Қазақ жерлерін отарлау үрдісі патша әкімшілігі тарапынан 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қарқынды жүргізілді. Тарих бетіне Қазақ хандығы деген атпен шығып, батыс және шығыс елдеріне мәлім болғаннан бері ұзақ жылдар бойы сыртқы жаулармен тынымсыз ұрыс жүргізіп келген қазақ халқының әлеуметтік экономикалық күші әлсіреді. Өзбек ұлысы кезінде басталған ойрат басқыншыларымен үздік-создық жүргізілген жан беріп, жан алысқан шайқастар 1758 жылғы ойраттардың бұл соғыстан мемлекет ретінде жойылуымен аяқталса да, қазақ хандығы да әлсіреп шықты.
Жоңғар шапқыншыларына қарсы күресуге күш біріктіруді ұсынып, сол заманғы қару-жарақпен көмек сұраған қазақ хандарының өтінімін аяқсыз қалдырған патша өкіметінің өз көздегені бар еді. Ресей патшалығы көшпелі далалық экономикалы екі мемлекетпен салыстырғанда техникалық жағынан анағұрлым дамыған әрі сол заманғы жетілген қару-жарақпен қаруланған қуатты елдердің қатарында тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Еуропаның кейбір елдеріне қарағанда басқыншылық саясатымен де алда тұрған ірі мемлекет еді. Сондықтан да біздіңше айтқанда Ресей шығыста екіжүзділік «Екі арыстан алысса, шиебөріге жем болады» саясатын ұстанды. Ұзақ мерзімге жоспарлап, мақсатты түрде ішкі жақтан әскери экспедициялар жасақтап, оларға елшілерін, саяхатшыларын, зерттеушілерін қосып маңызды нәрселерді анықтау үшін қазақ даласына жіберіп отырды. Ал олар шын мәнінде зерттеушілік терісін жамылып, қазақ жерлерін емін-еркін аралап, барлаушылық қызметті барынша жүргізді. Осы арқылы қазақ даласының ішкі-сыртқы жағдайынан, асты-үстіндегі қазба байлығынан толықтай хабардар болып отырған патша үкіметі қазақ хандығының уақытша бытыраңқылығын пайдаланып, арнайы экспедициялар ұйымдастырып, елдің солтүстігі мен батысындағы шекаралас жерлерге біртіндеп бекіністер салып сұғынып ішкерілей ене берді. Жан-жақты қыспақты ұрыстардан әлсіреген қазақ хандығының күш-қуатының әлсірегенін пайдаланған ресей патшалығы оларды өздеріне дипломатиялық, басқа да құйтырқы әрекеттерімен бағынышты санап, хандардың билігіне шектеу қойып, келе-келе олардың ықпал ету аймағын тарылтты. Әсіресе, отаршылдардың қазақтардың билік басындағы топтарды бір-біріне қарама-қарсы қойып, әр нәрсеге арандату арқылы олардың ел алдындағы беделін түсіре отырып, ықпал билігін әлсірету саясаты жақсы жолға қойылды. Патша отаршылдары қазақ билеушілерінің ішінде өзара іріткі туғызу арқылы орталық билікке бағынышты жасап, тиімді саясат жүргізіп, олардың ауыз бірлігінің күшейіп кетпеуін қадағалап отырды. Әрі осы саясатты жүзеге асыру арқылы қазақ жұртшылығына оның дербес мемлекеттігін жою әрекеті екенін жеткізу еді.
Отарлық биліктің тым асқындап бара жатқанына төзбеген Кіші жүз қазақтарын бастап 1785 жылы Сырым Датұлы көтеріліске шықты. Байбақты руынан шыққан бұқара халық қолдаған Сырым батырдың козғалысы елге зорлық-зомбылық көрсеткен хан тұқымдарына қарсы бағытталған десек те, оның ар жағында хан-сұлтандарды сүйеп, қолдап, қолтықтарына су бүркіп отырған орыс өкіметіне көрсетілген алғашқы ірі қарсылық еді. Көтеріліс жеңіліспен аяқталғанымен ол қазақ жеріндегі отаршылдыққа қарсы алғашқы ірі халық бұқарасының көтерілісі ретінде тарихтан орын алды. Хандық билікті жою мемлекеттік дербестікті жоюдың негізгі құралы деп таныған патша билеушілері Орта жүздегі хандық билікті ауыздықтауға бет түзеді. Бұл 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы жарғы» негізінде жүзеге асырылғанымен оның кесірі халыққа қатты батып, үлкен көтеріліске әкеліп соқты. Орыс отаршылдарының біртіндеп рулық, тайпалық қатынастарды ыдырату арқылы «бас басына би болуға» ұмтылдыру жүйесі, билікті өз қолдарына алуы, қазақ жерінің орталығына дейін сұғына енуі еріктіліктің қолдан сусып, жат жерліктердің қолына өтіп бара жатқанын білген қазақтар 1836-1838 жылдарды қамтыған Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтің бастауымен көтеріліске шықты. Орыс билігінің қолдауына сүйеніп қарамағындағы халықты талан-таражға түсіріп, зорлық-зомбылыққа жол берген Бөкейлік хан тұқымдарының әрекеті, қазақтар мен орыстар арасындағы шешілмеген жер-су дауы, салықтың шамадан тыс көбейгендігі осы көтерілістің басты себебінің бірі болды. Көтерілістің халық қолдауына ие болғандығын оның еркіндік сипатын ашқан Махамбет пен Шернияздың дауылпаз жырларынан көреміз. Кенесары Қасымовтың басшылығымен басталған патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс 19 ғасырдың ортасындағы ең тегеурінді күрестің бірі болды. 1837 жылы күзде өжеттікпен Ақтау бекінісінің қарулы атты казак отрядтарына шабуылдан басталған ұрыс көлемді аймақты қамтып, 1847 жылға дейін созылған ұзақ жылдық қарулы көтеріліске ұласты. Екі тарапты қысымға ұшыраған қазақ қоғамы отаршылдарға қарсы үздіксіз күрес жүргізіп отырды. Сыр бойындағы 1856 жылдардағы Жаңғожа батыр мен 1853-1858 жылдардағы Есет Көтібарұлының қарсылығы тоқтатылғанымен, 1869-1870 жылдары Маңғыстау жеріндегі қазақ бұқарасының көтерілісі азаттық жолындағы ұлттық сананың көтерілгендігін көрсетті.
Қазақ жерін отарлау ісі шығыс ісіндегі патша билеушілері үшін негізгі мәселенің бірі болғандығы белгілі. Экономикадан туындаған жағдайға байланысты территориясы тиіп тұрған елдер олар үшін шикізат өнімдерін тасымалдайтын, өндірілген өнімді өткізу рыногі ретінде тиімді еді. Қазақ қоғамының қоғамдық саяси және экономикалық әлсіреуін пайдалана отырып өз билігін қолдаушылар ретінде 1861 жылғы басыбайлылық реформадан кейін күйзелген орыс шаруаларын тартып алған жерлерге қоныс аудару арқылы өздеріне тірек жасады. Бұл іске әскери казактар, орыс шаруалары көптеп тартылды. Ресей жеріндегі сіңірі шыққан мұжықтар мен әртүрлі сословиеден құралған топтар патша әкімшілігі тарапынан көптеген жеңілдіктерге ие болып, тұрмыс жағдайлары жақсарып, тойынғаннан кейін олар да жергілікті қазақтарды менсінбей өздерін биік ұстады. Бірте-бірте отарлаушы биліктің қолшоқпарына айналды. Тарихта үнді жерін еуропалық басқыншылар теңіз арқылы жүзіп барып жаулап алған болса, орыс патшасының пәрменімен қазақ жерлері құрлық арқылы-ақ жаулауға ұшырап, шекаралас аймақтарда әскери бекіністер түсе бастады. 18 ғасырда сонау Ертіс, Жайық бойыннан басталған бекіністер тұрғызу жүйесі Арал теңізі аймағын, Сырдария өзені бойын тұтастай шеңберлей қамтый келе, 1870 жылдарға дейін қазақ жерін түгелдей құрсаулап алды. Орыс отрядтарының жазалау шараларына қарсы күрескен қазақ ауылдарының мал-мүлкін тонап, адамдарын қырғынға ұшыратқан әскерилерге шара көрілмеді. Керісінше, солардың мүдделері үшін басып алынған жерлерде бақылауға лайықты мықты бекіністердің айналасында үй-жайлар, казармалар салынып, тұрмысқа керекті нәрселермен қамтамасыз етілді. Мұндағы әскерилендірілген қоныстардың басында қарамағында қарулы жасағы бар станица атамандары болды. Оларға аймақтағы тәртіпті қатаң бақылау міндеті тапсырылды. Казак станицаларында әскери казармалар, мекен-жайлар салынып, атты әскерлерге керекті құрал-жабдық қоймалары, жем-шөппен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін әртүрлі шаруаларды атқаратын қосалқы жұмыс күші ретінде ішкі жақтан көшіріліп әкелінген орыс мұжықтары орналастырылды. Станицалар негізгі байланыс жолдарының бойына, тұрмысқа қолайлы тұрғылықты халықтан тартып алынған су көзіне жақын жерлерге салынды. Станицалар тірек пункті болып есептелініп, орталығына көрнекті етіп христиан шіркеулері тұрғызылып, оларға жақын маңайларға диірмен, наубайхана, сыра қайнататын шағын қолөнер кәсібін жасайтын орындар орналастырылды. 19 ғасырдың соңғы кезіндегі патшалықтың «Көшпелілер иемденген жерлер, олардың бар байлығы, оның ішінде орманы, мемлекеттің меншігі болып табылады» деп көрсетілген қаулыдан кейін станица төңірегіндені жергілікті халықтан тартып алынған шұрайлы жерлерге орыс және славян тектес басқа да қоныс аударушылар шоғырланды. Түземдіктерді жазалау шараларының бірі ретінде тыпыр еткізбей, қысқа не болмаса ұзақ мерзімде бағынышта ұстау үшін әртүрлі қамақтар, абақтылар салына бастады.
Жетісу өңіріне де алғашқы ірі-ірі станицалар желісі түсті. Осы орайда мына бір тарихи фактілерге де көңіл аударған жөн. 19 ғасырдың 70-80 жылдары дүниежүзілік халықаралық қатынастарының шиеленісуі кезінде, әсіресе, ағылшындардың оңтүстіктен үнді-қытай арқылы Қытайға өктемдеп енуінен секемденген Ресей патшалығының ұстанған мақсаты олардың Шығыс Түркістанға деген саяси ықпалын әлсірету болды. 1867 жылы Жетісу облысы құрылып оны басқаруға бұрынғы Ұлы жүздің Алатау округінің бастығы генерал-майор Г.А.Колпаковский бекітілді. Ол патша өкіметінің нұсқауын іске асыра отырып 1871 жылғы мамыр-маусым айында 2000-ға жуық солдаттан тұратын әскери экспедицияны басқарып Бөріқұзар (орысша Голубовская станица. Көктал ауылы) бекінісінен шығып бірнеше күннің ішінде Іле аймағына басып кірді. Іле сұлтандығының әскерлерінің басшысы Әбілоғлының 6 мыңдық әскеріне соққы беріп, тез арада тізе бүктіріп Құлжа қаласын алды да, бүкіл Іле аймағын отарлап Ресей иелігіне мойынсұндырды. Шайқаста Г.А.Колпаковскийдің әскерінен 5-еуі өліп, 8-і жараланған, ал, Әбілоғлының жасағынан 550 адам өлген. Генералдың осы ісін жоғары бағалаған патша үкіметі оның дәргейін көтеріп, оған генерал-лейтенант шенін берген және осы «Құлжа жорығы» патша өкіметінің аймақты 1871-1881 жылдарға дейін уақытша өз билігінде ұстап тұруына алып келді (Қараңыз. Вопросы истории Казахстана 19-начало 20 века. Алматы 1961 г. стр.75.). Г.А.Колпаковский бастаған патша әскерінің Жаркент қаласын басып, Сүйдін арқылы Құлжаға өткендігіне тоқталсақ, әскери құраманың елді мекендерге тоқтап, азық-түлік қорын, жем-шөбін толықтырып, тынықтырып алып жүруі қалыпты нәрсе. Зерттеу ретінде жазылып отырған мақала болғандықтан Жаркент қаласының тарих парағының беттеріне жазылып түсуіне тоқталсақ б.д.д. 3 ғасырдан б.з. 6 ғасырына дейін патшалық құрған Үйсін мемлекетінің аумағында ондаған қалалар болған болса, соның бірі Жаркент қаласы деп санауға болады. Оған дәлел қазір тұрғындар жер қазу жұмыстары кезінде 3-4 метр тереңдіктен тауып жатқан үйсін ғұрпымен жерленген адамдардың сүйегі мен көптеген әртүрлі қыш ыдыстар. Жаркент қаласы аумалы-төкпелі шапқыншылықты басынан көп өткерген. Археология ғылымдарының білгірі, Қазақстандағы көптеген көне қалалардың орнына жүргізілген қазба жұмыстарына басшылық жасаған археолог, тарих ғылымдарының докторы, академик Карл Байпақов пен Арнабай Нұржановтың 1992 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Ұлы Жібек жолы және орта ғасырлық Қазақстан» деген еңбектерінде «X-XII ғасырларда Жібек жолының бір тармағы Іле алқабын оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай көктей кесіп өтті» дей келе (жоғарыдағы кітаптың 14-ші беті) «Іленің оң жағалауымен созылған жол осы күнгі Көктал елдімекені мен Панфилов (Жаркент қаласы деп оқыңыз) қаласын басып өтеді. Көктал төңірегінде Ілебалық (Ілебалық 12-13 ғасырға жататын қазіргі Үшарал ауылының іргесіндегі көне қалашықтың орыны) деген қала болған» делінген (Қараңыз 15-ші бет). Ұлы Жібек жолы бойында Жаркент қаласы болғандығы көрнекті ғалымдардың зерттеулерінде тайға таңба басқандай айтылып тұр. Жазбада көрсетілген Ілебалық қаласының орнына 2016-2018 жылдары археологиялық қазба жұмыстарын америкалық археологтарды қатыстыра отырып К.Байпақовтың өзі басқарып жүргізді. Қазба жұмыстарына мен де қатыстым.
Тарихи жазба деректерде 10 ғасырлардың соңынан бастап шығыс пен батыс сауда жолының бойындағы елді мекен ретінде көрсетілгендіктен де Жаркент қаласы тұрғылықты қазақ халқы үшін зор маңызға ие болған. Орта ғасырлардағы саяхатшылар, тарихшылар тоғыз таралым соқпақ қиылысатын Жаркент қаласының өте ертедегі Ұлы жібек жолы бойындағы сауда қарым-қатынасы үшін аса маңызды қала екендігін растайды. Осыған байланысты тағы да айта кететін дәлел, атақты археолог, тарих ғылымдарының докторы, академик Уахит Шалекенов 2014 жылы тамыз айының 16-да маған жазған хатында былай деп көрсетеді. Көпшілік оқырманға түсінікті болу үшін хаттағы мәтінді өзгертпей толық беріп отырмын. «Сіздің «Егемендік Қазақстан» газетасының 15.8.2014 ж. санындағы «Жас археолог» атты мақалаңызды оқып, Сізге рахметімді білдіремін. Сіздің ұстаз ретінде 5 сыныпта оқитын Бағашар Тілектің тапқан археологиялық жәдігерлерінен хабар бергеніңіздің өзі адамгершілік. Жаркент Ұлы жібек жолындағы көне қалалардың бірі. Ол қаланың астында бірнеше жылдық тарихымыз жатыр. Оны ешкім археологиялық жағынан зерттеген жоқ. Ертелі-кеште бұл қала зерттеледі» деп жазыпты. Соңында өтініш ретінде табылған археологиялық жәдігерлерді Ә.Х.Марғұлан атындағы «Археологиялық институтқа» тапсыруымды сұрапты. Өзіме бес жыл ұстаздық еткен Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы қызметін атқарған қадірлі ұстазымның тілегін аяқсыз қалдырмай орындадым. Жаркент өңірінен табылған археологиялық жәдігерлерді толықтай ресми хаттамамен Жаркенттегі жауынгерлік «Даңқ» мүзейіндегі археологиялық бөлімге тапсырдым. Көптеген көне археологиялық қазбаларға басшылық жасаған, сол жөнінде ондаған том монографиялық еңбектер жазған 91 жастағы қарт ғалым газет бетін парақтап, оқып, Жаркентке көңіл аударып, жаңалыққа үн қосып отырса қаламыздың ашылмаған тылсым сырлары жеткілікті екендігі білініп тұр. Тіптен алысқа бармай-ақ қазақ халқының талантты ұлы Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы 3-ші тамыздағы осы арадан өтіп бара жатқандағы, яғни, Құлжа сапарындағы күнделігінен мысал келтірсекте болады. Айналасындағы түрлі өсімдіктер басқан қалың тоғайлы алқапқа сүйсіне көз тастаған Шоқан «Оң жағымызда Жаркент, Тыған (Тышқан қалашығы болуы керек) қалаларын қалдырдық» дейді. (Шоқан Уәлиханов, Таңдамалы шығармалары, Қазақтың көркем әдебиет баспасы. Алматы. 1958 жыл. 375-бет). 18 ғасырдағы қазақ халқының басынан өткерген ұрыстар тарихын хатқа түсірген жылнамашы Қазыбек бек Тауасарұлының жазбасында Орбұлақ шайқасы өткен жер көне Жаркент шаһарынан алыс емес делінсе, одан бері 378 жыл өтті ғой. Жаркент қаласы 1882 жылдары салынды деген не сөз? Кімдердің мүддесі үшін айтылған сөз?
Жоғарыдағы аты әлемге әйгілі ғалымдардың Жаркент жайлы атап көрсеткен дәлелді жазбалары Жаркент біз салған қала деп жүргендердің аузына құм құяды. Құлжа жорығы кезінде де Жаркент сол өзінің мәртебесін жоғалтпағандықтан Г.А.Колпаковский әскерінің сенімді тылы болды. Алматыдан (Верный), Қапалдан келетін әскери күштердің біразы тоқтап өтетін, күш жиып тыныстап алатын ұлы жолдың бойында жатқан үлкен елді мекен екендігінде дау жоқ. Қуатты жер сілкінісі бола қоймайтынын білетін жергілікті тұрғындар сазды топырақтан үй-жай тұрғызып, Үсек өзенінің бойындағы қалың жыныстың қарағашын, талын төбесін жабуға, қора-қопсы, құрылыс жұмыстарын салуға, қоршау т.б. тұрмысқа пайдаланған. Қалаға тыныстауға тоқтаған әскерлер шағын, тұруға ыңғайлы үйлерге пәтерлерге орналастырылған. Жаркент қаласын Шығысқа қарсы түпкілікті тірек нысаны жасау идеясы 1881 жылғы 12 ақпандағы Петербор келісімінен кейін тіпті қарқын алған. Келісім шартына сәйкес патша әскерлері Құлжа аймағын тастап шыққанда Қытай өкіметі тарапынан қысым көрген ұйғырлар мен дүнгендер Ресей бодандығын қабылдап, біразы шекара өтіп келіп патша әкімшілігі кесіп берген бақылауда ұсталатын жерлерге қоныстанған. Іле аймағындағы ұйғыр-дүңгендердің Жетісу жеріне қоныс аударуына рұқсат бергендегі патша өкіметінің бастапқыда нені көздегені мына зерттеу құжаттарындағы нақты сөйлемдерден айқын байқалады. Түркістан генерал-губернаторының 1881 жылғы 20 маусымда шығарған нұсқау хатында әскери мақсатпен екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Оқырманға түсінікті болу үшін орыс тіліндегі жазылымын түсіріп берейін «в…случае возникновения осложнений с дайцинским правительством (читай-с Англией, стоящей за спиной Китая, -П.Г.) в будущем мы сохраним на границах Китая в целости готовый всегда драться с китайцами контингент людей, ненавидящих их в силу преданий и того обстоятельства, что благодаря китайцам люди эти лишились родины, домов и земли. Оставаясь в районе, кульджинские мусульмане будут истреблены китайцами исподволь подобно тому, как они истребляются в настояшие время в Джунгарии; или же вследствие послабления со стороны китайских властей мусульмане окончательно помирятся с китайским владычеством и таким образом и в этом и в другом случаях они будут для нас потеряны» (Қараңыз, Вопросы истории Казахстан 19-начало 20 века. Алматы, 1961 г. стр.78).
Құлжа аймағындағы ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісу жеріне өткізіп қоныстандыру патша өкіметінің әуелдегі басты әскери мақсаты еді. Қоныс аударушыларды Қытай өкіметінің тарапынан шекара маңында шиеленісті жағдай туындаған кезде оларға қарсы қолданатын айдап салатын және үдеп келе жатқан қытай экспансиясына қарсы барын салып күресетін күш ретінде пайдаланбақ болды. Сондықтанда 1881 жылғы жасалынған Петербор келісіміндегі 3 бапта Құлжа аймағынан көшіп кетем деушілер үшін мерзім белгіленді. Онда былай деп көрсетілді; «разрешалось…переселиться с движимым имуществом в русские пределы в годичный срок со дня передачи края китайцам» (Қараңыз, Вопросы истории Казакстана 19-начало 20 века. Алматы, 1961 г. стр 77). Күшейіп келе жатқан қытай жер иеленушілерінің қатыгездігінен және өз ішіндегі зомагерлердің қысымынан құтылуды көксеген ұйғыр-дүнген шаруалары патшалық ресейдің бодандығын қабылдау – жан сақтаудың әрі ауыл шаруашылығымен айналысудың бірден-бір жолы деп түсінді. Жетісу жеріне өтудің мүмкіндігіне ие болуға ұмтылғандардың дені шаруасы төмен деңгейдегілер, ішінара ғана орташа ауқатты адамдар болды. Құлжа (Құлжа – арқардың аталығы. Ежелгі Үйсін мемлекетінің иелігі) аймағының келісім бойынша қытай өкіметіне берілуі көптеген халықтардың тарихи тағдырына ықпал етті. Ендігі кезде бірі Азия құрлығындағы, екіншісі осы құрлыққа ентелей кірген екі басқыншы мемлекет Ежелгі қазақ елінің қоныстанған жерлеріндегі жергілікті ұлтардың мүддесімен санаспай жыртыс жыртқандай бөле салды. Бұрынғы ұланғайыр қазақ хандығының шығысында жатқан Құлжа аймағы оны ежелден қоныс етіп отырған Суанның, Албанның, Найман елінің Қызай атасынан тарайтын ұрпақтары бұл жер біздің ежелгі өз мекеніміз деп көшпей отырып қалды. Біразы ата жұрттағы қалың қазақтан бөлектенбес үшін Қорғас өзенінен бері өтіп Ресей құлдығының қамытын киді. Түркі жұртын жырымдап бөлшектеу қарекеті белең ала бастады. Ресей өкіметі түпкі мақсатынан әліде болса айнымай жер ауып келген ұйғыр-дүнген шаруаларын арнайы пәрменмен шекара маңына, жақын жерлерге ораластырды. Жаркентпен оның төңірегіндегі Пенжім (тарихи атауы Бестөбе), Ақкент, Тұрпан (тарихи атауы Қоңырқойнау), Садыр (тарихи атауы Сарықыр), Нәдек, Желдітүз (Қазақ тіліндегі «түз» дала, қыр мағынасында. «Түзге шығу» далаға, сыртқа шығып сергу, серпіліп келу мағынасында), Нағарашы (Қазақ тіліндегі көнерген сөз. «Нақыра» – жаппай, түгел мағынасында. Ал, «шы» – көне түркі тілінде ел, жұрт яғни қалың жұрт адамдар отырған жер ұғымына меңзейді. Қазіргі тіліміздегі «мал-шы», «қой-шы» т.б. сөздер. Қосымша материал ретінде оқып көріңіз: Б.Қыдырбекұлы. «Түгел сөздің түбі бір». Алматы. 1993 жыл. 77-бет) мекендеріне орныға бастады. Шелек, («Шілік» – тал.), Малыбай, Қорам (Жоңғарларға қарсы күрескен Албан руының батырлары) елді мекендеріне орналастырылды. Өлкедегі тұрғылықты халықтар қазақтармен бірге әр жақтан қоныс аударып келушілер арасындағы шиеленісті өз мақсаттарына қарай шешіп отыру жергілікті патша әкімшілігіне оңай тиген жоқ. Жайылымдық, егіншілік жерлер мен су көздеріне талас-тартыстар келімсектер мен тұрғылықты адамдар арасындағы кикілжіңдерді шешу, одан кейін оларды тергеп-тексеру, жазалау шараларын атқару үшін оларды былайғы жұрттан оқшаулау орындарының қажеттілігі, абақтыларды салуға алып келді. Ел ішінде патша әкімшілігінің бұратанаға санап, қарапайым халыққа жасаған астамшылық іс-әрекетіне, жүгенсіз үстемдігіне наразылық білдіріп көз алартқан, қарсылық көрсеткен тұрғылықты бас көтерер азаматтарды абақтыға тоғытты. Алғашқы бірді-екілі жазықтыларға арналған кішігірім «абақты», «қамақ» аталатын орындар патша отарлаушылармен ілесе келіп салынды десек, қазіргі күнге дейін Үсек өзенінің жарқабағында анадайдан андағайлап мен мұндалап тұрған түрме ғимараты солардың ішіндегі ең зұлматты кезеңдегі Жаркенттің жазылмайтын жарасының орны.
1881 жылы сәуір айында Петерборда өткен Ресей-Қытай келісімінен кейін Қорғас өзені екі мемлекетің ортасын бөліп тұратын шекара болып белгіленді. Ал екі жақты келісімнен кейін қайтуы ұзақ уақытқа созылған орыс әскерлері Құлжа аймағын тастап шықты. Құлжадан шыққан шығысқа қарсы бағытталған әскери күш негізінен Жаркентке шоғырландырылды. Сондықтанда 1882 жылы Жаркентке қала статусы беріліп, уезд орталығы болып бекітілгені де сол. Жергілікті Суан, көршілес Албан елі бағынатын ресей патшалығының әкімшілік, басшылық жүргізетін орталығына айналды. Кейін патша билігі уезге қарасты көшпелі қазақ шаруаларын уысында ұстап, олардың тыныс-тірлігін бақылауға алып наразылық түрінің кез-келгенін қарудың күшімен басып тастау үшін шекарадағы қазақтар орналасқан ауылдарының үстіне Қорғасқа, Басқұншыдан бастап, Көктал, Шонжы, Қырғызсай, Жалаңаш, Шелек, Нарынқолға казак отрядтарын орналастырып, станица атауын беріп, әскерлермен күшейтілді. Ішкертіннен көшіріп әкелінген шаруаларды қоныстандырып, соларға қазақ шаруаларының ауылдағы құнарлы жерлерін күштеп тартып алып беріп өз тылдарын нығайтты. Қоныс аударушылардың арасында мұжықтар әсіресе Сібірден әкелініп қоныстандырылған сақалды кержактар Жаркент, Жалаңаш, Нарынқол аймағында көп болды. Сөз арасында айта кетелік, кішкентай кезімізде «Әне, бабай келе жатыр», «Жылама бабай алып кетеді» деп жылаған, айтқанға көнбей жатқан балаларды қорқытып жатқанды көп естідік. Өзімізді де талай қорқытқан. Кейін көрдім, үлкендері көп сөйлемейтін, үнемі түнеріп жүретін, түсі суық, қаба сақалы ұйысқан, орыстар еді. Христиан дінін қабылдамай ескі дінді (староверцы) ұстанып, Сібірге жылжып кеткендерді кержактар деп атап кеткен. Патша билеушілерінің жергілікті халықпен күресіндегі негізгі тірегі казак-орыс әскерилері мен шаруалардан кейінгі жергілікті жердегі тіректері осы кержактар болды.
Шығыс шекарадағы орыс отаршылдарының жергілікті халықтың қарсылығын басып ұстау әрі сыртқы күштерге қарсы құрылған Жаркент станицасы негізгі орталыққа айналды. Үсек өзенінің жарқабағына қарағайдан жонып салынған екі қабатты әскери казарма тұрғызылды. Сол заманға лайықталынып салынған ғимараттың астынғы қабатына атты эскадронның солдаттары орналастырылып, ал, үстіңгі қабатында офицерлер отыратын бөлмелер мен кеңселері болды. Уезді басқару істері осы жерден жүргізілетін. Жаркентке қала статусы берілгеннен соң ресейден қоныс аударушылар, жайлы жер іздеушілер, ресейге 16 ғасырда бағынып, христиан дінін қабылдаған шоқынған татар көпестері, тағы да басқа сырттан көшіп келушілердің қарасы көбейіп, қала өсе бастады. 1897 жылғы жүргізілген санақ бойынша Верный (қазіргі Алматы қаласы) қаласында адам саны 23 мыңды құраса, Жаркент қаласының тұрғындар саны 16 мыңнан астам болған. Әулие-Ата (Тараз) халқы 12 мыңға, Перовск (Қызылорда) қаласының саны 5 мыңға жуықтапты. Бұл мәліметтен Жаркент қаласының қазақ жеріндегі ең ірі қалалардың бірі болғандығын анық байқаймыз.
Құлжа аймағы 1881 жылғы Петербор келісімі бойынша Қытай мемлекетіне қайтарылғаннан кейін орыс әскерлері Құлжа қаласын тастап шығуы керек болған. Оншақты жыл ішінде қордаланып қалған орыс әскерлерінің қару-жарағын, соғысқа қажетті мүліктерді тасып әкету мәселесі туындағанда олар ойланбастан Жаркент қаласына интендаттарын жіберіп дайындап, тұрақты әскерлерін осында көшірді. Жорық кезіндегіндей емес ендігі кезекте жаңадан орыс иелігіне қараған жерлерде әскерлерді шашыратпай, топтап, тәртіппен ұстау үшін казарма салу мәселесі туындады. Мына мәселеге де айырықша мән беріп қарауымыз керек секілді. Бұған дейін яғни, 1880 жылдарға дейін Суан ішіндегі Сатай руынан шыққан Қожабайұлы Әжібек қажы, інісі Тұрысбек, Бектеміс (қажылыққа екі мәрте барған) тағы да басқа қажылыққа барған кісілер Меккеден оралған соң тұрғылықты қазақтар арасында Жаркентте мешіт салу ісін көтерген, әрі қаржылай ұйымдастырушылары да болған. Ресей патшалығына басып алған жерлерінде шіркеулер тұрғызып, христиан дінін күштеп тықпалап енгізіп келе жатқанынан қорғанудың жалғыз жолы осы мешіт салуды тездетіп қолға алу еді. Үдеп келе жатқан орыстық қатерге мұсылманшылықты қарсы қою әрекетіне арғы беттегі (Іле өзенінің сол жағы) Албан елі түгелдей қолдау көрсеткен (Бұл жөнінде жазба деректер бар). Дені мұсылман дінін ұстанатын жергілікті қазақтардың осы өңірдің орталығы болып табылатын Жаркентте мешіт салу талаптарын құптай отырып, патша үкіметінің жергілікті билеушілері осы мүмкіндікті жібермей өз пайдаларына қарай әрекет еткен болуы керек. Тұрғылықты халық мешіт салуға деп қаржы жинап, Іле өзенінің сол жағалауындағы Іле Алатауының сілемі Кетпеннің тауының баурайындағы сай-саладан құрылысқа жарамды қарағай дайындап жеткізе бастағанда патша шенеуніктері әскери казарма салуға қажетті ағаштарға тапсырыс берген болуы мүмкін. Оның да себебі жоқ емес, олай дейтінім Жаркенттегі қазіргі құланды болайын деп тұрған түрменің керегесі мен өң бойындағы қиюластырып қаланып бекітілген қима бөренелердің барлығының бір тектестігі, әрі шыққан жерінің қарағайларының ұқсастығы. Және сол кездері арзан жұмыс күшін тарта отырып тез арада салдырған. Қима ағаштарға лабораториялық, рентгендік зерттеу жұмыстарын жүргізсе де олардың құрамын және жасын анықтауға болады әрі өскен жері тектес, Іле Алатауы болып шығады. Жоғарыдағы айтылған жағдаяттарды салыстыра келе Жаркентте мешіт салуға дайындық жұмыстары жүргізілу барысында тасымалданған материалдардың есебінен осы араға орын тепкен шекара күзетінің әскери казармасы да салынған деп ой түйіндеуге болады.
Орыс әскерлерінің Құлжа жерін тастап шығуы, ресей патшалығының бодандығын мойындаған (Жоғарыдағы мақалада нақты сандары көрсетілген) ұйғырлар мен дүнгендердің Іле аймағынан Жаркент, Верный уездеріне алты болыстық жерге қоныстандырылуы, оларды жерге орналастыру мәселелері суандар салмақ мешіттің құрылысын біршама кешіктіріп бастауға себеп болды. Ал тағы да айтарымыз, тоғыз жолдың торабына орналасқан әрі ел көп шоғырланған мекен Жаркентте мешіт тұрғызу мәселесі жергілікті суандар арасында 1870 жылдардың ортасына дейін көтерілген еді. Оған нақты тарихи деректер де мысал бола алады. Мақаланы жазу барысында біз сілтеме жасап отырған зерттеу еңбекте 1882 жылы Верный уезіндегі қуаңшылыққа байланысты өлкенің жоғарғы билігі жоқшылыққа ұшыраған қоныс аударушыларға (Оқыңыз, ұйғырлармен дүнгендерге) жәрдем көрсету үшін тікелей қаржы бөлген. Ал, 1882 жылы Жаркент уезіне бөлінген қаржының тең жартысы (10 000 сомның 5 мың сомы) мешіт салу үшін саудагер Юлдашевке берілген (Қараңыз. Вопросы истори Казахстана 19-начало 20 века. Алматы. 1961 г. стр. 97). Олай болса тарихи деректерге сүйене отырып осы өңірде оның ішінде Жаркент қаласында мешіт салу мәселесі тұрғылықты қазақтар арасында бұл аймаққа орыс басқыншыларының және ұйғыр, дүңген қоныстанушыларының аяғы тимей тұрып көтерілген деуімізге нақты негіз болады.
Патша өкіметінің Орта Азияға басып кіруі жергілікті тұрғындарды қатты шошытты. Басқыншылық саясаттың негізінің бірі тұрғылықты елді христиан дініне бұрып шоқындыру. Қазақ даласына мұсылман дінінің дендеп енуімен 19 ғасырдың ортасынан бастап 20 ғасырдың соңына дейін алғашқы және одан кейінгі кезеңдерде қажылыққа барған жеке адамдар туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы хатқа түсіріп кеткен. Жазбаларында қазақ даласынан үш рет Мекке мен Мединеге сапарлап барған қазақтардың мән-жайын сөз етеді. Орта жүзден 1870 жылдардың ортасында (Кейбір мәліметтерде 1874 жылы деп беріледі) Құнанбай қажылық сапарға шыққанда онымен бірге Жетісуды жайлап отырған Ұлы жүздің біраз атақты адамдары бірге барған. Жоғарыда аты аталған Әжібек Қожабайұлы т.б. жолдан қосылып ілесіп, бірлесіп барулары да мүмкін (Әлі де болса анық-қанығын кейінгі зерттеушілер анықтай жатар). 2004 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасынан шыққан «Жетісу энциклопедиясында» Жетісу аймағынан қажылық сапарға барған адамдардың аты-жөндері аталғанымен, Меккеге барғандарды толық қамти алмаған. Ресей мемлекетінің құрамына кейіндеп қосылған Жаркент өлкесінен 20 ғасырға дейін Меккеге барып қажы атанып келген адамдардың есімдері архивтік құжаттар жүргізілмегендіктен елдің есінде сақталып қалғандығы болмаса, жазбаға түсірілгендерін табу мүмкін болмай тұр. Қазіргі күнге дейін халық арасындағы сақталып қалған қажының баласы деген атаулар кезінде бұл адамдардың арғы аталарының Меккеге сапарлағандығын, қажылықта болғандығын білдіреді.
Жаркентте мешіт тұрғызу мен әскери казарманың салынуын тілге бекерге тиек етіп алып отырған жоқпын, әңгіменің негізі сол әскери казарманың кейін жат жерлік басқыншыларға қарсы еркіндік үшін күрескен жергілікті тұрғындар үшін, оның ішінде жүректері елім, жерім деп соққан талай арыстардың өмірін тозаққа айналдырған азап орны болғандығына тоқталу. Халық жадында сақталып, тарихи деректермен сабақталған мәліметтерде Жаркент өңірінде алғаш болып патша өкіметінің қоныстандыру саясатына қарсы атқа мініп, қолына қару алып күреске шыққан Әтіке мен Нұржеке батырлар, Ұлтанбайлар болды. Патша әкімдерінен тайсалмай қарсы әрекетке барып, түрме азабын алғаш тартқан да солар. Ұлтанбай Жақсымбетұлы патша өкіметіне қарсы жасаған қылмысы үшін 1875 жылы, ал Нұржеке Игілікұлы 1890 жылдары ұсталып, түрмеге қамалып, тергеліп Жаркент уездік соты арқылы жазаға кесіліп, Қиыр Шығысқа каторгалық жұмысқа айдалған. Бұл жерде кейінгі бір зерттеушілердің Жаркент түрмесі 1897 жылы салынды деген деректеріне күмәнмен қарауға тура келіп тұр. Кез келген елдің әскері жүрген жерде әртүрлі тәртіпсіздіктер орын алады. Мұндай жағдайда міндетті түрде жазалау орны абақты салынады (Түркі тіліндегі «абақты» сөзі ауысып немісше «гауптвахта» «гүпақты» аталып кеткен). Құлжадан қоныс аударушы ұйғырлар мен дүнгендерге қатысты жоғарыдағы жазбамда 1882 жылғы Верный (Жаркент жері де алғашқыда осы уезге қараған) уезінде болған қуаңшылыққа байланысты патша әкімшілігі бөлген қаржыны (жан басына шаққанда сол кездегі мөлшермен 2 сомнан тиген) қайтару және жер салығын жинау жөніндегі арнайы жұмыс жүргізген ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік Малиновский 1893 жылы салықты төлемегендердің мүліктерін тартып алып, сатылымға жіберіп, өздерін түрмеге жапқаны туралы жазылады. Бұл қоныс аударушыларға қатысты болғандықтан, ал олардың негізгі бөлігі Жаркент өңірінің тұрғындары деп санайтын болсақ, онда Жаркент түрмесінің сол кезде болғандығын көрсететін негізгі факт.
19 ғасырдың 70 жылдарынан бастап отарлаушы биліктің күштеу, жазалау орнына айналған Жаркенттегі түрмеден қазақ елінің небір азаматтары өткелектен өтті. Жазалыларды қазіргі түрменің астындағы жертөлеге қамап, ал, тергеуге патша әкімшілігі шенеуніктерінің кеңсесі орналасқан бірінші қабатқа алып шығатын болған дейді естігендер. Патшаның отарлаушы саясатына қарсылық көрсеткен, наразылық білдірген олардың әскерлерден кейінгі негізгі тірегіне айналған христиан дініндегі қоныстанушыларға қырын қараған жайылымдық-шабындық, егістік жер-су үшін таласып, қарулы қақтығысуға дейін барған жергілікті қазақтарды тұтқындап, тергеп-тексеретін, зомбылық көрсететін азап орнына айналды. Қаншама себепті, себепсіз ұсталған адамдар патша шенеуніктерінің үкімімен сотталып, жазаға кесіліп, жер аударылып немесе үкіметке қарсы қауіпті қылмыскер деп табылып ату жазасына ұйғарылып, үкім табан астында орындалып отырды. Оның куәсі жүздеген адамдардың аузынан естілетін, түрменің батысындағы талай кінәсіз жандардың жанын алып, тәнін жасырған құлама жар. Үкім шығарылып өлімге кесілген адамдарды атып өлтіру үшін былайғы елдің көзінен тасалау болсын деп өлімге апаратын жер асты жолы да салынғанын жұрт күні бүгінге дейін айтады. Бүгінгі күндері жүздеген жылдардан бергі биіктігі он бес-жиырма метрлік уақыт мүжіп, қар мен жаңбыр суы шайып аласарған. Ол кездерде жазалаушылар өлімге кесілген тұтқындарды жар жиегіне тұрғызып қойып атып өлтіріп, оқпанға құлатып, өлі-тірісіне қарамай шалажансар күйінде жардың топырағын опырып, құлата салған. Қара жерде тіл жоқ-ау, үн бітсе талай сойқанның ақиқаты ашылар еді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі патша өкіметінің қазақтан тылдағы жұмыстар үшін адам жинаудағы маусым жарлығына қарсы көтерілген қазақ аймақтарынан Жаркент өңірі де тыс қалған жоқ. 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің ұшқыны Жаркентті де шарпыды. Жаркент уезіне қарайтын Албандармен байланыс жасап отырған Суандар да әскерге адам бермейміз деген уәжбен Мұқа болыстың басшылығымен Сарыбел өңіріне жиналып қарсылық көрсеткен. Бұл туралы кезінде республикалық «Әділет» қоғамының басқарма мүшесі болған, журналист А.Тасымбеков мынадай мысал келтіреді. «Жаркент түрмесінде 28 қазақ алдын ала өзара және басқа тұтқындармен келісім бойынша (барлығы 57 адам) пышақпен, таяқпен, балтамен, алтыатармен және тартып алынған маузерлермен, мылтықтармен қаруланып қашуға бел байлайды. Олар шай әкелген түрме қарауылын жалма-жан бас салып ұстап, соққыға жығады. Соның нәтижесінде 28 тұтқын ұсталып, әскери сотқа беріледі. Қалғандары қолдарындағы қаруларымен Жаркент уезіндегі ірі болыс, Суан көтерілісінің басшысы Мұқа болыстың қарамағына барып паналайды» (Қараңыз Суан шежіре. Құрастырған С.Ешмұхамбетов. Алматы «Жалын» баспасы. 1993 ж. 82-бет). Осы деректерге ой жүгіртсеңіз де 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі және одан кейінгі кезеңдерде де орыс отаршылдарының қолындағы Жаркент түрмесі жергілікті халықтың үрейін алатын тозақ орны ретінде өз міндетін мүлтіксіз атқарған. Бір ғана мысал жоғарыдағы аталып өткен деректегі Жаркент түрмесіндегі көтеріліс жасаған, ұсталып жазаға тартылған 28 адамның тағдырын көз алдыңызға келтірудің өзі сөзімізді айғақтайды. Көтеріліске қатысып, патша әскеріне қарсы тұрған сол ержүрек жандардың сонымен қатар барлық кезеңдегі құғын-сүргін көрген адамдардың ата-жөнін мемлекеттік мұрағат мекемелеріндегі деректерді ақтару барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған мемлекеттік комиссияның анықтауына мүмкіндік беріліп отыр.
Алашорда үкіметіне қолдау көрсеткені үшін және Кеңес өкіметінің жүргізген саясатына наразылық білдірген Мұқа шекара асып кетеді. Бірақ қызыл өкімет Мұқаның бітіспес жау екендігінен сескеніп Қытай өкіметімен ұстап, бері өткізіп беруге келіседі. Қытайлар да Мұқа болыстың жергілікті жердегі халықтың арасындағы зор ұйымдастырушылық беделінен сескеніп, өздерінің де келешекте жаулаушылық саясаттарына кесел келтірер деген ниетпен тұтқындап, шекарадан ОГПУ-ға өткізіп береді. Атақты болыс, 1916 жылғы Жаркент өңіріндегі халық көтерілісінің басшысы, өзінен бұрынғы қарсыластары сияқты Мұқа да Жаркент түрмесінің тұтқынына айналады. Ел арасында Мұқа болыстың өлімі туралы әр қилы әңгімелер айтылады. Біреулері Мұқа болыс ұсталғаннан кейін тергеліп Жаркент түрмесінде атылды десе, енді бір деректе Талдықорған қаласына алып бара жатқанда айдаушылар Қойбын тауының арасында атып тастапты делінеді (Бұл деректі маған марқұм Басғұншы ауылының тұрғыны, математика пәнінің мұғалімі болған Қ.Қармысов айтып берді). Кеңестік жүйенің биліктегілері де мәселенің күрделенуінен сескеніп «қашуға оқталды» деген желеуді қолдануыда мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмас.
Азаптау мен қорлаудың орны болған бұл түрмеде небір сұмдық оқиғалар орын алған. Мен ұзақ уақыт көптеген адамдармен жолығып, әңгімелесіп, айтқандарын мұқият қағазға түсірдім. Бұл жазып алынған деректер қалқыған «айсбергтің» бетіндегілері. Қаншама сұмдық оқиғалар, жазықсыз жапа тартқан адамдардың тағдыры талғаусыз кетті.
Түрменің темір торы талай жанның өліміне себепкер болды. Сондай жандардың бірі Қожалақов Сман Құдайберді руынан шыққан. Бұрхан маңындағы Талдыкесік деген жайлауға қоныстанған. Сол жерде жазды күні той болып, соңынан көкпар тартып жүргенде 1931 жылы ГПУ-дің екі қызметкері келіп тұтқындап алып кеткен. Түрмеде тергеуге шақырылмай көп уақыт сұрақсыз отырған. Түрме ішінде Сманды атады екен деген сөз шыққанда «өзекті жанға бір өлім» деп қашуға бел байлаған. Ауылдағы ағайындармен байланысып, інісі ат алып келіп уәделі жерде күтіп тұруға келіскен. Түрмеде қасында отырған жансыздардың бірі мұның қашатын күнін, уақытын түрме әкімшілігіне жеткізіп қойған. Ол кезде түрме айналасында үй-жайлар әлі көп салынбаған кез. Оқиға ымырт кезінде болса керек, ретін келтіріп түрме ішінен қашып сыртқа шыққанда артынан аңдып отырған күзетшілер мылтық атып қуалай жөнелген. Тарс-тұрс мылтық атылып, шаң-шұң дауыс шыққанда ат алып келіп тұрған бауыры тұра қашқан. Жақындап қалған Сман айғайлап «Аттың құйрығын ұстат, атты құйрығынан ұстат» деп бірнеше рет айғайласа да, бауыры атылып жатқан оқтан зәресі ұшып қорыққанынан тізгінін тартпай жетектегі атты сүйрелеп шаба жөнеліпті. Ат құйрығына қолы жетпей алқынып қалған Сманды солдаттар оқтың астына алады. Өзі ірі денелі, екі иығына екі кісі мінгендей адам оңайлықпен құлай қоймапты, солдаттар жеті рет атқан кезде ғана барып бірақ жығылыпты. Қазақтың «оққа сүйеніп тұрыпты» дейтіні осы шығар. Түрме күзеті өлі денені сүйрелеп әкеліп түрменің батысындағы жарқабақтың ішіне тастап топырақты құлатып жаба салған. Сман Қожалақовтың қалай қорлықпен өлгенін немересі Серік Сманов Құдайберді руының үлкендерінен көп естіген.
90-шы жылдары жүзге келіп қайтыс болған Әмірақын деген кісі кеңестік заманның құйтырқы саясатының теперішін көп көрген адам. Әмірақын қария Сман екеуі ұсталып, Жаркент түрмесінде 1931 жылдары бірге отырыпты. Көре алмаушылары ойлап тапқан жаламен ұсталған Әмірақын қария сотталып, 25 жылға кесіліп, Қыр Сібірге айдалып жазасын каторгада өтепті. Өзі өжет, өте қарулы, ірі денелі адам болған екен. Зонада жұмыс істеп жүргенде берілген тапсырмасын артығымен атқарып, екі кісінің нормасын орындап, жұмысты жақсы істеп көзге түскеннен соң сенімге ие болып, ісі қысқартылып 18 жыл отырғаннан кейін түрмеден босатылған. Қара жұмыс істеп жазасын өтеп елге оралған соң да жұмыстан қалмай колхоздың түйесін, арада біраз жылдан кейін қойын баққан. Жаркент түрмесіндегі болған оқиғаларды көзімен көріп басынан өткізген Әмірақын қария Сманның баласы Омарғалиға әкесінің басынан өткен қасіретті оқиғаны айтып беріпті. Сман Қожалақов 1931 жылы ұсталып кеткенде баласы Омарғали жаңадан екіден асқан екен. Серіктің әкесі Омарғали 2012 жылы қайтыс болған (17 мамыр. 2021 ж. жазып алынды). Сман мен Әмірақынның тағдырларын тәлкекке айналдырған зұлымдық істер үшін кеңестік құрылыстың мұрагері Ресей үкіметі жауап бере ме? Кім жауап береді? Қарапайым жандардан жау іздеп, жазықсыз жандардың бейбіт өмірінің шырқын бұзып, отбастарының ойранын шығарған кеңестік саясаттың артында патшалық ресейдің жергілікті халықты түпкілікті жою саясатының жалғасы жатқанына еріксіз қол қоясыз. Әйтпесе жоғарыда есімдері есте тұратын ардақтылардың орыс орманына себепсіз балта сілтегені аз.
Жаркент түрмесінің осы өлке халқы үшін нағыз тозақ орнына айналған кезеңі 20 ғасырдың басы. Алғашында, 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін патша үкіметінің шенеуніктері бұл түрмеге жер-суға әлімжеттік жасаған келімсектерге, зорлықпен қоныстанушы орыс қарашекпенділеріне қарсы көтерілген жергілікті тұрғын қазақтардың белсенділерін ұстап әкеліп түрмеге тоғытып, қамап, тергеу шараларын жүргізіп, әртүрлі жаза кесіп отырған. 1916 жылғы 1-ші дүниежүзілік соғыс кезінде материалдық ресурстары шектелген патша өкіметі бұратана халықтан, оның ішінде қазақтардан солдатқа адам алмаймын деген келісімді бұзып «июнь жарлығын» қабылдаған еді. Жарлыққа наразылық білдіріп, оған қарсылық көрсетіп, соңы Ұлт-азаттық күреске ұласқаны тарихтан белгілі. Жетісу жерін шарпыған көтеріліс кезінде Жаркент уезіне қарасты өңірдегі қазақ бұқарасына қарсы қарулы жазалау шаралары жүргізілгенде қолға түскендердің бәрін ұстап әкеліп түгелдей айыпты деп тауып, тұтқын ретінде қаладағы түрмеге қамаған. Қарқара көтерілісіне қатысушылар да ұсталып, осы түрмеде тергеуде жатқан. Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары Алашорда өкіметін қолдағандарды қылмыскер ретінде қамауда ұстаған. Бірақ әзірше ол алашшыл азаматтардың кімдер екендігі белгісіз. Кейінгі Сталиндік әміршіл жүйенің шегіне жеткен кезінде «халық жауы», «жапон тыңшысы», «контрреволюциялық әрекеттері үшін» (РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 бабының 3, 7, 10 тармақтары) деген желеумен тұтқындалған көптеген адамдар тірі шығудан үміттерін үзіп, үкім күтіп, күніміз не болады деп сарғайып камераларда жатқан. Сталиндік террордың құрбандарын яғни өлім жазасына кесіліп үкім шығарылғандарды ату осында орындалған (Бұл жөнінде Жаркент түрмесінде жендет ісін атқарған К.У.Черненко туралы «Жаркент айнасы» газетінің бетінде арнайы мақала жариялағанбыз). Өлім жазасы кесілгендерге үкім осы жерде орындалған.
Кеңестің заманда қазақ халына жасалынған қанды зұлмат адамдардың жадында болмаса құжаттары қырық қақпаның ар жағында жасырын ұсталды. Араға жылдар салып өскен кейінгі кеңестік биліктің өкілдері де тарих тереңіне бойлай алмады, қанды жердің құпиясын естісе де қайтер дейсің деген оймен үстірт қарады. Түрменің батысында сарқырай ағып мөлдіреп Үсек өзені жатты. Шаруадағы адамдардың демалысын ұтымды ұйымдастырмақ болған қалалық атқару комитеті өзенге арнайы тоспа жасатты. Үлкенді-кішілі демалушылар үшін таптырмайтын шомылатын орынға айналды. Бұл шара бірақ ұзаққа бармады. Шомылушылар арасында суға батып өлгендер саны көбейді. Сонда ғана бұл өлімнің себебін білушілер мәселе көтеріп, тоспаны бұзып бассейінді ағызып жіберуге тура келді. Әсілі қашанда зорлық-зомбылық пен кісі қаны төгілген жер киелі деп саналады.
Жүздеген еркін ойлы жандардың санасын құрсаулап, тұтқындап, тергеп-тексеріп, түрмеге қамаққа алып, азапқа түсіріп, атып-асып, каторгаға айдап өмірін өксікпен өткізген, одан қалса көптеген жазықсыз адамдардың жанын зорлықпен алған саясат 1925 жылы Қазақстанды басқаруға келген Голощекиннің жүйеге енгізген «Кіші қазанынан» туындады.
Қызылдар орнатып жатқан тапсыз жаңа қоғамға ниеті қарсы деген себептермен ұлттың оқыған зиялыларын, ауылдағы ел арасындағы сауаттыларды, шала сауатты болса да шаруашылықтарды құруға белсенді кірісіп жүргендерді, мекемелердегі, оқу-ағарту саласынын бас көтерген жетекшілерін қызметтерінен шеттетіп, құғынға түсіре бастады. Түрлі шаруашылық жұмыстарын жақсы ұйымдастырып көзге түскен, ауылшаруашылығын тиімді басқарып жүрген, көптеген алдынғы қатарлы азаматтардың көзін жою жұмысы басталды. 1928 жылдан басталған Қазақстандағы ірі байлардың шаруашылықтарын тәркілеу, іле қолға алынған қазақ шаруаларын жаппай ұжымдастыру кезіндегі шектен шыққан асыра сілтеушілік өзі ыңыршағы шыққан елдің шаруашылығын күйзелтудін басы болды. Жергілікті жерлерде осы науқанға кедергі келтіргендерді тап ретінде жою жөніндегі «үштіктер» ұйымдастырылды. Жазалау шараларын партия мүшелері іске асырды. Байлар мен кулактарды тап жауы ретінде жою барысында қосақ арасында жүздеген орта шаруалар да осы саяси науқанға зорлықпен іліндіріліп кетті.
Күйзеліске түскен жеке шаруа қожалықтар қолдан жасалып отырған озбырлыққа шыдамай қарсы күресуге әрекеттенсе, кейбірі жерін тастап шет елдерге қаша бастады. Асыра сілтеу саясатына наразы болған қазақ шаруалары бар тапқан қаруларымен жарақтанып атқа қонды. Көтерілісшілер кеңес және партия мекемелеріне шабуылдап, құжаттарды өртеп, қызметкерлерді қуып жіберді. Шаруалар көтерілісіне кей жерлерде тұрақты әскери бөлімдер жіберіліп, 1923 жылы арнайы құрылған Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) қызметкерлерімен тығыз бірлесе отырып жазалау шаралары аяусыз жүргізді. Ұсталғандарды сол жерде сотсыз-тергеусіз жау деп тауып атып тастаған оқиғалар көптеп кездесті. Қарсыласуға шыққандардың дені, көтеріліске қатысқандардың көпшілігі тұтқынға алынып, айдау көріп түрме азабын тартты. Мұндай деректерді ел ішіндегі көкірегі ояу, көзі ашық азаматтардың аузынан көп естиміз. «Аталарымыз құғын көріп Қытай жеріне өтіпті. Шекарада тосып тұрған әскерлер қырғынға ұшыратыпты. Ұсталған адамдарды Жаркент түрмесіне жауыпты» деген әңгімелер қазірде құлағымызға тиіп жатыр.
Жаркент түрмесінде кеңестік саясатқа қарсы шықты деген тек осы өңірдің адамдары ғана емес, Қазақстанның өзге аймақтарынан да ұсталып әкелгендер қамалып кейіннен атылып кеткен. Нұркент қалашығына орналасқан «Құрғақ порт» мекемесінің бас инженері Жанат Досанұлымен осы бір қанды кезеңнің халыққа тигізген зардаптары жөнінде әңгімелесіп отырғанымызда өзінің осы өңірмен тарихи байланыста екендігін айтып қалды. Арғы аталары ағайынды Таңатар мен Таңбай, көрікті Тарбағатайдың екі бетін жайыла қоныстанған айтулы ауқатты адамдар екен. Елдің ішіндегі мыңғыртып қой қоралап, үйірлеп жылқы айдап, алдарына келе-келе түйе салған түгін тартсаң майы шығатын Байғожа, Ұзынбұлақ тауларын жайлап, қыста Үшбұлақ, Керегетас қырқаларын қоныстанып жүрген атақты бай адамдар аз уақыттың ішінде голощекиндік саясатпен қысымға алынып, бай-жуан зомагер ретінде зобалаңға ұрынады. 1890 жылдары туылған атасы Таңатарды кәмпеске кезінде тігерге тұяқ қалдырмай тәркілеген. Ауылды айнала қоршап Таңатардың мал-мүлкін тізімдеп болған соң бәрін басқарып жүрген бастықтарының бірі алып кетпек болып Таңатардың сүліктей қара бәйге атына мінген екен. Құлын күнінен иесінен басқа адамды маңына жолатпайтын, иесінен өзге ешкімді мінгізбеген қара ат мөңкіп-мөңкіп бастықты жерге бір ұрыпты. Жануардың тосын мінезіне түсінбеген әлгі басшы елден ұялғанынан намыстанып атты тізгінінен ұстап ұзын сойылмен тоқпақтай бастаған. Бұған қарап тұрып кісінеген атының қиналған үніне шыдамаған қарулы Таңатар бастықтың қолынан сойылын жұлып алып «Бәрін алсаңда мұны ала алмайсың» деп оның өзін сойылмен ұрып түсіріпті. Қарақұсынан қата тиген соққыдан әлгі шолақ белсенді сол жерде тіл тартпай кетсе керек. Таңатар жүйрік қара атына мініп қашып кетіпті. Тау арасындағы қалың жынысты адам аяғы жетуі қыйын Алмалысай, Қараңғысай, Керегесай сияқты шатқалды жерлерді паналап тығылып 2 жылдан астам уақыт ұстатпай жүрген. Артында қалған оның ауылдағы туыстарының тау жаққа жиі барып тамақ тасып жүргенін көрген біреулер Таңатардың тығылған жерін өкімет орындарына айтып қойған болса керек. Өкіметтің кәмпескелеу саясатына қарсы шыққан, кеңес өкіметінің арнайы тапсырмамен жүрген белсендісін әдейі ұрып өлтірген деген айып тағылған Таңатарды ұстауға басшылықтың тарапынан бірнеше рет солдаттар жіберілген. Жер жағдайын жақсы білетін Таңатар құғыншыларды алыстан шолып, орын ауыстырып кетіп, ал олар жүр деген жерін таба алмай жер сипап қалып қайтатын. Тұйықсыздан кездесіп қалып қуғын бола қалған жағдайда жауларын сақпанмен атып, тасты тізесіне не кеудесіне тигізіп, аттан құлатып ұстатпай сытылып кетіп жүрген. Кейіннен көп адамдар жіберіп қаумалап ұстап, тұтқынға алынып, тергеудің азабын көрген. Қорлықты күндерден кейін сол кездегі қылмыстық істің баптарымен айыпталып, сотталып, жазасын өтеу үшін Тарбағатай өңірінен айдалып әкелініп КарЛагта ұстаған. Қалай болғанда да КарЛагтағы сотталғандарды ату үкімі жүзеге асырылмайтын лагерге түскен Таңатарды айдап Жаркент қаласындағы орталық түрмеге әкелген. Атасы Байғожа елдің ала жібін аттамаған қажыға барған атақты қари иманды кісі болған. Жасынан әке тәрбиесінде өскен, арабша хат таныған көзі ашық, көкірегі ояу Таңатарды кеңестік саясат елге қызмет еткізбей, Жаркенттің түрмесінің астынан қазылған түнек жолмен жар жағасына жеткізіп атып өлтірді. Сонау Тарбағатай тауларында туылған Таңатар өзге өңірдің голощекиншілдердің жүргізген саясатына қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақшыл азаматтары сияқты зорлықшыл қызылдар саясатының құрбаны болып, нақақтан ажалын Жаркент жерінен тапты. Таңатардың артынан бауыры Таңбайды да бай тұқымның бірі деп дүниесін, мал-мүлкін тәркілеп соттап, 10 жылға жазасын өтеуге Сібірге айдаған. Азапты жылдарды бастан өткерген Таңбай ауылына аман-есен оралып 1976 жылы өмірден өткен. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ашылған шындық көздері халық санасын оятты. Қандай зұлымдық кезеңдерді бастан өткергеніміз қалың жұртқа белгілі болып, әлеуметтің назары қуғын-сүргінге ұшыраған бейкүнә адамдардың тағдырын анықтауға ауа бастады. Осындай кезде қоғамдық мәселелерге сергек қарайтын Таңатар мен Таңбайдың ұрпағы біз сөз етіп отырған ата аруағын қадірлеуші Жанат Досанұлы 80-ші жылдары Жаркентке келіп ескі мешітте құран оқытып, аталарына арнап ас берген.
Қазақ елінің билік басына келген қазақ зиялыларын құртудың жоспарлы түрде іске асырылуын жоғарыдағы сталинмен келісе отырып жүзеге асырған Мирзоян жүйесі де үздіксіз күнделікті жазалау машинасындай жұмыс атқарды. Шектен шыққан заңнан тыс әрекеттердің бәрі де түптеп келгенде таптық күрес деген желеумен бүркемеленген жаңа пиғылдағы отарлау саясатының жүзеге асырыла басталғандығының белгісі еді. Жазалау шараларының ең алдыңғы легіне ілінген Молдаш Тоғасов Алмалы ауылының тұрғыны. Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқаны басталған кезде көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан шаруаларды отырықшылдандыру жұмыстарына араласқан азаматтың бірі. 1933 жылы 2 наурызда «халық жауы» деген жаламен ұсталып Жаркент түрмесіне қамалады. Алматы облыстық ішкі істер комитеті басқармасының үштігінің хаттамасымен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-14, 59.9.10-баптарымен саяси қылмыс жасады деп нақақтан 10 жылға концлагерьде жазасын өтеуге кесіледі. Жазасын өтеп бітіргеннен соң саясаттың құрбаны болған М.Тоғасов ауылға оралмай, барған күнде де осы сотты болғаным тағы да алдымнан шығар, отбасыма зияным тиер деп мәңгіге Түмен ормандары арасында қалған.
Халқымыздың қоныстанған жері шекара түбінде болғандықтан Алмалы ауылынан шыққан белсенді азаматтарды ұстап оларға айып тағу онша қыйын іс емес еді. Қытайдағы адамдармен байланысы бар, олардың тыңшысы, ар жаққа туыстарының өтуіне сыбайласты деген т.б. желеумен жала жабылып, тұтқындап түрмеге жаба салатын. Осындай айыппен ұсталған Оспанов Рақымжан тұтқындалғанға дейін Жаркент ауданы «Красный Октябрь» колхозының бастығы болып істеген. Сауатты азаматты 1932 жылы бандылармен қатысы бар деп 3 жылға кесіп, қайтып келгеннен кейін 1935 жылы партия қатарынан шығарып, Қытайдағы бай туыстарымен байланысы бар деп тағы да 3 жылға соттаған. Барлық сотты болған жылдарын Жаркент түрмесінде өтеген. Қудалау мұнымен де тынбай Алматы облысы УНКВД үштігінің отырысымен 1938 жылдың 15 ақпанында ату жазасына кесіліп, үкім 1938 жылдың 15 наурызында орындалған.
Тоқмолдаев Сембек те 1933 жылы әлеуметтік тегі байдан шыққан, шетелмен байланысы бар, Қытайға ел көшіруді ұйымдастырған, колхоз малын жаппай қырған деген айыппен ұсталып, партия қатарынан шығарылып сотталған. Жаркент түрмесінде отырып жазасын өтеп келіп қайтадан 1938 жылы 15 ақпанда өкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізіп, зиянкестік жасады деген айыппен ату жазасы шыққан. Үкім 1938 жылдың 31 наурызында орындалған.
Алмалы ауылындағы алғашқы шаруашылықты басқарған Балғабеков Жақыпқа қатысты құжаттарда да жоғарыдағы азаматтарға тағылған келеңсіз айыптар бойынша соттаған. 1935 жылы әлеуметтік шыққан тегі бай болғаны, колхоздың шаруасын тоздырғаны, Қытайдағы байлармен байланысы бар деген кінә тағылып, тұтқындалып сотталған. Кейіннен жоғарыдағы жазалаушы «Үштік» орны 1938 жылы 15 ақпанда ату жазасына кесіп, үкімді 1938 жылдың 15 наурызында орындайды.
Мұрағаттағы сақталған қылмыстық істерде Меңлібаев Мәдиге тағылған айып төмендегідей. Тұтқындалғанға дейін «Қызыл Октябрь» колхозында қойма меңгерушісі болған кезінде бидай ұрлап, жауапкершіліктен қорқып Қытайға қашып кеткен байдың тұқымы делінеді. Кеңес үкіметі сұрау салғаннан соң Қытай үкіметі ұстап, қайта өткізген. Жаркент түрмесінде осы істері үшін куәгер болған Ирагимов Ілгідаймен бірге отырған. 1937 жылғы қаңтарда басталған сот ісі 7 сәуірде аяқталған. Сол жылдың қазан айында Әскери Трибуналдың үкімімен бас бостандығынан айырылған.
Ибрагимов Ілгідай қылмысты деп табылып Жаркент түрмесінде қапаста отырып Алматыға жеткізіліп одан 10 жылға сотталып жазасын Колымада өтеп келген.
Кеңес үкіметіне қарсы құрылған қазақтың ұлттық ұйымында болып кеңес үкіметіне қарсы зияндық жүргізді деген жала жабылған Күншанов Рамазан УНКВД үштігінің отырысымен 1937 жылы 29 желтоқсанда ату жазасына кесіліп, үкім сол күні орындалған.
Осындай күйді Арыстамбаев Исабек те басынан өткерген. Білімі жеткілікті азамат колхоз басқарып жүрген кезінде зиянкестік жасаған деп айыпталып, 1939 жылдың мамырында 15 жылға бас бостандығынан айырылған. И.Арыстамбаев туралы мұрағат деректері мүлдем жоқ. Үкім шығарылып атылғаны, не айдалып кеткендігі, өлгендігі жөнінде мәліметтер келтірілмеген.
Осы аталған ауыл азаматтарының арасынан саяси қылмыс жасады деп негізсіз айып тағылған Садықов Қожахмет 1937 жылы 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберілген. Жоғарғы органдарға хат жазып жатып 1939 жылы тұтқыннан босатылып, ақталып, аман-есен елге оралған. Бұл жазықсыз айыпталып сотталып атылған, әртүрлі жылдарға айдау жазасына кесілген адамдардың барлығы да Жаркент түрмесінің қараңғы қапас камераларында үкім күтіп, өмір сүруден үміттерін үзіп сарғайып жатқан. Айтып өткен азаматтар зұлымдықпен ұйымдастырылған қанды құйынға тікелей ұшыраған тек бір ғана ауылдың жандары. Аудан көлеміндегі қуғын-сүргінге ұшыраған кеңес-партия қызметіндегі азаматтардың ұсталған жылын, аты-жөнін, қандай айып тағылды, қай жерде айдауда, түрмеде болғандығын келтірсек жүздеген том қағаз толтырылар еді.
Сталиндік зұлматтың елдің экономикалық-саяси, әлеуметтік дамуына қаншалықты кедергі келтіріп, кесірін тигізгендігі туралы тарихи материалдар әлі де жазылып жатыр. Өздерін «ұлы» санайтын халықтың сойылын соққан ұлты грузин, аты еврей тектес Сталин қолдағы билігін барынша пайдаланып қазақ ұлтын қынадай қырды.
Біздің Жаркент аймағындағы Талды, Бұрхан ауылдарынан тұтқындалынып, жазықсыз сотты болған Нүсіпов Әубәкір, Қасымбеков Нұрахмет, Изембаев Қожақан, Изембаев Батырхан сияқты сол уақыттарда ел көзінде жүрген, жаңа заман орнады соған лайықты қалтқысыз еңбек етейік деп білек сыбана кіріскен азаматтардың қаперлерінде келешек қоғам туралы жарқын ойларынан басқа ешнәрсе жоқ еді. Бұл келтіріп отырған деректер 1997 жылы жазылып, қуғын-сүргін құрбандарына орналған аудандық конференцияда оқылған Д.Рақышев атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Дина Манапқызы Нұрпейісованың баяндамасынан алынып көрсетіліп отыр. Ауылдағы құрбан болған ер-азаматтардың көзін көріп, артынан елге азаматтығын айтып берген куәгерлермен ауызба-ауыз сөйлесіп құнды жазбалар алған. Жазылған материалды мен сақтап жүріп 21 жылдан кейін 2018 жылы өзіміз ашқан «Жаркент айнасы» газетінде жарияладық.
Мақаладағы көрсетілген Нүсіпов Әубәкір жасынан ширақ, еті тірі сауатты адам болған. Төңкерістен кейін қазақ жерінде алғаш құрылған «Қосшы одағының» осы өңірдегі 1927-1928 жылдардағы бірінші басшыларының бірі болған кісі. Халықты үлкен іске жұмылдыра білген Әубәкір Бөрібай би, Шежін, Үлкенағаш, Бұрхан ауылдарында мектеп үйін салдыртып, Бұрхандағы бастауыш мектептің директоры қызметін атқарады. 1930 жылдан шекара отрядында, кейіннен Талды, Сарытөбе колхоз басқармасының төрағасы, Жамбыл колхозында ферма меңгерушісі, содан соң 1936 жылы О.Исаев (Бұрхан ауылы) атындағы колхоз бастығы қызметін атқарған. Қай салада болмасын өндіріп қызмет атқарған адал жүрек азаматты 1937 жылы ұстаған. Тағылған айып колхозға зиянкестік жасады, «халық жауларымен» сыбайлас болды деген желеу. Тергеуге алынып, Жаркент түрмесінде жатып жазаға кесіліп, Қиыр Шығысқа айдалып кеткен. Ең соңғы хатында Тойчик станциясына барғанын жазған. Содан хабар-ошарсыз кеткен. Іздеусіз сұраусыз болған соң күні бүгінгіге дейін ақталмаған.
Қазақстандағы 100 мыңнан астам тұтқындалған, 25 мыңнан астамы атылған зиялы азаматтардың ішінде көптеген Жаркенттіктер бар. Солардың бірі ХХ ғасырдың басында Талды ауылында туылып, білім алып еңбекке ерте араласқан, Кеңес өкіметінің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсене қатысқан Қасымбеков Нұрахмет (Милицияда істеп жүрген кездегі суреті менде сақтаулы). Бастапқы кезеңде Жаркент аудандық Кеңестің төрағасы, 1927-1929 жылдары Октябрь аудандық милициясының бастығы қызметтерін атқарған. 1930-1931 жылдары Қоңырөлең колхозының саяси бөлімінің төрағасы болған. Кейіннен, Үлкенағаш, Талды ауылдарында басшылықта жүріп 1937 жылы «халық жауы» деген айыппен тұтқындалып, түрмеге түсіп, тергеліп, 10 жылға сотталып, Қиыр Шығысқа айдауға жібереді. Айдауда жүріп жазған хатында «Сыртымыздан он жылға кесіпті, нендей айып тағылғанын өзім де білмеймін» деген екен. Заманындағы қанқұйлы заңға бағынған тергеушілер де қолдан құраған айыптарды жазып, ұрып-соғып мойындаймын дегізіп қол қойдыруы сол кезге үйреншікті нәрсе еді. «Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын» деген мақалды қазақ тегін айтпаған. Нұрахмет ағамыздың артында қалған ұлы Ахметқали 1943 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, небір қанды шайқастан шығып аман-есен ауылына оралады. Әйтсе де «Халық жауының» баласы деген сөз қыр соңынан қалмайды. Соғысқа қатысқан, әрі өзінің өжеттігі бар Ахметқали жоғарғы органдардың алдына мәселе қойып, әкесін көргендерді куәге тартып, әкесінің ісін қайта қаратып, айыптарды алғызып, әкесін ақтап шығарады. Бұл сол кездегі нағыз жанқиярлық ерлікпен пара-пар іс еді.
Жаркент өңіріндегі шаруашылық басындағы жігерлі, сөз ұстар азаматтардың көбіне тағылған айып ол – Қытаймен байланысы бар деген жала еді. Небір зобалаңды басынан өткерген Суан елі 1881 жылы орыс патшасымен Қытай арасындағы келісім шарттан кейін екіге жарылып қалды. Бірақ екі арада анда-санда арғы жақтағы қытай шеріктері мен бергі жақтағы шекарашылар отрядының рейдтері болмаса ел ары-бері өтіп кетіп отыратын. Изембаев Қожақан мен Батырханның екеуіне де тағылған айып әкесі мен шешесінің Қытай елінде тұруы себеп болды. 32-нің ашаршылығы оңай тимей ел-жұрт Қытай жеріне босып жатқанда оларда немерелерін алып арғы бетке өткен еді. Екеуіде елгезек, хат танитын жандар, шаруаға араласа жүріп Қожақан «Қосшы одағында» шаруашылық меңгерушісі қызметін, содан кейін «Қызылеспе» ауылдық кеңесінде төрағалық қызмет істеп елді жаңа өмірге бейімдеуге күш салады. 1937 жылы Бұрхан ауылында апиын егістігінің бригадирі кезінде тұтқындалып, түрмеге қамалады. Жабылған жала колхоз малын «Қытайға айдап кетпек болып жүр» деген жалған сөз.
Ал інісі 1906 жылы туылған Батырхан Изембаев қазіргі Бөрібай би ауылындағы Қарамола ауылдық Кеңесінің төрағасы болған. 1927-1928 жылдары комотрядта, кейіннен Бұрхандағы егіс бригадасын басқарады. 37-ші жылдың күзгі науқан жүріп жатқанда ұсталған. Ауылындағы ағайынының үйінде басқа ауылдағы «халық жауларын» алып келгенше бір тәуліктей қамауда отырған. Жазалау орны болған Жаркент түрмесінің тозағын тартқан бұлар белгісіз бағытқа айдалып кетеді. Жеке басқа табыну зардаптарын жою кезінде 60-шы жылдардан кейін Батырханнан қалған жалғыз тұяқ Ораз есімді баласы мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне арнайы хат түсіріп іздеу салады. Көп уақыттан кейін әкелерінің шахтада жұмыс істеп жүріп жүрек талмасынан қайтыс болды деген анықтамасына қол жеткізеді. Сот орындары ағайындылар қайтыс болғаннан кейін мемлекетке келтірген ешқандай зиянды әрекеттері болмаған деген шешім шығарған. Осыдан кейін ғана барып ұзақ жылдар бойы хабарсыз жоғалған, жазықсыз жапа тартқан ұлт азаматтарының есімі елге белгілі болды.
Осы орайда жазықсыз жапа шеккен азаматтарын құрметтеп бүгінгі ұрпаққа аттарын анықтап беріп кейінгілерге үлгі еткен үлгі еткен Ақжазық ауылының тұрғындарына ризашылық білдіріп атап кетуімізге болады. 2008 жылы Алматы қаласынан басылып шыққан «Ауылым – Ақжазығым, ардақты елім…» атты жинақта (авт. Н.Ысқақов, Қ.Мәметқазыұлы) Ақжазық ауылынан 1929 жылдардан бастап «халық жауы» деп құдалауға түскен, тұтқындалып істі болған ел азаматтарының аты-жөнін келтіреді. Зұлмат алақандай ауылдың арыстай алты азаматын айналдырып алып кетіпті. Олар: «1.Имадиев Нүсіпқожа – Ақжазық колхозының төрағасы; 2.Кегенбаев Нүптебай; 3.Жайлаубаев Мұқа – колздың бас бухгалтері; 4.Айтуов Жаңабек – колхоздың орталық қоймасының бастығы; 5.Шәкіров Қожақан – 1 бөлімшенің бригадирі; 6.Тышарбаев Айып – колхоздың тексеру комиссиясының бастығы. Жоғарыдағы аталғандардың барлығына «колхоздың мал-мүлкін талан-таражға салған» деп айып тағылды делінген.
Бойларындағы бар күш-жігерін елінің жарқын күндеріне арнап еңбек етіп жүрген ұлтжанды азаматтарды қаралап, түрмеге жауып, қиянаттап айдап ауыр азапқа ұрындарған келеңсіз Кеңестік қызыл саясат еді. Ауыл азаматтарымен, құғынға ұшыраған жақсылардың ұрпақтарымен сөйлескенімде тұтқындалған азаматтардың бәрі де сол баяғы аждаһаның апаны саналатын Жаркент түрмесіне тоғытылып, жазаға кесіліп, өлімге айдалып отырған. Ел ауыртпалығын көтерген, жазықсыз жала жабылып құғын-сүргінге ұшыраған ағайындарын ардақтаған ауыл жұртшылығы 2005 жылы ескерткіш орнатып, игі істі ел-жұртқа паш етті. Артында ұмытпайтын ұрпақтары барына шүкіршілік етесің.
Шекара түбіндегі Басғұншы ауылы да бұл зобалаңнан орасан зор азап шеккен. Есептеп көрсек 1930-шы жылдарда жеке ауылдық Кеңес болған. Тұрғын халқының саны сол жылдары шамамен мыңнан астам болуы мүмкін. Үрейлі 1930-шы жылдардан 1951 жылдарға дейін ауылдан 58 азамат қысқартып айтқанда «халық жауы» деп қараланып ұсталып, алды 3, 7 жылдан 10, 25 жылға дейін сотталған, кейбіріне ату үкімі шығарылған. Қазақтармен қатар ұйғыр, орыстар, украиндықтар да бар. Атқарып жүрген кәсіптеріне қарасаңыз өкіметке ешқандай қауіп-қатер келтіретін адамдар емес. Шаруашылықтың әр саласында адал еңбек етіп жүрген қарапайым қатардағы малшы, колхозшы, бухгалтер, жұмысшы, тігінші, қызыләскер, т.б. мамандық иелері. Қылыш көтерген соң басты шабу керек деген түсінікпен жазалай берген. Бастапқы жылдары төңкерістен кейін құрылған ГПУ үкім кесіп отырса, содан кейін Алматы облыстық УНКВД үштігі, тіпті Алматы облыстық соттың көшпелі сессиясы да үкім шығарып, адамдарға жаза мерзімін белгілеп отырған. Қара халықтың басына төнген зұлматқа заң жолымен араша түсетін мекемелер, органдар болмағандығы осыдан көрінеді. Қазақ жерінің кез-келген бұрышынан қауіптеніп, ел ішінен жау іздеу, оны дер кезінде тұншықтырып отыратын отаршыл патша өкіметінің саясатын жалғастырушы Сталин басқарған қызылдар өкіметінің лаңы осы болды.
Жоғарыда айтқан аяулы азаматтардың бәрі өмірге құштар жандар еді, елдің әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып, жақсы келешекті аңсады. Дегенмен де олар жетпеген еркін тыныстайтын заманға ұрпақтары жетіп отыр. Жаппай жазалаудың кесірінен құрбан болған азаматтарды ұмытпаған ауылдастары 2010-2018 жылдардың аралығында құғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдерін іздестіріп, облыстық архивтен алып, жинастырып, Басғұншы ауылының ортасындағы паркке ескерткіш тақталар орнатты. Жазықсыз қуғындалған 58 адамның есімі ел жадынан ұмытылмастай болып орын алып, мәңгілікке жазбада қалдырылды. Әртүрлі дерек көздерін тауып, әр саладан мағлұматтар алып, облыстық архивпен жұмыс істеп, құғын-сүргін құрбандарының аты-жөнін анықтауда еңбек сіңіріп, ел рахметін алған ауылдың тумалары Хамза Еспенбетовке, көптеген мәліметтер жинаған Виктор Николаевич Лисицаға жұрт ризалығын білдірді.
Мақаламыздың басындағы негізгі айтпақ ойымыз Жаркент жеріндегі алғашқы абақтының салынуы, күштеп қазақ жерін басып алған патша өкіметінің елдің суқанын алатын алғашқы жазалау орнының тарихы. Жаулаушыларға қарсы оймақтай болса да ойлы-қырлы жер үшін, бодандыққа түскен елі үшін белін бекем буып күреске шыққан нағыз ұлтжанды азаматтардың тарихы. Қазақ мақалды текке шығармайды. «Ат жақсысы кермеде, жігіт жақсысы түрмеде» десе ұзақ жылдар бойы жат жұрттық басқыншылармен үздіксіз алысқан кездерге, дәл сол заманға лайықтап шығарылып айтылған. Әрине, Жаркент түрмесінің орналасқан жерін, қабырғаларын құрап тұрған қарағайларға кінә арта алмаймыз. Бар мәселе оның жүз жылдам астам уақыт адамдардың көңіліне қорқыныш ұялататын, белгісіз бір үрей билейтін мекенге айналуында. Бірақ кезінде білместікпен педагогикалық оқу орнының жатақханасына айналдырып, болашақ ұрпақтың жетекшілерімен ұстаздарды да жаңылдырдық.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Еуропа елдеріндегі гитлерлік фашистердің салған концлагерлеріндегі адамзат баласына жасаған жауыздығы жантүршігерлік. Гитлершілдер басып алған елдерден айдап әкелінген миллиондаған бейбіт тұрғындармен, жаулаған елдеріндегі қолға түскен әскери тұтқындарды азаптап, газ камераларында тұншықтырып улап өлтіріп, сүйектерін жағып, адам күлімен егіс далаларын тыңайтқаны белгілі. Көпке бармай-ақ бір жыл бойы қылмыскерлердің ісін қараған халықаралық соттың жүргізген «Нюрнберг процесінің материалдарын» айтсақ та жеткілікті. Келешек ұрпақ бұдан сабақ алсын, адам баласына қарсы жүргізілген зұлымдық істерден халықты хабардар етіп тұру мақсатында Бухенваль, Заксенхаузен, Освенцим, Дахау концлагерлері сол жылдардың белгісі ретінде музейге айналдырылды.
20-шы ғасырдағы қазақ халқының басына түскен ең қайғылы тұстары жаппай саяси құғын-сүргінге түскен жылдардарда Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерде 5 млн. астам адам отырған. Еңбекпен тәрбиелеу лагерлерінің ең көп шоғырланған жері Қарағанды облысының аумағы. Осы жердегі Долинка поселкесінде саяси құғын-сүргін құрбандарына арналып естелік музей жасалынған. Құрбан болған жандардың бас бостандығынан айырылған жандардың басынан өткізген барлық азаптаулары мен көрген қиыншылықтары көрсетілген құжаттары сақтаулы. Мұндай естелік музейлер еліміздің басқа өңірлерінде де ашылған. Ал, бізде ше? Тәуелсіздік алдық, ең басты байлығымыз осы. Өз еркіндігімізбен өмір сүріп жатырмыз. Содан бері 30 жыл өтіпті. Басқасын қойғанда өткенімізді ескеріп, кешегі Кеңестік өкіметтің келеңсіз саясатының кесірінен халқымыз көрген жаппай қуғын-сүргінмен ашаршылықта текке қырылған ата-бабаларымыздың аруағын қасиеттеп еске алатын музей ретінде баратын Жаркент түрмесін қалпына келтіруге болатын шығар?
Осы мәселе көтерілгелі бері көп жылдың жүзі болды. Былтырғы жылы арнайы мақсатпен мамыр айының соңына таман келген «Хабар 24» телеарнасының тілшілері осы мақаланың авторынан, аудандық әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Т.Көшербаевадан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Керімқұловтан, Головацкий атындағы орта мектебінің директоры М.Туғанбаевтан, зейнеткер, ішкі істер қызметінің майоры С.Жұмаділов бар бәрімізден сұхбат алып, ол республика жұртшылығына көрсетіліп еді. Жоғарыдағы көрсетілген мәселелерді сұхбат берушілердің барлығы көтерген болатын. Яғни, ескі түрме ғимаратына күрделі қаржы бөліп, тарихи-мәдени құндылығы бар нысан ретінде бағалап, музейге айналдыру туралы сөз қозғағанбыз. Қазіргі күндері Е.Сыпатаев атындағы көшенің бойындағы №180 үй ретінде тіркелген ғимарат апатты жағдайда тұр.
Осы мақала жазылардан төрт-бес күн бұрын ескі түрме ғимаратын тағы бір көріп қайттым. Қабырғалас салынған ескі үйдегі кісілер әлі ауыспапты. Көп жылдардан бері үйдің кезегінде тұрған Қабылбекова Ұлжалғас жасы 65-ке келіпті. Түрме ғимаратының да тоналып-таланып кетпей тұрғаны бір жағы осы кісілердің арқасы болуы керек. Кейбір мәлімет көздеріне қарағанда 2008 жылдан бастап консервацияда тұрған ғимарат иесіз мүлік ретінде есепке қойылған. Республикалық «Хабар 24» телеарнасынан жұртшылыққа көрсетілген тілшілердің бізбен жүргізген сұхбатынан аудандағы, облыстағы әкімдіктегі осы салаға жауапты лауазымды тұлғаларда хабардар деп білемін. Олай болса мақалаға арқау болған Жаркент түрмесінің бұдан кейінгі жайы қалай болмақ?
Ендігі жауапты жоғарғы мемлекеттік орғандардан күтеміз.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы»
газетінің Бас редакторы.
Үлкен аталарымыз өмірлері қиылған жер. Бұл орын тарихи орын! Ұрпақтар біліп жүрсе екен дейміз! Ерекше қорғауға алынса деп сұраймыз! Әкімшілік қолға нақты алсын! Жауапкершілікті күтеміз. Бірнеше рет арыздар мен өтініштер болды. Өкінішке орай жауап та, жұмыс та жасалмады.