Мемлекеттің болашағы бүгінгі білім сапасымен, мектептің тыныс-тіршілігімен және жас ұрпақтың алған тәрбиесімен тығыз байланысты. Экономикасы дамыған, технологиясы озық ел болу үшін ең алдымен білімді, бәсекеге қабілетті азамат қалыптастыру қажет. Бұл – уақыт талабы әрі елдің ертеңіне қатысты стратегиялық міндет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру саласын дамытуға ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы білім мен ғылымды, жаңа технологияларды және адами капиталды ел дамуының маңызды тірегі ретінде қарастырды.
Бүгінде білім саласындағы басты міндеттердің бірі – мұғалімнің қоғамдағы беделін көтеріп, кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау. Осы орайда педагогтерді артық қағазбастылықтан, негізсіз есептіліктен арылту мәселесі маңызды. Өйткені ұстаздың негізгі уақыты құжат толтыруға емес, оқушыға сапалы білім беруге, оның қабілетін ашуға жұмсалуы тиіс. Мұғалімге деген құрмет пен мектептегі өзара жауапкершілік те білім сапасына тікелей әсер етеді.
Жолдауда инклюзивті білім беру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Президенттің мәліметінше, елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Бұл – әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау қажеттігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Сондықтан мектептердің қолжетімділігін арттыру, арнайы мамандар даярлау және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет.
Мектеп инфрақұрылымын жақсарту да өзекті міндеттердің бірі. «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында өңірлерде 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысы басталмақ. Мұндай жобалар, әсіресе, оқушы саны көбейіп келе жатқан елді мекендер үшін маңызды. Сонымен бірге ауыл мен қала мектептерінің білім беру мүмкіндіктері арасындағы алшақтықты азайту, заманауи кабинеттермен, зертханалармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспеуі керек.
Қазіргі кезеңде білім беру жүйесі жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына бейімделуге тиіс. Оқушыға дайын ақпаратты жаттатумен шектелмей, сыни ойлау, іздену, талдау және өз бетінше шешім қабылдау қабілетін қалыптастыру маңызды. Жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, білім беру сапасын арттыруға көмектесетін мүмкіндік болуы қажет. Ал ғылым мен өндірістің байланысын нығайту жастардың алған білімін тәжірибеде қолдануына жол ашады.
Жалпы, Жолдаудағы білім саласына қатысты міндеттер бір ғана саланың шеңберінде қалмайды. Мұғалімнің мәртебесі, мектептің материалдық жағдайы, инклюзивті білім беру, ғылым мен технологияны дамыту – барлығы да елдің адами капиталын қалыптастыруға бағытталған.
Әрине, кез келген бастаманың нәтижесі оның қағаз жүзінде қабылдануымен емес, нақты өмірде жүзеге асуымен өлшенеді. Сондықтан белгіленген міндеттердің орындалуы, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы және білім сапасының жақсаруы тұрақты назарда болуы тиіс.
Білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Бүгін сапалы білім алған жас ұрпақ ертең ел экономикасын дамытып, ғылымын өркендетіп, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Демек, білімді ұрпақ тәрбиелеу – Қазақстанның жарқын болашағына бастайтын ең маңызды жол.
Самат АҒЫМОВ,
Панфилов аудандық білім бөлімінің басшысы










