Біздің қазақ халқы ғасырлар бойы көптеген қиыншылықтарды басынан өткеріп, басқыншы жауларымен толассыз ұрыстар жүргізді. Ұдайы бес қаруы бойында болған батыр бабаларымыз осыншама ұлан-ғайыр байтақ даланы бізге аманат етті. Кейінгі, ХVІІІ ғасырдың 30-шы жылдарынан басталған Ресейдің бодандық құрсауында да азаттық пен тәуелсіздік үшін күресін тоқтатқан емес. Нәтижесінде мінекей, кең байтақ жерімізді, тіліміз бен дінімізді, рухымызды сақтап қалды. Осындай жанкешті ерліктері мен Отаншылдығы үшін ата-бабаларымыздың әруағы алдында басымызды иіп тағзым етеміз.
Осынау дәуірлерді қамтыған ұлы көш бастауындағы көреген бабаларымыздың аталмыш игі іске тек қана жұмылған жұдырықтай бірлікте, ауызбіршілікте болғанда ғана қазақтың бағы жанып, баянды, байырқалы ел болатынын ұрпақ санасына бұлжымас өсиет етіп айтып кеткендігі.
Мінекей, осындай елдік жолында елеулі еңбек сіңірген ұрпақтың бірі – Үсек cұлтан (кейбір деректерде Өсек, Өсеке. Туған-өлген жылы белгісіз). Ол көне тарихи деректерде есімі жиі кездесетін Төре руынан шыққан қазақ билеушілерінің бірі болған. Кейіннен Түркістан қаласының әміршісі, оның кіндігінен тараған балаларының аттары – Бөлекей, Қоян сұлтандар еді.
Арғы тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының төртінші ұрпағы Тоқай Темірден тарайды. Әуелгі бастағы қазақ рулары Жошының осы баласының билігінде болғандығы туралы мәліметтер біздің шежірелерде кездеседі. Енді Тоқай Темірден бері тарқатар болсақ, одан Мөңке Темір – Өзтемір – Қожа – Бадақұл – Арыс – Құйыршық хан – Барақ – Абусағид (Әз Жәнібек) болып жалғаса береді. Өстіп көне шежіре бойынша, аталмыш «әу бастағы қазақтардан құралған» қосынын Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан осы Әз Жәнібек (Абусағид) болатын. Демек, Түркістан мен Қашқардың ортасындағы Жетісу да олардың иеліктері болған деп жорамалдаймыз.
Сол иеліктерінің бірі саналатын, Жетісудың шұрайлы Жаркент өңіріндегі суы мол, ағыны қатты тау өзені Үсек (Өсек) өзенінің басындағы, тау етегіндегі табиғаты әсем жайлаудың бірінде Үсек сұлтан отырған, өмірге келген деген дерек бар. Ол ел тарихында Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның, өз кіндігінен тараған тоғыз баласының бірі. Яғни, Үсек сұлтан сандық рет бойынша оның сегізінші ұлы. Ол қазақ тарихындағы әйгілі билеушілер, айтулы тұлғалар – Қасым хан, Жәдік сұлтандармен бірге туған бауырлар болып келеді.
Бауыры Жәдік сұлтанның ұрпағы біздің Жаркент өңіріндегі 1643 жылы жоңғармен болған әйгілі «Орбұлақ шайқасының» бас қолбасшысы Салқам Жәңгір. Жәңгір сұлтанның жан алып, жан беріп Жетісудың солтүстік-шығысында жатқан Жаркент аймағының жерін жоңғарлардан қорғап жүргені де бекер емес. Бұл аумақтағы Сарытау, Қосқолаң тауларының аумағы Жәңгір сұлтанның әкесі Есім ханның атасы Жәдіктің бірге туған бауыры Үсек сұлтанның туған жері болғаннан шығар деген ой өзінен-өзі туындап тұр. Себебі, бақайшығына дейін қаруланып, сайланып келген қалың жауға (50 мың жоңғарға), аз ғана қосынмен (700 сарбаз) өлімге бас тігіп қасқайып қарсы шаппас еді ғой. Демек, атақоныс әр қазақ үшін ажалдан да мың есе қымбат! Жалпы оның есімі қазақ хандығындағы беделді сұлтан ретінде ХVІ ғасырдың бас кезіндегі ресми деректерде көптеп ұшырасады.
Ал, Қасым хан қазақ тарихындағы арғы аталары Жошыдан кейінгі ұлан-байтақ аймаққа билік етіп, есімі Еуропа елдеріне таныс болған бірден-бір айбынды хан. Оның билік құрған кезеңінде шығарған «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағымен мектеп қабырғасынан-ақ таныспыз.
Қазаққа әйгілі ғұлама Қадырғали Жалайыридің Ондан Сұлтан туралы шығармаларында мынадай мәліметтер келтіріледі: «Ондан сұлтанның бірінші әйелі – Алтын ханым Үсек ханның баласы Болат сұлтанның қызы еді. Үсек сұлтанның ұлы Болат сұлтан өзінің ұлдарымен бірге ноғайлармен болған соғыста қаза тапқан. Олардың руына хандық билік бұйырмаған…». Сол үшін де болар, Ш. Құдайбердиевтің шежіресінде «Үсек «Кіші хан» болған» деген мәліметтер берілген.
Үсек сұлтанның еліміз тарихында есімдері ұлықталған тікелей ұрпағының бірі 1710-1748 жыл аралығында Кіші Жүздің билеушісі болған – Әбілқайыр хан. Арғы тегі шежіре бойынша Жәнібек ханнан баласы Үсек сұлтан (кіші хан болған), одан Бөлекей ноян, оның баласы Айшуақ сұлтаннан Ырыс сұлтан, оның баласы Қажы сұлтаннан (Әжі, Аджа – Абдолла) Әбілқайыр хан. Оның бірге туған Тоқтамыс деген ағасы, Бұлхайыр деген інісі болған. Қазақ хандығы тарихында тек төре әулетінен сайланып отырған бабалар жолын жалғастырып, елдіктің қасқа жолында өзінің қайтпас қайсарлығымен, шебер ұйымдастырушы, жаужүрек қолбасшылық қасиеттерімен даңқы шығып дараланған дара тұлға. Ол Түркістан шаһарында дүниеге келіп, 23 жасына дейін сонда тұрған. Әбілқайыр – зор денелі, мықты шабандоздығымен бірге көзсіз батыр, алапат күштің иесі және соғыс өнерін өте шебер меңгерген білікті қолбасшы бола білді. Әбілқайыр хан өзінен жасы кіші Орта жүздің сұлтаны Абылаймен де өзара татулық қарым-қатынаста болып, соның айғағы ретінде бір қызын осы Абылайға ұзатқан-ды.
Әбілқайыр билік құрған уақыт атажау жоңғарлардың қазақ еліне дүркін-дүркін шабуыл жасап, дүйім елдің берекесін алған аласапыран заман болатын. Сол бір аламағайып дәуірдің, 1726 жылғы үш жүздің игі жақсылары бас қосқан жиында – хандары, би, батырлары бірауыздан Әбілқайыр ханды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлайды. Содан екі жыл өткенде, 1728 жылы Бұланты өзенінің бойындағы және 1730 жылы Аңырақай шайқасында жоңғарлармен болған жойқын соғыстарда өзінің аса дарынды, қабілетті қолбасшы екендігін паш етті. Осынау қазақ тарихындағы алапат шайқастарда соғыс тәсілін шебер ұйымдастырғанының арқасында Жоңғар басқыншыларын тас-талқан еткен қазақ сарбаздары жеңіске жетті. Бүкіл Алты Алаштың орасан зор жеңісі халқымыздың өзіндік тәуелсіздігіне деген сенімін арттыруымен қатар соғыс тізгінін өз қолдарына алуына орасан ықпал жасады. Нәтижесінде жасанып келген қалың жау қынадай қырылып, бас сауғалады. Қазақ жері басқыншылардан тазарып, өзінің дербестігін сақтап қалды. Міне, Әбілқайыр хан осындай «Ел басына күн туған» шапқыншылықпен өткен өмірінде қазақ халқының тәуелсіз ел болып қалуымен қатар мәдениетінің де өркендеуін армандаған сұңғыла ақыл иесі.
Әбілқайыр ханның өз кіндігінен – Нұралы, Ерәлі, Айшуақ, Әділ, Қаратай, Шыңғыс, Қожахмет деген балалары тарайды. Бұлардың ішінде үш ұлы (Нұралы, Ерәлі, Айшуақ) және біршама кейінгі ұрпақтары қазақ жеріндегі Кіші жүз бен Орта жүз руларына және Өзбекстандағы Хиуа жерінде де таққа отырып, хандық құрған.
Мысалы, Әбілқайыр ханның баласы Ерәліні (1721-1794) 1740 жылы Орта жүздің түстігін алып жатқан Сырдың екі жақ өңіріне хан көтереді. Содан, Ерәлі 40 жылдан астам уақыт Сыр бойының екі жақ өңірінің бірден-бір билеушісі болды. Кейін, 1791 жылдың 4 қыркүйегінде Ерәлі Кіші жүздің «Үлкен ханы» болып сайланады.
Ал, Ерәлінің баласы Бөлекей (1780-1808 ж.) Шөмекей және төменгі қарақалпақ еліне хандық құрды. Бөлекейдің туған баласы Қасым (1809-1827 ж.) Шөмекей тайпасына билік етті. Енді, Қасым ханның баласы Елекей (Ермұхамед) хан Сыр бойындағы Кіші бен Орта жүз руларының (1845-1852 ж.) билік иесі болып, ХІХ ғасырдың 1868 жылы қайтыс болды.
Әбілқайыр хан баласы, Нұралы ханның шөбересі Ғұбайдулла қазақтан шыққан әскери саладағы тұңғыш генерал-лейтенант болды.
Міне, қорыта айтқанда ел шетіне жау тиген басқыншылық замандарда Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей, Жәнібек хандардан бастап, олардың ұрпақтары – Бұрындық, Қасым, Хақназар, Есім мен Жәңгір (Салқам Жәңгір), Тәуке хандармен қатар тағы да басқа хандық иелері болған әйгілі тұлғалар өз дәуірлерінде тарих төрінен ойып тұрып орын алған дара тұлғалар. Одан бергі Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан және Орта жүз, кейіннен қазақтың үш жүзі мойындаған Абылай хан мен олардың ұрпақтары еліміздің сақталуы мен нығаюында өлшеусіз үлес қосқан бірегей жандар қатарынан еді. Халық арасынан өзіндік таланттарымен суырылып шыққан би, батырлармен бірге кең байтақ жеріміздің талан-таражға салынбай, еліміздің сақталып қалуына өздерінің орасан зор үлестерін қосты.
Иә, сырт қарасаңыз бәрі де үйлесімді. Қазақтан шыққан аталмыш тұлғалардың арғы-бергі шежіресі, елі мен жері үшін жанын пида еткен арда ұлдарының өмірімен астасып, қаншама ғасырлар мен тарихи оқиғаларды қамтиды. Демек, ел мен жер тарихы өткенді санада жаңғыртып, өрілген таспадай бірін-бірі толықтырып тұр…
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ