БОДАНДЫҚТЫҢ БҰҒАУЫНА БАС ИМЕГЕН
Қоңырөлеңдік Нұрдәулет Қожабеков қария екеуміз ауданда өткен бір бас қосудан соң әңгімелесе қалдық. Әңгімеміздің төркіні бір жерден суырылатындай көрінді. 1937 жылғы еліміздегі зиялыларды жаппай жазалау шаралары жүргізілген кезде әпкесінің ұсталып 18 жыл айдауда болғандығын айтып қалды. Күн еңкейіп әрі асығыстау шаруаларымыз болғасын телефон алмасып, қоштастық. Естіген оқиға заһарлы жылдардағы жазықсыз қудаланған жандарға қатысты болғасын есімнен кетпей жүрді. Араға біраз уақыт салып барып Нұрекеңмен хабарласып, екеуміз ақылдаса келе Жаркентте кездесуді ұйғардық.
Нұрдәулеттің Қобдалы атасы сол заманның ағымын білетін сұңғыла кісі болған сияқты. Қазақ арасына мұсылман дінін тарату ісімен жүрген араб тілінде жаза білетін, оқи алатын адамдар – қожалар Бұхара мен Ташкенттен келетін. Болшақта сауаттының күні туатынын сезінген Қобдалы қария осы Қоңырөлең аймағына келген 4 қожаның бірі Бұлбұл қариды жалдап, Тамшы өзенінің шығыс жағындағы шағын Сарытөр ауылына шақырып, сол жердегі бұрын салынған мешітте бала оқытқызған. Кезінде шағын ғана Сарытөрге қоныстанған ел арық тартып, суармалы егін салып, қырманына астық бастырып, мал бағып отыратын болған. Бұлбұл қаридың алдын көрген, содан оқып шығып кейін жұртқа танымал болып аты шыққан имамдар Жұмағұл, Әбдуәли, Әбдікерім, Жақыпбай, Жабан молда сияқты білімдарлар екен.
Нұрдәулет Мұхаметжанұлы 1948 жылы туылыпты. Қытай Халық Республикасының Құлжа аймағына қарасты Бұратоланы мекен еткен Суандардың Ақша руынан екен. Өз әкесі Мұхаметжан 1894 жылы туған. Әкесі жарықтық 5 әйел алған екен, кейінгі әйелінен бір ұл, бір қыз көріпті. Нұрекең арапша оқи, жаза білетін сауатты азамат болып шықты. Әңгімелесе отырып үйінен ала келген Қытайдағы баспадан шыққан Суан шежіресін заулатып оқи жөнелді. Мұндай кітапты қайдан көрдім деп отырып әрең есіме түсірдім. Үйдегі кітап сөресінде тұрғанын, осыдан бірнеше жыл бұрын ұлым Алматыдан алып келіп қолыма ұстатып еді. Өткен ғасырдың 90 жылдары араб тілімен біраз уақыт айналысып көріп, шетелге шығарылатын төте жазумен жазылған «Шалқар» газетін жүгіртіп оқитын дәрежеге жетіп едім. Жұмыс басты болып жүйелі айналыспағаннан кейін ұмытыла бастады. Үйдегі кітап сөресінде тұратын шежіре екенін Нұрекеңнің қолынан көргеннен кейін білдім.
Арғы-бергі жаңалықты түгендеп барып, негізгі әңгімеге арқау болатын оқиғаға көштік. Бүкіл қазақ халқының басына келген нәубеттің бірі Голощекин (1925-1933 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болды) басқарған жылдардағы «Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы» 1928 жылы 28 тамызда қабылданған қаулы болды. Кәмпескелеу күштеп тәркілеуге ұласып, Кеңес өкіметі ірі байлармен қатар орта шаруалардың малын да зорлықпен тартып ала бастайды. Заманның тынышында бұл әулет мыңғырған жылқы айдаған, барын базарлап отыратын, түтіні түзу шыққан ауылдың бірі болыпты. Бас-көзге қарамай жүргізілген науқан кезінде бұлар аса байлар, біреудің еңбегін жеген зомагерлер деген жаламен Нұрдәулеттің әкесі Мұхаметжанды інісі Байжұмамен қосып, әкелері Қожабекпен үшеуін бірдей ұстап, айдаумен апарып Алматыдағы түрмеге жауып тастаған.
Сұрақсыз, жауап алмай сарылып үкім күтіп 1 жыл 3 ай болғанда, көз таныс болып кеткен, есік күзететін бір татар жігіті бұлардың шарасыз жатқандығын көріп жаны ашып: «Сендер әкелі-балалы үшеу екенсіңдер, бастықтарға арыз жазып берсеңдер біреуіңді кепілге алып қалып екеуіңді 3 айға босатады, ар жағын өздерің білесіңдер», – деп ақыл беріпті. Әкемнің інісі Байжұма сауатты хат танитын адам болған соң, жоғары жаққа өтініш арыз жазып жіберген екен. Жазған арыздарына біраз уақыт өткеннен соң сәуір айында жауап келіпті. Түрмедегі ұсталып жатқандардың ісімен айналысқан басшылар сауаты бар Байжұманы кепілдікке алып қалыпты. Бұл қалса ана әкесі мен бауыры мынаны тастап ешқайда қашып кетпес деген оймен, әлгі татар жігіті айтқандай екеуін түрмеден босатып жіберіпті.
Шамасы бұларды бай-кулак деп көрсеткен адамдарынан нақтылау хабар алынбады ма, жоқ әлде басқа бір нәрсе себеп болды ма, әйтеуір түрмеден кепілмен босап шығыпты. Арттарында түрмеде қалған Байжұма «Бұл өкімет бізге маза бермейді, ертеңгі күні тағы не деп кінә тағарын білмейміз, сендер осыдан барғаннан біреуің қалмай Қытайға өтіп кетіңдер, аман болсам менде тауып барармын» деп кеңес беріпті. Бұл 1930 жылы болған екен.
Әкеміз бен атамыз Алматыдағы түрмеден шығып, арып-ашып ауылға келіп, ел-жұртты тездетіп жинап, ақылдасып, арғы бетке өтуге қам жасапты. Аталарымыз көшке ілесетін туған-туыстарына жасырын хабарлап, «Былайғы сырт адамдарға көз қылып киіз үйлерді тігулі қалдырып қойыңдар, керекті дүниелеріңді буып-түйіп дайын отырыңдар, бүгінгі түннен қалмай ар жаққа өтіп кетпесек мына өкімет тұқымымызды түгел құртады» депті. Көп ешкімге сездірмей, жиылып-теріліп қараңғы түнді сағалап, жайлаудағы Сатылының асуы арқылы 50 үй Қазан көлді басып, қытайдағы Бессарыбұлақ арқылы Сүйдінге барған. Бірақ малдың бәрін айдап кетуге шамалары келмей, асығыс-үсігіс 500-дей қой, 150 сиыр, аздаған жылқыны айдап ала кеткен. Ар жаққа өткендер тек Ақша руының адамдары ғана емес, мал баққан өзге ауылдың да адамдары бар еді.
Алматыдағы түрмеде жатқан Байжұманы жаны ашыған әлгі татар жігіті 3 айдан кейін ебін келтіріп қашырып жіберіпті. Байжұма күндіз қашқын екенімді біліп қойып ұстатып жібере ме деп тығылып жатып, түнде жүріп, жолда кезіккен үйлерден тамақ сұрап жеп, ит қорлықпен Іле өзеніне жетіпті. Ауыл-ауылды ақырындап жағалап, қамысты паналап Іленінің бойымен Қытай жеріне өтіп, есін жиыпты. Ол жақта ағайындардан ат-көлік тауып мініп, әкелері қоныстанған жерге жетіп, туыстарымен қауышыпты. Арғы-бергіні білетін, сауаты бар жігерлі туған Байжұма кейін бірнеше рет бері өтіп келіп біраз ауылды ар жаққа көшіріп өтіпті. Қытайға ауа көшкен қазақтарды қайтару жөнінде біраз мәселе көтерілген кездерде ар жақтағы Кеңес консулдығы арқылы келешекте Қазақстанға қайтамыз деген адамдарға паспорт жазып, қолдарына беріліп қойған екен. Көп отбасылармен бірге бұлардың да үй іші 1945 жылы Кеңес азаматымыз деген паспорт алған екен. Соның арқасында 1962 жылы «қаш-қашта» туған мекені Қазақстанға өтіп келген. Отбасымен үлкендердің барлығы аңсаған туған жерге өтіп келіп, көңілдері жай тапқан.
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНА ШӘКІРТ
БОЛҒАН ҚОҢЫРӨЛЕҢДІК ҒАЙНИЖАМАЛ
Нұрекең тарихтың қойнауынан сыр тартатын, әңгімелесе отырып талай адамдардың есінен алас болған хикаяттарды, жағдаяттарды көңіл түкпірінен суыратын, жілік-жілігімен айтатын қария. Жасы жетпістің ортасына таяса да сонау өткен ғасырдың басындағы, яғни 20-мен 40-шы жылдардың арасындағы туыстарының басынан өткерген қудалау қиындықтарын, дұрысында қызыл биліктің кесірінен азап шеккен жақындарының тағдырын ойласа қабырғасы қайысады.
«Ғайнижамал біздің ет жақын әпкеміз еді деп бастады Нұрекең. Жоғарыдағы сөз болған атақты Қобдалы атамыздың немересі, әкесі Қожабек болатын. Сол кездегі өкіметтің қуғындауынан жазықсыз жапа шеккен жандардың бірі. Мен 1964-65 жылдары Көкталдағы орта мектепте оқып жүргенімде Ғайнижамал әпкемнің қолында тұрдым. Сол үйде жүріп 10 класты бітірдім. Сол күндердің сағаттарына дейін әлі есімнен кетпейді. Сабағымды ыждағаттылықпен тапжылмай отырып біраз уақыт дайындайтынмын, қиындау тиген тұстарын сұрасам әпкем көмектесіп, түсіндіріп беріп отыратын, өте сауатты жан еді. Әпкем екеуміз шай ішіп отырып түннің бір уағына дейін қалай «халық жауы» атанғанын, каторгалық жұмыста басынан өткізген қиындықтарын әңгімелеп айтып беретін.
Әкесі Қожабек аймақты айналып жүріп өзіне ұнаған атақты Сатайдан шыққан Мұқа болыстың туған қарындасы – бұла өскен Зепіні ұнатыпты. Ұлының қалағанын жасап әкесі Қобдалы құда түсіп, қалың малын айдатып Қожабекке Зепіні айттырып, келін етіп түсірген екен. Сол аталарымызға ежелден қоныс болған Қоңырөлеңде Ғайнижамал әпкеміз 1912 жылы дүниеге келіпті. Кеңес өкіметі орнап тұрақтанғаннан соң ең алғашқы колхоз шаруашылықтары Қоңырөлең ауылында 1929 жылы №8 колхоз болып, содан кейін Жамбылда, одан соң Көкталда құрылған. Кеңес өкіметі орнап, ел-жұрт сауат ашуға жаңа өмірге бейімделіп, қызмет етеміз деп жатқанда әкесі қызын қатарынан кейін қалмасын, оқысын деп 1928 жылы Жаркенттегі алғаш ашылған педагогикалық училищеге түсіреді. Ғайнижамал аз ғана уақыт бұрын ашылған оқу орнының студенті атанады. Оқуға жан-тәнімен кіріскен Ғайнижамал әпкеміз оқу орнындағы және қаладағы өткізілетін әртүрлі шараларға қатысып жаңа саясатты насихаттай жүріп комсомол ұйымына мүше болады. Сөйтіп қызу жұмыспен қоғамдық істерге белсене араласып жүрген кезінде 1930 жылы Панфилов ауданына бір қазақ жігіті әскери комиссар болып келеді. Біраз уақыт әр ұйымдардағы, мекемелердегі, өткізілетін шараларда кездесе беріп, танысып, бірін-бірі ұнатып, сол жігітке тұрмысқа шығады. Белсенді жұмыс атқарғаннан кейін жоғарыдағы органдардағы басшылардың көзіне түскен күйеуінің қызметі өсіп, Алматы қаласына әскери қызметке ауыстырылады. Екеуі пәтерде тұрып, күйеуі жауапты қызмет атқарып жүргенде жоғары білім алғысы келген Ғайнижамал Алматы қаласындағы алғаш ашылған оқу орындарының бірі – Қазақ педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі. Алаштың көрнекті қайраткерлерінің бірі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан сабақ алады.
Ғайнижамал еңбек ете жүріп қызметі жоғарылап, Алматы қалалық комсомол комитетіне хатшылық қызметке бекітіледі. Дүние әп-сәтте төңкеріліп, 1937 жылы күйеуіне де, өзіне де «халық жауы» деген жала жабылып, ерлі-зайыпты екеуі де ұсталып, сотты болады. Түрмеге түскеннен соң күйеуін белгісіз жаққа әкеткен, одан мүлдем бейхабар қалған. Ұзақ уақыт тергеуден соң Ғайнижамалға «елге жау элемент» деген кінә тағылып, Енисей өзенінің бойындағы орманнан ағаш дайындайтын колонияға каторгаға жіберген. Кеңес одағының түкпір-түкпірінен жүздеген «халық жауы» атанған әйелдермен бірге қара жұмысқа жегілген. Орысша жақсы сөйлейтін әрі сауатты болған соң бригадир етіп қойған. Орман арасынан ұзын-ұзын етіп кескен қарағайларды сүйретіп әкеліп, оларды алтыдан қатарластырып темір арқандармен буып байлап, алдында ескекпен бір әйел артында бір әйел өзен ағысымен межелі жерге дейін ағызып апаратын болған. Ағаш айдап барған әйелдердің көбі жолда суға ағып өліп, кейбірі суға түсіп малмандай болып оралып ауырып, өліп жататын болған. Оларға адам деп жан ашитын, дәрігерлік көмек көрсететін ешкім жоқ. Барлық басшы біткен ойы өздеріне берілген ағаш ағызу жоспарын орындаса болды дейді екен. Қалай болса солай жасалған шұрық тесік барақтарда суыққа тонып жатып, кейде аш, кейде өлместің күйін кешіп өмір өткізген. Каторгалық жұмыс кезінде айдауға барған адамдардың өмір сүруіне жағдай жасалмаған, ондай әрекетке ешкімде бармаған әрі лезде мыңдаған адам мұндай хәлге түсіп азапта болады деген де ой болмаған.
Бұл азапты күндерден Сталин өлердің алдында ғана – 1951 жылы түрмеден босап, туған жерім деп ауданға келген. Енді тынышталған шығар деп бейбіт еңбекке араласа бастайды. Көктал ауылында ветеринарлық санитар болып жүрген кезінде шаруашылықта бірге істеп жүрген мал дәрігері орыс жігіті тұрмыстарын көріп «екі қызың бар екен, сойып жеңдер» деп бір ешкі босатып беріпті. Кешкілік ешкіні сойып, тамақтанып отырғанда сол араға жақын тұратын бір кісі кіріп келіп, «Оу, сенің жағдайын біздікінен гөрі жақсы екен ғой, ешкі сойып алыпсың» деп кілт бұрылып шығып кетіпті. Екі күннен кейін «үш әріптің» адамдары Ғайнижамалды тағы да тексеріп, тұтқындапты. Сондағы таққан айыптары шаруашылықтың малын рұқсатсыз сойып алған деген жала жауып, 1954-1957 жылдары қайтадан тағы да 2 жылға соттап, жазасын өтеуге Жамбыл облысына жер аударып жіберген. Шиеттей екі қызын шырылдатып Соцжолдағы (қазіргі Бөрібай би ауылы) жездесі Әхмәдидің үйіне тастатып, өзін тұтқындап әкеткен.
Айдауда 13 жыл жүріп, соңынан тағы сотталып, өмірінің 17 жылын азапта өткізген Ғайнижамал әпкеміз жазасын өтеп болғаннан кейін туған ауылына оралып, Қоңырөлеңде жұмыс істеп жүрді. Әпкемізбен сол кездерде араласып тұрдық, ақталған болуы керек, 13 сом пенсия алатын. Өзінің қажырлылығының арқасында құжаттарын толтырып, жан-жаққа жазып, қуарлап жүріп толықтай ақталып шықты. 1969 жылы Алматыға көшіп барып сонда тұрды. 1970 жылы «Қазақфильм» жақтан үш бөлмелі жаңадан салынған үй алды.
Сол күндерді есіне алғанда Ғайнижамал әпкеміз Ахмет Байтұрсынұлын айтпай кетпейтін. 1937 жылдары ұстазым болған соң амандасуға кіргенімде Ахмет Байтұрсынұлы «Ғайнижамал сен маған кірме, мен өзімде бүгін кетем бе, ертең кетем бе деп жүрмін, сенде бірдеңеге ілініп кетерсің, абай бол», – деп шығарып салыпты. Сондай керемет ақылды, өте білімді ұстазым болып еді дейтін. Барлық дүниені бұрынырақ болжап тұратын адамдар емес пе, Ахаң шәкірті Ғайнижамалға жаңағы сөзді аса көрегендікпен айтыпты. Алаштың оқыған үлкен азаматы ретінде нәубет қамыты бұғанда кигізіліпті. Ғайнижамал әпкеміз ешнәрсеге мойымайтын, алғанынан қайтпайтын өзі де мықты адам еді. Осыншама қорлық көріп 17 жыл айдауды, түрмені, небір қорлықты күндерді бастан өткерген Ғайнижамал әпкем 1995 жылы қайтыс болды. Артында екі қызы қалып еді, біреуі – Кимасы инженер болған, көп жыл геологияда зерттеу жұмыстарында істеп жүріп қайтыс болды. Еліміздің талантты актері әрі кинорежиссеры Шәкен Айманов 1970 жылы 20 қазақтың талантты ұл-қызын іріктеп, жинап Москва қаласындағы киностудияға түсіреді. Соның алғашқыларының біреуі Ғайнижамал апайымыздың қызы Қобдалиева Рима. Актриса талантының арқасында көзге түсіп «Атаманның ақыры», тағы да басқа кинофильмдерде ойнады. Апайдың артында еліне адал қызмет істеген осындай абыройлы қызмет арқарған қыздары болды. Қанша қуғынға ұшырап, азап тартып жүрсе де отанына, қазақ жұртына еңбектенуден жалықпаған Ғайнижамалдай текті де, жүректі жандарды туған елі ешқашан ұмыта қоймас» деп аяқтады әңгімесін Нұрдәулет қария.
Молот СОЛТАНАЕВ
(Бұл деректер Нұрдәулет Қожахметовтың
өз аузынан жазып алынды).