Осыдан он жыл бұрын мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын өрістету мақсатында Панфилов ауданының аумағында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл тәуелсіз Қазақстанның отандық және шет елдік инвестрларының өндіріске қаржы жұмсаудағы белсенділігін арттыратын ірі жобасы болатын. Арнайы аймақтағы «Құрғақ порт» халықаралық жүк тасымалы да өзінің экономикалық тиімділігін танытып үлгірді. Логистикалық орталықта дайындық шаралар атқарылуда. Ал, ндустриялық орталықта қазір оншақты өндіріс көздерінің құрылысы салынып, біртіндеп өнім өндіруге кірісуде.
Солардың бірі – өткен жылдан бастап құрама жем шығара бастаған «SSA Feed Mills» ЖШС. Оның қазіргі жылдық өнім өндіру қуаты 60 мың тонна құрама жем шығарып, шет елге және жергілікті халыққа сату. Бүгінгі күнге дейін бұл зауыттан мың тоннадан астам түйіршектелген құрама жем шығарылып, сатылды. Жем тартушылар, түйіршектеушілер және қаптаушылар цехтарының еңбеккерлері мен маман технолгтар ай сайын 250-270 тонна мал мен құс азығының 20-дан астам түрін дайындайды. Мұнда құрама жемге жүгері, бидай, соя, арпа мен сұлы дәндері, тағы басқа да мал ағзасына пайдалы витаминді заттар қолданылады. Мал азығындағы протеин, кальций, фосфор және коротеин мөлшерінің талапқа сай болуын озық үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған арнайы сарапхана қызметкерлері тұрақты анықтап отырады.
– Жалпы 46 маман еңбек ететін біздің кәсіпорында іріқара, жылқы, қой мен шошқаға және балық, құстарға қажет толық рационды жем өнімдерін өндіреді, – дейді зауыт директоры Сергей Нам. – Олардың әрқайсысы тапсырыс берушілердің жеке рецептері бойынша жасалады. Ит тамағын дайындауға да ұсыныстар түсуде. Біздің зауытқа орнатылған автоматтық басқарудағы озық үлгідегі құрал-жабдықтармен кез келген жануарлар азығын дайындауға мүмкіндігіміз мол. Зауыт толық қуатында жұмыс жасағанда қызметшілер санын 100-ге дейін көбейтіп, үш ауысымда, тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім өндіретін боламыз.
Кәсіпорын директорының айтуынша, қоспажем шығарудан өзге астық сақтайтын сыйымдылығы 15 мың тонналық элеваторы бар. Жалпы жеті адам еңбек ететін элеватор жергілікті кәсіпкерлердің бидай, жүгері дәнін сақтап, өңдеп, дайын астықты еліміздің және Тәжікстанның кәсіпорындарына жөнелтіп, коммерциялық қызымет көрсетеді. Зауытқа темір жол желісі тартылған.
АЭА аумағында салынған бұл зауыт өнімдері негізінен Қытайға қоспа жем сатуға бағытталған. Әлемді жайлаған індетке байланысты құрама жем еліміздің облыстарындағы кәсіпорындар мен Тәжікстан фермерлерімен жұмыс жасауда. Құс пен балық жемі отандық құс өсірушілер мен балықшыларға жіберілді. Тараз қаласы мен Қордай фермерлері іріқара бордақылайтын құрама жемге тапсырыс беріп жүр.
Ауылдағы елдің негізгі кәсібінің бірі – мал бордақылап сату. Шынын айтқанда олардың көпшілігі малын бидаймен, арпамен, жүгері сияқты бірыңғай байытылмаған жеммен бағады. Бұл малдың сүйегінің, денесінің қалыпты өсіп-жетілуіне кері әсер етеді. Дәрумендермен байытылған құрама жемнің түліктің тез жетілуіне, етінің сапасының артуына пайдасы мол. Елімізде мұндай кәсіпорындар жоқ.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ