Баршаға аян, біздің қазақ – сонау есте жоқ ескі замандардан тартып осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан халық. Тұлпарларының тұяғымен төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Сақ пен Ғұндардың сарқыты, Ер Түрік пен Алты Алаштың ұрпағы. Үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтап қалған ел.
Негізі, ұлтымыздың әлеуеті асып, дәулеті тасыған да дәуірі болған. Басынан бағы тайып, тар заманға тап келген кезеңі де көп. Тарих тереңіне көз жүгіртсек, бөліну тұрмақ жоқ болып кеткен жұрттарды, жат болып, жауласып кеткен туыстарды, тілі мен діні ауысып кеткен ұлттарды да көптеп кездестіреміз. «Мың өліп, мың тірілген» қазағымызды құдай осыдан сақтағанына да шүкір!
Жалпы біз, бүгінгі ұрпақ – бақыттымыз. Тәуелсіз елміз. Өз еркіміз өзімізде. Басқалармен тереземіз тең, керегеміз кең қалыпта тыныш ғұмыр кешіп, өркениеттің өріне өршілдікпен өрлеп келеміз.
Алайда, осынау бейбітшіліктің берекесін, егемендіктің мерекесін сезінген сайын біз өткен шақты әрқашан еске алып тұруға тиіспіз деп есептейміз. Өйткені, ғазиз жанын пида етсе де, елін-жерін қорғап, біздің ұрпақтың қазіргідей шат-шадыман шаттықта өмір сүруіне өлшеусіз еңбек сіңірген батыр ата-бабаларымыздың, аға ұрпақтың тарихтағы орны айрықша.
Иә, тамырсыз ағаш болмайды, тақырға шөп шықпайды. Өсетін, көгеріп-көктейтін дән де құнарлы топырақтан қуат алады. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс. Біздің барлық бейіл-берекеміздің, батырлығымыздың бастауы – ұлттық ұлағатымызда. Яғни, соңғы ғасырлардың, кейінгі жылдардың еншісіндегі елдігіміз бен ерлігіміз арғы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрінен басталып, сабақтасып жатыр.
«Ұлтарақтай болса да, ата қоныс – жер қымбат, ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат» демекші, туған жер мен туған елден ыстық не бар?! Ал, осы елің, осы жерің тұнып тұрған тарихи құндылыққа толы болса, одан асқан қандай мақтаныш болушы еді!?
Халық «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» дейді. Өзінің шыққан тегін, түп-төркінін білетін перзент жалпыұлттық қоғамдастық пен тарихқа да қаншалықты қатысты екенін жақсы түсінеді. Одан шет қалмауға тырысады. Өзін өзгелерге танытады. Мемлекетін, мәдениетін, тілін, дінін, өнерін қастерлейді. Бауырмалдыққа, достыққа, мейірімділік пен бірлікке, ар-намысын сақтауға бейім болады.
Жалпы, кең-байтақ қазақ жерінің кез келген пұшпағы қасиетті ғой. Соның ішінде біздің жазиралы Жаркент жері де тұнған тарих. Тым алысқа бармай-ақ қояйық: күн сайын Көктал мен Жаркентті жалғастырып жатқан күре жолмен қақ жарып жүрдек көлікпен көктей өтіп жүрген «Түргенкентте» қаншама тарих топыраққа тұншығып жатыр десеңізші? Ал одан сәл төменірек, Үшарал ауылының іргесіндегі ежелгі «Ілебалық» шаһарынан табылған тарихи жәдігерлердің құны қаншалықты?… Мұндай құпиясын құшағына бүккен киелі орындар біздің жерде ондап, жүздеп саналады. Кең жазықта томпайып-томпайып жатқан ескі обалар, тауларымыздың жарқабақ тастарына қашалған қилы-қилы суреттер, жер бетінде жайқалып өсіп тұрғанына жеті ғасыр өткен «Киелі ағаш», бірде-бір шегесіз тұрғызылған «Жаркент мешіті», талай-талай тауқыметті тағдырға куә болған «Жаркент абақтысы», тағы басқа да осындай тылсымға толы орындар тетігін тапқан зерттеушіге талай сырды ақтаратын тәрізді.
Осы орайда «Орбұлақ» атауы біз үшін айрықша қастерлі. Мұнда ақыл-айласымен, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған атақты ұлт қаһармандарының алдыңғы қатарында Елтіндідей батыр бабамыздың болуы зор мәртебе. Сонымен қатар киелі топырағымыздан түлеген Бағай, Аралбай, Сатай, Бөлек, ұзын мұрт Ұзақ, Шойнақ, Шәнті, Қожбамбет, Бөрібай, Салпық, Мұқа, Әтікей, Нұржеке, тағы басқа да ел қамы үшін басын бәйгеге тіккен батыр, би-болыстарымыздың тау тұлғаларын тебірене еске алып тұрамыз.
Бұл бағытта, яғни, ата-бабаны ұлықтау, игі салт-дәстүрімізді жаңғырту жолында біздің Жаркенттің өзіндік үрдісі ежелден-ақ қалыптасқан. Тек тәуелсіздік алған кезден бергі жағдайларды зерделесек, мұнда сонау Орбұлақтағы Ұлы Жеңістің 350 жылдығын тойлағалы бері қанша тарихи-танымдық тағылымы мол шаралар өтті. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Қожбамбет бидей данамыздың 180 жылдығы кеңінен атап өтілді. Одан соң Мырзагелді бабамыздың, Малдыбай бидің, Сатай батырдың, Алдияр, Құдайберді, Солтанғұл аталарымыздың, Елтінді батырдың астары беріліп, бастарына ескерткіш орнатылды. Бөлек батырдың да еңселі ескерткіші бой көтеріп, Тұрлымбет бабамыздың асы да берілді. Қазақ бейнелеу өнерінің көшбасшысы Әбілхан Қастеев атамыздың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланғаны да, Елшібек баба асы аясында Бағай батырға ескерткіш орнатылғаны да мәртебемізді асыра түсті. «Жетісудың бұлбұлы» атанған Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтің мерейтойы да биік деңгейде тойланды. Ауданымыздың 85 жылдық мерейтойын мерейлене тойлап, өткен-кеткен тарихымызды тағы да бір таразылап өттік.
Осылайша бүгінгі биігімізді бағамдап, қазіргі қалпымыздың қадірін білу үшін өткенімізді де еске түсіріп, неден кеткенімізді, неге жеткенімізді парықтап алғанымыз артық болмас деп ойлаймыз. Бұл бағытта кешегі кеңестік кезеңде жұтылып кете жаздаған ұлттық мәдениетімізді қайта түлеткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қазақ жеріндегі күллі көне ескерткіштерді, халқымыздың аса бай әдеби, мәдени, тарихи мұраларын саралап, зердемізге қайта тоқығанымыз өте оңды іс болды.
Әсілі, «Атасын ұмытқан – батасыз қалады» дейді қашан да қалт айтпайтын халқымыз. Қызыл империя кезінде осынау қасиетті қағиданы санамыздан саналы түрде өшіріп, ата-бабамыздан, төл тарихымыздан алыстату саясаты қолданғаны белгілі. Ал енді бүгінгідей өз тізгініміз өз қолымызға тиіп, тәуелсіздігіміздің туын тіктеген тұста бүгінгідей алқалы басқосуда оны ақ ниет адал көңілмен пайдалана отырып, шежірелі тарихымызды түгендесек, ұрпақ қамы үшін күрескен аталарымыздың атын ұлықтасақ еш айыбы бола қоймас. Қайта бүгінгі жас ұрпақ пен келешек буынның алдындағы азаматтық парызымызды өтегендік болып табылмай ма?!
Осылайша алыс пен жақындағы, қала мен даладағы ағайынның басын қосып, аға буын мен жас буынның жүздесуін жасап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту – тек бауырмалдық пен ынтымақтастыққа және ортақ мақсат жолындағы бейіл-берекеге жеткізеді деп ойлаймын. Алқалы топта аға ұрпақ өкілдерінің қолын алып, тағылымды ой-пікірін тыңдаған жастар ешқашан жаман болмас, «Жаңа, әділетті Қазақстанның» ертеңгі тұтқасы болатындай серпін алып, жастық жігерін жани түсер деп сенеміз.
Ендеше, осылайша ата-баба атын ұлықтап, жүзеге асырып жатқан игі істеріміз әрқашан қайырлы болсын! Елдің елдігін, береке-бірлігін танытар мұндай ізгілікті істеріміз алдағы уақытта жақсы жалғасын таба берсін!
«Жаркент өңірі: тарихы, жеке тұлғалары, өзекті мәселелері (ХҮІІІ –ХХғғ.)» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядан аларымыз мол, үйренеріміз көп болсын! «Бірлік түбі – тірлік» деп, бейіл-берекені ынтымақтан іздеген қасиетті бабалар дәстүрінен үлгі-өнеге алайық! Конференцияға табыс тілеймін!
Біздің жер бетінде бақуатты ғұмыр кешуіміз үшін Күлтегін бабамыз айтқандай: «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, қызыл қанын, қара терін төккен» аға ұрпақтың адалдығына сай болу – біздің перзенттік парызымыз екенін ешқашан естен шығармайық!
Марат САҒЫМБЕК,
Панфилов ауданының әкімі.