Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы – еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды тарихи кезең. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Ата Заң 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл құжат мемлекеттің алдағы даму бағдарын айқындап, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершіліктің жаңа негіздерін қалыптастырды.
Жаңа Конституцияның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Адамның қадір-қасиетін қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділеттілік пен қоғамдық келісімді нығайту мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде белгіленді. Сонымен қатар азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше мән берілді.
Ата Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – адами капиталды, білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекіту. Бұл Қазақстанның болашағы табиғи ресурстармен ғана емес, білімді ұрпақтың әлеуетімен, ғылыми жетістіктерімен және жаңа технологияларды игеру қабілетімен айқындалатынын көрсетеді.
Сондай-ақ жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық жауапкершілікті арттыру және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері де көрініс тапты. Ал екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай институтының енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесіндегі елеулі өзгерістердің бірі болды.
Дегенмен Конституцияның шынайы құндылығы оның баптарымен ғана өлшенбейді. Оның негізгі қағидаттарының күнделікті өмірде орындалуы, азаматтардың құқықтарының қорғалуы және мемлекеттік институттардың халық алдындағы жауапкершілігі маңызды.
Жаңа Конституция – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуге, білім мен прогреске ұмтылуға және ортақ мақсат жолында бірігуге шақыратын маңызды құжат. Оның басты міндеті – тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуына, әділетті қоғамның қалыптасуына және әрбір азаматтың әлеуетін жүзеге асыруына берік құқықтық негіз қалау.
Бек-Мұхамед СЕРІКБАЕВ,
заңгер










