/деректі дастан/
Найза шыңдар тілдескен мөлдір көкпен,
Жібек жүнін аспан да селдіреткен.
Сан ғасырдың сырласы Арқас тауым,
Желмен желпіп сақалын желбіреткен.
Мәуіті шапан киіп қырқалары,
Өзендер, Үсек, Қорғас бұрқанады.
Күн күлімдеп көктегі мейірленіп,
Төскейіне шашырап нұр тамады.
Сай-салада ойнақтап киіктері,
Қыран қанат қағады биіктегі.
Көк белестер көрікті көз тартады,
Берген тағдыр сәндікті үйіп тегі.
Белжайлаудың жып-жылтыр қой тастары,
Белгілі көрген жанға ой тастары.
Кермаралдар керіліп, биікке өрлеп,
Сұлудай кербез басып ойқастады.
Мөп-мөлдір тастан құлап бұлақтары,
Бейне бір сылдырлаған сынап бәрі.
Жамырасып жарысқан тұс-тұсынан,
Ілеге жету үшін жырақтағы.
Қызыл, ақ, сары, жасыл, көк гүлдері,
Бүр ашып бел-белесте көп гүлдеді.
Мұрын жарған ғажайып иіс майы,
Келмейді келген жанның кеткілері.
Биіктен көзің шалса, «Қызұясын»,
Аптығып бір көруге қызығасың.
Балапанын қырандар қорғаштап жүр,
Шыңдарда қалқып ұшып мұзы басым.
Ойлы арман жібек желмен тербеледі,
Сәйгүлік тықыршиды кермедегі.
Ән салып әнші құстар думандатқан,
Білмейсің жеткізгенін елге нені?
Құлаққа бұлбұл құстың жаққан әні,
Естіген іштей толқып шаттанады.
Шығыстан рауандап таң атқанда,
Босанып қалды ана жаппадағы.
Қуаныштан жүрек те соқпасын ба?
Лүпілін жиі қақпай тоқтасын ба?
Тәжіхандай анамыз бір ұл туып,
Қуаныш болды Рақыш отбасында.
Оралымды шумақпен ой құратып,
Бастады думандатып тойды ақын.
Азандап бір кәрия шақырды да,
Данияр деп сәбидің қойды атын.
Жиылды қуанышқа сансыз халық,
Толассыз күй шертілді, ән шырқалып,
Шілдехана тарады қылаң беріп,
Нұр шашып атқан кезде таң сызданып.
Күйші, әншіге көп болды сұраныс тым,
Иесі болды бұлар шын алғыстың.
Көңілі гүлдей болып жайнап кетті,
Суын жұтып Рақыш қуаныштың.
Бұл кезде жекеленіп ой қуған кім?
Үйінде дүрілдейтін той қылғанның.
Дәм емес, ән мен күйге кезек беріп,
Кезі еді бағы ашылған той-думанның.
Рақыш еркелетіп нәрестені,
Данияр демей оны Дәнеш деді.
Өсектің орманында бұлбұл сайрап,
Құлағында сәбидің ән ескені.
Ерке әнші боп ерте елмен араласты,
Той-думан Рақышсыз тарамас-ты.
Ертіп жүрді өзімен жалғыз ұлын,
Бидай өңді, қой көзді, қара шашты.
Қара торы бала өсіп беске келді,
Орманда ойнап қуатын ескен желді.
Бұлбұлды сайрап тұрған ұстаймын деп,
Ерте кетіп қалжырап, кешке келді.
Бұлбұлдың құмар болып үндеріне,
Тыңдайтын болып жүрді күнде түнде.
Көңілін бір сұлулық билеп алып,
Қарайтын беткейдің көп гүлдеріне.
Ел еді бал қаймағы бұзылмаған,
Сары маса қаптап кетті ызыңдаған.
Өштесіп бірін-бірі ұстап беріп,
Мейірімнен айрылып, бұзылды адам.
Құдайым жаратқан соң өткір етіп,
Қойсын ба дұшпанына тепкілетіп.
Рақыш әйелі мен баласын ап,
Қытайға түнделетіп кетті өтіп.
Сайрам көлі толқиды шартарапқа,
Жан таңқалар осы бір барса алапқа.
Жағалауда сыңсыған қалың орман,
Кенелген кереметтей салтанатқа.
Құбылып әнші құстар ән шырқайды,
Тартқандай гуілдетіп сазсырнайды.
Шығады бұлбұл үні мың құбылып,
Бірде баяу, бірде асқақ аршындайды.
Ақ қайың көк шыршамен сырласады,
Асады белестерден мұңдас әні,
Күмбездей төңкерілген көгінде күн,
Көлге де, жағаға да нұр шашады.
Серілер қасына ертті жас әншіні,
Байқалып алдында бар асар шыңы,
Жүрегін мазалайды жас жігіттің,
Қызға кеп кездескенде ашар сыры.
Әсетті алып кетті уақыт легі,
Бұл екі ақын әншінің шәкірттері.
Әсеттің «Хисметін», «Қаракөзін».
Үйренген Дәнеш өзі бақытты еді.
Тағы да, халық әні «Қоңырқазды».
Үйреніп қос әншіден бойын жазды.
Үйренген әнін шырқап күндіз-түні,
Осы елдің дүрілдетті тойын жазғы.
Аралап Сайрам көлді сайрандады,
Жас әншіні тыңдаған қайран қалды.
Әнші-ақынға Дәнештің ергендігі,
Апта емес, әуелі айға айналды.
Асықпай жайлау елін аралады,
Естілді жас әншінің жаңа әні,
«Болады болашақта бұлбұл әнші»
Деп жұртшылық жүрекпен бағалады.
Тұғылбайдың ауылы еді тұрақтары,
Осы үйде талай таңға жыр ақтарды.
Бие баудың басында қалт еткенде,
Дәнеш те Әдишаға сыр ақтарды.
Мәмет сезді бұл жайды сегіз қырлы,
Екеуіне арнады егіз жырды.
Кілтін тауып жүректің дөп түсетін,
Қосылып кетуіне негіз құрды.
Бұл жайды әке іштей сезе-тұғын,
Бақ қайда басқа оңай келе-тұғын.
Қызына Тұғылбайдың құда түсіп,
Рақышта мал қайда бере-тұғын.
Бай мен кедей жақтарын тең ескерді,
Ғажайып көз алдына елес келді.
Дәнеш пен Әдишаға қашыңдар деп,
Мәмет пен Қадырихан кеңес берді.
Қыз-жігіт қашты түнде қос атпенен,
Бел-белес артта қалды шошақ төбең,
Тығылды көк саланың орманына,
Қорғаштап осы араға досы ап келген.
Қыз қашқаны мәлім боп дүрлікті ел,
Таңдап мінді жылқыдан жүйрікті ер,
Екі ғашық әйтеуір кетті қашып.
Қолға түсу, түспеуін бұйрық білер.
Уыттанып ауылы Қаракерей,
Атқа қонды кәрі мен бала демей.
Ең алдымен тосты кеп Талқы жолын,
Қысылғанда хақың жоқ Алла демей.
Көксаланың тінтіді қарағайын,
Ғашыққа пана болған бала қайың.
Дәнеш қашып түскенде ұрма суға,
Шалма тастап ап шықты баладайын.
Жотасында ойнады қамшылары,
Ойып кеткен жерінен қан шығады.
«Қош бол, Дәнеш» деп кетті Әдиша қыз,
Аққан көзден тоқталмай тамшылары.
Қолын байлап айдады Сүйдін жаққа,
Махаббат үшін жігіт күйді отқа.
Сақшының қамады әкеп түрмесіне,
Зұлымның шапалағы тиді жаққа.
Күшейіп сұрақтары бара жатты,
Ұры деп те қаралап жала жапты.
Түсі сұсты гоминдаң шеріктері
Ұрып-соғып, денесін жаралатты.
Дүмпу шыққан кез еді Нылқы жақтан,
Ереуілге қосылды жұрты жатқан.
Қояндай кездескенін қоймай соғып,
Шеріктерді қырды кеп жұрт жылатқан.
Ширығып тұрған кезі шеріктердің,
Істейтін қылықтарын еріккеннің.
Қылышынан қан тамып, мұншалықты,
Қытайдың құтырғанын көріп пе едің?
Зәрін шашқан жыланша мұсылманға,
Бояған қылышының ұшын қанға.
Түркістан үкіметі қаланы алып,
Құлады басшылары ұшырғанда.
Күнде түсіп жатыр жан түрмесіне,
Таланып қандала мен бүргесіне.
Қылшылдап қаһарланып тісін қайрап,
Түрмеде жатқандарға жүрді өшіге.
Құлжа алынып, Қытайлар ес таппады,
Күзетпейтін боп қалды кеш қақпаны.
Аласапыран бұл кезді пайдаланып,
Бір-бірден қашып жатқан ес тапқаны.
Түрмеден шықты жалғыз Дәнеш қашып,
Беттеді Талқы жаққа белесті асып.
Күндіз дем ап, жүреді түнделетіп,
Ой орманын келеді, елес басып.
Баланың әке біліп қамалғанын,
Іздеген құтқарудың амалдарын.
Таныстардан Сүйдінге барып келген,
Дәнештің алып тұрды хабарларын.
Әкеден алды елден дерек толық,
Келеді өрлеп, танысты елеп қонып.
Қытайдың қашқын іздер шамасы жоқ,
Өзімен-өзі жатыр әлек болып.
Қонысын білді әкенің сұрастырып,
Бір досы алып келді қыр асырып.
Аман көріп баласын әке елжіреп,
Той-думанға жіберді ұластырып.
Қыз үйінде нәр тартпай жатты бір ай,
Ісіп кеткен екі көз жылай-жылай.
Жазылмайтын дертке қыз шалдыққанда,
«Жар болсын» деп тіледі жалғыз Құдай.
Махаббаттың өртенді күйігінен,
Айрылған соң Дәнештей жүйрігінен.
Байламға келді Әдиша. – Өлейін, – деп,
– Бір-ақ құлап жартастың биігінен.
Махаббаттың дерті бұл күйіндірген,
Қыранынан айырылды түйінді ілген.
Оңашада шай беріп сырласады,
Жеңгесі бойжеткеннің иін білген.
Сезілді түнергендей атырауда,
Бітпестен ел ішінде жатыр тауда.
Бір нәрсеге ұшырап қалмасын деп,
Ауыл боп Әдишаны бақылауда.
Кеткенде махаббаттың легі меңдеп,
Жазбайсың бұл сырқатты тегі емдеп.
Тұра алмайтын орнынан халге жетті,
Жүрегін бітірді дерт шегідей жеп.
Әдиша сырын шертті жеңгесіне,
«Болмады енді менің өлмесіме,
Үш қайтара сәйлем айт Дәнешжанға,
Қалармын мәңгілікке мен де есінде.
Жапса да өсекшілер пәлесін көп,
Үзбеді сүйген жардан дәмесін тек.
Жан берді сөйлеп жатып Әдиша қыз,
«Сүйіктім, қош бол – қош бол, Дәнешім!» деп.
Босатты қытайлардан Іле аймағын,
Шайқасып жауларменен бір ай жарым,
Орнады Түркістанның үкіметі,
Ашты да он төрт ұлттың құдай бағын.
Бастықпады үдеді тасқын әлі,
Қашқан қытай Талқыдан асты ары,
Сайланды қазақ, ұйғыр, татарлардан,
Құлжадағы үкімет басшылары.
Іс басына келді жан адал ниет,
Өрледі мәдениет, әдебиет.
Таңжарық ақын болды редактор,
Сүйеніп оған артты адам ниет.
Шыққанына қарамай кедергілер,
Жиналды Құлжаға кеп өнерлілер.
Бұлардың арасында қырандар бар,
Құлай қағып қызылды керден ілер.
Жан-жаққа тарап жатты жаршы-үгіт,
Іш сырын кім мұндайда қалсын бүгіп.
Өнер сүйгіш Таңжарық, Қайыпбекке,
Талдырмаш қатты ұнады әнші жігіт.
Қайыпбек белгілі әнші Құлжадағы,
Көзінен қарағанда нұр жанады.
Сағы ауып қамқорлыққа алмақ болды,
Жігітті ән шырқаған бұл жаңағы.
Танылды жұртқа Дәнеш әніменен,
Көрікті көз тартатын сәніменен,
Ел-жұртпен араласып кетті бірден,
Тіл тауып кәрі, жастың бәріменен.
Байбазар өз шәкіртін тани кеткен,
Есінде жас кезінде ән үйреткен.
Халық әнін, Әсеттің көп әндерін,
Үйренді әнші ағасы Қайыпбектен.
Шапқылады, жүрмеді аяңменен,
Ешбір жерде болмады аял деген.
Ән салса домбырамен асқақтатып,
Кей кезде ән шырқады баянменен.
Айтты ол ұйғыршаны, қырғызшаны,
Айтқан сайын құбылды бұлбұлша әні.
Қырғыздың «Ой, бұлбұлын» шарқағанда.
Көз сүртті орамалмен қырғыз шалы.
Нақышына келтірді татаршаны,
Жүректің нұр сәулесі шашар шамы.
Бақыт құсы басына қонатындай,
Нұрлы таңның тұр таяу атар шағы.
Театрдың даңқын ол биіктетті,
Көп көрді көпшіліктен сый-құрметті.
Бал әуез көрерменді таң қалдырып,
Әншіні ел-жұртына сүйікті етті.
Шағы бұл шабытының шарықтаған,
Күндіз-түн үйренуден жалықпаған.
Әнші мен ақын аға дарындарын,
Жігіт пе ән бойына дарытпаған.
Әкетті оларды өмір алмастырып,
Келеді жас әнші ісін жалғастырып,
Қытайдың астанасы Пекинге кеп,
Шырқады ән қазағымнан алғаш шығып.
Әсеттің «Мақпал» әнін сыңғырлатты,
Денесін тыңдаушының шымырлатты.
Ән әуезі балқытып тұла бойын,
Таңдайына татады шырын тәтті.
Аралап Шаңқай, Ханжу, Харбиндерді,
Әнімен асқақтаған таң қылды елді.
Ішкі моңғол елінде шырқалып ән,
Талайдың пәк жүрегін жандырды енді.
Көңілі өсіп келеді қанаттанып,
Талмастан ізденуде талаптанып.
Ұлы елдің өнер сүйгіш қауымдары,
Қол соғып басын иді талантқа анық.
Пекиннен олжалы боп оралғанда,
Сүбелі барған жерден жол алғанда.
Қуанды Құрманәлі, Құрманбайлар,
Қарсы алып беттен сүйіп қол алғанда.
Пекинге Сәбит барған сапарменен,
Құлжаға екеуі де қатар келген.
Барды Сәбең Әсеттің зиратына,
Арнайы келген ақын аталы елден.
Төбеге көтергендей жұрты алыпты,
Қарсы алды дүйім халық Мұқановты.
Талантты жастар тыңдап жазушыны,
Жалыны бойындағы тұтаныпты.
Сәбеңнің аңқылдаған асыл жаны,
Қуаныш көңіліндей басылмады.
Бұқара Әлімжан мен Дәнеш еді,
Құрметтеп бірге жүрген қасындағы.
Аралап Сайрам көлді сайраңдады,
Көркіне тұнып тұрған қайран қалды.
Келеді көргенінен түйіп-түйіп,
Мол байлап көңіліне байламдарды.
Көрді де қатты ұнаттты Сайрам көлін,
Көл-көсір дастарқанын жайғанда елім.
Жастыққа сүйеніп ап таңға тыңдап,
Әніне Әсет ақын қанған серің.
Қалтықсыз кең құшағын халқы жайған,
Қалтырды осы елдің салты қайран.
Жаңа әнін жазушыға тарту етті,
Шырқалды тұңғыш рет «Шалқы Сайрам»,
Әсеттің «Қара көзін», «Мақпалын» да,
Тыңдады көк саланың шатқалында.
Әсеттің дауысыма депте қалар,
Айлы түн қарлықпаған ақ таңы да.
Тыңдаған қазақ елі әншілерін,
Намыскер көрген мықты қамшыгерін.
Сезілді жас жігіттің нақышты әні,
Жібекпен құятындай жан шідерін.
Сылдыр ұқсап бейне тау суына,
Бір ырғақ бір ырғаққа ауысуда.
Дәнештің сыңғырлаған әсем үнін,
Ұқсатты Манарбектің дауысына.
Сайрам көлде жүргенде бірнеше күн,
Көргендей болды өмірдің гүл шешегін.
– Түбінде бұлбұл әнші боласың, – деп
Өлеңмен бата берді бұл шешенің.
Белгілеп бара-тұғын жаңа шепті,
Орта Азия еліне сапар шекті.
Өнерпаздың өрелі ортасында,
Бірге еріп ұйғыр, өзбек, татар кепті.
Шырқалды ән сарайында Алматының,
Жанының жайнап кетті жаннаты мың.
Бойында ғажайып күш пайда болып,
Бермеді күндіз-түні жанға тыным.
Қалибек таныстырған Жүсіпбекпен,
Тағдырдың мықты еді күші неткен.
Күләштің бұлбұл үнін тыңдағанда,
Көңілдің боп құлпырды хошы көктем.
Оқуға кел, – деп шақырды Жұбанов та,
Бұл сөзге Дәнеш те тұр қуанып та.
Ән тыңдаған жандардың арасында,
Мұхтар, Сәбит, Ғабиттей жүр алып та.
Ташкенге кеп шырқады талмай тарлан,
Ән дәмі кетпей қалды таңдайлардан.
Бұқара, Самарханның сахнасында,
Жұртшылық ән салғанда қанбай қалған.
Жүрегінің жұлдызы жанған күліп,
Ақ арман ұстатпайды алдандырып,
Азия елдерін бір дүр сілкінтіп,
Қытайға қайтты Дәнеш таңғалдырып.
Сағынған өтіп келді Отанына,
Жалындап жанған жүрек от алуда.
Рақыш туыстармен кездескенде,
Қалдырмай ішкі сырын қотаруда.
Уақыт та өткен екен отыз жылдай,
Сағы да қиындықтан отыр сынбай.
Өзі өскен Өсектің орманында,
Сайрап тұр бұлбұл менен тоты тынбай.
Құдайға риза болып отырады,
Оттай ыстық бел-белес шоқылары.
Рақыш сырқаттанып қайтыс болды,
Бұйырды туған жердің топырағы.
Көңілі өсті көріп Дәнеш туған елді,
Шыңдап бұл өнер үшін буған белді.
Қазақстан қырық жылдық тойы болып,
Келгені осы тойға тура келді.
Жиналды ақын, әнші астанға,
Бұларсыз ұлы думан бастала ма?
Қалқа ақын тойды бастап төкті жырды.
Үлкен түйіп, құярдай жас санаға.
Айтыскерлер қайтпайтын қайсар бәрі,
Тыңдап отыр қазақтың жайсаңдары.
Жақсы менен жаманды жасырмастан,
Түйреді бірін-бірі тайсалмады.
Дәнеш кеп ән шырқады орта бойлы,
Таңғалды отырғандар ортада ойлы.
«Саясында алманың» тыңдағанда,
Әуезов ойын тезден қорыта қойды.
Атын сұрап, дәптерге жазды алып,
Серпілді алдыдағы аз мұңданып.
«Шашырап тарыдайын жер жүзіне,
Қайтейін жүдеп-жадап азды халық».
Бағасын алды бірден ұлы ағаның,
Тербетті жанын сөзі ғұламаның.
Оралды шат-шадыман ауылына,
Шығарып «Жетісу» мен «Суан әнін».
Жігер берді бойына Мұқаң сөзі,
Келіп тұр әншінің де ұтар кезі.
Аласа үйде күндіз-түн дайындалды,
Қолдайтындай сезілді құт-ән сәні.
Әсеттің шәкірті еді ізін басқан,
Өткізері болыпты жүзден астам.
Ретімен жүрекке түйді бәрін,
Шығармай бірін шашау қызынбастан.
Алматыға оралды кешікпестен,
Қиындыққа шыдады көріп өскен.
Ерзакович қарсы алды күлімсіреп,
Қазақ әні үшін ол өліп-өшкен.
Күй табаққа жазды ол бірнеше күн,
Әннің де ұнатты ол бірнешеуін.
Таңқалды жас жігіттің дауысына,
Құлпыртқан әрбір әннің гүл шешегін.
Жақсы ғой әрқашанда білгенділік,
Әсет әнін жіберді ол түрлендіріп.
Орнынан тұрып орыс ұлы адамы,
Қолын алды Дәнештің бірден күліп.
Қуантты оны тамаша бұл жаңалық,
Кеткендей сезінді өнер бір жаңарып.
Эфирден шырқау үшін ән жаздырды,
Өзін де бірнеше күн шыңдап алып.
Эфирден шырқалды ән тамаша бір,
Тыңдады ұйып кәрі мен бала-шабыр.
Асқақты Әсет әні естілгенде,
Өнерден көрінді ерек жаңаша қыр.
Дәнеш әнді әкелді тірілді үміт,
Шыдасын ба жүректе діріл тұрып.
Туған елмен қауышты Әсет қайта,
Өскен ел, өткен жермен бұрын жүріп.
Асқақтатты эфирден «Аңшы» әнін,
Сазды әннің төгіп-төгіп тамшыларын.
Ұйыды тәтті әуенге тыңдағандар,
Ұйытты барша жұртты әнші-дарын.
Өтіп жатты ай ағып, жылдар жылжып,
Өтуге хақысы жоқ жігіт жүнжіп.
Төбеге көтергенде туған елі,
Әншіге жеңіл тисін қалай бұл жүк.
Қадалған қара көздер жанын тербеп,
Шалқыған шабыт кетті көңілін тербеп.
Шығарды «Қаракөз» бен «Балжан» әнін,
Қиынға салып жанын тепшіп-терлеп.
Туған жер әсемдігі көзін тартып,
Жіберді ән салмағын сезімге артып.
«Туған жер», «Белжайлау» мен «Соңғы аққу»,
Кетесің тыңдағанда, өзің балқып.
Мәскеудің көрсетті өнер сарайында,
Сезінді сүңгігендей жаңа айдынға.
Тыңдаған әр бір ұлттың сұлулары,
Бөленіп батты-ау, шіркін, талай мұңға.
Әсеттің шырқағанда «Қаракөзін»,
Оянды тыңдаушыда дара сезім.
Қырғыздың «Ой, бұлбұлын» айтқан шақта,
Есіне түсірді әркім бала кезін.
Аралап қала, аудан, әр ауылды,
Әнімен тәнті етті бар қауымды.
Әніне ғашық болған талай-талай,
Қаракөз, күлімкөздің жаны ауырды.
Танытты Ақан, Біржан, Естайларды,
Жандарды зар заманда кешкен қайғы.
Әншілер әлі асқақты ән салып жүр,
Елінің ортасында өскен жайлы.
Сұм ажал шын бұлбұлды кетті қағып,
Дүниеден бір жұлдыз боп өтті ағып.
Тыңдаған бұлбұл үнін жас, кәрінің.
Кетті ол жүрегіне отты жағып.
Досынан жасырмайтын сырды дәйім,
Сайраған сахнада бұлбұлдайын.
Арадан кетті алып ажыратып,
Қимастан туған елге бір құдайым.
Жүрегінде жүргенде қозғап барды,
Әкетті тағдыр небір боздақтарды.
Баласы Сәлима мен Гуля, Бақыт.
Сүйгені Рахилам боздап қалды.
Шырқалған әні қалды күй табақта,
Қалдырды бізге мұра жинамаққа.
Өмірден өкінішсіз кетті өтіп,
Бөленіп тірісінде сый-атаққа.
Шығарған әнге бөлеп қазақ атын,
Біртуар сыйлады ел азаматын,
Әні әсем, жаны пәк, бал мінезді,
Жыр етіп талай-талай жазады ақын.
Мұқырыда, жотада тұр мүсіні,
Өмірдегі өнердің бұл бір шыңы.
Нұрмолда, Қалқа ақын ағасымен,
Жүздесіп шығарады мың кісіні.
Берген бақ адамзатқа мол-ау, шыны,
Елінен тапса нағыз қолдаушыны.
Қолына ап домбырасын әнші Дәнеш,
Шығарып сап тұр әнмен жолаушыны.
(Тоқбай Исабековтің жеке архивінен теріп құрастырушы
Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Пенжім ауылы,
«А.Розыбакиев атындағы орта мектеп» КММ 10-сынып
оқушысы Жолдасхан Жанель Дәуренқызы)