Асау толқынды Үсек өзенінің жағасындағы Қызылеспе ауылынан тіршілік қамымен төменгі ауыл атанған Жыңғылға көшіп келген Исабек Іленің бойындағы берекелі қонысқа тұрақтап қалады. Өзінің бауырмалдығымен, ашық-жарқын жайраңдаған мінезімен әнін айтып, көкпар бермес тақымгерлігімен ауылдастарының көзіне түсіп, көңілдерінен шығып жүрген шағында Дәмекқызы Рәбиғамен танысып, жүрек қалауымен шаңырақ көтереді. Сол бір жақсы күндердің бірінде кімге де болса сөзі өтетін, қайырымды, еңбекқорлығымен есімін құрметпен атайтын ауылдастары Исабек атамызды «ауылнай» сайлайған екен.
Жылдар жылжып, Қазан төңкерісінен кейін билік ауысқанына да біршама уақыт болған кезең. «Кәмпеске» деген желеумен жұрттың бар малын коммунистер күшпен тартып ала бастайды. Мал-жанының көпе-көрінеу қызылдар тарапынан талан-таражға түсіп, қырғынға ұшырағанына шыдамаған халық жер-жерде қарсылық көрсетіп жатты. Алды большевиктер қолдан жасаған аштыққа ұрынып, адам шығыны белең алған соң амалсыз туған жерді тастап шекара асады. Исабек атамыз да қаңырап иесіз қалған Жыңғылды тастап, ағайындарымен арғы бетке өтеді. Сонда Тоқбай ағамыз Қорғастың суын жаяу кешіп өтіп, ұзақ жол азабын басынан өткеріп алдыңғы көшке зорға жеткен Рәбиға анамыздың құрсағында кеткен еді.
Тоқбай Исабекұлы 1932 жылы Қытай Халық Республикасының Құлжа аймағындағы Шипаңзы ауданының Майбұлақ тауында дүниеге келген. Бала күнінен зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленіп тұратын Тоқбайды әкесі барын салып оқуға береді. Ол Шипаңзы қаласындағы орталау мектеп пен Құлжадағы А.Қасыми атындағы училищені жақсыға тәмәмдайды. Өзі оқыған оқу ордасында да әрдайым ұқыптылығымен, сабаққа деген ынталығымен құрбыларының алдыңғы сапында болған. Содан алғашқы еңбек жолы Сүйдін ауданына қарасты орталау мектепке ұстаз болып орналасуынан басталды. Ұйымдастырушылық қабілетімен, білімділігімен көзге түскен Тоқбай ағамыз 1952 жылы Құлжа қаласындағы облыс әкімінің кадрлар бөлімін басқарады.
Ақындық, шығарамашылық еңбектерінің алғашқылары сол 50-ші жылдары Шипаңзы қаласында оқып жүрген шағынан бастау алған. Сол кездердің өзінде жазған өлең-жырлары өңірлік «Іле», «Шыңжаң» газеттерінде жарияланып, ақындық талантымен көпке таныла бастаған. Туған жерге деген сағыныш жанға маза бермей, ақыры шекара шебі ашылғанда елге оралады. Елге ел, жұртқа жұрт қосылып, атамекеннің топырағына табаны тиіп, үлкен қуанышқа бөленді.
Тоқбай ақынның туған жердегі қызметі де оқып білім алудан бастау алады. Жаркент педучилищесінің ІІІ-ші курсына қабылданып, оны да ойдағыдай аяқтап, 1957 жылы Кішішыған ауылындағы мектепте қатардағы мұғалім болып бастап, 1960-1975 жылдар аралығында сол оқу ошағының директоры болып қызмет етті. Ал, 1975-1981 жылдары кешкі жастар мектебінің директоры болса, 1981-1991 жылдарда мектеп жанындағы сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырушы болып еңбек етті.
Одан кейінгі уақыттарда, нақтылап айтсақ 1991 жылдың ақпанынан бастап «Қазақ тілі» қоғамының «Әділет» агроқауымдастығында біріккен комитеттің төрағасы міндетін атқарумен қатар, Үлкеншыған «Қазақ тілі» қоғамында да қызмет жасады.
Тоқбай Исабекұлы біздер егемендік алмай тұрған 1990-шы жылдардан бастап-ақ жоғарыда аталған қызметтерімен бірге ата-баба дәстүрін, елдің, жердің тарихын насихаттауға зор үлес қосқан ерен тұлға. Сонымен қатар, әкімшілік, ауылдық кеңестердегі іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруде ұйымдастырушылық қасиетімен дараланып, елінің құрметіне бөленген жан. Тоқбай ақынның тағы бір ұлтжандылық қыры – ауыл, көше атауларының қазақшалануына өлшеусіз үлес қосуы. Мәселен, Жаскент ауылындағы Бәйдібек баба, Төле би, Домалақ ана, Райымбек батыр, Бөлек батыр, Р.Қошқарбаевпен қатар Жаркент қаласындағы Желтоқсан құрбандары Е.Сыпатаев пен Л.Асанованың есімдерінің көше атауларын иеленуіне де бар қажыр қайратын сала кірісіп, өз замандастарына үлгі көрсетіп, үлкен азаматтық танытты.
Осындай жанкешті еңбекқорлығының арқасында «Мөлдір бұлақ», «Тау гүлі», «Сырлы дүние», «Жердегі жазулар» айдарымен өлеңдер жинағы, әрмен қарай отызға жуық әнін де шығарды. «Саясында алманың», «Жаркент вальсі», «Жетісу», тағы басқа әндері республикалық теле-радио арналарынан ұдайы беріліп, тыңдарман қауымның аузынан түскен емес. Бас-аяғы отызға жуық ән шығарған өнерпаз, сазгер. Біршама әуендері 1983-1992 жылдары шығарылған «Жастық шақ әуендері», «Ән шырқайық» атты ұжымдық жинақтарға енгізілген. Сонымен қатар Ғ.Мұратбаев, Р.Қошқарбаев, Ә.Қастеев жайлы жазылған «Туған жердің түлегі», «Күншығыстың қыраны», «Күткен күн» атты ұлт тұлғаларын ардақтаған оннан астам поэмалардың авторы. Ақын ағамыздың тағы бір кейінгі ұрпаққа қалдырған қомақты еңбегінің бірегейі «Әнші Дәнеш» атты тарихи-танымдық деректі романы екендігі баршамызға аян. Ағамыз онымен тоқтамай бойындағы бар талантын ел-жұртына таныта отырып, 60-тан астам әнге арналған өлеңдер де жазды.
Ақын, ағартушы ұстаз тәрбиелеген шәкірттер қатарында бүгінде елімізде белгілі ақын, Ислам-Ғали Үркімбайұлы, танымал журналист, жазушы Нұрәділ Бегімбет, «Жетісу» газетінің тілшісі Мырзағали Нұрсейіт, журналист, ақын Роза Қараева, айтыскер ақын Жандарбек Бегімбетов (марқұм), тележурналист Айдын Балғабаев, сазгер, продюссер М.Жәутіков, этнограф-суретші Ақан Оймауытов сынды қалам ұстаған, өнерді серік еткен азаматтарды зор мақтанышпен атап өтуге әбден болады.
Ислам-Ғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағыныңмүшесі, ақын:
– Тоқбай аға ауданымыздағы ұлттық рухымызды берік ұстаған адам. Оның негізі тілде, салт-дәстүрімізде екенін дәріптеумен жүрді. Ол үшін көшелерге, аудандағы көрнекті орындарға елге белгілі батырлар мен билердің, халыққа белгілі Ә.Қастеев, Д.Рақышұлы сияқты тұлғалардың есімдерін қоюды қолға алды. Аудан жастарын әдеби бірлестік ұйымдастырып, сол арқылы республика деңгейіне танымал етті. Тоқбай аға өзі бас болып жастармен тығыз жұмыс істеді. Біз сол ұстазымыздың тәрбиесімен танылған адамдармыз. Тоқбай аға туралы тоқсан толғау айтуға болады…
Ақындық қуаты Арқас тауындай арындап тұрған Тоқбай ағамыз көптеген аудандық, облыстық, рспубликалық ақындар айтысы мен ақын-жыршылардың жыр мүшәйраларында топ жарып, жүлделі орындарды иеленген. Шытырман оқиғаға толы «Әдишаның ажалы» атты пьеса жазды. Бұл шығарманың құндылығы сонда – аудан мектептері мен Дәнеш Рақышев атындағы Халық театры талай рет сахналап, жылдар бойы театр репертуарынан түскен емес.
Елі, жері мен оның тарихы үшін осыншама қыруар еңбек еткен ерен тұлға Тоқбай Исабекұлы Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағына мүше болды. Ақын ағамыздың жылдар бойғы жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұстаздық қызметі де ұлықталып «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атанумен қатар Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» болып марапатталып, абыройы асқақтады.
Нұрәділ БЕГІМБЕТОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, журналист:
– Тоқбай аға ең біріншіден педагог. Ол кісінің «арғы беттен қарғып өткем» деген сөзі Жаркент жұртшылығының арасында мәтелге айналып кеткен. Тоқбай ағамыз арғы бетте де ағартушылықпен айналысқан. Ал 50-ші жылдары Панфилов ауданына оралған соң білімін Жаркент училищесінде, одан кейін КазПИ-де жетілдіріп, ауылға оралды. Ойда-қырда жүрген малшылардың балаларын мектепке шақырып, Кішішыған ауылындағы бастауыш білім ошағын қазақ мектебіне ауыстырған қайраткерлігі де өз алдына бір ерлік.
Екіншіден, Тоқбай ағамыз ауылдық жерде жүріп Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Ауылдың қарапайым мұғалімі Алматыдағы әдеби ортаны мойындатып, Жазушылар одағына мүше атану ол заманда мүмкін емес жағдай болатын.
Үшіншіден, Тоқбай ақын қайраткер еді. Әсіресе тәуелсіздік алған жылдары Жаркенттегі елді мекендердің барлығына жергілікті батыр, би, болыс бабаларымыздың есімдеріне көше берілуіне бастамашы болды.
Төртіншіден, ағамыз «Шыған шырақтары» атты әдебиет пен өнер бірлестігін ашып, бірнеше толқын жазушы, ақын, журналист, суретші, т.б. өнер азаматтарын тәрбиелеп шықты. Сондықтан біз бәріміз «Тоқбайдың тонынан шықтық» деп мақтан тұтамыз.
Ақын, сазгер, ардақты ұстаз, «Жетісудың жыршысы» атанған алып тұлғаның 90 жылдық мерейтойы құрметіне Жаркент халқының көкейінде жүрген арманның бірі – өзі еңбек етіп, басшылық жасаған Кішішыған орта мектебіне ақын Тоқбай Исабекұлы есімі берілсе нұр үстіне нұр болар еді деп санаймыз. Себебі, өзінің тұлғалық қасиетімен де, туған елге сіңірген еңбегімен де Тоқбай ағамыз осындай марапатқа әбден лайық деп есептейміз.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ