Панфилов ауданының жер бедері әр түрлі болуына байланысты ішкі сулары да әркелкі келеді. Жауын-шашын көбірек түсетін биік таулы аймақтары өзенге бай, оңтүстік жазық аймақтарында өзен торы сиреп құмға сіңіп кетеді. Аудан өзендері ішкі тұйық, Балқаш көлі алабына жатады.
Жаркент өңiрiнiң өзен торлары Жетісу Алатауының оңтүстiк тау жүйелерiндегi мұздықтардан басталып, Балқаш алабына, яғни Iле өзенiне құяды. Негізгі су қайнары болып ауданда Жетісу Алатауының оңтүстік еңістерінен Іле өзеніне қарай ағатын Үсек өзені мен Қорғас өзені. Елеулі ағынды Тышқан, Шежін, Бурақожыр мен Бұрхан өзендері саналады. Оларға тау беткейлеріндегі бұлақтардан, жауын-шашындардан жинақталған сулар келіп қосылады. Өзендердің су тасу режимі наурыз айынан басталып, тамыз-қыркүйекте бітетін көктемдік, жаздық су тасу мезгіліне жатады. Ауданның барлық өзендерінің сулары жылы кезде максималды түрде шығындалады. Олар қар мен мұздықтардан пайда болған. Бірақ кейбір жағдайларда су тасудың үстіне жаңбырлық тасқын қосылып, олардың максималдық шығыны сол жылдары еріген сулардың шығынынан едәуір асып, сел тасқынын тудырады. Жерді суару үшін ауданда жер бетіндегі сулар, су көздерінің барлығы пайдаланылады.
Өңіріміздегі өзендер: Iле өзені – ұзындығы 815 км, Қорғас – ұзындығы 176 км. Тышқан – 155 км, Үсек – 148 км, Бурақожыр – 98 км және Көктерек – 39 км. Осы өзендерден тек қана Қорғас өзені Ілеге құяды. Ал Үсек өзені Үсек көліне барып қосылады. Қалғандарының аяғы құмға, жерге сіңіп кетеді.
Іле өзені. Іле – Қазақстан Республикасының ең ірі трансшекаралық өзені. Өзен бастауын Орталық Тянь-Шань тауларынан алып, Қытай шекарасында Текес және Күнес өзендерінің бірігуі нәтижесінде қалыптасып Панфилов, Ұйғыр аудандары ортасымен елімізге кіріп, Балқаш көліне құяды. Iле – Текес тармағын қосып санағандағы ұзындығы 1439 км. Текес өзенi Терiскей Алатау мұздығынан басталады, Қазақстан аумағындағы ұзындығы 815 шақырымды құрайды. Балқаш көлінің экологиялық жағдайында және су деңгейінің режимінде, тұрақтылығында ролі ерекше. Суының молдығы жөнінен өзен республикадағы 3-ші өзен. Жылдық орташа су өтімі 472 м3/с. Ластану деңгейі бойынша Іле өзені 3-класқа жатады, яғни орташа ластанған. Iле мұздық және қар суымен қорланатын өзендер қатарына жатады. Оның суы сәуiрдiң аяғынан тамызға дейiнгi аралықта тасып жатады. Жазда тау басындағы қармен мұздықтардың еруiнен өзен суы мол болады. Күз айларында биiк таулардың басындағы қар мен мұз баяу ерiп өзен суының деңгейi төмендейдi. Iле алабындағы өзендер таудан басталғандықтан, тасты, лайлы, тасқындар (селдер) жиi болып тұрады.
Іле өзеніне Балқаш көлі су жинау алабының 70%, беттік жиынтық ағындысының 80% тиесілі. Алаптың оң жағалауынан келіп құятын ірі өзендерге Жетісу Алатауының оңтүстік беткейлерінен ағатын Қорғас, Үсек, Бурақожыр өзендері жатады. Іле өзенінің су режимі Қапшағай су қоймасымен реттеледі. Сол жағынан Шарын, Шелек, Түрген, Талғар, Қаскелең, Күртi өзендерi құяды. Суы егiн суғаруға, электр энергиясын өндiруге пайдаланылады.
Іле өзенінің экологиялық жағдайы нашарлауда. Себебі Іле өзенінің ортаңғы ағысында, күріш алаптары және Шеңгелді массивтерін игеруге байланысты минералды тыңайтқыштар мен химиялық препараттар өте көп қолданылып, нәтижесінде өзен суының сапалық құрамы төмендеген. Оның үстіне Іле өзені арқылы мұнай тасымалдау, Қапшағай су қоймасы, Қытай жеріндегі судың ластануы ондағы экологиялық жағдайды қиындата түсуде. ҚХР-ның (Қытай Халық Республикасы) Іле аймағындағы 8 аудан мен Құлжа қаласының өнеркәсіптік, тұрмыстық және ауылшаруашылығынан шыққан лас сулар өзенге құйылып, сапасы жылдан – жылға төмендеуде. Бұл тек ҚХР-нан кіріп жатқан судың сапасының төмендеуінен тыс, Қазақстан аумағында Іле өзеніне құятын басқа да өзен суларының сапасының төмен екенін көрсетеді.
Іле – Балқаш экожүйесіндегі өзгерістер өте сирек кездесетін Іле тоғайын, өзен жағасындағы шұрайлы жайылымдар мен оның жағасындағы қамыс- қоғаның жойылуына себепші болады. Көлдің жағалаулары кеуіп, тұзды шаң жиі көтеріледі. Ауа райы өзгеріп, қуаңшылық пен аңызақ желдер үдеді. Іле өзенінің су деңгейі соңғы жылдары 2 м – ге жуық төмендеп отыр.
Қорғас өзені. Қорғас өзені басын Жетісу Алатауының күнгейінен, Бежінтау жотасының оңтүстік-шығысындағы Қорғас тауының солтүстік баурайындағы мореналық көлдер мен өзендердің жиналуынан алады. Қорғас өзені Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара бойында орналасқан, трансшекаралық өзен болып табылады. Қорғас өзенінің бассейіні 4200-1100 м абсолюттік биіктікте Жетісу Алатауының оңтүстік шатқалынан бастау алады. Шығысында ол Үсек өзені бассейінімен, батысында Кеген өзенінің бассейінімен шектеседі. Өзеннің сол жақ жағалау бөлігі ҚХР территориясы болып табылады. Өзеннің суайырық жоталар арқылы су жинау алабының жалпы ауданы 2510 км2. Оның Қазақстан Республикасындағы бөлігі – 1457 км2. Қытай Халық Республикасындағы бөлігі 1053 км2. Жоғарыда Жыланды, Желдіайрық және Үлкен Қазан суларының қосылу тұсынан оның Қазанкөл көліне қосылатын жеріне дейін өзен – Қазан өзені деп аталады. «Қорғас» атауын Қазанкөлден ағып шыққаннан кейінгі төменгі жағынан алады.
Жетісу жотасының Қорғас тауының солтүстік баурайындағы Қапқан, Баскөл, Кіші Қазанкөл сулары бір-бірімен жалғасып Үлкен Қазанкөлге құяды да, одан Қорғас өзені бастау алып оңтүстікке қарай ағады. Қорғас өзені жоғары және орта ағысында, сел және су тасқыны қауіптілігі бойынша бірінші, жоғарғы деңгейлі категорияға жатады. Өзенге оң жағынан Мұзтау, Қасқабұлақ жоталарының мұздықтарынан бастау алатын Қарсу, Найзатапқан, Көксай, Қасқабұлақ өзендерімен суы толысады. Төменірек тұсынан оң жақтан Ойжайлау, Шұңқырбұлақ суы, одан Алмалы, Қорғас арасанның жылы бұлақтарының суы қосылады. Бастауынан Басқұнша ауылы тұсындағы тауларға дейінгі ұзындығы – 72 км. Іле өзенінің құяр жеріне дейінгі жалпы ұзындығы 176 км. Өзеннің су жинау алабының аумағында 137 мұздық, 51 мореналық және мұздық көлдер бар. ҚХР территориясында – 13 мореналық көл бар. Оның ішінде 4-еуі Жыланды өзенінің бассейінінде, Үлкен Қазан өзенінің жоғарғы басында – 7, Ашутас және Қасқабұлақ өзендерінің басында бірден мореналық су қоймалары бар. Олар әр беткей, әр саладан Қорғас өзенін сумен қамтамасыз етеді. Қорғас – Іле өзенінің оң саласы.
Гидрологиясы. Қорғастың жоғарғы ағысы тар шатқалмен екпіндеп ағып, Басқыншы ауылы тұсында таудан шығып, ағысы баяулайды, аңғары кеңейеді. Көп жылдық орташа су шығыны Алмалы өзені сағасынан төменде 16,5 м3/с. Басқыншы, Алмалы ауылдары тұсынан Баскунчан, Аяқ-Кунчан және Алмалы су каналдары тартылған. Қорғастың 20-ға жуық шағын салалары бар. Жағалауы мал жайылымы.
Қорғас өзенінің салалары
Жыланды өзені. Жыланды өзені 4200-2555 абс.м. (суайырықтан Үлкен Қазан өзенінің бастауына дейін) биіктікте орналасқан мұздықтар тобынан бастау алады. Өзеннің ұзындығы 10,4 км. Су жинау алабының ауданы 5520 км2. Аңғарының пішіні астау сияқты, жиектерінен мұздық іздері, сел және тасқынның іздері айқын көрінеді. Аңғар жиектерінің төменгі жақтары мен жағалаулары батпақты болып келеді. Өзен бассейінің жоғарғы бөлігі альпілік биіктік белдеуліктің шалғынды зонасына жатады. Жыланды өзенінің бассейінінде жалпы ауданы 5,5 мың м3 болатын 17 мұздық және 19 моренді көлдер бар.
Желдіарық өзені. Желдіарық өзені 4000 абс.м. биіктіктегі мұздықтан бастау алады, өзен бастауының белгісі (Қорғас өзеніне құятын жері) 2470 абс.м. Өзеннің ұзындығы 18,7 км. Су жинау алабының ауданы 9180 км2. Өзеннің жоғарғы жағында 28 мұздық және 5 мореналық көлдері орналасқан. Өзен сел жүру қауіпі жоғары өзендерге жатады.
Нанзышоқы өзені. Нанзышоқы өзені 4000 абс.м. биіктіктегі мұздықтан бастау алады, өзен бастауының белгісі (Қорғас өзеніне құятын жері) 2125 абс.м. Өзеннің ұзындығы 17,1 км. Су жинау алабының ауданы 1380 км2. Өзеннің жоғарғы жағында 29 мұздық және 5 мореналық көлдері бар. Өзен сағасында шоңғалды қойтастар қатары жиі орналасқандықтан өзен Қорғасқа салаланып құяды. Сел үйінділері Қорғас өзенінің негізгі арнасын бөгейді. Өзеннің сел жүру қауіпі жоғары.
Найзашоқы өзені. Найзашоқы өзені 4400 абс.м. биіктіктегі мұздықтан бастау алады, өзен бастауының белгісі (Қорғас өзеніне құятын жері) 2040 абс.м. Өзеннің ұзындығы 8,4 км. Өзеннің жоғарғы жағында 10 мұздық бар, мореналық көлдер жоқ. Бассейіннің 1/3 моренді-мұздық кешендер алып жатыр. Өзен арнасы бүгілісті, өзен арнасының бойында әр түрлі пішіндегі және мөлшердегі аралдар бар. Өзеннің сел жүру қауіпі жоғары.
Көксай өзені. Көксай өзені 4300 абс.м. биіктіктегі мұздықтан бастау алады, өзен бастауының белгісі (Қорғас өзеніне құятын жері) 1820 абс.м. Өзеннің ұзындығы 5,3 км. Су жинау алабының ауданы 2640 км2. Су жинау алабы пішіні үшбұрыш сияқты болып келеді. Өзен 3 тармақтың бірігуінен түзіледі. Өзеннің жоғарғы жағында қуатты морендері және үлкен көлемді мұздары бар, 5 ірі мұздық орналасқан. Өзен бассейінінде мореналық көлдер жоқ. Өзеннің құяр сағасының ені 800 метрге жетеді. Сағасында шоңғалды қойтастар қатары жиі орналасқандықтан өзен Қорғасқа салаланып құяды. Өзеннің сел жүру қауіптілігі жоғары.
Қасқабұлақ өзені. Қасқабұлақ өзені 3900 абс.м. биіктіктегі мұздықтан бастау алады, өзен бастауының белгісі (Қорғас өзеніне құятын жері) 1555 абс.м. Өзеннің ұзындығы 8,5 км. Су жинау алабының ауданы 3740 км2. Өзеннің жоғарғы жағында 9 мұздық және 10 мореналық көлдер орналасқан. Өзен аңғарының жағасы тік жар қабақты болады, өзен бассейінінің жоғарғы бөлігі жартасты беттерден, төменгі жағы бос жыныстардан тұрады. Өзен, моренінде көптеген көлдер орналасқан 90 қуатты моренді-мұздық кешінен бастау алады. Өзен арнасында қойтастар көп. Өзеннің негізгі арнасынан нөсерден, еріген қардан болатын сел тасқынның іздері байқалады. Көптеген морендік көлдер, бос жыныстар болғандықтан өзеннің сел жүру қауіпі жоғары.
Ойжайлау өзені. Ойжайлау өзені 2800 абс.м. биіктіктегі мұздықтан бастау алады, өзен бастауының белгісі (Қорғас өзеніне құятын жері) 1386 абс.м. Өзеннің ұзындығы 7,9 км. Су жинау алабының ауданы 4540 км2. Өзен екі тармақтың бірігуінен түзіледі. Өзеннің бастаудағы сағасының ені 800 метрге жетеді. Бассейіннің жоғарғы бөлігінде жалаңаш тік жартастар орналасқан. Ортаңғы және төменгі аңғарының жиектері тегіс. Өзеннің негізгі арнасынан нөсерден, еріген қардан болатын сел тасқынның іздері байқалады.
Шұқырбұлақ өзені. Шұқырбұлақ өзені 2670 абс.м. биіктіктегі мұздықтан бастау алады, өзен бастауының белгісі (Қорғас өзеніне құятын жері) 12800 абс.м. Өзеннің ұзындығы 9,6 км. Су жинау алабының ауданы – 2140 км2. Шұқырбұлақ өзенінің аңғары түзу. Аңғардың жиектері тік жар, өзеннің көптеген тармақтары бар. Өзеннің жоғарғы бөлігінде ағаштар жиі кездеседі. Өзеннің негізгі арнасынан нөсерден, еріген қардан болатын сел тасқынның іздері байқалады. Жалпы алғанда Қорғас өзенінің оң жағалаудағы тармақтарының (Ойжайлау, Қасқабұлақ, Көксай, Үлкен Қазан, Нанзышоқы және т.б.) аңғарлары бір типті, жоғарғы бөлігінде типтік шұңқыр аңғарларға жатады. Өзен аңғарының бос жыныстардан тұратын бөліктерінде жиегінің бұрышы 20-350 аралығында, ал жартасты жыныстардан тұратын бөлігінде 900 болады. Бос жынысты материалдың грунтында қойтастар, құмды-сазды кесектер 20% болады. Қойтастар мен кесектердің мөлшері көлденеңінен 2,5-3 метрге дейін жетеді.
Үлкен Қазан өзені
Үлкен Қазан өзені 3930 метр абсолюттік биіктіктегі мұздықтан бастау алады, өзен бастауынан құяр жеріне (Қазан өзеніне құятын жері) дейінгі биіктігі 2555 метр абсолюттік биіктікте. Өзеннің ұзындығы 12,9 км. Су жинау алабының ауданы 7480 км2. Өзеннің жоғарғы бөлігінде 13 мұздық және 7 морендік көл бар.
Қорғас өзені алабының табиғи-климаттық жағдайы. Қорғас өзен алабы Жетісу жотасының оңтүстік беткейінде шамамен 4200-1100 м биіктікте орналасқан. Қорғас өзені – Іле өзенінің оң жақ жағалау саласы мұздық және мәңгі қарлы Жетісу Алатауының оңтүстік беткейінен бастау алады. Өзен ұзындығы 176 км, өзеннің су жинау алабы – 1310 км2. Қорғас өзенінің ұзындығы бойынша биіктік белдеулік сипаттамасы: Өзеннің жоғарғы ағысы 3500 м биіктікте мұздақ және қарлы мұзды суық белдеуі орналасқан; 2500-3500 м биіктікте таулы-шалғынды альпілік белдеу орналасқан; субальпілік белдеу үшін 2500-2800 м сипаттамасы ағашты-талды, өсімдікті, таулы-шалғынды топырақ; төменірек орманды жазықтық 1500-2300 м және таулы жазықтық 1200-1500 м белдеу орналасқан. Бұл орманды жазықтық қара-қоңыр, сұр топыраққа ие. Жер бедері жағдайына байланысты Қорғас өзенінің ағыс жағдайы да өзгереді. Биік таулық беткей және аласа таулық белдеуде Қорғас бас жағында тар шатқалды бойлап гүрілдеп, көбік шашып жылдам ағады. Қорғас өзенінің жазық беткейі тепкішекті, өзенге төмендегенде арнасы кеңейіп ағысы баяулайды. Жазыққа шыққаннан кейін жайылып баяулап барып Іле өзеніне оң жағынан қосылады. ҚР басты басқару гидрометеорологиясы бойынша, Қорғас өзені бассейінің ортаңғы және жоғарғы бөлігінде (Қорғас ауылынан жоғары) су тасқыны қауіптілігі жаңбыр сулары қалдықтары және лайлы тасты сел бойынша I категорияға жатады.
Қазақстан аумағында тасып кету қаупті және көлемінің үлкендігі жөнінен 5 млн м3-тан аса су көлемі бар Жыланды өзенінің бассейініндегі көлдер тобы алады. Бассейіннің жоғарғы бөлігінде Баскөл көлі мен тағы да 40 мореналық-мұздық көлдер кешені бар. Баскөл және Қазанкөл көлдерінің орны ойпатты табиғи сел ұстап қалу орындары болуы мүмкін, алайда бұл қосымша есептеулерді талап етеді. Қорғас өзенінің су деңгейі жылда мамыр айының ортасы мен тамыз айлары аралығында су тасуының болуы қалыпты жағдай. Қазанкөл көлінің суағары жасанды бекітіледі.
Үсек – Іле алабындағы өзен. Ұзындығы 164 км, су жиналатын алабы 1970 км2. Тоқсанбай, Тышқан жоталарындағы мұздықтардан басталады. Аңғары жоғары және орта бөлігінде таулы жерлермен ағады. Ағыны қатты, суы мол. Жылдық орташа су ағымы Талды ауылы тұсында 15,7 м3/с. Өзен бойындағы балшығының емдік қасиеті бар.
3400-3600 м биіктікте Барохор жотасының батыс сілемдерінен басталатын Кіші және Орта, Үлкен Үсек өзендерінің қосылуынан басталады. Кiшi Үсектiң басында Алтынкөл, Жазықкөл, Шоғанақ дейтiн көлдер бар, солардан аққан су Кiшi Үсектi құрайды. Төменнен оған – Керегетас, Тiкенбұлақ, Өренсай т.б. сулар қосылады. Үсек Жаркент қаласының желке тұсына тақағанда екiге бөлiнедi. Негiзгi су атымен қалып, қаланың түбiмен өтедi, ал батысқа қарай кеткен тармағы, тастақты жермен еңiске қарай, аққандықтан, Даңғырлақ аталады.
Жаркент жерiнде Жетісудан басталып, Iлеге қарай ағатын, бiрақ жете алмай, құмға сiңiп кететiн көптеген өзендер бар. Олар: Көктерек, Қойбын, Қайшы, Бұрхан, Шежiн, Тышқан, Бурақожыр. Бұл өзендердiң табиғи байлығы, су режимi, бастаулары әртүрлi.
Қайшы – ұзындығы 51 км, су жиналатын алабы 298 км2. Бастауын Қояндытау жотасының шығыс бөлігінің оңтүстік беткейіндегі бұлақтардан алып, Айдарлы ауылына жетпей тартылып қалады. Аңғары тар, жер асты, жауын-шашын суларымен толығады. Көктемде суы мол, ағыны қатты. Шаруашылық қажетіне, егін суғаруға пайдаланылады.
Бұрхан өзенi бастауын Тышқан жотасының оңтүстік беткейінен алып, Жерұйық ауылынң тұсында Үсек өзеніне құяды. Ұзындығы 50 км, су жиналатын алабы 255 км2. Арнасы тау арасында тар, жағасы тік жарлы болып келеді. Жауын-шашын, жер асты суларымен толығады. Суы шаруашылық қажетіне пайдаланылады.
Шежiн өзенiнiң басы Жетісу Алатауының оңтүстiгiнен басталады, ұзындығы – 19 км. Өзен қар және мұз суларымен қоректенеді.
Тышқан – Iле алабындағы өзен, ұзындығы 51 км, су жинау алқабы 354 км2. Жетісу Алатауының оңтүстiк сiлiмi Тышқантау мұздығынан басталады. Бұл өзенге Сарыбел ауылына жақындағанда Нарын өзенi құяды. Аңғары тiк шатқалды, енi жоғары бөлiгiнде 1,5 – 2 км, өтуге қиын. Арнасы тастақты. Қар және мұздық суымен қоректенедi. Тышқан ауылы тұсында су шығыны 2,5 м3/с. Iлеге жетпей тартылып қалады.
Бурақожыр – бастауын Жетісу Жоңғар Алатауының оңтүстік-батысындағы Қояндытау жотасындағы бұлақтардан алып, Көктал ауылының оңтүстігінде Іле өзеніне 5 км жетпей сарқылып қалады. Ұзындығы 78 км, су жиналатын алабы 548 км2. Жылдық орташа су ағымы 2,3 м3/с. Өзен суының деңгейі сәуір – маусым айларында көтеріледі.
Көктал өзені ұзындығы 63 км, су жиналатын алабы 1550 км2.
Ауыл шаруашылығында Панфилов өндірістік учаскесіне қарайтын Үсек өзені 17 255 гектар алқапты суландырса, Бурақожыр өзені арқылы 3 592 гектар, Шежін өзені арқылы 896 гектар және Достық өзенінің жүйесі 14 119 гектар алқапты суландыра алады.
КӨЛДЕР
Жер бетіндегі кез келген көлемі үлкенді-кішілі іші суға толған табиғи тұйық ойыстарды көл деп атайды. Көлдің теңізден айырмашылығы оның мұхитпен тікелей байланысы жоқтығында. Көлдер жазықта да тауда да кездеседі. Табиғатта ауданы бірнеше шаршы метр ғана болатын өте кішкентай көлдер де кездеседі. Сонымен қатар үлкендігіне байланысты «теңіз» деп аталатын ірі көлдер де бар.
Көлдер ағынды және ағынсыз болып бөлінеді. Көл суының көптеген қасиеттері, әсіресе тұздылығы оның ағынды немесе ағынсыз болуына байланысты. Ағынды көлден өзен ағып шығады. Ондай көлге тұз жинақталмайды. Сондықтан ағынды көлдің суы тұщы болады.
Ешбір өзен ағып шықпайтын көлдер де бар. Оларды ағынсыз көлдер деп атайды. Су ағып шықпайтындықтан, оларда біртіндеп тұз жинақтала береді. Мұндай көлдерге құятын өзендер жерден шайынды қалпында әр түрлі тұздарды алып келіп отырады. Көлдегі судың біразы буланып кетеді, ал қалған судағы тұздың мөлшері бірте-бірте арта түседі де, көл тұзды көлге айналады. Құрғақшылық аймақтарда көл суы түгелдей буланып кетеді де, түбінде тек тұз қалады. Осындай көлдерді шөкпе немесе тұнба көл деп атайды.
Көлдердің батпаққа айналуы. Жаңбыр және қар суы жер бетін шайып, көлге әр түрлі заттарды ағызып алып келеді. Сол сияқты көлдің түбіне өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары шөгеді. Көл бірте-бірте тайыздайды да, оны ылғал сүйетін өсімдіктер басып кетеді. Көлдің тайыздалған жеріне қамыс, құрақ, қияқ, мүктер қаулап өседі. Шіріген өсімдік қалдықтары көлдің түбіне жиналып, соның салдарынан көл тайыздай бастайды. Нәтижесінде көлдің орнында батпақ пайда болады.
Ауданымыздың аумағында ірілі-ұсақты 10 көл бар. Оның ішінде ірілері Үсек, Алтынкөл, Қазанкөл, Жидекөл. Көлдердің үлкені Үсек, ұзындығы 3 км, ені 600 м, тереңдігі 12 метр, Қазанкөл – 2171,2 метр абсолюттік биіктігінде орналасқан, өте суық.
Қазанкөл – еліміздің шығысындағы Қытай Халық Республикасымен шекаралас аймақта орналасқан. Бұл жердің ерекшелігі мемлекеттік шекараның үлкен Қазанкөлдің дәл орасымен өтуінде. Кіші көл Қытай территориясында орналасқан. Үлкен көлдің сол жағалауы Қытайлық, ал оң жағасы Қазақстандық. Қазан өзенінің орта бөлігінде геологиялық жер сілкінісі салдарынан бүтін тау шыңы опырылып құлағаннан кейін пайда болған. Бұл – тектоникалық ағынды тұщы көл. Жетісу Алатауының 2171,2 метр абсолюттік биіктігінде Қазанкөл орналасқан. Қазанкөлдің ұзындығы 3000 метр, ені 750-900 метр, тереңдігі 2 метрден 35 метрге дейін барады, көлемі 2 400 000 м3. Суының тұнықтығы соншалық табанында жатқан тастың реңіне дейін көрінеді. Көл суы тау басындағы мұздықтар мен қардан және аздаған бөлігі жауын-шашынның суларымен қоректенеді. Cолтүстігінде орналасқан бірнеше мореналық көл сулары жалғасып, Желдіаяқ, Жыланды өзендері мен Кіші Қазанның суы қосылып ағып Үлкен Қазанкөлге құяды да, одан Қорғас өзені ағып шығады.
Климаты. Биік тау беткейлерінде климаты қоңыржай: қысы суық, жазы қоңыр салқын. Жетісудың мәңгі мұз және қар жататын биік тау жоталарында 2500 м-ден жоғарыда климаты тым қатал. Тау етегінің 1000-2500 м-ге дейін климаты қоңыр салқын, биік таулы белдеуде температура төмен, мамыр айының орташа температурасы +8 +100С. Мамыр айында түскен жауын-шашын қиыршық қар түрінде түсіп аздан соң еріп кетеді. Жауын – шашынның жылдық мөлшері 500-800 мм. Көлдердің бетін қарашадан – мамырдың аяғына дейін мұз басып жатады. Шілдеде бұл табиғи сұйық қоймалардың мұздары еріп кете бастайды.
Табиғаты. Қазанкөл жағасында қамыс-қоға өседі. Тау беткейлерінде гүлді шөптесін өсімдіктер мен жеміс-жидектерге өте бай. Қарағай, қайың, арша, шырша, өседі. Дәрілік өсімдіктерден алтын тамыр, таңқурай, ақмәрпі, пиау, қылша, шырғанақ бар. Көлдің суы тұнық, форель, осман т.б әр түрлі балықтар бар. Көл жағасында бұғы, марал, елік, аю, қар барысы, тауешкі, арқар тобымен жайылып жүреді.
Қазақстан мен ҚХР-ның төтенше жағдайлар қызметі Жетісу Алатауының оңтүстік- шығыс беткей шыңдарындағы мыңдаған текше метр мәңгілік мұздықтардың еруінен Қорғас өзенінің бастауында 60-қа жуық көлдің пайда болғанын анықтаған. Бұл көлдер арнасынан асқан жағдайда сел суы Қорғас өзенінің арнасында тоғысып, алапат сел тасқыны болуы ғажап емес. Тау басындағы көлдердің 40-қа жуығы қазақстандық, 20-дан астамы қытайлық бөлікте орналасқан.
Бескөл. Қазанкөлден 20 шақырым жоғарыда Бескөл шағын көлі орналасқан. Бұл көлдің ұзындығы 830 метр, ені 320 метр, тереңдігі 40 метр, ондағы суының мөлшері 37 миллион 274 мың текше метр. Бескөлдің суы молайып, ернеуі шіпілдеп кететін кездері жиі-жиі қайталанып тұрады. Ол табиғи сұйық қойманың бөгеті өте әлсіз. Бескөлдің ернеуі сондай шіпілдеген жағдайда жырылып кететін болса жоғарыда айтылған су лап етіп Қазанкөлге бес-ақ минутта жетіп келеді де Қазанкөлдің ернеуін бұзып кету қаупі туындайды. Сонымен қатар Қорғас ШЫХО коммуникацияларына үлкен зақым келтіреді.
2012 жылы «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің білікті мамандары Қазанкөл мен Бескөлдің жер жағдайын, жер қыртысын тереңінен зерттей келе, тиісті ғылыми қорытынды шығарды. «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшылары Бескөлге «02 Қақпан» деген ат қоя отырып, жұмысты жүргізді. Бескөлдің ернеуі суға толып кетпеу үшін көл жиегінен ені 23 метр кеңдікте, табаны 4 метр кеңдікте су ағып тұратын канал салынды. Бескөл суға тола бастағанда жасанды каналмен су ағып, бұл көлден 20 шақырым төмендегі Қазанкөлге құйылып тұрады. Бескөлде жиналған көл суы ернеуін жырып бұзып кету қаупін жойды. Сонымен қатар диаметрі 20 метр трубалардың ұзындығын 300 метрге жеткізіп, дәнекерлеп жалғап, 10 жерден Бескөлдің суын ағызып қойды. Көлдің суы пластикалық құбырлар арқылы атмосфералық қысымдағы айырмашылыққа байланысты 1 миллион 700 мың текше метр артық су өзі төмен ағып кетеді. Су деңгейінің көтерілуі тұрақты бақылауға алынған. 2017 жылғы 8 маусымда ҚР-ныңҮкіметі мен ҚХР Үкіметі арасында Қорғас өзенінде «Шұқырбұлақ» (Алмалы) бірлескен селден қорғау бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. 2019 жылы сәуір айында екі ел Үкіметі бірлесіп теңдей қаржы бөліп, «Шұқырбұлақ» селден қорғау бөгетінің құрылысын бастады.
Алтынкөл – Қарақұм және Мойынқұм құмдарының аралығындағы көл. Ават ауылының оңтүстік-шығысында 13 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 657 м биіктікте жатыр. Шығысынан Қорғас өзені ағып өтеді. Қорғас – Іле өзендері алып келген аллювийлі жыныстарында орналасқан. Көлдің айналасын биіктігі 20 – 25 м-дей құм шағылдары қоршап жатыр. Жауын-шашын және жерасты суларымен қоректенеді. Солтүстік шығыс жағалауларын толықтай қамыс жапқан, оңтүстік батыс бөлігі құмды кейбір жерлерін өсімдік жапқан. Балықтардан сазан, мөңке, балқаш алабұғасы бар. Маңында ақ сексеуіл, жүзгін, жыңғыл, ала тораңғы өседі.
Үсек көлі – Үсек өзенінің бір саласында орналасқан. Көлден шыққан су Іле өзеніне барып құяды. Теңіз деңгейінен 517 м биіктікте жатыр. Үсек көлі мен Іле өзенінің арасындағы байланыс көктем-жаз уақытында су деңгейі көтерілген уақытта байқалады. Көлде 6 түрлі кәсіптік балық түрлері бар (тыран, мөңке, сазан, қаракөз, жайын және көксерке).
Жиделікөл – құмды төбелердің ортасында орналасқан. Көлдің толуы және ондағы су деңгейінің көтерілуі атмосфералық түсімдерге және жерасты суларына байланысты болады. Жағасы тегіс, ашық құмды болып келген. Солтүстік жағалауын қамыс пен қоға жапқан. Су қойманың тереңдігі 3 м, көлді су өсімдіктері жаппай жапқан. Суқойма теңіз деңгейінен 636 м биіктікте жатыр.
Құркөл көлі де құмды төбешіктердің ортасында орналасқан көлдердің біріне жатады. Бұл су қойманың да толуы және су деңгейінің көтерілуі көктемдегі атмосфералық жауын-шашынның және жер асты су көздеріне байланысты болып келеді. Көл таяз сулы, ең терең жері – 1,5 м, суы тез жылыйды және теңіз деңгейінен 634 м биіктікте жатыр. Айналасын толықтай қамыс басқан.
Сарыкөл көлі де жоғарыда аталған көлдер секілді құмды төбелердің ортасында орналасқан. Көл таяз сулы, ең терең жері – 2-3 м. Көлдің түбі 100% су өсімдіктері: 90% – кірпібас және 10 % егеушөп басқан. Айналасында жиде, талдар және қоға-қамыс өскен. Көл теңіз деңгейінен 616 м биіктікте жатыр.
Құндызды көлі «Панфиловское» аңшаруашылығы территориясында орналасқан. Көл орналасуына қарай өзеннің арнасына ұқсайды. Суқойма Іле өзенінде су деңгейі көтерілген уақытта толады. Көлдің негізгі аудандарында судың тереңдігі 1 м, тек бетонды көпірдің жанында 2,0 – 2,5 м тереңдікке жетеді. Су қойманың айналасы тегіс ашық болып келген. Көл теңіз деңгейінен 516 м биіктікте жатыр. Сазан, ақмарқа, қызылқанат және мөңке тіршілік етеді.
Бөген. Ауданымызда 2011 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының екі аралық шекара белдеуінде жатқан Қорғас өзенінің бойына «Достық» су торабы құрлысы жүйесінің алғашқы іргетасы қаланды. Екі жақтың әрқайсысы осы уақытқа дейін Қорғас өзенінен 20 текше метрден су мөлшерін алып келген болса, енді «Достық» су торабынан әрқайсысы 25 текше метр су мөлшерін алуға қол жеткізді. Бұл жобаның құрылыс жұмыстарын Қытай Халық Республикасы жүргізіп іске қосты. Болашақта каскад су электр стансалары да салынбақ. Оның алғашқысы қолға алынды, ал болашақта бесеуі салынатын болады. Олардың әрқайсысы белгілі мөлшерде электр қуатын өндірмек. Келешекте Үсек өзенінің жоғарғы жағынан 4 каскадтық су электр стансасын және су жүйесін тарту арқылы Жаркент және 30 мың халқы болатын Қорғас қаласымен тағы басқа елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі – күн тәртібіндегі негізгі міндет.
Қанипа УСПАНОВА,
Алтыүй ауылы.