Үлкеншыған ауылдық округінің әкімі Еділ Тумакбаевпен сұхбат
Ауыл қазақ үшін ең киелі жер саналады. Кіндігіңнің жас қаны тамған, табаныңнан өткен бұрқыраған топырағының ыстығы бойыңа қайрат, жаныңа жігер құяды. Үлкеншыған ауылы да сондай керемет жердің бірі. Ежелден-ақ ат қойғыш қазағым бұл ауыл бәрінен озандап, шығандап озған дүлдүлдің орны деп бекер айтпаған. Кешегі күндері осы ауылдың ғана емес, бүкіл қазақ атын Одаққа әйгілі еткен Социалистік Еңбек ері Күләш Айтжанова мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері – Тоқбай Исабеков бастаған, Ислам-Ғали Үркімбайұлы қостаған, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Құсайын Бейсебай, қос журналист қыздар Роза, Шолпан Қараевалар, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, академик Ақан Оймауытов сынды тұлғаларды тудырған жер. Бүгін біз елімізге осындай еңбекқор ерлерді берген Үлкеншыған ауылдық округінің әкімі Тумакбаев Еділ Асанұлымен сұхбаттасып отырмыз.
– Еділ Асанұлы, сізбен Қазақстан өз таңдауын жасап, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ел Президенті етіп сайлаған сәтте кездесіп отырмыз. Саяси науқан туралы қандай ой-пікірдесіз?
– Тәуелсіз елдің құрдасы ретінде Қасым Жомарт Кемелұлының саясатын толықтай қолдаймын. Президентіміз биылғы жолдауында атап өткендей әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам болу үшін «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырған болатын. Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мәселесі де Жолдауда жария етілді. Мемлекет басшысының бұл саясаты Референдумда қабылдаған Ата заңымызға енген өзгерістерге байланысты ел Президенті бір-ақ рет 7 жылға сайлану керек екендігі туралы айтылған. Ел-жұрт болып толықтай қолдаған болатынбыз. Егер саяси науқанға – Президент сайлауына келетін болсақ Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның саясатының дұрыстығына бүкіл халық куә болып отыр. Өте білімді, бірнеше тілде еркін сөйлейді, дипломат саясаткер жеке бір дара тұлғаның өзі десем де болады. Үлкеншыған округінің халқы Президентіміздің саясаты мен бағыт бағдарын толықтай қолдайды. Президент сайлауында ауыл тұрғындары толықтай ат салысып, сайлауға бір кісідей қатысып, өз таңдауларын жасады.
– Үлкеншыған округі аудандағы халқының саны жөнінен үлкен округтердің бірі. Ел басқару да оңай іс емес екені белгілі. Әкім болудағы мақсатыңыз не?
– 2021 жылы 25 шілдеде ауыл әкімінің сайлауы болып, өз кандидатурамды ұсынған болатынмын. Туып өскен ауылыма қызмет етіп, өркендеткім келді. Сол сайлауда халық өз таңдауын жасап, жеңіп шығып ауылдық округ әкімі болып сайландым. Қазіргі заман талабына сай Мемлекет басшысының саясатын қолдай отыра «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз десек ауылдағы қарапайым халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, талаптарын қолдан келгенше орындап, ел-жұртты тыңдай отыра Үкімет пен халықтың арасындағы алтын көпір бола білу біздің – мемлекеттік қызметкерлердің, яғни менің басты міндетім деп білем. Мақсатым туған ауылымды көркейтіп, ауыл азаматтарымен бірге етене араласып, барынша адал қызмет ету. Осы ауылдың баласы, осы өлкенің тумасы ретінде менің басты парызым – ауылдың экономикалық жағдайын көтеру. Округте 11891 адам, 4 елді мекен орналасқан. Аудан бойынша үлкен округтің бірі, өзімнің туып өскен жерім болған соң ел-жұрттың қолдауымен кызмет етіп келемін. Елге қызмет ету мінезден демекші барынша тырысудамын.
– 2020 жылы округ бойынша жәрдемге мұқтаж 1523 адам тіркелген екен. Ал 2021 жылы бірден 285 адамға түсіпті. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? Шешімін түсіндіріп айтсаңыз.
– Үлкеншыған округіне қарасты әр ауылда ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен әр жыл бойынша қайырымдылық қорлары бар. Мешіт қауымы мен ауылдың белсенді азаматтарының қолдауымен көмекке мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге тырысамыз. Әсіресе жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттен берілетін көмекті дұрыс жеткізіп, қажеттті отбасыларға көмек беріп қолдау көрсету. 2021 жылы Үлкеншыған ауылы азаматтарының қолдауымен 2 тұрғын үй салынды.
– Сіздің округте әлеуметтік нысандар көп шоғырланған. Солармен жұмыс істеу тәсіліңіз қандай? Округ қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Округымыз Жібек жолының бойында орналасқан соң әлеуметтік маңызды нысандар бар. Округке қарасты 3 мектеп, 1 бастауыш мектебі, 2 мемлекеттік балабақша, 3 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Мектеп, мекеме басшыларымен, имамдармен тығыз байланыста болып бірге жұмыс атқарудамыз. Қырыққұдық ауылына 30 млн тенге ауыз суға ЖСҚ жасатуға бөлініп, келесі жылы қаражат мәселесі шешілсе толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жасалынатын болады. Биыл Үлкеншыған ауылында 90 орынды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр, оған 500 млн теңге биыл бөлініп, келесі жылы 349 млн тенге игерілетін болады. Үлкеншыған орта мектебінің оқушы қыздары мен ұлдары волейболдан және футболдан республика лигасында чемпион атанды. Оданда бөлек округтағы жасөспірімдер қаншама жүлделі орындарды иеленіп жүр.
– Тұрғын үйге мұқтаж тұрғындардың мәселесі қалай шешілуде? Өз қаржысына жеке үй салушылар қарқыны қандай?
– Ия, арине халық саны көп болғандықтан тұрғын үй кезегіне тұру үшін «Панфилов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» бөліміне жібереміз немесе егов арқылы тұра алады. Үлкеншыған ауылындағы жеке тұрғын түй құрылысы үшін инженерлік – коммуникация желілер құрылысына (су құбыры, электр жабдықтау) жобалық сметалық құжаттама әзірлеуді бастауға 5 млн тенге бөлінді.
– Аудандағы жауапты мекеме арқылы 2021 жылы 21 адамды кәсіптік оқуға жіберіпсіздер. Олар қай саланың мамандары? Кәсіп ашу жағы қалай?
– Көбіне шаштараз, тігінші, аспазшы мамандықтары болатын. Қазіргі уақытта сол азаматтар өз кәсібін ашып, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз несие грант ұтып алып жұмыс жасауда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығын дамытуға баса назар аударып отыр. Биыл ауылшаруашылық өнімін өндірі қандай деңгейде?
– Күзгі дала жұмыстары бойынша 2474 гектар жерден 163 285 тонна жүгері, 1419 гектар жерден 12 771 тонна мал азығы – жоңышқа, 62 гектар алқаптан 16 616 тонна бау-бақша өнімдері, 73 гектардан 1494 тонна картоп, 88 гектар жерден 3760 тонна көкөніс өнімдері, 139,5 гектардан 1173 тонна жеміс-жидек өнімдері жиналды.
– Ауылдық округтегі тұрғындарға дәрігерлік қызмет көрсету саласына тоқталсаңыз. Аурудың алдын алу және халықтың денсаулығын жақсарту шаралары туралы не айтар едіңіз?
– Округке қарасты 3 амбулатория, 1 фельдшерлік пунк жұмыс істейді. Тұрғындардың дер кезінде шақыртуларына барып, ақ халаттылар өздерінің міндеттерін атқаруда.
– Жуырда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқбай Исабековтың 90 жылдығы аталып өтпек. Бұл азамат ақынның мерекесіне дайындықтарыңыз қандай?
– 25 қараша күні Үлкеншыған орта мектебінде волейболдан ардагерлер арасында турнир өтеді аудан көлемінде, 26 қараша күні аудандық мәдениет үйінде үлкен көлемде кеш өтеді.
– Еділ Асанұлы, бір сөзіңізде ауылға ҰОС кезінде қаза тапқан жерлес жауынгерлерге ескерткіш орнату туралы айтып едіңіз. Осы жөнінде қандай шаралар жүргізілуде?
– Үлкеншыған ауылында ҰОС ардагерлерінің ескерткіші жоқ болғандықтан, ауыл тұрғындарының өтініші бойынша Жібек жолының бойынан орны белгіленіп, келесі жылы ауыл азаматтарымен бірге ұйымдастырып жасасақ деп отырмыз.
– Іргелі істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан М.МҰСАҰЛЫ