциялық негізін көрсетеді. Азамат тек мемлекеттің заңдарын орындаушы ғана емес, елдің саяси-құқықтық өміріне қатысуға конституциялық құқығы бар тұлға ретінде қарастырылады.
Мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі де құқықтық мемлекеттің маңызды тетігі. Бұл қағида әр мемлекеттік органның өзіне берілген өкілеттік шегінде әрекет етуін және билік тармақтарының өзара іс-қимыл жасауын көздейді.
Ата Заңдағы адам құқықтарына қатысты нормаларға ерекше тоқталған жөн. Конституция әр адамның құқықтары мен бостандықтарын таниды және оларға кепілдік береді. Әр адам өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін тәсілдермен қорғауға, сондай-ақ өз құқықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Сонымен бірге білікті заң көмегін алу құқығы да конституциялық деңгейде бекітілген.
Сот арқылы қорғану мүмкіндігінің Конституцияда тікелей бекітілуі – азамат үшін аса маңызды құқықтық кепілдік. Себебі құқықтың шынайы қорғалуы оның заң мәтінінде жазылуымен ғана емес, бұзылған жағдайда оны қалпына келтірудің нақты тетіктерінің болуымен өлшенеді.
Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге де нақты талаптар қояды. Мұндай шектеу тек заңмен және қажетті шамада ғана қолданылуы мүмкін. Бұл ретте бірқатар негізгі құқықтар мен бостандықтарды ешбір жағдайда шектеуге болмайтыны көрсетілген.
Мұндай норма құқықтық мемлекеттің мәнін айқындай түседі. Яғни мемлекет азаматқа белгілі бір міндет жүктеген кезде де заң талаптарын сақтауға және адамның негізгі құқықтарының конституциялық шегінен аспауға тиіс.
Қазіргі Конституция қоғамдағы татулық пен тұрақтылық мәселесіне де ерекше мән береді. Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекеттердің конституциялық емес деп танылуы – Қазақстан сияқты көпэтносты, көпконфессиялы мемлекет үшін маңызды құқықтық норма. Бұл елдегі қоғамдық келісімнің құқықтық негіздерінің бірі болып саналады.
Сонымен қатар Конституция адам капиталына, білімге, ғылымға және инновацияға назар аударады. Бұл – қазіргі заман талаптарына жауап беретін маңызды бағыт. Мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы табиғи ресурстармен ғана емес, білімді азаматпен, ғылыммен, технологиямен және жаңа идеялармен тікелей байланысты.
Конституцияның тағы бір құндылығы – азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігін орнықтыруында. Адамның құқықтары мен бостандықтары кеңейген сайын оның қоғам алдындағы жауапкершілігі де арта түседі. Тарихи және мәдени мұраны сақтау, табиғатқа ұқыпты қарау, елдің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау секілді міндеттер осы түсініктің аясында қарастырылады.
Ата Заңның тиімділігі оның баптарының көптігімен емес, сол нормалардың күнделікті өмірде іске асуымен өлшенеді. Конституция мемлекеттік билік үшін – өкілеттіктің шегі, азамат үшін – құқықтық қорған, қоғам үшін – ортақ тәртіп пен келісімнің негізі болуы қажет.
Қазақстанның қазіргі Конституциясы осы тұрғыдан алғанда мемлекет пен азамат арасындағы құқықтық байланысты нақтылайтын, адам құқықтарын негізгі орынға қоятын және мемлекеттік биліктің қызмет ету тәртібін белгілейтін басты құжат болып қала береді.
Ата Заңның беделі – оның қағаздағы мәтінінде ғана емес, қоғам мүшелерінің күнделікті өмірінде сезілуінде. Конституция талаптары заң шығарушыдан бастап қарапайым азаматқа дейін баршаға бірдей орындалған жағдайда ғана құқықтық мемлекет қағидаты толық жүзеге асады.
Елдің тұрақтылығы, азаматтың құқығы және мемлекеттің болашағы – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Ал олардың құқықтық өзегі – Конституция.
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
заңгер-журналист










