/әңгіме/
Үйілген тоң үстінде таудай биік,
Қолкүрек қалықтайды айдай қиық.
Қолкүрек көмгендерді есте болсын,
Қолкүрек алар қазып қайта жиып…
Әуелгіде қараң етіп мал көрінгендей болды көзіне. «Көтерем мал ма?» – деп қалды кирелеңдеген жүрісіне қарап. Бұрылыста трактор жарығы шоршыған балықтай аунап түсті. Іле қары кешелі-бүгін ғана тапталған бұралаң жолға қайта құлады. Әлгі қарайғанды дем арасында бастырмалата қуып жетіп қалыпты. Қыбырлаған аяқтары төртеу сияқтанғанмен, енді мал қарасына ұқсамай кетті мүлде. Бұрылып қараса керек еді қандай хайуан болса да, пысқырмады бірақ. Шалынысып, құлай жаздап, тәлтіректей түзеліп, сүйретіліп кетіп барады. Трактордың құлақ тұндырған дауысында да, тұмсығын түн қойнауына сұққылап тімтінген жарығында да шаруасы жоқ. Енді бірде тіпті зәр-иманын ұшырып, қырықаяқтай шұбалды бұлдырап. Сасқалақтап, кабинаның төбесіндегі сығырайған жарықты жағып, маңдайшадағы айнаға қарады. Түрден түр жоқ, арса-арса, көзі қан ішкеңдей қып-қызыл. Қалайы кружкаға екі бөліп құйып, сіміріп салған бір шиша жынды су жұмырына жұқ болмаған. Әншейінде болса мандырақтап қалатындай-ақ ішті, екіншісін орындығының астындағы ағаш жәшікке тығып салып алды. Бойын билеген үрейді басуға ғана жараған жынды судың бос бөтелкесін неге екені белгісіз, әйтеуір аналарға көрсете лақтырды. Содан ештеңе көрмеген, білмеген болып, ешкім қумаса да ауылға қарай құлдыраңдай қашып келе жатқан беті.
Іштей тірі жанға жолықпасам екен деп тілеп еді байғұс. Тракторын тарылдатпай, ауыл сыртына тастап кетпекші. Азар болса сынып қалды дер ит жегірді. Ел тұрмай үйіне кіріп, жылы төсекке бүркеніп жата қалса, бар ойы сол. Бәрінен бұрын есім ауысып кете ме деп қорықты. Ойламауға тырысып, көз алдынан қуып әлек әлгі елесті.
Тракторы астыңғы жағы жарқыраған түргішін ернеуден асыра, терең шұңқырдың шетіне тіреле тоқтағанда екі көзін тарс жұмып алған. Кері шегінерде әр-әр жерден сең қопарған ағаш бұталарындай ербиіп, топырақ астынан шошая шығып қалған аяқ-қолдарды ап-анық көрді жаны мұрнының ұшына келіп. Аналар мәшинелерінің жарығын түсіріп қарап тұрды да, бұл топырақты үйе берді, үйе берді. Үстіңгі жағындағылардың аяқ-қолы бәрібір қайта-қайта ашылып қала берді. Соны көз алдынан қуып әлек, «астапыралла-астапыралла» деп.
Мынау да елес болды, әйтпесе айдалада кирелеңдеген бұл неғылған иесіз мал, түн іші, қыстыңгүні. Миы шатасып, тракторын одан сайын тарылдатып, таптап өте шығардай екпіндеді. Бәрібір селт етпегеніне таңырқап, қисық мойнын соза ілгері үңілді. Кенет керзі етігінің жалпақ табанымен тежегішті тесігіне қалай қуалай тыққанын өзі де білген жоқ. Бір пальтоны қосарласа жамылған екі қыздың сұлбасын соңғы сәтте ғана ажыратып үлгерген. Шаштарын жайып жіберген, жалаңбас екеуі де, біреуінің балтыры ағарандайды.
Осының бәрі өңі ме, түсі ме, ажырата алмай мәңгіріп отырып қалды ол. Бір пальтоны екеуара жамылған екі қыз да іркіс-тіркіс тоқтап, түртінектей бұрылып арттарына қарады. Трактордың тура түскен жарығынан жасқанбай, сиыр құсап мөлиіп-мөлиіп тұр. Бұл енді қайтер екен деп, дымы шықпай баспағып күтіп отыр.
Бір пальтоны екеуара жамылған екі қыз келесі сәтте ақырын қозғалып, жарыққа қарай өздері қыбырлап келе жатты. Үсті-бастары қастары мен кірпіктеріне дейін топырақ-топырақ. Қойын-қоныштары да топыраққа толып кеткендей ауыр қозғалады. Көздері мен тістері ғана жылтырайды, тырнақтары да ағараңдайды. Жақындаған сайын денелері үлкейіп, шаштары жалбырап, қорқынышын күшейте түседі.
Тракторшы қараптан қарап отырып адам жегіштен қорыққандай қорықты. Кабинадан сырғып жерге түсті де трактордың артына тығылды.
Пальто бір қыздың қолында қалып, бір қыз мұны тұра кеп қуып берді. Бұл тапыраңдап, тракторды айнала қашты.
«Ағатай, неге қашасыз?» – деді бір кезде артынан қуып келе жатқан қыз.
«Ағатай, тоңып кеттік, үстімізге жамылатын бірдеңе беріңізші», – деген жалынышты дауысын да естіді. Ал ана пальто ұстап тұрған қыздың мұны қумақ тұрмақ, аузын ашып сөйлеуге де шамасы жоқ. Оның да көгерген еріндері дірілдеп, ыңырсып бірнәрсе сұрап тұр. Соның бәрін естіп, көріп әрең дегенде өзіне-өзі келді. Бұл тоқтап еді, артынан қуған қыз да тоқтады. Екеуі тізерлеп отыра қалып, екі туып, бір қалған бауырын көргендей бас салып құшақтасып көрісті. Содан екеуі орындарынан тұрып барып, қолындағы пальтоны жамылуға да шамасы келмей қалтырап тұрған екінші қызды құшақтады. Қатты суықтан денелері томардай болып домбығып кетіпті. Олардың бойын алған суық дем арасында мұздай қарып өз денесіне де өтті. Енді қимылдамаса болмайтынын біліп, қыздарды қолдарынан ұстап тракторға қарай сүйреледі. Ал қыздар тракторға құбыжық көргендей тіксініп, тартыншақтап жолайтын емес. Әсіресе төбесіне шалқайта көтерген түргішіне шошына қарайды. Шет-шетіне топырақ қатқан түргішке қыздардан көзін ала беріп, бұл да ұрлана қарап қояды. Бірақ басқа амалы қалмай, ана қызды қоқайтып бір көтеріп, мына қызды қоқайтып бір көтеріп, тракторға жақындатып алды. Содан соң тығыншықтай денесі тас кесек қара қызды бұйым құрлы көрмей, үйіріп әкеп кабинаға домалата салды. Екіншісінің тоқты-торым құрлы салмағы жоқ екен, тыртитып ана қыздың тізесіне апарып отырғызды. Алқа-салқа кабинаның қамсау болар түрі жоқ, көк темір жалаңаш қолың тиіп кетсе мұздай қариды. Орындығының астындағы жәшіктен жансауғасын суырып алып, қалайы кружкаға лекіте құйды.
«Іше ғой, ішіп жібер», – деді арық сары қызға басын шайқағанына қарамастан тықпалап. Көгерген еріндеріне апаруын апарғанымен, қолы қалтырап, тістері сақ-сақ етіп, іше алмады. Кабинаның төбесіндегі сығырайған жарықтан қуара көрінген екі қыздың жара-жара бет-ауыздарына тура қарауға дәті бармай, көзін тайдырып әкетті.
«Қатып өліп қаласыңдар, ішпесендер», – деді бүгежектеп.
Тығыншықтай қара қыз да: «Іш!» – деді еріндері кеберси сыбырлап. Қылқ-қылқ еткен, артынан тұншыға шашалған дыбысты естіді төмен қарап отырып.
Жағасының жүні ұйпалақтанған қызыл пальто қара қыздікі екен, ана қыздың үстіне жеткізе алмай, екі өңірін созғылап жатыр. Жалма-жан тонын шешіп, тізесі ағараңдаған арық қыздың алдына жапты.
Жынды суды қалайы кружкаға шұрқылдата құйып, енді батырсынып отырған қара қызға ұсынды. Ол ащы суды қылқылдата жұтып жатқанда бұдан бақырайған көзін бір алған жоқ.
Қалғанын өзі сілтеп салып, май-май жұдырығын иіскеп, өзінше қоқиланды. Қаршадай қыздардың қалың шепке қалай қаһарлана ұмтылғанын көрмеген, білмеген адамның түрі. Бірақ жаңағы көмілгендердің не үшін құрбан болғанын іші сезді.
Түн ішінде айдалада жолыққан екі қыздың да көктен түспегенін аңдап отыр. Басқа ештеңе қалмаса да орындығының астына қолын созып, жәшіктің ішін ақтарып, түртінектей бастады. Тар кабинада тоңқандап, орнынан әлденеше рет көтерілді. Арық қыздың алдына жабылған тонды жоғары көтеріп, қалтыраған талдырмаш иығын қымтап жапқан болды. Қара қызбен жүзбе-жүз келіп қалмауға тырысып, көзін ары да алып қашты, бері де алып қашты.
«Екеуіңнен басқа ешкім жоқ па?» – деді ақыры төзімі таусылып. Екі қыз тілдерін жұтып қойғандай безеріп үндеген жоқ.
«Аттарың кім, алдымен танысып алайық» – деді тағы да тыныш отырмай, қалақтай басы қисық мойнымен бірге изең-изең етіп. Жынды судың буынына енді ғана түсе бастағанын өзі де байқап, жынданып кетпегеніне шүкіршілік қылғандай қалталақтап, ырсия күлді. Осы күлгенінің өзінде арса-арса түрі жантүршігерліктей еді.
Қара қыз: «Менің атым Ақтоты, мына қызды танымаймын», – деп тікірейе қалды. Арық қыз пісте танауы қусырылып, көкшіл көздерін бір нүктеден алмай тесірейіп, сұстанған қалпынан жазған жоқ. Мұның сұрағын да, ананың жауабын да естімегендей құдды.
«Жарайды, қазір біздің үйге барамыз. Жеңгелерің шай береді жақсылап», – деді ол қайта қатайып. Бірақ біресе қолын, біресе аяғын жүгіртіп, айналдырған екі-үш тетікті ұзақ іздеді. «Атаңа нәлет!» деп әлдекімді ысқырта бір боқтады да, газды түбіне дейін тарылдата басып, тракторын қара тайқардай тырағайлата жөнелді.
Бағанадан бері тып-тыныш отырған екі қыз арттарына бұрыла қарап, көз жастарын тыя алмай боздап кеп берді сонда. Іші-бауыры аударылып-төңкеріліп, астаң-кестең болып, қисық мойнын соза, қалақтай басы қалталақтап, қыздарға қосылып, өңіреп бұл да жылады. Кімнің кімді жоқтап отырғаны белгісіз, әйтеуір дауыстары жарыса шығып, «әкем-ау, көкем-ау, бауырым-ауға» басты аңырап.
Жол үстінде айтылған жоқтау бірақ, жол үстінде ұмыт қалды сол күйі. Оны айтасыз, мына тұрған ауылға да үн-түнсіз барып кірді үшеуі.