Еліміздің басынан өткен бодандық кезеңде азаттықты ту еткен ержүрек бабаларымыздың армандап, аңсап кеткен азаттығы орындалып, бейбіт, тәуелсіз заманда ғұмыр кешіп жатқанымызға 30 жылдан асты. Ендігі кезекте Қазақстан халқы осынау саяси деребестікті одан әріге нығайтып, Мәңгілік Елге айналдыруды алдына мақсат еткен асқаралы жұртқа айналды. Ол үшін қырағылықты сәт сайын күшейтіп, азаттығымызды жан-тәнімізбен қорғау кез-келген азаматтың қасиетті борышы болып саналмақ.
Әлемдегі адамзат қоғамы мыңдаған ұлттар мен ұлыс болып иық тіресе ғұмыр кешуде. Оның ішінде осынау ата-бабадан мирас болып қалған ұлан-ғайыр даламызда жергілікті мемлекет құраушы байырғы жұрт қазақтармен бірге мекен еткен түрлі ұлт өкілдері де өздерінің салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін мемлекет қамқорлығының арқасында барынша дамытуда.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдаған «Сындары қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында аталмыш қоғамдық келісімге қатысты, өзінің мынадай көзқарасын білдірді: «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үдерістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз керек», – деген пікірінің өзі біздің еліміздің дамуы жолындағы аса маңызды ұстаным екендігін білдіріп-ақ тұр. Демек, бұл дегеніңіз жәй айтыла салған сөз емес, тереңнен толғап зерделей білген адамға мемлекет тәуелсіздігінің алға қарай дамуы жолындағы маңызды және айқындаушы факторларының бірі іспетті.
Қазіргі саясатта Еуразия жүрегінде бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан Республикасы барша жұртқа қонақжай, діни көзқарасы мен төзімділігі жоғары және көршілерімен татулықта өмір сүріп жатқан қабырғалы халық ретінде танымал. Еліміздің татулықта, бейбітшілікте болуы мен рухани саладағы алға қарай даму жолындағы бағытына барша Қазақстан халқы бір кісідей атсалысуда
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп дана халқымыз айтқанындай, үкімет пен халық бірауыздан «Рухани келісім» күнін белгіледі. Жақсылық пен сыйластықтың нышаны ретінде танылған бұл мейрам республика көлемінде жыл сайын аталып өтілуде. Келісім мен құрмет бар жерде кез-келген елдің келешегі кемел болатыны баршаға аян құбылыс. Оған нешеме дәуірлерді бастан кешірген кәрі тарих куә бола алады. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай отырып, Қазақстан қоғамында демократияны, адамгершілік құндылықтарды жан-жақты насихаттау баршамызға ортақ іс.
Өркениетті елдердегідей біздің де елімізде ұлтаралық татулықтың сақталуы мен дамуы – аса маңызды факторлардың бірі екені бесенеден белгілі жайт.
Біздің елде жергілікті қазақ ұлты мен басқа ұлт өкілдері арасындағы діни, адами қарым-қатынастары мен өзара сыйластығы жоғары деңгейде көрініс тапқан. Барлық халықты татулық пен тұрақтылыққа шақырған Қазақстан билігі рухани келісім мен бірліктің, мызғымас бейбітшіліктің айшықты бойтұмарына айналды. Тәуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, өркениетке өрлеудің ұлы күші.
Қай мемлекеттік қоғам болмасын қашанда өз аумағында тыныштық пен әділдіктің болғандығын қалайды. Өзінің бүкіл қоғамындағы барлық саланы да осы бағытқа бағыттап отырады. Міне сол үшін де барлық Қазақстан халқы осындай ұлы мұраттың үдесінен шығып, өз халқын ізгілікке үндеп қана қоймай, бірлік пен берекенің бар жақсылығын жан-жақты насихаттап келеді. Демек, біздің елдің алдыға қойған асыл мұраты – бірлікке үндеу, байырқалы бейбіт ғұмыр кешіп, қанаттас өмір сүріп жатқан көрші елдерге ешқандай зияндық жасамау.
Ғасырлар бойғы ата салтқа берік қазақ халқы тағдырдың, саясаттың, тағы басқа себептермен ауып келіп пана тапқан өзге ұлт өкілдеріне сөзімен де, қолымен де, түрлі қасақана әрекеттерімен де ешбір залалын тигізбеген ұлт екендігіне өткен тарих куә. Бұл үрдіс қай кезеңде болсын басты бағдар, өшпес өнеге, үзілмес үлгі болып, осы күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келеді.
Осындай тектілігін бойына ту еткен Қазақ елінің мемлекеттілігі мен барша халқымыздың ауызбіршілігі артып, дербестігі мәңгілік болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, жас ұрпақтың өмірі мерекелі, берекелі болғай!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ