Қазақ даласында Кеңес үкіметі орнаған күннен бастап құлаған уақытына дейін саяси құғын-сүргін тоқтаусыз жүріп отырған. Большевиктер билікті басып алған алғашқы күндерден бастап – 1917 жылдың қазанынан 1920 жылдардың ортасына дейін ұлттық партиялардың қызметімен байланысты ұлттық интеллигенцияға қатысты («Алаш», «Шура-и-Исламие» және т.б.) және ұлттық автономиялардың үкіметіне («Алаш-Орда», «Түркістан Мухтариаты») қатысты жүргізілген репрессиялардың кесірінен ұлттық элита өкілдері биліктен ығыстырылып, олар мәдениет саласына, білімге, ғылымға ойысуға мәжбүр болды.
Бір-екі жылдан кейін билік ұлттық интеллигенцияның қызмет аясының өзгеруі (саясаттан мәдениет саласына) ойлау кейпіне, ойлау еркіндігіне әсер етпейтінін түсінді. Содан кейін келесі қадам – оқшаулау, әлеуметтік ортадан ығыстыру – үйқамақ, жер аудару, түрмеге қамау басталды. 20-шы жылдардың ортасына қарай ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақтың санасы мен көңіл күйіне неғұрлым елеулі әсер еткен ескі ұлттық интеллигенция қоғамнан шеттетілді. Белгілі адамдар, көбінесе ел, өңір, аудан тұрғындары арасында үлкен беделге ие адамдар жүйенің қысымына ұшырай бастады. Қуғын-сүргін механизмі ереже бойынша өз көзқарасын, жеке басын қорғай алатын көрнекті, бастамашыл, өзіндік позициясы бар адамдарды қамтыды. Яғни репрессияға іліндіру үшін мінез-құлқы мен ойлау үлгісі жүйе «сызып берген» шеңберден шықса, қоғамда тартымды болса, жеткілікті еді. Билікке «қарсы шыққан» тұлғалар неғұрлым танымал болса, оларға соғұрлым ойға қонымсыз айып тағылатын. Сот органы ретіндегі «үштіктер» ОГПУ-дің 1929 жылғы 29 қазандағы циркулярымен құрылған болатын. Оларға істерді тергеуге және сот отырыстарына дейін алдын ала қарау тапсырылды. Ал 1937 жылдың 5 шілдесінен бастап, бұл топ өзі өлім жазасын тағайындай беретін құқыққа ие болды. «Үштіктің» құрамына НКВД-ның облыстық немесе өлкелік басшылары, облыстық немесе өлкелік прокурорлар, өлкелік немесе облыстық партия комитеттерінің хатшылары кірді. Репрессия құрбандарын екі категория бойынша соттаған: біріншісі ату жазасы, екіншісі лагерьлерге, еңбекпен түзету колонияларына қамау.
Жетісу облыстық әділет басқармасының 1918 жылғы 12 желтоқсандағы жарлығымен әділет басқармасы жанынан жұмыс комиссиясы құрылды. Бұл комиссияны облыста алқа жұмысы деп атау туралы шешім қабылданды. Осы алқа түрме мекемелерін реформалаудың негіздерін әзірлеп, облыстағы барлық түрмелер жұмыс орындары деп өзгертілді. 1921 жылдан бастап Жетісу облыстық әділет басқармасының жазалау бөлімі Жетісу облыстық әділет басқармасы жанындағы Жетісу облыстық еңбекпен түзеу бөлімі болып аталды.1921 жылы Пішпекте, Алматыда, Жаркентте, Қарақол, Лепсіде енбекпен түзету колониялары ұйымдастырылды. Осылардың ішінде бүгінгі күнге дейін сол зұлмат жылдардың көрінісі ретінде Жаркент қаласындағы түрме сақталып тұр.
Алма-Ата округіне қарасты ЕТК-ның басшысының колониялар жұмысы мен жағдайына байланысты жасаған баяндамасы (1926-1928) бойынша Жаркент түрмесі Округтегі басқа колониялармен салыстырғанда техникалық жабдықталған мекеме. Бірақ қосымша тағы ғимарат салу керек екендігі айтылған. Себебі шекаралық аймақта босқындардың көп болуымен түрмеде отырған тұтқындар саны көп. 1926 жылдың 20 мамырында Жаркент округінің гидротехнигі Яковлев толтырған анкета бойынша Жаркент түрмесінің ғимараты арнайы қамау орны үшін 1897 жылы салынған. Нақты айы белгісіз, себебі деректерде нақты айы туралы мәлімет жоқ. Түрменің қабырғасы ағаштан жасалған, екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта 19 бөлме, екінші қабатта 5 бөлме болған, 150 тұтқынға арналған. Түрме аумағында аяқ киім жасау, ағаш, темір өңдеу цехтары мен бау-бақша егу шаруашылығы болған. Бірақ тұтқындарға еш жағдай жасалмайтын.
Анкетада жазылған деректер бойынша тұтқындарға киім берілмейтін. Күніне бір рет қана тамақ берген. Соның ішінде ыстық тамақ орнына тек ыстық су беріп отырған және бұл түрмеге шекара аумағында ұсталған босқындарды қамап, жалған айыптар тағып, тергеу жұмыстары заңсыз жүргізілген. 1925 жылы 18 адам тергеудің заңсыздығына ұшырап аштықтан қайтыс болды. 1928 жылғы ұжымдастыру, байларды тәркілеу кезінде шекаралық аймақтағы барлық байларды осы түрмеге қамап, «үштіктің» шемімімен ату жазасына кесілгендерді сол түрмеде атып, Үсек өзенінің жағасына тастап отырған (түрмеде атылған тұтқындар жайлы, ату жазасын іске асырғандар туралы акттар архив қорында сақталуда).
Біздің ендігі мақсатымыз – осы тарихи жылдар оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін жаңғырту, оларды мәңгі есте сақтау.
Ұлы даламыздың аяулы перзенттері, ел үшін жанын қиған арыстарымыздың есімі – ел жүрегінде мәңгі сақталу керек.
Мейіржан МҰСАБАЕВ,
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары»
музейінің меңгерушісі.