Шымкентте ғасыр жасаған кейуаналар президент сайлауында өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сайлау учаскесіне келе алмаған дауыс берушілер үшін үй жағдайында таңдау жасау мүмкіндігі жасалды. Олардың бірі Заря Ибрагимова. Әжей – 100 жаста.
Ал 102 жастағы Орынша Чимирова сайлауға бір кісідей қатысты. Ол Қаратау ауданындағы №138 мектепте ашылған №266 сайлау учаскесіне барып дауыс берді.
Ақ батасын берген кейуана сайлаудың келешегіміз үшін маңызды екенін жеткізді.
«Тәуелсіз еліміздің болашағы дегенде барлығымыз бір кісідей алаңдаумыз керек. Осындай бейбіт күнді халқымыз көп аңсады. Біз көп қиыншылық көрдік. Қазіргі жастар ондай ауыр күндерді өткермесін деп тілеп отырамын. Сол үшін Тәуелсіздікті бағалауымыз керек. Менің жасым жүзден асып кетсе де, сайлау секілді маңызды оқиғалардан тыс қалған емеспін. Сайлауға әр азаматтың баруы міндетті. Сайлауда еліміздің болашағы шешілетін күн. Оған бей-жай қарамаған жөн. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әр отбасына береке-бірлік тілеймін», — деді қарт ана.
Айта кетейік, Орынша Төлегенқызы 1920 жылы Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. 4 ұл мен 1 қыз өсірген. Бүгінде тыл еңбеккерінің 25 немересі, 35 шөбересі бар.