Жезқазған қаласында 100 жастағы қария белсенділік танытып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін Жезқазған тұрғындары қоғамдық көлікпен тегін қатынайды. Ал қандай да бір себеппен сайлау учаскелеріне келе алмаған дауыс берушілерге көшпелі жәшіктер апарылды.
Жезқазғанда 18 жасқа толған 209 жас алғаш рет дауыс берсе, ғасыр жасаған 3 қария да саяси науқанда өз азаматтық ұстанымын көрсетті.
Солардың бірі — 100-дегі Айтқұрман Құрманбаев 8 баладан 35 немере, 40-шөбере және 10-шөпшек сүйіп отыр.
«Мен балаларға, ағайын-туысқа хабарласып, дауыс беру қажеттігін қатты-қатты ескерттім. Қазақ мемлекетін жоғары көтеру үшін үлес қосыңдар деп айтып жатырмын. Қазақстанның беделі артып, бүкіл әлемге таныла түсуін қалаймын. Бар тілеуіміз сол», — деді Айтқұрман Құрманбаев.