Тарих қойнауына жөңкіле көшкен керуендей болып келмеске кеткен өткен замандар барысында еліміздің дербестігі, ұлан-ғайыр жеріміздің кеңдігі саналарына сыналап кіріп, күндіз күлкі мен түнде ұйқысынан айырған шығыстағы атажау жоңғар-қытаймен соғыста аты әйгілі болған Суанның Елтінді, Сатай, Аралбай, Бөлек, Ұзақ, Қожагелді, Шойнақ сынды есімдері халық жадында аңызға айналған батырлары ел намысы үшін бес қаруын сайланып атқа қонып, жан аямай шайқасты. Қарау пиғылмен келген басқыншы жауды шілдей тоздырып, керек десеңіз бүкіл қазақ бірігіп жоңғар атаулы халықты тарих сахнасынан біржола жоқ етті. Сөйтіп, орыстың отты қару беріп айдап салған айтағымен ешкімге соқтықпай жәй жатқан қазақ елінің берекесін алып, қырғынға ұшыратқан жаулаушы өз сазайын тарқан еді.
Одан кейінгі кезеңде бір ғасырдан астам уақыт жоңғар-қытаймен соғыста әлсіреген жауынгер жұртқа патшалық Ресей қараулыққа басып батыстан келіп тиісті. Оның қасиетті қазақ халқына құлдық қамытын кигізіп отарлауға бағыттаған озбыр саясатына қарсы жоғарыда есімдері аталған батыр бабаларының жолын жалғаған жаужүрек оғландар: Молақтан – Ұлтанбай, Құдайбердіден – Нұржеке, Сатайдан шыққан – Әтікей, Әбілқасым, Сүлеймен, сондай-ақ, Алдиярдан – Көдек, Табылды, Жанпейіс, Рысбай, Есімбек, Мырзагелдіден – Оразбай секілді басқа да жалын жүрек ерлері тағы да жасанған жауға қарсы қолдарына қару алды. Барлығы да елінің амандығы мен жерінің бүтіндігін орыстың отаршылдық саясатының зұлымдығынан қорғауға бар өмірлерін арнады. «Қарашекпенді» келімсектердің ашкөздігі мен патшалық бодандық саясаттың езгісіне төзбеген, сайын даланың самалындай қайсар қазақтың еркін рухты, отты көзді жаужүрек жігіттері ата жолымен келімсек басқыншы жауларына күндіз-түні тыныштық бермей қырғидай тиді. Олардың әрқайсының елі мен жерінің амандығы үшін толқып тұрып айтқан жалынды семсердей өткір сөздері, ерен ерліктері аңызға айналып, халық пен кейінгі өскін жас ұрпақ санасында мықтап орнығып қалды.
Міне, біздің Жаркент өңірінде ғұмыр кешкен есімі ел жадында аңыз болған аталмыш ерен тұлғалардың бірегейі – әйгілі тұлға Жұмабек мерген еді. Адалдық пен мәрттікті ту еткен, нар тұлғалы Жұмабек егескенді еңбектетіп, тірескеннің тізесін бүктірген алапат күшімен бірге екі бірдей мылтықты екі қолымен тең ататын мергендігімен де дараланған.
Ақ патша тақтан құлап, билік большевиктерге тигенде қарапайым қазақ ретінде Жұмабектің де «Әділетті үкімет келді» деп қуанып, қолдағаны рас. Амал не ол қуанышы ұзаққа бармады. Себебі, уақыт өте келе жалаң ұранды бет перде етіп ұстаған сұрқия биліктің күннен-күнге ғасырлар бойы азаттықты, еркіндікті жанына жалау еткен жомарт мінезді жергілікті халықты тәуелсіздігінен айырып, құлдықтың құрсауына ала бастағанын сұңғыла ойлы зерек жан сезе білді. Елдік пен өрлікті бойына сіңіріп өскен асау жүрек бұндай екіжүзді биліктің қаскөйлік әрекетіне төзбей, соңғы демі біткенше арыстандай арпалысып өтуге іштей серт етті.
Сөйтіп, жылдан-жылға күшейген Кеңес үкіметінің жергілікті қазақ халқына жасаған жауыздығы мен озбырлығы оның көзқарасын түбегейлі өзгертті. Оған, Жаркент уездік милициясында қызмет жасаған шамалы уақыт ішінде қызылдардың туған ұлтына жасаған жантүршігерлік жауыздық әрекеттері мен адам төзбес қиянаты себепші болды. Кеңестік қызылдар өкіметінің билігіндегі коммунистердің күшпен жасаған аяусыз қырғынына төзбеген батыр бір-ақ түнде милиция формасы мен тапаншасын өз еркімен шешіп тастады. Әділетсіздікке төзбес асау мінезі қолына бесатарын алғызып, атқа қондырды. Ендігіде белді бекем буған Жұмабек елін, жерін тонауды бастаған екіжүзді озбыр үкіметтің бітіспес жауына айналды.
Иә, сол бір әуре-сарсаңға толы екіұдай күндерде замандасы, жан қиыспас үзеңгілес досы болған Мұқай батырмен де араздасты. Оған себеп Мұқайдың бұл қарсы шыққан Кеңес үкіметі жағында қалғаны. Ел үшін егестің салмағы әрдайым батпандай ауыр болады емес пе, батырлардың да берер серті жәй адамдікіндей емес. Екінің бірі тірі қалып, екіншісі ажал құшуы керек. Иә, қарапайым күн кешіп жүрген көптің бірі емес, сөзге берік, рухы асқақ батырлардың да ант ішіп серттесуінде де өзіндік қатал қағидасы бар. Егер ол серт орындалмаса ел-жұрты адақтаған «батыр» атауынан садаға…
Адам тағдыры да шешуі жоқ бір жұмбақ, өмір де сондай сыр білдірмес тылсым құпия ғой. Неге десеңіз өзі құрысып, жан аямай қорғаған үкіметі сол Мұқайдың өзін де інісі Көдекпен (Көбек) бірге түрмеге қамап, аяусыз азапқа салды. Ақыры Көдекті өлтіріп тынды, ал Мұқай батыр амалсыз шекара асты. Кім біледі. сол бір қасіретті күндерде Жұмабек мергенмен тізе қосып жауыз өкіметке қарсы тұрмағанына өкінген де болар?..
Әрине, қатар тұрып менменсіген жауларынан кек алып, жасындай жарқылдаған батыл жүректі, шыңдалған құрыштай берік азамат болса да, қайтпас қайсар бауыры болған қандыкөйлек досын өкпеге қиса да, іштей «…жолыңа мен құрбан» деп ажалға қимайтыны және рас.
Оның да себебі бар, Мұқай мен Жұмабек талай мәрте жұптары жазылмай Жетісудың тау-тасымен, сай-саласын дала көкжалдарындай қатар жортқан күндерін қалай ұмытсын? Бәрі де есінде ғой, есінде… Шіркін, ол да бір даладай дарқан сауық-сайранды күндер екен-ау…
Жұмабектің көзсіз батырлығы мен мергендігін, ата салтқа, дәстүрге мықтылығы мен айлакерлігін мойындаған Жетісу өлкесіндегі ұлы жүздің – жалайыр, албан, суан, дулаты мен орта жүздің арғын, найманы, сонымен бірге шекараның арғы бетіндегі қалың қызай мен қырғыз, ұйғырлар да ардақ тұтып, қатты қастерлейтін. Олар үшін батырмен сөзге келу немесе жүз шайысу өліммен тең саналатын.
Оған қоса, шекараның арғы бетіне большевиктердің қан-қасабынан жан мен малы талауға түсіп, азап тұзағынан жансауғалап өткен қазақтарды тонап, арзан олжаға әбден құныққан сібе Шоңшалдың қарақшыларын талқандаған ерлігі ел еңсесін бір көтеріп тастады. Жаужүрек батырдың Мұқа болыс бастаған Суандардың көшін шығынсыз құтты орынға қондырғаны мұқым Жетісу еліне аңыз болып тарады. Сөйтіп, озбыр үкімет «банды» деп айдар таққанымен, шынайы өмірде арып-ашқан, бодандықтың азабын тартқан елінің қорғаны болды, туған жұрты батыр деп әспеттеп, аса ыстық ықыласпен құрметтеді.
Сонымен қатар, елінің еркіндігі үшін арландай арпалысқан Суаннан шыққан – Мұқа болыс, Метербай болыс, Қыстаубай, Мұқай, Бәкей, Жұмабек мергендер ел бағына туған ерлердің асылдары еді. Шетінен жүректі, ақыл-айласы мен ептілік қасиеттері бір басынан табылатын, жеңілуді, үрейленуді білмейтін сайыпқыран, мәрт азаматтар болатын. Олардың бәрі де асқан жанкештілікпен сәт сайын ажалдың аузында жүрсе де қаншама ұрпақты аман-есен арғы бетке алып өтіп, жойылып кетуден сақтап қалды.
Дәп осы жерде сол бір қасіретті жылдар жайында шежіре айтқыш қарттарымыздың Жұмабек мерген туралы бір әңгімесінің орайы келіп тұрғандай. Есімі Жетісуға әйгілі Жұмабек мерген кезекті жансауғалаған қазақтың көшін арғы жаққа шекара асырып бара жатып екі-үш ауылдан тұратын бүкіл жұртты комотрядтың қан-қасап қырғыннан қалай аман-есен алып өткені туралы айтып берген еді.
– «Кәмпеске» деген заң шығып, қазақтың мал мен жаны қызылдардың талауына түсіп, қарсылық көрсеткен жақсы мен жайсаңдары абақтыға қамалды. Алды атылып, кейінгілері жер аударылып жатқан аласапыран уақыт. Ел басына күн туып, ұрпақ қамын ойлаған есіл ерлер тәуекелге басып шекара асып жатты. Кезекті ел-жұрттың осындай қаралы көшін бастап шыққан Жұмабек батыр Қорғасқа жете бере көшті тоқтатады да:
– Ағайындар! Енді біраз кеңесіп алмасақ болмайды. Себебі, дәл қазір бізді қырып салуға қызыләскер шекарашылары қаруын сайлап дайын отыр. Атыс болуы мүмкін, сол үшін барлық әйелдер мен бала-шағаның аузына кішкене малта құрттан салып, ауыздарын шүберекпен таңыңдар, – деген бұйрық береді. – Себебі, алда-жалда атыс бола қалса үрейленген әйелдер мен бала-шаға шыңғырып, жылап, айғайға басса мал үркеді. Оларға да керегі сол, осы бір бей-берекет аласапыранды пайдаланып бәрімізді қырып салулары түк емес. Ондай жағдай орын алмас үшін, бәріңіз де ұғып алыңыздар. Көш бағытынан жаңылып, адамдарды қырып аламаудың алдын-ала жасалатын сақтық шарасы, – деді.
Дегендей-ақ, Қорғасқа қозыкөш жер қалғанда тығылып жатқан қызылдардың шекарашылары ескертусіз-ақ оқпен қарсы алады. Алдыңғы лекте келе жатқан бірнеше адам оққа ұшып, жараланған жылқылар шыңғырып, азан-қазан айғай-шу басталады. Екі қолына екі мылтықты қатар ұстап тең ататын Жұмабек мерген бастаған шағын қарулы топ қарсы оқ атып, тосқауылдағы қызыл шекарашыларды бірінен кейін бірін баудай түсіреді. Біршама уақыттан соң қарсы жақтан мылтық үні өшіп, сәл тыныштық орнайды. Сол сәтте Жұмабек көшті қорғаған қарулы жігіттерді жинап:
– Жігіттер, енді бір белден ассаңдар Қорғас өзені, тездетіп елді судан өткізіп, неғұрлым алысқа алып кетуге тырысыңдар. Бұл жауыздарды жер жастандырдық, бірақ біреуі қашып кетті. Ол қазір тағы көмекке әскер әкеледі. Бәрімізді қырып тастамай тұрғанда қозғалыңдар! Мен, соларды қарсы алайын. Ал, жолдарың болсын, маған алаңдамаңдар!, – деп жылдамдата бұйрық береді.
Батырдың пәрменін екі етпеген жігіттері көшті, мал-жанымен өзеннен шығынсыз өткізген бойда туған жерді тәрк етіп, келешегі беймәлім дүниенің құшағына сіңіп, арғы бетке қарай баяулап алыстай береді. Көш соңындағылар мылтықтың талып естілген үніне елеңдеп, амалсыздан ту сыртында қалып бара жатқан туған жер мен батыр ұлына деген қимастық сезімі бойларын кернеп, арттарына қарайлай-қарайлай шарасыз күйде кете барады…
Ертесі күн арқан бойы көтерілгенде арғы бетке аман-сау жетіп, қайтыс болған адамдарды жерлеп, қауіпсіз аймақта бел шешіп демалып отырған ауылды Жұмабек мерген жалдас қаракер атымен қуып жетеді. Ел-жұрты батыр ұлын жамырай қарсы алып, үлкендер жағы көздеріне жас алып, зор ризашылықпен ас-суын алдына тосады. Жайғасып, аяқ қолды созып шөлі басылғасын, үлкендер жағы:
– Кеше не болды, батыреке?, – деп жөн сұрасады.
Сонда мергеннің айтқан әңгімесі мынадай болыпты:
– Сендер кеткен соң көп ұзамай 20-дан аса адамы бар қарулы топ жетті жалаңдап. Алғашқыда мені олар аңдамай қалды, сол мүмкіндікті жақсы пайдаланып қос мылтықпен ес жиғызбай тәуір-ақ жусатып салдым. Бірақ, менің байқағаным бұл шіркіндер ат үстінде мылтық ата алмайды екен. Олар аттан түсіп жатып алып атыспақ болды, мен оларды оған үлгертпей ат үстінде атысып, жерге түскендерін де оқпен қағып отырдым. Және өздерімен бірге арба үстіне орнатқан су құйып ататын қаруларын (тачанка пулеметі болса керек) да алып келіпті. Соған қарай қайта-қайта жүгіргенін де арбаға жеткізбей атып түсіре бердім. Сөйтіп, сол жерде ол жауыздардың бәрін де бірін қалтырмай жер жастандырып кеттім, – деп қабағын түйіп, жүзі түнеріп сәл отырады да сөзін әрі жалғапты.
– Жуырда ғана сіздер сияқты осылай шекара асқан өңшең ақсақалды аталарымыз, ақ самайлы әжелеріміз бен қыз-келіншек, жас балалардың қарусыз көшін, екі-үш ауылдың мал-жанын тірі қалдырмай жолдағы асудың бірінде қырып тастапты деп естіген едім, сол бауырларымыздың кегін қайтардым!
Соңғы сөзді ызбарлана айтып, қанын ішіне тартқанда жүзі сұрланып, екі көзі шатынаған батыр, болат тістерін күтірлетіп тістенген қалпы біраз уақыт үнсіз қалыпты…
Осындай қаһарман ұлдарының арқасында қазақтың сан мыңдаған шаңырағында жас ұрпақ дүниеге келіп, түтіні түзу шығып, алдыңғы толқын ағалары сияқты ұлтымыздың өркендеуіне зор құлшыныспен орасан үлес қосты. Қаншама тар жол, тайғақ кешу мен қасыретті зар замандарды басынан өткерген қазақ ұлты өзін мынау қатыгез әлемге асқақ рухпен паш етіп, өршілдік қасиетін ғасырлар бойы дәлелдеумен ғұмыр кешуде.
Жалпақ дүниедегі өмір легі – қазақ ұлтының асыл өзегі болған осындай қайсар оғландарының арқасында ұрпақ сабақтастығын өміршеңдікпен жалғастыруда. Елі мен туған жері үшін жанын қиған батыр аталарымыздың әруағына мың тағзым!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ