Жетісу облысында мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекеттік әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 95%-ы бейімделгенБұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіш, ал республикадағы орташа деңгей — 79%. Жоспарланған 1120 нысанның 1064-інде жұмыстар аяқталған. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 % жеткізіледі, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Өңірде кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары мемлекеттік мекемелерде де, жеке секторда да жүргізілуде. Сауда нысандарына, қызмет көрсету кәсіпорындарына, қаржы ұйымдарына және басқа да мекемелерге қолжетімділік талаптары қойылуда. Ғимараттарды бейімдеу кезінде тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктері ескеріледі. Пандустар мен көтергіштер орнатылып, тактильді плиткалар төселеді, мнемосызбалар мен Брайль қарпімен жазылған ақпарат орналастырылады, есік ойықтары контрастты элементтермен жабдықталады. Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін визуалды сигнал беру жүйелері қарастырылып, сурдоаударма және ақпаратты мәтін түрінде қайталау қамтамасыз етіледі.
Нысандардың қолжетімділігі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тұрақты бақылауында. Өңірдің аудандары мен қалаларында арнайы мониторингтік топтар жұмыс істейді, сондай-ақ әкімдердің мүгедектігі бар азаматтар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілері тағайындалған.
Мәселен, Талдықорған қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Вадим Друзин бірлескен жұмыстың айқын мысалы ретінде банк филиалдарының бірін атап өтті. Тұрғындардың өтінішінен кейін мұнда кіреберіс пен ішкі кеңістік ерекше қажеттіліктері бар келушілерге бейімделген. Бұғаттау жүйесі бар көтергіш орнатылып, тактильді плиткалар төселген. Банк қызметкерлері келушілерге қажетті көмек те көрсетеді.
— Кедергісіз орта тек мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдарға ғана емес, барлығына да қажет. Көтергішті балалар арбасымен жүрген ата-аналар, жүруі қиын қала тұрғындары, сондай-ақ баспалдақпен көтерілуге қиналатын қарт адамдар – ата-әжелер де пайдалана алады, — дейді В. Друзин.
Талдықорған қаласындағы балалар өнер мектебінде де қозғалысы шектеулі азаматтарға қажетті жағдайлар жасалған. Нысанды бейімдеу жұмыстары биыл жүргізілді. Атап айтқанда, пандус орнатылып, тактильді жолақ төселді, санитарлық торап бейімделді.
Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев:
– Өңірде кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары облыс әкімінің ерекше бақылауында. Мемлекеттік әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыс құрылғаннан бері 1120 нысанды бейімдеу жоспарланған. 2022–2026 жылдары оның 1064-інде жұмыстар жүргізілді. Бейімдеу жұмыстары аяқталған нысандардың үлесі 95%-ды құрайды. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш, ал орташа республикалық деңгей – 79%. Қалған 56 нысан бойынша ақпарат 15 желтоқсанға дейін Inva.gov.kz ақпараттық порталына өзектендірілетін болады. Осылайша, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр, – деді Е. Мизамбаев
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Жетісу облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментімен бірлесіп, нысандардың қолжетімділігіне қатысты 130-ға жуық жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша нұсқамалар беріліп, айыппұлдар салынды. Нәтижесінде соңғы төрт жылда жеке сектордағы 184 нысан бейімделді.
Сондай-ақ өңірде мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету шаралары да қабылдануда. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мұндай құралдарға мұқтаж мүгедектігі бар адамдардың саны 16 944 адамды құрады. Олардың 82%-ы қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Бұл ретте орташа республикалық көрсеткіш – 80,6%.
Жетісу облысында мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына арналған «Инватакси» қызметінің 32 арнайы автокөлігі жұмыс істейді. Жыл басынан бері 90,6 мыңнан астам өтінім қабылданып, орындалған.
Осылайша, Жетісу облысында кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары мемлекеттік және жеке сектор нысандарын бейімдеу, қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылау, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және арнайы көлік қызметтерін көрсету бағыттарында жүргізілуде.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков










