Дерматомикоз мәселесі заманауи медицинаның дамуына қарамастан, өзекті болып қалуда. 2026 жылдың 10 айында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыста дерматомикозбен сырқаттанушылық 30%-ға төмендеді. Дегенмен бұл жұқпалы ауру, клиникалық формалардың әртүрлі, арнайы препараттарға төзімділігінің артуы қиындықтар туғызады.
Жыл басынан 300-ден астам жағдайы тіркелді, оның 60%-ға жуығы балалар арасында. Сырқаттанушылық деңгейі облыстық көрсеткіштен Көксу (66,59), Ақсу (63,03), Ескелді (62,02) аудандары мен Талдықорған (79,23) қаласында жоғары. Дерматомикоздың 447 ошағы тіркеліп, 100% қорытынды дезинфекциямен қамтылды.
Дерматомикоз – бас терісін, тырнақ, аяқ, денені зақымдайтын жұқпалы тері ауруы. Бұл сырқат – дерматофит саңырауқұлақтарынан туындайды.
Клиникалық белгілері: денеде дөңгелектенген қызыл дақ пайда болып, қабыршықтанып қышиды, егер бас терісі зақымдалса, шаш түсіп таз пайда болады, тырнақ зақымдалса, сарғайып, қалыңдайды және үгітіледі.
Дерматомикоз қалай жұғады: тікелей ауру адамнан: қол алысу кезінде, жанасу кезінде, спорттық ойындар кезінде, құшақтасу кезінде, науқас адам қолданған заттар арқылы: ыдыс-аяқ, орамал, ойыншық, қалам, дәптер, кітап, спорттық құрал, парта, үстел, әткеншектер, сондай-ақ, жануарлардың терісі және топырақ арқылы жұғады.
Алдын алу шаралары: жеке бас гигиенасын сақтау, ас ішер алдында, дәретханадан кейін және сырттан үйге келген кезде қолды сабынмен мұқият жуу, қоғамдық сауна, монша, бассейнге барған кезде жалаң аяқ жүрмеу, өзіңізбен бірге жеке аяқ киім алып жүру қажет.
Дерматофит саңырауқұлақтары ылғалды, жылы ортада көбейеді, сондықтан денені таза және құрғақ ұстау – алдын алудың бір жолы:
- спорттық секция, фитнес-клуб, бассейнге барған соң сабынмен душ қабылдау керек;
- қаңғыбас мысық пен иттерге жақындамаңыз, егер ұстаған болсаңыз, қолыңызды мұқият жуыңыз.
Дерматомикоздың алғашқы белгілері пайда болғанда дәрігер-дерматологқа дереу қаралу қажет!
Индира КҮНБАСОВА,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.










