Біз Қарамеңді батыр-би бабамыз жөніндегі алғашқы мақаламызда ол кісінің есіміне қатысты құпияға толы ауызша және жазбаша тарихи деректерге контент-лингвистикалық, салыстырмалы, эпистолярлық талдау жасап, бабамыздың нақты азан шақырып қойған есімін анықтауға қол жеткіздік. Ендігі мақаламызда біз әңгімені Қарамеңді Мұратұлының шежірелік жүйесіндегі Мұраттың арғы атасы Тоқарыс деген ру басының шынайы есімін нақтылауға қатысты деректерге азын-аулақ талдау жасауды жөн көреміз.
Ауызша және қазірге бар жазба шежіре-деректердің басым көпшілігінде «Тоқарыс» деген кісі есімі «Тоқарыстан» болып айтылып әрі жазылып, осы есім шежірелік және басқа да деректік материалдар айналымында орнығып қалғаны байқалады. Осы ретте, Бексұлтан Нұржеке-ұлының: «…Шежіре дегеніңіз шырт еткізіп ағыта қоятын анау-мынау түйін емес. …Бір-бірімізге пышақ ала жүгірмей, сан алуан шежірелерді сан түрлі жазба тарихпен салыстыра отырып, асықпай түйін жасауға тиіспіз» [Бексұлтан Нұржеке-ұлы. Қазақ тарихынан. –Алматы: «Жалын баспасы», -2019. -672 б. (183 б.)], – дей келіп, оның: «Жалпылай алғанда тарих та, оның жеке тұлғаларды тізімдейтін шежіресі де халықтың иә жеке адамның қай кезде кімнен бөлінгенін, немесе қай кезде кіммен бірккенін баяндайды» [Бексұлтан Нұржеке-ұлы. Қазақ тарихынан. –Алматы: «Жалын баспасы», -2019. -672 б. (190 б.)], – дегенімен келісеміз.
Осы «Тоқарыс» деген баба есіміне қатысты көзқарасымызды эпистолярлық материалдарға негізделе отырып, салыстырмалы талдау жасауда біз шежірелік жазбаларды басшылыққа аламыз. Мәселен, Өмірқұл Құлшықовтың «Қазақ шежіресі» атты шежірелік жазбасында: «Енестен бес бала болыпты. 1. Қазақ. 2. Созақ, 3. Қалмақ. 4. Қарақалпақ. 5. Наурыз (қырғыз). Қазақтан – жалғыз ұл Алаш (Алаш хан). Алаштан үш ұл: 1. Ақарыс – ұлы жүз. 2. Бекарыс – орта жүз. 3. Жанарыс – кіші жүз» [Қожамқұл Ж., Құлшықов Д.Ө. Мүйізді Өтегеннің – мүйізді ұрпақтары: Тарихи публицистикалық шығарма. –Алматы: «Нұрлы Әлем», 2019. -280 б. (117 б.)], – десе, «Өтеген батырды жоқтау» атты жырда: «Ақарыс пен Жанарыс, Және де бар Бекарыс, Қазақ болып тарайды» [Қожамқұл Ж., Құлшықов Д.Ө. Мүйізді Өтегеннің – мүйізді ұрпақтары: Тарихи публицистикалық шығарма. –Алматы: «Нұрлы Әлем», 2019. -280 б. (205 б.)], – деген өлең жолдары бар. Міне осы шежіредегі Үш Алаштың аттарын негізге ала отырып біздің арғы атамыздың есімін осылардың аттарына ұйқастырып, «Тоқарыс» деп ырымдап ат қоюы әбден мүмкін. Өйткені қазақ ырымшыл халық болатын болса, арғы тегіне ұйқастырп балаға ат қою, тіпті ұстанымға айналған деуге болады. Мәселен, Б.Нұржеке-ұлының, көне дәуірлерде албан, суан, дулат тайпаларының аты аталатынын айта келіп: «Мұнда не сыр бар? Біздің ойымызша, Албан, Cуан, Дулаттарға бертінде бұрынғы бабаларының атын қайта жаңғыртып қойған болуы керек, сірә» [Суан шежіре. Ұраны – «Бай Суан», Таңбасы – «Абақ» /Құрастырушы: Сұлтанбек Ешмұхамбетов –Алматы: «Жалын», 1993. -144 б.(5 б.)], – деген. Бұл қазіргі кезде де қазақтың балаға ат қоюында сол ежелгі ырым-жоралғылық дәстүрлі мәдениет өз жалғасын тауып келеді. Сондықтан, біздің пікірімізше, Қарамеңді би-батырдың арғы атасының шынайы есімі Тоқарыс болғаны шындыққа жанасады. Бұл бір.
Екінші дәлелді жоғарыда аталған шежіренің «Бәйдібектен таралғандар» деген бөлімінде Бәйдібек атамыздың үшінші әйелі Домалақ анадан Жарықшақ (Тілеуберді), одан Албан, Суан, Дулат болғанын атай келіп: «Екінші баласы – Суан. Суанның 2 баласы болған: 1. Байтөккей. 2. Тоқарыс. Тоқарыстан 2 бала: 1. Тұрлымбет. 2. Мұрат» [Қожамқұл Ж., Құлшықов Д.Ө. Мүйізді Өтегеннің – мүйізді ұрпақтары: Тарихи публицистикалық шығарма. –Алматы: «Нұрлы Әлем», 2019. -280 б. (128-129 бб.)], -десе, «Қазақ шежіресі» деген жазбада: «Суан – Бекарыс (лақабы Байтүгей), Тоқарыс, Абылғазы деп бөлінеді. Тоқарыстан – Мұрат, Орыс, Тұрламбет, Баубек» [Сәдібек Зайыр. Қазақ шежіресі. (Жауапты ред. Ш.Құрымбайұлы). –Т.: Өзбекстан, 1994. -144 б. (76 б.)], -деген нұсқа беріледі. Мұнда да қазақтың ағайынды адамдардың атын бір-біріне ұйқастырып қою дәстүрін анық байқаймыз. Т.Омарбековтың келтірген дерегінде: «Қазіргі шежірелер Суанның Бай және Дай деген балаларынан тарататын аталарды естен шығарып алған. Сондықтан да Суаннан бірденнен Бекарыс, Тоқарыс, Абылғазы деген аталарды таратады» [Талас Омарбеков. Қазақтың шығу тегі//Зерттеу. Тараз: «Сенім» ЖБО. –Тараз, 2019. -330 б. (121 б.)], – деп келтіріледі. Мұндағы біз үшін маңызды мәселе – Тоқарыс деген есімнің жоғарыдағы мәтіндерде бес рет қайталануы.
Бұдан екі түрлі тұжырымға келуге болады. Біріншісі – біздің Мұрат бабамыздың әкесінің шын аты – Тоқарыс болғаны анық айтылады. Екіншісі – осындағы Тоқарыстан – кімнен деген сұраққа жауап беретін шығыс септігінің жалғануынан кейінгі жазба деректерде «Тоқарыстан» деген сөз адам есіміне айналып кеткен деп есептейміз. Сонау П.П.Румянцевтің 1912 жылғы еңбектерінен бастап, кейінгі энциклопедиялық, шежірелік жазба деректердің барлығында осы «Тоқарыстан» есімі қолданыста жүр. Бұл қазақ тіліндегі есім сөздердің лингивстикалық түрлену үдерісін дұрыс түсінбегендіктен қалыптасқан жаңсақ фонемалық әрі семиотикалық локуналық феномен немесе фразеологизм деп түсінеміз.
Ендігі нақтылауды қажет ететін мәселе – ол Қарамеңді батыр бидің туған жылы мен өмірден қайтқан жылдарын анықтау болып отыр. Басты күрделі мәселе – ол бабаның туған және өмірден қайтқан жылдары туралы әзірше тікелей нақты мәліметтердің болмауы. 1996 жылы жарыққа шыққан Бағыс – Суан шежіресінде де Жетісу Суандарының үнемі желдің өтінде, жаудың бетінде жүргендігі, олардың ішінен небір марқасқалар шыққандығы айтылады. Бұл мәселеде бір нәрсе анық – ол Қарамеңді бабаның ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген тұлға болатыны. Сондықтан, біз бұл тұста жанама материалдарға негізделе отырып анықтауға мәжбүр боламыз.
Осы тұста, хронологиялық мәліметтердің тізбегіне жол беретін болсақ, «Ұлы бабамыз Бәйдібек 1356-1419 жылдары өмір сүрді. Оның туған жері – Ташкент қаласы» [Суан шежіре. Ұраны – «Бай Суан», Таңбасы – «Абақ» /Құрастырушы: Сұлтанбек Ешмұхамбетов –Алматы: «Жалын», 1993. -144 б.(15 б.)]. Осы дерек Даниарбек Дүйсенбаевтың «Домалақ ана» атты (1991 ж.) еңбегінде де көрсетілетіні айтылады [Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Суан ұрпақтарының шежіресі. Түз. толыт. 2-ші бас. Алматы: «Нұрлы Әлем» баспасы, 2014. -672 б.(8 б.)]. Ал Нысанбек Төреқұл: «Бәйдібек Қарашаұлы 1356-1442 жылдары шамасында ғұмыр кешкен қазақтың атақты биі әрі батыры» [Төреқұл Н. Даланың дара ділмарлары. –Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі, 2006. -592 б. (44 б.)], – деп жазады. Ал «Жарықшақ 1398-1475 жылдары өмір сүрді» [Суан шежіре. Ұраны – «Бай Суан», Таңбасы – «Абақ» /Құрастырушы: Сұлтанбек Ешмұхамбетов –Алматы: «Жалын», 1993. -144 б.(17 б.)], – деп айтылады. Бекболат Көбейұлының жинақтауымен жарық көрген Бағыс Суан шежіресінде: «Жазба деректерде әйгілі бай, батыр, ұлан ғасыр ұрпақтардың арғы бабасы, ұлы баба Бәйдібек 1356-1419 жылдары, әулие ана Нұрила 1378-1456 жылдары, Нұриладан туылған Жарықшақ 1398-1475 жылдары өмір сүргендігі айтылған. Сонда Нұрила ерінен 22 жас кіші. Жарықшағын 20 жасында туған болады» [Бағыс – Суан; Шежіре. –Алматы: Нұрлы Әлем, -1996. -240 б. (11-12 бб.)], – деп көрсетеді.
Ақын Дүйсенбай Сүттібайұлы өзінің 1924 жылы жазылған «Нұрила» деген дастанында:
…Нұрила жаралғандай ақыл-нұрдан
Қыздардың сұлтаны еді елде тұрған.
Он тоғыз жасқа келіп сол Нұрила,
Бәйдібек бабамызбен неке құрған.
Ұлы ана сол некеден бағын бағын тапты,
Келтірді дүниеге Жарықшақты.
Әйелі боп атаның – Албан, Суан
Және Дулат – барлығы үш ұл тапты [Сүттібайұлы Д. «Нұрила». Дастан-толғау, 1924], – деген жыр жолдары жоғарыдағыны растай түседі.
Осы деректерге негізделе отырып, салыстырмалы талдау жасап көрсек, «Шежірелік дастандар» деп аталатын «Бабалар сөзі» 100 томдық шығарманың 32 томы «Үш жүздің шежіресі» атты дастанда: «Жарықшақ кіші әйелден жалғыз туған. Осы кез он төртінші ғасыр еді…» [Бабалар сөзі: Жүз томдық. –Астана: «Фолиант», 2006. Т.32: Шежірелік дастандар. -432 б. (142 б.)], – деген жыр жолдары бар. Сонда Бәйдібек баба мен Жарықшақ (Тілеуберді) бабаның дүниеге келген жылдары дәйектеліп, әкелі-бала екеуінің де ХІҮ ғасырда дүниеге келгендері, әсіресе Жарықшақ (Тілеуберді) бабаның туылған жылы мен дастанда айтылған ғасыры сәйкес келеді. Егер Бәйдібектен (1356-1419) – Жарықшақ (1398-1475) көрсетілген жылы туылса, онда сол кезде Бәйдібек 42 жаста болып шығады. Ал «…Нұрила 1378-1456 жылдары өмір сүрді. …Нұрила 1456 жылы мамырдың 28-жұлдызында бейсенбінің кешінде қайтыс болды» [Суан шежіре. Ұраны – «Бай Суан», Таңбасы – «Абақ» /Құрастырушы: Сұлтанбек Ешмұхамбетов –Алматы: «Жалын», 1993. -144 б.(17 б.)], – деп көрсетіледі. Нұрила ананың туылған жылы мен Жарықшақтың туылған жылдарын салыстыратын болсақ, ол кезде Домалақ ана 20 жаста болып шығады. Бұдан Жарықшақ (Тілеуберді) бабаның туылған жылы шындыққа жанасады деген тұжырым жасауға негіз туындайды деп айта аламыз.
Ал Жарықшақтың (Тілеуберді) үш ұлы болғаны аталмыш дастанның келесі жолдарында: «Жарықшақтан Суан, Албан, Дулат туған, Көптігімен кең байтаққа құлаш жайған. Суан да алған екен екі қатын, Төрт бала мұнан туып қанат жайған. Бәйбішеден Бәйтүгей, Тоқарыстан, Қанбағыс, Досбағыс деп атын қойған. [Бабалар сөзі: Жүз томдық. –Астана: «Фолиант», 2006. Т.32: Шежірелік дастандар. -432 б. (143 б.)], – деп жырланады. Тарихтың шындығы: Албан, Суан, Дулат болатыны. Дүйсенбаев Даниарбектің мәліметі бойынша, «1452 жылы Жарықшақ Жетісу өлкесінің ұлысбегі қызметін ұлдарына тапсыру туралы Есенбұғаға тілек қояды. Оған үш ұлы – Албан, Суан, Дулат қайсысы лайықты? …Бұған Нұрила ана араласып, ұлысбегі қызметіне Дулатты нұсқайды. …Ол кезде Дулат жиырма алты жаста болатын. Дулат Жетісуды түгел өзі билейтінін мәлімдеді» [Суан шежіре. Ұраны – «Бай Суан», Таңбасы – «Абақ» /Құрастырушы: Сұлтанбек Ешмұхамбетов –Алматы: «Жалын», 1993. -144 б. (16 б.)], – деген дәйекті аламыз. Сонда 1452-жылдан 26 жасты шегеретін болсақ, Дулат бабаның туылған жылы жоғарыда көрсетілген 1426 жылмен сәйкес келіп тұрғанына куә боламыз. Бағыс Суан ұрпағы Бекболат Көбейұлының жинақтауымен жарық көрген Бағыс Суан шежіресінде: «Деректерден Албан, Суанның туылған жылдарын кездестірмедік. Дулат 1426-1506 жылдары өмір сүрген делінеді. Құйма құлақтардың айтуынша Суан Дулаттан сегіз жас үлкен болған. Олай болса (Суан – Д.С.) 1418 жылы туылған болады» [Бағыс – Суан; Шежіре. –Алматы: Нұрлы Әлем, -1996. -240 б. (12 б.)], – деп айтылса, осы мағлұматты Қалаубек Тұрсынқұлов: «Деректерде Дулаттың 1426-1506 ж. өмір сүргендігі, оның Суаннан сегіз жас кішілігі айтылады. Сонда Суан 1418 жылы туылған болады» [Дүйсебеков Елік. Суан – Бағыс шежіресі. –Алматы, -2012. -224 + 24 бет қосымша. (7 б.)], – деп ықшамдап қайта келтіреді. Олай болса, Суан бабаның 1418 жылы дүниеге келгенін назарға алуға болады.
Ал егер Суан бабаның (1418) жылы дүниеге келгенін мойындайтын болсақ, бір деректе «Суан елі Бәйтүгей (Бекарыс – Д.С.), Тоқарыстан (Тоқарыс – Д.С.) болып ірі екі руға бөлінеді» [Болатхан Нұрғалиұлы «Құтты қоныс және Суан ұрпақтары» –Алматы, 2002. -42 б. (1 б.) ], – деп айтылса, екінші деректе де Суанның екінші әйелі Басеннен: Бәйтүгей (Бекарыс – Д.С.), Тоқарыс (кенжесі) сынды ұлдардың дүниеге келгені айтылады [Суан шежіре. Ұраны – «Бай Суан», Таңбасы – «Абақ» /Құрастырушы: Сұлтанбек Ешмұхамбетов –Алматы: «Жалын», 1993. -144 б. (41 б.)]. Ал Бәйтүгейден Елтінді батырдың шыққаны тарихта айтылып, оның туылған жылы шамамен 1598 жыл деп көрсетіледі [Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Суан ұрпақтарының шежіресі. Түз. толыт. 2-ші бас. Алматы: «Нұрлы Әлем» баспасы, 2014. -672 б.(18 б.)]. Осы датаны есепке алатын болсақ және 1643 жылы Орбұлақ шайқасының болғанын [Қазақ батырлары. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен. Құрастырған К.Табылдиев. –Астана: Фолиант, 2008.. -360 б. (336 б.)] ескерсек, ол кезде Елтінді батыр 45 жаста болады. Бұны да шындыққа жанасады деуге болады.
Дәулетбек РАЕВ,
философия ғылымдарының докторы.