Бағдарламада президент өкілеттілігін шектеу, сайлау жүйесін өзгерту, саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету секілді іс-шаралар көзделген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында саяси реформалар жөніндегі бағдарламасын таныстырды. jaraina.kz бағдарламаның негізгі тұстарын түсіндіреді.
№1. Жаңа саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздері
- Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты Президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту;
- «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде орындау;
- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамытуға бағытталған саяси реформалардың 4 пакетінің лайықты жалғасы;
- Реформалар жүйелі әрі кешенді түрде іске асады. Негізгі саяси институттардың барлығын қамтиды;
- Реформаны жүзеге асыру барысында Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конституциялық заңға және 15-тен аса заңға өзгеріс енгізу көзделеді;
- Реформалар барлық деңгейдегі билік өкілдеріне де, қоғамға да жаңа моральдікэтикалық ұстаным ұсынады;
- Президент бағдарламасында қоғам қайраткерлерінің, сарапшылардың, ҮЕҰ-дың пікірлері мен ұсыныстары ескерілді. ҰҚСК мүшелерімен және аймақтарда талқылаулар жүргізілді. Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғарғы соттың ұсынымдары назарға алынды.
№2. Саяси реформалардың ерекшеліктері мен бағыттары
- Президент өкілеттілігін шектеу;
- Пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесін енгізу;
- Парламентті қалыптастыру тәртібі мен функцияларын қайта жасақтау;
- Мәслихаттардың рөлін күшейту;
- Саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету. Партиялық жүйенің мүмкіндіктерін кеңейту;
- Сайлау процессін жетілдіру;
- Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен ашықтығы;
- Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыру;
- Азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау.
№3. Президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту
- Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салу;
- Президент өзінің президенттік өкілеттілігін атқару кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтатуы қажет;
- Мемлекет басшысының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастау;
- Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқын жою;
- Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10-ға қысқарту;
- Президенттің Конституциялық сот төрағасын және Жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындауы үшін Сенаттың келісімі міндетті;
- Президент облыс және републикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсынады.
№4. Парламентті күшейту
Сенат:
- Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10-ға дейін қысқарту (олардың ішінде 5-і ҚХА-ның ұсынысы бойынша). Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын Мәжілістен Сенатқа беру;
- Сенат Мәжіліс қабылдаған заң жобаларын «қабылдамайды», керісінше «келіседі/келіспейді»;
- Президент Конституциялық сот төрағасын, Жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындауы үшін Сенаттың келісімін алады.
Мәжіліс:
- Мәжілісті 70/30 қатынасында (70% партиялық тізім бойынша, 30% бір мандатты округтер бойынша) аралас жүйемен (пропорционалды-мажоритарлық) қалыптастыру;
- Мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттар үшін императивті мандат енгізу;
- Мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясының квотасын жою;
- Есеп комитеті Жоғары Аудиторлық палата болып өзгереді. Палата төрағасы өз жұмысы жөнінде жылына екі рет Мәжілісте есеп береді.
№5. Саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету
- Тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету;
- Өңірлік өкілдіктердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін азайту;
- Партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту;
- Филиалдарды құру мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұлғайту;
- Құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзарту;
- Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының, Конституциялық соттың төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы керек;
- Әкімдер мен әкім орынбасарларының партия филиалдарында қызмет атқаруына заңнамалық тұрғыдан тыйым салу.
№6. Сайлау процессін жаңғырту
- Орталық сайлау комиссиясы мүшелері мен өкілдерінің партия қатарынан шығуы міндеттеледі;
- Аймақтық сайлау комиссиясын тұрақты жұмыс істейтін, кәсіби мамандардан жасақтау қажет;
- Бақылаушылардың қызметін Заң жүзінде реттеу;
- Сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын қалыптастыру;
- Дауыс беру процессінің балама түрлерін кезең-кезеңімен кеңейту;
- Жекелеген тұлғалардың ықпал етуін болдырмау мақсатында сайлау қорларына аударылатын қайырымдылықтың шекті көлемін белгілеу;
- Сайлау процессіне шет елдердің араласуын болдырмау принципін күшейту.
№7. Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдары
- Аудандық және қалалық мәслихаттардағы сайлаудың мажоритарлық жүйесін және барлық деңгейдегі облыстық мәслихаттардағы сайлаудың аралас жүйесін (пропорционалдымажоритарлық – 50/50) және императивті мандатты енгізу;
- Мәслихат төрағасы қызметін енгізу Президент облыс әкімі қызметін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсынады;
- Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экономикалық дербестігін нығайту;
- Әкімдер мен әкім орынбасарларының партия филиалдарында қызмет атқаруына заңнамалық тұрғыдан тыйым салу;
- Әкімдер орынбасарларының санына шектеу (үштен көп емес, ерекше жағдайларда – төрт).
№8. Сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру
- Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып өзгереді;
- Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметін Конституцияда жеке бап ретінде (прокуратураға ұқсас)
регламенттеу. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын беру; - Прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңдарға Конституциялық заңдар мәртебесін беру;
- Жоғары Сот Кеңесі отырыстарын онлайн өткізу. Жоғары Сот Кеңесінің конкурс қорытындысы бойынша түсініктемелерін жариялау;
- Алқабилер сотының қатысуымен өтетін істердің санатын кеңейту (Қазір өте ауыр істер ғана қаралады);
- Бас прокуратураға азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу;
- Конституциядан өлім жазасын жазалау түрі ретінде алып тастау.
№9. Азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау
- Конституциядан өлім жазасын жазалау түрі ретінде алып тастау;
- Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметін Конституцияда жеке бап ретінде (прокуратураға ұқсас) регламенттеу. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын беру;
- Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңға Конституциялық заң мәртебе беру;
- Бас прокуратураға азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу;
- Отбасылық және тұрмыстық қатынастарда орын алатын құқық бұзушылықтарға қарсы тиімді іс-қимыл.
№10. Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ рөлін күшейту
- Өңірлердегі қоғамдық кеңес өкілдерінің, партия басшыларының, Парламент депутаттарының, Азаматтық Альянс басшылығының, жұртшылық өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен жаңа «Ұлттық Құрылтай» институтын құру;
- Сарапшылардың, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерінің қатысуымен барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды қоғамдық талқылау өткізу;
- Барлық коммерциялық емес ұйымдардың қаржылық есептілігінің, құрылтайшылар құрамының, мүлкінің, кірістері мен шығыстарының жариялылығын міндеттеу;
- БАҚ туралы жаңа заң әзірлеу және қабылдау. Отандық БАҚтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
- «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының айрықша құзыреттерін қысқарту.