Бала тәрбиелеу саласында жұмыс жасап жүргендіктен әр баланың іс-әрекеті, мінез-құлқы, тәрбиесі мені бей-жай қалдырмайды. Әр қазақ баласы ұлтына, қойылған атына, өз затына сай болса екен деймін. Саналы ата-ана үшін бала тәрбиесінен артық маңызды шаруа жоқ. Осы ретте «қалалықтарға» еліктегіш келетін ауыл баласы жайлы біраз сөз қозғағым келіп отыр.
Ауыл баласы – таза ауамен тыныстап, табиғи өнімдер тұтынып, кең далада емін-еркін асыр салып ойнап өскен балалар. Ата-бабаларымыз ауылда тұрып-ақ бала тәрбиесінде бүгінгі «педагогикадан» кем түспеген. Тибет халқының «Баланы бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген әдістемесін біздің халқымыз бағзыдан-ақ ұстанып келе жатқаны біздерге әдебиеттен мәлім. Жақсы әйелден жаман бала тумайтындығын білгендіктен ер-азаматтарымыз тәрбиенің басын инабатты, ар-ұятын сақтаған жар таңдаудан бастаған екен. Ал сәби өмірге келгеннен үш жасқа дейінгі аралықта оның психикалық даму процестері жүреді, яғни алдағы өмірінің іргетасы (фундаменті) қаланатын уақыт. Сондықтан бұл уақыттарда баланы әр нәрседен тыйып, «қой» деп айта бермеу керек, тек дұрыс емес әрекет жасағалы жатқанын аңғарып қалған жағдайда, мүмкіндігінше баланың назарын басқа жаққа аударып жіберуге тырысқан жөн. «Қой», «Үйтпе, бүйтпе» деген сияқты тыйым сөздерді үнемі естіп өскен бала керағар, қырсық болып өседі деп топшылаған екен бабаларымыз. Бүгінгі психологияда да солай.
Бес жастан асқан соң баланы құлыңдай жұмса дегеннің астарында, «балаңды еңбекке, тіршілікке баулы, жауапкершілігін арттыр» деген ұғым жатыр. Ұрпағыңыз «Алма піс, аузыма түс» деп дайын асқа тік қасық – жатып ішер жалқау болмасын десеңіз баланың сенімділігін күшейтіп, тіршілікке араластырған абзал. Жасында қолынан іс келмейтін баланың өскенінде екі қолына бір күрек табуы оңай болмасы анық. Осыған байланысты «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деген бар. Яғни, бала жастайынан тіршілікке икемді болмаса тепсе темір үзер шағында қол қусырып құры жүреді, құр жүрген жастың «еңбектің жемісі» деген ұғымды ұғына қоймайтыны бесенеден белгілі.
Дана халқымыз, жалпы, баланы «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеп отырған ғой.
Кішкентайымызда үйге қонақ келе қалса, үйдегі балалар тыпырлап бір бөлмеге кіріп кетіп, кісі кеткен соң бірақ шығатын едік. Бұл қорыққандық емес, келген қонақпен жағаласып, дастархан төңіректегеніміз «ұят болады» дегені еді….
Өсіп қалған уақытымызда, тіпті, бір отырысқа бару үшін әкемізге айтуға бата алмай, үйдің бар шаруасын жүгіріп жүріп атқарып, абырой жинап, жаймен анамыздан сұрана бастайтынбыз. Қазір балалар ашық, ешқандай үй шаруасына қолқабыс етпесе де, ата-аналар баласын қатарынан қалмасын деп теңгесіне дейін тауып беріп, кешкі сауыққа өздері аттандырып жібереді. Балалар да соған сай ата-анасының өбектегеніне әбден сүйеніп алған. Көпке топырақ шашпаймын, әрине. Дегенмен, ондай жағдай бар.
Сосын мұғалімнің алдынан ешқашан кесе көлденең өтпейтін едік қой. Мұғалімімізді алыстан байқап қалсақ, көзіне түсіп қалмай, басқа жақпен айналып өтуге тырысатын едік. Жоқ, ол мұғалім оқушының басын кесіп алмайды. Тек тәрбиеміз сондайтұғын. Мұғалім мен оқушы арасындағы субардинацияны барынша сақтап, әдептен озбайтын едік. Қанша бұзық оқушы болса да, мұғалімнің алдында барынша кішік болатын.
Үлкен кісілер әңгіме айтқанда «Біздің кезімізде» дегенді жиі қолданатынын байқайтын боларсыздар. «Не үшін салыстыра береді екен өз кезімен?» деген ой бізде де болады. Десе де, адам артына қарап қартаяды деген рас екен. Өзіңнен кейінгілерге қарап бой ғана емес, ой да түзейді екенсің. Сөйтіп, салыстыра жүреді екенбіз ғой. Содан байқағаным, жоғарыда айтқанымдай, қазіргі жасөспірімдер өте ашық, қымсыну жоқ, батыстың элементтері барынша бойымызға сіңіп келеді. Бұлай жалғаса берсе, ұяттан жұрдай болмаймыз ба?
Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні тегі рас. Араласатын тоғыз дос болса, солардың біреуі зиянды затты ортаға алып келсе, басқалары қос қолдап қоштай кетеді, болмаса жаймен қосыла бастайды. Ал сол тоғыз достың біреуі бас тартып, оның зияндылығын айта бастаса басқалары келемеждеп күледі ғой, сондықтан «жалғыз ағаш орман болмайтынын» білген бір ғана бала ондай тәуекелге баруға жүрексінеді.
Білім саласында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін көптеген жобалар атқарылып жатыр. Одан бөлек, ақысыз қаншама үйірмелер жұмыс жасауда. Сол дайын тегін үйірмелерге бармайтын балалар да бар. Оған жалғыз баланы кінәлай алмайсың. Көптеген ата-ана барынша кінәні мектептен іздегісі келеді: «Апайларың үйретпеді ма?», «Ағайларың қарамай ма?» деген секілді сөздер айтылатыны ақиқат. Жоқ, құрметті ата-ана, өз балаңыздың тәрбиесін ақсатып алғаныңыз үшін мектепті кінәлауды қойыңыз. Баланың болашақ өмірінің негізі қаланатын бастауыш сыныпта сіз балаңызға қаншалықты көңіл бөліп едіңіз? Сабағын сауатты орындата алдыңыз ба? Уақыт бөліп балаңызбен ашық сөйлесіп, сырласатын ба едіңіз? Айта берсең, жетіп артылады. «Өмірге әкелдім, тамағы тоқ, киімдерін әпердім, ананы әпердім, мынаны әпердім» деп материалдық тұрғыдан қамтамасыз еткенмен ата-аналық миссия орындалды деген сөз емес. Ата-ана баланы өмірге әкелген соң, оны дұрыс тәрбиелеп, ілім-біліммен қамту – басты міндет.
«Ұл баланы бөтен үйден тойдырма, қыз баланы бөтен үйге қондырма» деп тыйып отыратын дана халқымыз қызды қырық үйден тыйып қана қоймай, ел тізгінін ұстайтын ер азамат болғандықтан ұлдардың да тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Айталық, ұл баланы ерте жастан атқа мінуге, суға жүзуге сондай-ақ садақ атуға баулыған екен. Жайдан жай емес, әрине, оның да өзіндік себептері бар. Мәселен, аттың темпераменті өте жоғары болғандықтан бала жылқының күш-қуатын сезініп, оянады, жігерлене түседі. Суда жүзу арқылы баланың бейімделуін жақсартуға болады, яғни бала қарым-қатынас жасауға үйренеді. Ал садақ ату – екі сөз айтса да баланың ойын жинақтап, дұрыс айтуына септігін тигізетін көрінеді.
Айта берсек, көп-ақ. Көптеген даналықтарға, ата-бабаларымыздан қалған өсиет, нақыл сөздерге қарап-ақ, қазақ халқы сауатсыз болған дей алмайсың. Әрбір ырым, әрбір тыйым тектен текке айтылмаған, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» сияқты, ештеңе де жайшылықта шығарыла салмаған. Не дегенмен де, бала тәрбиесі атүсті қарайтын нәрсе емес. Бала – біздің болашағымыз. Ал сол болашақ жарқын болғанын қаласаңыз, ерте жасында білім нәрімен қатар тәлімді тәрбиемен суарыңыз, махаббатқа, мейірімге бөлеп өсіріңіз. Бала өмірге құштар болсын, оқуға құштар болсын!
Тоғжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ