Кешегі сайлау – бұрынғы сайлаулардан өзгеше болды деп ойлаймын өз басым. Өйткені кешегі сайлау – қоғамның оянғанын, бұрынғыдай қараулыққа жол бермейтінін, өздерінің конституциялық құқықтарын ашық қорғауға көшкендігін көрсетті. Бұл – қуануға тиісті жағдай. Өз басым солай қабылдадым.
ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқанында әсіресе жастардың белсенділік танытқаны – мемлекеттің болашағын құруға саналы түрде араласа бастауы деп ұқтым. Сондықтан да бұл сайлау нағыз жаңа Қазақстанның, жаңа қоғамның, жаңа сананың бастауы болса екен деп жүрдік.
Ел-халықтың сеніміне кіріп, өздерінің жоба-жоспарларын толық түсіндіре алғандар жеңіске жетіп, енді билік мінберінде халықтың атынан сөйлеу құқығына ие болып жатыр. Жеңілгендері де қоғам игілігі үшін қызметтерін жалғастыра береді деп сенемін. Ең бастысы, бұл сайлау – біздің жарқын болашағымызға шамшырақ болса екен тілеймін.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы» газетінің Бас редакторы.