Жалпы қазақта «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда — қазан» деп айтушы еді. Ел жаңарған кезді көрдік, егемендік алғанды көрдік, енді «Жаңа ел боламыз, жаңа Қазақстан боламыз» деп жатырмыз. Тәуба, оны да көрдік, байқап отырмыз, қиын екенін де білеміз. Дей тұрғанмен бүгінгі Қасым-Жомарт Кемелұлының жүргізіп жатқан жалпы экономикалық-әлеуметтік саясатын толық қолдауға болады. «Күні кешегі Жолдауда Президент өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған әлеуметтік-экономикалық сипаттағы бірқатар шараны жариялады. Атап айтқанда, бала туғанда төленетін жәрдемақы мерзімін ұзарту, Ұлттық қор табысының бір бөлігін барша қазақстандық балалардың игілігіне жұмсау, «Самұрық-Қазынаның» таза табысының 7%-ын «Қазақстан халқы» қорына аудару және т.б. секілді халыққа жаңашалық жолын көрсеткен жаңашыл бастамалар. Өз кезегінде халық та мемлекет басшысыныңның бастамасына өз қолдауларын білдіре алды. Оны қайдан білді десеңіздер, қазіргі әлеуметтік желілердегі халықтың талқыға салып, кеңінен айтқан пікірлерінен көруге болады. Мұның бәрі жаңа бастама екені айдан анық.
Сонымен қатар, еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу екендігін президентіміз ерекше атап өткен болатын. Алдымыздағы келе жатқан ұрпақтың дұрыс білім алуы үшін білім гранттарының санын көбейту деген — ол болашақ студенттерге үміт сыйлау деген сөз. Ал біз секілді ақсақалдардың мақсаты – сол жастарға президент реформаларында осындай өзгерістердің бар екендігін көрсету, соны түсіндіру, ақпараттық қолдау көрсету, жастардың санасын ояту болып табылады.
Билікке келетін адамдардың бәрі жайдан-жай емес. Олар халықпен бірге болып, оларды халықтың өзі сайлайтынға қолымыз жетіп келе жатыр.
Халық өзі сайлағаннан кейін, өзі сұрайтын мүмкіндігі бар, бүгін әкімдерді сайласақ, ауылдың әкімін сайласақ, ертең ауданның әкімін сайлаймыз. Қазақстанда қазір саяси партияларды құрған және құруға дайын, тіркелу үстіндегі, сайлау науқандарына қатысу жоспары бар, билік үшін күресу ісіне шындап кірісіп жүрген адамдар мен бірлестіктер пайда болуда. Соған қарағанда бұл азаматтардың өзі Президенттің бастамаларын жүзеге асыруға деген сенімдіктерінің бар екендігі, халықтың жағдай жасауға болады деген үмітте. Енді жақын арада, жақын уақытта Парламент сайлауы болады. Сол мезетте біз жаңағы партиялардың халық алдындағы бағдарламаларына қарай өз таңдауымызды жасаймыз. Онда да жаңағы «Бір мандатты сайлау» деп елдің алдына ертеңгі сайлайтын депутаттарымыз, Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер келейін деп жатыр. Бұның барлығы үлкен өзгеріс, әңгіме жоқ.
Сондықтан, менің өз ойым: біз шыдамды болғанбыз, әлі де шыдамды болуымыз керек қой. Әлі бұның барлығының нәтижесі болады. Жалғыз адам немесе тек билік қана барлық дүниені өзгерте алмайды. Біз ел болып өзгеруіміз керек, халық болып өзгеруіміз керек. Барлығын өзімізден бастауымыз керек, өзіміз өзгеруіміз қажет. Біз «Жаңа Қазақстанға» өзіміз бет бұрып, «Біз не жасадық осы үшін» деген сұраққа өзіміз жауап іздеуіміз қажет. Сонда ғана біз ел боламыз, етек-жеңімізді жинаймыз. Сөйтіп, жақсы нәтижеге жететінімізге еш күмәніміз жоқ.
Панфилов ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы
Керімқұлов Тоқтарбай Әкімұлы