(Новелла)
Қабыршақ мұз қанатын жапқан әуе лайнерінің борт-жолсерік қызы қолындағы дөңгелекті қара чемоданын бір бөлмелі үйдің кіре берісіндегі босаға түбіне жеткізіп, бірақ тоқтатты. Босаға да бұл чемоданның үйреншікті орны еді. Жалғызбасты жолсерік күн мен түннің кез келген уақытында бір киерін қара чемоданға апыл-құпыл атып ұрып, дырылдатып ала жөнелетін.
Күн көтеріле жеткен сұлу бойжеткен ас бөлмеге өтіп, салқын су ішті де, тез қайырылып келіп чемоданын ашты. Ішінен италияндық көйлек-көншек, француздық иіссу шығарып, жатын бөлмеге өтті. Әуе компаниясының тыртысқан киімдерін үстінен тез-ақ сыпырып тастай салды. Анадан тумай аппақ тәні аршыған жұмыртқадай болып шыға келді.
Чемодан аузы тап босағада ашық қалды…
Күнге қыздырынған денесі қызыл тобылғыдай нарттанып, тығыз біткен мүше-мүшесі шиыршық атып, тіп-тік омырауы ұшының бармақтай бөпешік басы дертіп, әлде бір ойнақы сезім санасын қытықтап кетті. Ойына құмды жағалау мен тұзды теңіз, қымбат мейманхана мен жатжерлік бейтаныс еркектің серіппелі жас тәніне тиген шойындай қап-қара қолдары оралып өтті… Бір сәт балғын мүсінінің сұлулығы мен нәзік жанының нәпсі құмартқан жүйіріктігіне елтіп, жастыққа тән ой-сезіммен өз-өзіне еркелеп, кісі бойы сопақ айна алдында керікше керіліп-созылып, емін-еркін жалғыз тұрып жатқанына дән риза болды. Ине-жіптен жаңа шыққан іш киімдерін киіп, жеңіл жібек халат жамылды.
Әуежайға жақын салынған шағын ауданнан пәтер жалдап тұратын қыз бала – Қарлығаш-Карина үшін бұл тұйық мекен – қиянда қалған қыстақ сияқты жеке-дара, өте ыңғайлы. Жігіті Бауыр-Бауэр да «район аппендицит» деп ат қойған. Ұшақ қызметкері үшін таң бозы немесе ымырт кезі, болмаса «час-пик» уақыт па – бәрібір… Көршісі таксист Есбергенмен жұмысына тез жете қояды.
Алып мегаполистің ызың-шуынан да алыс, қала іргесіне қоныс аударып алған әке-шеше, аға-бауыр, жегжат-туыстардың сұқ көзінен де жырақ. Өзі мен өзі. Қалада туып, қалада өскен Бауэрмен де емін-еркін жүздесе алады… «Шанелл» иісі жеңіл ғана аңқыған аққу мойнына танауын тығып, ақ тамағын аймалап, «Моя Царица Карина! Моя Царица Корона!» деп өліп-өшетін еркектік еркін қылығын да сағынып, құмартып жетті бүгін. Ешбір жігіт жетпейді оның құлжадай құмарпаз қарулылығына… шетелде де, осы қалада да.
Ал бұл кезде ашық қалған чемодан ішінен бір сүйрік тарақан аяңдап шығып, мұртшасын көтерді. Мұртшасымен иіс алып, жан-жағына мұқият зер салды. Күйдірілген май иісі сыздықтап келіп тұрған есік жақтауына қарай жылдам жылжи жөнелді. Босағадағы жалпақ ағаш жапсарына елеусіз ғана еніп кетті.
Босаға жақтауынан елеусіз енген сылыңғыр жәндік жіңішкелеп жүріп отырып, көрші пәтердің қабырғалас ас бөлмесінен шықты. Сезімтал мұртшасы алдамапты. Айшылық алыс шетелден әп-сәтте ұшақ қанатына байланып жеткен тарақан бірден-ақ ас үйдегі жат тұқымдастарымен араласып кетті. Мұртшаларымен ымдасқандай жанаса тиісіп, иіс-қоңыстарымен алмасып, алғашында өзара тосырқасса да, тәндері үйренісе келе жабайы құландай үйірлесіп кетті.
Босағадан енген босқын бірақ сырқат еді…
Ол вирусты жәндік болатын. Вирус оған адамнан жұққан. Екіаяқтылар жеп, қоқысқа тастаған астан жұқтырған. Ал бейғам пенделер тарақанның да тасымалдаушы екенін сезбейтін… Сенбейтін. Жалпақ дүниені жалмауызша жортып жүрген беймаза жұрт шатыр астында жарбия ілінген жарғанатты жылан бітеу жұтып, сол екеуінің кіріккен сырқатынан жұмбақ індет жер бетін жұлдызқұртша жайлай бастағанын ғана білетін.
Ас үйге мұртшасы сүйреңдеп жеткен келімсек босқын кешікпей-ақ мұрттай ұшқан. Төрт аяғы аспаннан келіп, жаны шыға алмай тыпырлап жатып, ақыры бір бұрышта сырқаттан тырапай асқан. Ол бірақ сырқаттан құрбан болса да, құрбандық миссиясын бейғам қандастары алдында адалдықпен атқарып кетіп еді.
Аз ғана уақытта өзінің хитин жамылғысы астына жасырып, аман-есен жеткізген қауіпті сырқатын талай байырғы тарақандарға жұқтырып үлгерген. Ендігі кезек ізерлей жеткен індеттің жарғанатша жабыса жұғып алған тарақандар тірлігіне сын… Олармен алаңсыз қатар ғұмыр кешіп жатқан пәруайы пенде атаулының тіршілігіне сын… Екеуінің де тірлік пен тіршілік етуге хақысы бар. Екеуі де жаратушы иенің жазған тағдырын кешуге құқылы.
Ал жаратушы мінсіз етіп жаратқан вирустың да тіршілік иелеріне жұғуға, сол арқылы жалпақ дүниеде өмір сүруіне жол ашық. Қалаға қашқынның күйін кешіп жеткен вирус қана босқын емес, қыбырлаған барлық жанды атаулы дүн-дүниеде босқын… Бәрі де босқын жазмыштарына тәуелді. Ал босқын ғұмырлары қаншаға созылары жұмбақ. Бір тәңіріге ғана аян! Құбыр-құбыр бойымен пәтерден пәтер қоймай аралап кеткен тарақан атаулының бойына сіңісіп, үйді-үйге қожайын болып жүрген адамдарға жұқтыратындай өзгермелі мутация халге жеткенше де әлі қаншама уақыт бар бірақ… Айшылық алыс жолды ұшақпен бір-ақ күнде бір-ақ аттап жетсе де, адам баласына таратушылық қабілетке ие болғанша вирус жанкештілігі мен сірілігі төреші. Сосын бәрін де уысында ұстаған бір тәңірінің құдіретті күші мен кеңістік пен уақытқа бағынбас құдіреті төреші.
Ол кезде бірақ бұл вирус мүлде өңін өзгертіп, түрленген түрмен оянады…
Әзірше селдей сапырылысып, сеңдей соғылысқан жартыкеш жұрт – алкеуде адамдар алаңғасарлықпен бір-біріне білдірмей жұқтырып, шартарапқа тарата береді. Сырттан келген сырқат аз уақытта ішті кеулеген сарысүзектей созылмалы індетке ұласады.
Сүрбойдақ жігіттің «Тәж патшайымы» Карина-Қарлығаш та әлемді шарлап ұшып жүрмек… Ыстық құбыр бойымен жарысқан сырқат тарақандар ғана белгісіз жендет індеттен кезек-кезек мұртшалары жыбырлап, бір-біріне жұқтырып, мұрттай ұшып жатыр.
* * *
Босқын тарақан өлген ас үйде жұмаға арналып бейсенбілік шелпек пісірілген еді. Түс әлетінде жеткен күйеу баласы Есберген енесі Торғынмен құран оқылған ыстық шелпектен ауыз тиісіп, түскі асқа кіріскен. Таксист Есберген таң қараңғысынан кетіп, оразасын енді ашып отыр.
Кемпір жап-жас күйеу баласының жүдеу өңіне қарап қояды. Үйелменді-сүйелменді үш баласын ескі «Тоета» көлігімен такси болып асырап, пәтер ақысын өлдім-талдым дегенде әрең тауып жүрген Есберген әбіржіп-ақ кетіпті. Намысқа тырысып жүргені көрініп-ақ тұр. Балаларының алды мектепке енді ілігіп, соңғылары жары Жадыра жаялық жуатын балабақшада…
Торғын да қала іргесіндегі ұлының үйінен күйеу баласының жалдамалы пәтеріне құрт-май, кілегей-ірімшік, қант-кәмпит – сәлем-сауқатын көтеріп кеше келген. Бір айлық зейнетақысын да пәтердің жалдамалы құнын төлесін деп қызының қолына ұстатқан еді. Осы кенже қызын әкеден ерте қалды ғой деп, шолжың өсіріп, жоғары оқу да оқымай, ерте байға тиіп кетті. Құдайға шүкір бірақ, қыз кезіндегі ерке мінезі тез басылып, жап-жақсы ана болды.
Үнсіз асын алып отырған Есберген ойда жоқта оқыс сөз айтты.
– «Өлі тыныштық орнатамыз! Өлесіңдер!» дейді.
– Не дейт!? Қайдағыны айтпа, қарағым! Жамандық шақырасың.
– Апа, мен емес… мыналар шақырып отыр. Бүрсігүннен бастап «Өлі тыныштық орнатамыз!» деп жатыр ғой… Қалай күн көреміз?! Қаласыз күніміз қараң!
– Қой! Жоқты айтпа! Бір мәнісі болар… Көппен көрген – ұлы той. О, несі ай!
Торғын кемпір басу айтты. Күйеу баласы ішінен тынып үндемей қалды. Суый бастаған шәйін көмейіне бірақ қотара салып, орнынан тұрып кетті. Енесінің бәйек бола шәй іш дегеніне де қарамады. Күндегі әдетінше бірер сағат көз шырымын алуға жатын бөлмеге беттеді.
Мына бір «короновирус келді» деп ел дүрліккелі арқаны кеңге салып жүрген Есберген бүгін шындап қорыққан. Қаладан шығам дегендерге екі күн уақыт беріпті, сосын мүлде жауып, құмырсқаша қайнап жатқан сапырылысқан тіршілікті тоқтатпақ. Оның ақыры не болмақ сонда?! Ойлаудың өзі қорқынышты!
Көзін жұмып, ұйықтап кеткісі келді. Қаракөлеңке бөлмеде дөңбекшіп жатып, кенет қор ете түсті. Тұяқ серіппестен бір жарым сағаттай жатқан Есбергенді үйге салдырлай кірген қайнағасы Алмасбек пен оның әйелі Нүркәш оятып жіберді.
– Апа, ертең ауылға қайтасыз!
– Ее, не боп қалды? Су шықты ма мына үйден? Келгенім кеше…
– Суыңыз не, вирус шықты, апа! – деп Нүркәш келіні араласа кетті.
– Апа деймін, қырсықпаңызшы! Сұмдық сор келе жатыр… – Алмасбек анасына қатқылдау айтты.
– Тәйт, әрі! Біріңнің аузыңа бірің түкіріп қойғансыңдар ма, түге!
– Апа деймін, кәрі адамдарға қауіпті!.. Мен дәрігермін ғой. Үлкен адамдар көтере алмайды. Италияда қарттар кетіп жатыр… Бәрінен де сізді ойлап келдім.
– Италақаз деген болушы еді. Елінің аты қандай жаман еді! Ондай елде болады, ит деп, бит деп ат қойып алса… О, несі ай!
Дантист Алмасбек қайнағасының шыр-пыр болған дауысын анық естіп жатқан Есберген орнынан тұрып кетті. Енесінің дауысы тағы жалғасты.
– Ажал келсе, қала не, ауыл не – бәрібір. Анаңды алтын сандыққа жасырсаң да алып кетеді. Дүрлікпе! О, несі ей! Одан да құран оқылған шелпекті жеп, шәй ішіңдер. Әзірейіл сендерсіңдер ғой мына түрлеріңмен… Қайт десең – қайтам. Тек мына немере жиендерімді де ала кетем. Әке-шешесі қалам десе, қала берсін! Емшектегі балалар емес қой… Жұмыстарын істей берсін.
– Апа, ақылыңыздан айналдым! – Нүркәштің кемпірді құшақтай алып, бетінен шөпілдетіп сүйгені сезілді.
Есберген ас үйге дереу жетіп келіп, аман-саулық жоқ дүрсе қоя берді.
– Балалар ешқайда бармайды! Өзімізбен болады. Олар жетімек емес!
Торғын кемпірден бастап бәрі аңтарылды да қалды… Алдымен тіл қатқан әулет анасы болды.
– Иә, шошып ояндың ба, балам?! Ешкім сенің балаңды алайын деп жатқан жоқ. Әркім өз баласын қайда сиғызарын білмей жүр. О, несі ай!
Есберген де балажан, қызғаншақтығынан артық кеткенін біліп қап, тосылып қалды.
– Әй, Есберген! Сенің бала-шағаңды біз жеп қоймаймыз… Ауылды жерде үйде қамалып отырмайды, аула ішінде ойнап жүрер деп отырмыз. Іштері де пыспас. – Алмасбек қайнағасы жөн сөз айтты.
– Жо-о-оқ! Бәріміз бір жерге жиналмайық дегенім… – Есберген күмілжіп қалды.
– Мына бір бөлмеде үш бала тұрмақ, өздерің де қайда барарларыңды білмей қаларсыңдар… Бұл – карантин. – Нүркәш та басу айтты.
– Чернобльде көргенмін… Ертең мына вирус кенеше қаптағанда үйден шығармайтын жағдайға барады. Бәрін жауып, тұмшалап тастауға тура келеді әлі… Көресіңдер! Бұл атом жарылысынан да жаман. Вирус – құрт. Тарақанша тарайды.
Қайнағасы өзінің сонау Чернобльде әскерде болғанымен салыстырды.
– Қарақтарым, аспаннан қар емес, қан жауса да, сабыр сақтаңдар! Енем отыз екінші жылдың аштығында шешектен аман қалдым деуші еді… Жүзінде қорасан дақтары сол заманнан қалған-ды. Марқұм алты бірдей ағамды аштық пен індет жалмағанда, Алла тағала бір мені тұқымға қалдырыпты дейтін. Бұдан да ел боп, жұрт боп, аман өтерміз. Ел іргесі берік қой. Дәрі-дәрмек күшті. Үкімет бай. Ауыршылыққа ұшырата қоймас. Үрейлене бермеңдер! Адамды жау алмайды, үрей алады.
Торғын кемпір балаларына тоқтау сөз байлады. Бәрі де бір сәт үндемей отырып қалды.
Күтпеген жерден есік қоңырауы қағылды. Елең етісті. Көрші үйдегі бәденді стюардесса Қарлығаш екен.
– Ой, саламатсыздар ма? Апам келіп қапты ғой…
– Кір, Карина, кір! Шелпектен ауыз ти!
– Рахмет, апа! – дей беріп, тап кіре берістегі ас үйдің есік жақтауына сүйене жөтеліп-жөтеліп қалды.
– Асықпа, қызым!
– Апа, шелпекке шашалып…
– Қызым-ау, отыршы! Қазақ емеспіз бе?! Шәйдан іш, шетелдегі жаңалығыңды айт!
– Карина, не болып жатыр өзі?! Сен ұшып жүрсің ғой… Мына сұмдық бізге де келді ме? Жұрт «бізде жоқ! Биліктің елді басып ұстап отыру үшін істеп жатқаны… Тағы да президент ауысады» деседі… «Италия қайда, біз қайда?» деп шуласып, сенбейді, – деп Нүркәш келіні киліге кетті.
– Жеңеше, мені он күндік демалысымнан шақырып алды… Ыстық жақтың теңізіне шомылып, аспанда алған радияциямнан арылайын деп… Жеті-ақ күн болдым. Ол жақтарда да дүрлігу… Адамдар қорқып, кейбіреуісі елдеріне қайтып жатыр. Бірақ көп жұрт «как грип, нечего боятся!» деп жайбарақат жүр.
– Айттым ғой әне… Бізде де дым жоқ. Билік елді дүрліктіріп… миллиондап, миллиардтап бөліп… тағы да соны жеудің қамы. Әне келді, міне келді! Қайда? Кәні? Міне, Карина ұшып келді ғой. Келгендерді ұстап жатқаны қайда?
– Ей, қатын! Қысқарт! Провокатар! Карина – борт-провадница. Оны несіне ұстайды… Үкімет ақымақ па саған? Өз-өзін дарға асып… қаланы жауып, жұмысты тоқтатып, елді қамап, дүниені қаңыратып… Банкрот болады. Амалсыз, сен секілді суми қатындар санасына жетпесе де, желкелері үзілмесін деп істеп жатыр. Сендер бірақ «билік өйтті, билік бүйтті» деген байбаламдарыңды қояр емессіңдер осындай қауіп төнген сәтте де. Карантинсіз халық қырылады… Өңшең есек ми. Вирусқа жапон мен қытай, неміс пен американ еріккеннен есігін жауып жатыр деймісің. Біз онсыз да бір орында қойша үйездеп, қоңызша өріп жүрміз. Жұмыссыздықтан жерді кезіп… ертең қаптайды олар… Кореясы бар, эмираты бар. Сонда қазіргі он-он бес ауру жүздеп балалайды. Бір уақ байың мен өкімет шарасына құлақ ассаңшы!
Дәрігер әйеліне зеки сөйледі. Ұлына қарсы сөйлей берген келініне Торғын кемпір тоқтау салды.
– Әй, келін! Тоқта! О, несі ай, байына қарай шәпілдеп!.. Кәнденше босағадан шәуілдеп… сендердің ниеттерің… дүниедегі жоқ пәлені басымызға шақырған.
– Апа, біз емес, олардың өзі… Әйтпесе әлемде қыдырып жүрген бай-бағландарды алдырып несі бар? Олар тағы солардың қыз-қырқын, қатын-қалаш, қыдырмаш еркегі мен ұлдары… – деп Нүркәш шыдамай кетті.
– Ей, Нүркәш! Қой болды! – деп Алмасбек айқайлап жіберді.
Кіруін кіріп қалып, қалай шығып кетерін білмей сасқан Қарлығаш:
– Апа, мен кетейін! Жадыраға «өліп қалмасын, су құйып тұршы» деп тастап кеткен гүлдерімді алайын.
– Ала ғой. Есберген біледі ғой. Мен де қонақпын.
Есберген терезе алдында гүлдеп тұрған қыш ыдыстағы бәкене жапон өсімдіктерін көтеріп әкелді. Қарлығаш сыпайы қоштасып, есікпе-есік пәтерінің есігін кілтпен ашты да, көрші таксист жігіт жапон гүлдерін кіргізіп берді.
Ол ашық қалған пәтері есігін жауып кіргенде короновирус туралы дау да басылғандай еді. Уақыт та жылжып кетіпті. Ымыртқа шейін жолаушы «аулап» қайтқысы келіп асыға түскен.
– Есберген, жағдай Европадағыдай ушықпасын!.. Онда біздің елде де «коменданттық час» енгізеді… Соған дайын болуымыз керек. Әйелдер оның не екенін түсінбейді… Сен еркексің ғой, бәріне дайын бол!
– Аға, басқа салғанды көрерміз!
– Көрерміз емес… Бетке маска киюмен мәселе шешілмейді. Қатаң режим, қатал тәртіп керек. Жұрт Союз ыдырағаннан бері бетімен лағуды өнер көріп алды. Темір тәртіп ғана тегеурінді тойтарыс беретінін қытайлар дәлелдеді ғой… Әйтпесе батыстағы елдердей былыққа батамыз.
– Қойшы, Алмас! Қорқыта бермеші! Италиядағыдай морк жетпей қалмас… Дала кең. Аяғымыз жеткен жерге қашармыз! – деп күлді Нүркәш.
– Күлме, келін! Байыңның айтқанына мойынұсын! О, несі ай!
– Байына емес, коронавирусқа мойынұсынады… Мысқыл мен күлкі сонда тыйылады.
– Астапыралла! Жаман айтпа, ұлым! О, несі ей!
– Аға, мен жүре берейін!
– Бауырым, былай істейік! Бала-шағаңды іргедегі ауылға алып кетейін. Жадыра екеуің сосын келерсің, оның жұмысы тоқтап жатса… Ертең ауруларымды соңғы рет қабылдап, тістерін салып беріп, офисті жабам. Бізге де қиын тиейін деп тұр. Қазір апаммен балабақшаға соғам, ертең қол тимейді.
Қызуқанды қайнағасы бір-ақ кесті.
– Жадыраға телефонмен түсіндіріп айтарсың, – деп қалды Нүркәш.
Бұл да олармен үнсіз келісіп, ешкіммен қоштаспастан шыға жөнелді. Көз алдына кішкене қызының тәтті қылықтары келе берді…
Қалада тырбаңдаған пенделердің тарақан тіршілігі қыза түскен еді.
* * *
Көрші пәтерге кіріп-шыққан Қарлығаш ешкім күтпеген қауіпті бір-ақ рет жөтеліп қалып, кемпірге сырқат жұқтырып алғанын сезген де жоқ. Гүл көтерісіп соңынан ерген Есберген ыстық демі жақыннан шарпыған жас сұлудың сылқылдай үн қатқанынан жұқтырғанын білген де жоқ.
– Сіз қалаға шығасыз ба?
– Қазір кетем.
– Мені күте тұрыңыз! Орталыққа барайын деп ем.
Енді міне, екеуі де қаланың орталығына қарай айналма шеңбер жолмен ұшыртып келеді. Есберген көп сөйлемейтін әдетімен үнсіз. Қарлығаш қана қолтелефоны құлағына жабысып, әлдебір құрбыларымен мәз-мәйрам тілдесіп келеді.
Наурыз басы болса да, бүгін күн ерекше шуақты екен. Ауа ғана тымырсық. Көк түтін аралас ауыр ыс қарауыта тұманытып тұр. Қалаға аяқ астынан тау мен даладан түз адамы келе қалса, қолқасын қабады… Бірақ таксист пен стюардессаға әсері білінбейді. Олардың жас өкпесі оқта-текте демігіп қап сыр берсе де, елеген емес.
Қала орталығына жақындағанда уыс-қуыс шолақ көшелермен сыналай жүріп, жолаушысын үш-төрт қабаттық супермаркет алдына жеткізіп тастады. Қолындағы қымбат телефон арқылы жылдам есеп айрысқан бойжеткен де есікті тарс жауып, таксист өз жөнімен кетті.
Қарлығаш таксиден түсер-түспесте тағы бірер мәрте жөтеліп, тамағын жөткірініп алды. Сол-ақ екен өңешін қазан қырғыштай әлде қалай сезім қырнап өтті. Оған бірақ мән берген жоқ. Тез-тез басып, маркет ішіне кірді.
Маркет толы нөпір жұрт екен. Үлкен-кіші демей, бутик-бутикті жайбарақат аралаған көпшілік. Көбісі құр босқа уақыт өлтіріп жүргенге ұқсайды. Екіден-үштен ерігіп жүрген жастар мен әйелдер тіпті мол. Бейбіт өмірдің берекелі тіршілігі, мамыражай мезгілі.
Әртүрлі жерде істейтін бойдақ құрбы-құрдастары кешкілік жұмыстан босағанша, бутик аралап жүре тұруды жөн көрді. Қолына балмұздақ ұстап, тербетіле басады. Жастық жалын қуат пен талмас сезім үйіріп, көңілін көктемгі көгершіндей алып-ұштырып алған еді.
Жақын ауылдағы әке-шешесіне телефон соғуға оқталды да, соғып кет деп әуре қылар деп тосылды…
Ірі қала маңына құдай да ұмыта бастаған тұйық ауылдан былтыр ғана көшіп келіп алған туған шаңырағының түтіні де түзу ұшуда… Әке-шешесі ұстаздығын атқарып, ағасы мен бауыры оны-мұны мамандықтарымен кішігірім қызметтерін істеп жүр. Жалғыз сіңілісі мектепте.
Ал өзі шет тілдері университетін бітіріп, ағылшын тілін жетік білуі мен қағылездігі арқасында борт-жолсерік мамандығын тез игеріп, зеректігі мен пысықтығы сынақтардан сүрінбей өткізіп, нағыз маман болып шықты. Осы стюрдесса болу үшін ақ жүрегін ұсынып, ата-анасына келін түсірем деп қуантып, жаһұттай сақтаулы пәк лағылын қызыл реңге бояған алғашқы махаббаты – студенттік жігітімен де сертін бұзды…
Cерт бұзғалы көп өзгерді. Бауэрдің тілімен айтқанда, «путана болмаса да мутантка» болғандай.
Қазір қалауымен күн кешіп келеді. Көкейінде өкініш жоқ, бірақ сол пәк сәттерден сұлу сағыныш пен белгісіз кіреуке мұң қалды. Өзі елемеуге тырысса да, «Қателік жасадым ба?!» деген жасық ой кейде құйындай соғып өтетін. Сол-ақ екен өз-өзін қайрап, өткеннің бәрін ұмытуға тырысып, шәулі қыранша сілкініп, алыс шетелдерге ұшып жүргенін көңіліне медеу тұта беретін.
Ақыл десе – ақылы, көрік десе – көркі бар, қолынан іс те келетін, ұрпақ көбейтер күш те бар – өзіндей қыздар қазақта бірақ аз ба?! Көретін көз жоқ жігіттерде… Әйтпесе қалада қанша қылықты бикештер еріккендердің белін босатудан аса алмай жүр. Бұған кім кінәлі? Әрине, алдымен еркектер. Егер солар бүркіттей тегеурінді болғанда, бұлар құтыла алмас еді. Ездер көбейіп, мұның қиянда қирап қалған ауылындағы жаман сәуріктей езуленіп, мекерленіп кетті ғой.
Не істерін білмей, іші пыса бастаған Қарлығаштың ойына әрне орала берген соң, супермаркет жертөлесіне түсті. Жертөледе кофе ішіп, аралас-құраластары келгенше кальян түтіндетіп отыруды жөн санады.
Музыка дауысы бәсең кафе іші күңгірт. Адам да аз. Қарлығаш түкпірдегі жұмсақ орындықты үстел басына барып отырды. Кофе мен кальянға тапсырыс берді.
Аузына кофе ала бергені сол еді, телефоны шыр ете түсті. Бауэр екен. Оған осында болатынын айтып, қою кофені сыздықтата ұрттады. Маңдайы жіпсіп, қанқысымы қалпына келіп, арқасы кеңіді. Шалқая беріп жанарын жұмды.
Даяшы үстелге кальянды тамызып әкеп қойды. Қарлығаш алыстан ұшып келгендікі ме, көзі ілініп кетті. Мұның сұлу өңі мен жұмған көзін анадайдан байқап отырған жігіт ағасы кофесін көтеріп қасына келіп, отыруға рұқсат сұрағанда ғана селк етіп оянып кетті.
– …Кешіріңіз, қарындас! Шошытып алдым ба?
– Оқасы жоқ. Отырыңыз! Құрбыларым келген соң, боссыз.
– Әлбетте! Отырмай жатып қуғаныңыз қалай?
– Амал жоқ, ағасы! Жігітім қызғаншақ еді…
– Ондай жігітпен сіздей сұлу қыз сөйлесе ме екен?! Ондайларды маңайыңа жолатпау керек қой.
– Сүйемін!
Қарлығаш қалай өтірік соға салғанына өзі де іштей таңданды.
– Өкінішті-ақ! Мендей сорлыға қызғаншақ әйел жолыққан… Пародокс. Сендей періштеге қызғаншақ жігіт кез келген. Құдайға не жаздық!?
Көзіне жас алғандай қалып танытты. Қарлығаш аяп кетті.
– Аға, налымаңызшы! Кетіп қалыңыз!
– Кету оңай емес, қалқам! Күршекке ілінгем… Балам бар. Қимаймын! Үй де, машина да әйелдің атында ғой. Мен жүрген мүсәпір!
Қарлығаш үнсіз қалды. Бейтаныс та үнсіз… Қарлығаш кофе түбін сарықты да, кальянға көшті. Өші қалғандай құшырлана сорды, будақтата үрді. Бейтаныс интеллигент орнынан тұра берді.
– Жұмбақ жан… Жұмбақ қыз атың кім?
– Карина.
– Жасболат. Таныс болдық. Визиткам. Ағаңды ұмытпассың… Мен жалғызбын. Жалғызсыраймын, қалқам! Қандай әдемі едің! Әттең!
Қарлығаш бота көзін төңкеріп, қолмен қоштасу ишаратын жасады. Визитканы алақандай ғана сөмкесіне мұқият салып қойды. «Болашақта оңаша пәтерде бір сырласуға тұрарлық адам екен, – деп қойды іштей. – Ішіп-жеп қараған көзқарасын-ай!..».
Осы сәтте есік жақтан Бауыр-Бауэр бастаған құрбы қыздары да көрінді. Олар мұнымен құшақтаса, сүйісе амандасып жатты. Бәрі сағынысып қалыпты.
Бастары қосылысымен үстелді жайнатып, кальянды қайнатып жіберді. «Виски» мен қызыл-сары түс шарап суша аға бастады. Салқын сыра мен ыстық шәй, түрлі салат пен қыздырылған үйрек, қабырға кәуеп кеу-кеулесіп қосарлай келді. Тамыр-таныстар да көбейе беріп, қызу әңгіме арқаны қыздыра түсті.
Бір-бірінің аузынан таласа тартып алысып, кальянды таңдайлата сорысты. Сүйір еріндерінен сумаңдата түтін шығарысып, шеңберлете ұшырғандарына қуанып, өзара мәз болысты. Кальян аузындағы сілекей ауыздан ауызға көше берді…
Қарлығаш буынына «виски» буы түсіп, Бауэрдің бауырына тығыла берді. Ол да албыраған ернінен сорып, омырауы ұшының бөпешігіне саусақ жүгіртіп, бойы бусанып, жаны жай таппай тынышсызданды.
Ақыры екеуі сезімге шыдай алмай далаға шықты да, «аппендицит» тұйық ауданға қарай тартып отырды. Бауэр рөлге отырысымен сабырға бой алдырып, өгіздей өңкиген көлігін баппен айдады. Түнгі жол бойы да босап қалыпты. Қарлығаш та бойын жиып отырды.
Екеуі де пәтерге кірер-кірместен бір-біріне босағада құмарта ұмтылысты…
– Бау-э-эр! Бау-э-эр! Сладкий мой!..
– Цари-и-ца Коро-о-на-а! Милая моя!..
Оларды нәзік сезім биледі. Тойынбас нәпсі жеңді.
* * *
…Сансыз күндер мен түндер кірпік қаққанша өте шықты. Сансыз айлар сынаптай жылжып жатты. Сансыз жылдар жылғадағы судай жылап ақты.
Ұзақ-ұзақ мерез мезгіл жөңкіліп ұзай жөнелді…
Жұпарлы жаһанда гүлдер солып, шымырлап шешек атты…
Ғапыл дүние дөңгелене ауды. Шар табақ Күн алтын қас ерін жалтылдата аунады. Көкмұнар ғарыш көш-көш керуенмен көше берді… көше берді. Жұлдыздар жарығы да сөне берді.
Тағадай ай ғана турала солып, шермие толды…
* * *
Қынадай қызарыңқы Күн көктегі кіндік төрінен тапжылмады. Ұршықтай жұмыр Жер шеңбер бойымен сайтан көбелекше айналып жүр. Құлаққа ұрған танадай ғарыштық Тыныштық та бұзылар емес.
Чемодан арқылы босағадан енген, тұтқиылдан кеп тиген түр-түсі жат, сұлу тәжді вирустан сан миллиондаған тарақан опат болып, тек біреуісінің сірі жаны төзіп, әупірімдеп аман қалды. Сол жәндік қаладағы көпқабатты әлде бір биік үй астындағы сасық, салқын жертөлесі түбінен жыбырлай шықты. Ол ұзын-сонар уақытта аты жаман бұзық індетті өз тәнінің нәріне айналдырып, меншіктей сіңіріп алған еді.
Тарақан тәлтіректеген күйі тілерсегіне ілініп, күн сәулесін іздеді. Жанталаса жарыққа ұмтылды. Ендігі кезек – жұмбақ мутацияға ұшыраған жаңа вирус-мутант осы жәндіктен тарамақ… Тарақан да қандастарынан айырылып, қан құсып қалған тұлдыр жетімек.
Байлаулы бұқадай бұзық Жетімек ұзын келген мұртшалары жыбырлап, төңірегін сипап сезіп, топан суда тал қармамақ болған жандай жан-жағына қаранды. Қарға адым уақыт құбылмастан құбыла асып барады екен.
Алып мегаполис қараң қалғандай тыныштықта айрандай ұйыйды. Кенет меңіреу тыныштықты бұзып, оқыс дауыс шықты.
– Қарқ! Ка-а-ар! Ко-о-ор!
Мыңжылдық қарға үні құмыға жетті.