Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек мырзамен сұхбат
Жетісу облысы өз алдына жеке шаңырақ болып бөлініп шыққалы бері әр ауданда кадрлық өзгерістер орын алғаны баршамызға белгілі. Осыдан тура бір жыл уақыт бұрын Панфилов ауданына да жаңа әкім тағайындалған болатын. Аудан тізгінін осы өлкенің тумасы, көп жыл басшылық қызмет атқарған білікті де білгір маман, өңірдің тыныс-тіршілігін бес саусағындай білетін Сағымбек Марат Рахымбердіұлына сеніп тапсырғаны көпшіліктің көкейіне сенім ұялатты. Бүгін қызметіне кіріскеніне бір жыл болған өңір басшысымен атқарған жұмыстары, ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелері, алдағы жоспарлары жайлы еркін әңгімелесіп қайтқан едік.
– Марат Рахымбердіұлы, аудан тізгінін ұстағаныңызға жыл толып отыр екен. Осы ретте бір жыл ішіндегі ауданның жетістіктері жайлы айтып өтсеңіз.
– 2022 жылы біздің ауданда экономиканың барлық саласында жоспарланған негізгі көрсеткіштер толық орындалды. Атап айтсақ (көрсеткіштер 12 ай бойынша): Ауыл шаруашылығы – 3,0 пайызға (70,7 млрд. теңге), өнеркәсіп – 14,0 пайызға (27,8 млрд. теңге), сауда – 17,8 пайызға (19,9 млрд. теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 29,3 пайызға (20,7 млрд. теңге) ұлғайып, аудан экономикасына 29,6 млрд. теңге инвестиция тартылды және жыл басынан 61,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
2022 жылы жалпы мемлекеттік бюджетке 86,8 млрд. теңге салық және өзге де төлемдер жиналып, жылдық болжам 106,3%-ға орындалды. Оның ішінде: республикалық бюджетке 78,8 млрд. теңге (103,3%), жергілікті бюджетке 8,0 млрд. теңге (147,7%), одан аудандық бюджетке 3,8 млрд. теңге түсті (121,3%). Бұл жалпылама алғанда экономикалық көрсеткіштер. Одан бөлек аудандағы кәсіпкер азаматтар мен қайырымдылықпен айналысатын жандардың арқасында біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Мұқтаж жандарға баспана сыйлап, басқа да әлеуметтік мәселелеріне қол ұшын беруде.
– Еліміздегі күрделі салалардың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау саласы екені белгілі. Ауданымызда бұл мәселелер қалай шешілуде?
– Өздеріңіз білетіндей бізде білім саласында 45 орта, 1 негізгі және 4 бастауыш мектеп бар. Сонымен бірге, 61 бала бақша және 29 шағын орталықтар жұмыс істейді. Онда мектепке дейінгі біліммен 8712 бала қамтылған. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 99,8%-ды құрайды.
2022 жылға білім саласын қаржыландыруға 17,5 млрд. теңге, оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға – 423,8 млн. теңге игерілді.
2022 жылы Сарыбел ауылындағы Көбіков орта мектептің күрделі жөндеуін аяқтауға 139,8 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Басқұншы ауылындағы Крылов орта мектебіне 300 орындық мектеп салуға 1,2 млрд. теңге, Бөрібай би ауылында 110 орындық мектеп салуға 1,0 млрд. теңге бөлініп, өткен жылы пайдалануға берілді.
Шежін ауылында асханасы мен спорт залы бар 60 орындық жапсарланған мектеп құрылысына 861,8 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. 2022 жылы ауданымызда үш мектептің салынуы біздің ауданның тарихында болмаған жетістік.
Лесновка ауылындағы Д.Рақышұлы атындағы орта мектепке асханасы бар 60 орындық жапсаржай құрылысын салуға және осы мектептің №2 оқу ғимаратын толығымен балабақшаға өткізу үшін ғимаратты күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Биылғы жылға білім саласын қаржыландыруға 18,8 млрд. теңге бөлінді. Әулиеағаш ауылындағы Әулиеағаш орта мектебін күрделі жөндеу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге 25,0 млн. теңге, «Жайлы мектеп» ұлттық жоба шеңберінде Жаркент қаласында 1200 орынды жаңа мектеп құрылысын бастауға 2,5 млрд. теңге бөлінді. Білал-Назым көшесінің басындағы «Жаңа құрылыс» ықшам ауданы аумағында салынатын мектеп көптен бері көптің сұрауындағы мәселе еді. Бұйырса алдағы уақытта басталса ол мектеп толықтай заманауи технолгиямен жабдықталып, соңғы үлгідегі элиталы мектеп болмақ.
Сонымен бірге, Головацкий ауылындағы Головацкий атындағы мектеп пен Алтыүй ауылындағы Қастеев атындағы орта мектеп, Жаркент қаласындағы Білал-Назым атындағы орта мектебі, Кішішыған ауылындағы Кішішыған орта мектептері мен Жаркент қаласындағы Қарлығаш балабақшасының ғимараттарын күрделі жөндеуге құжаттары дайын. Жоғарғы тұрған органдарға бюджеттік өтінімдері беріліп, қаржы сұралуда.
Ал денсаулық сақтау саласына келсек ауданның денсаулық сақтау мекемелері – 131 387 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Біздің «Панфилов көпсалалы ауданаралық ауруханасы» КМК құрамында балалар емханасы ауысымда 300 адам қабылдаса, 500 келушіге арналған ересектер емханасы, 300 келушіге әйелдер консультациясы, 350 төсектік стационар, 2 ауылдық аурухана, 16 дәрігерлік амбулатория, 9 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт бар.
Аудандық ауруханада 183 дәрігерлік персонал жұмыс жасайды. Олардың қамтамасыз етілуі – 13,9 пайыз. Орта медициналық қызметкерлер саны – 1099, қамтамасыз етілуі – 100%.
Ауданда аурухана саласында кадр тапшылығы мәселесі бар. Бүгінгі таңда 18 тар бейінді мамандар қажет. 2 анестезиолог реаниматолог, 4 акушер гинеколог, 2 неонатолог, 2 инфекционист, 1 офтальмолог, 1 лор, 2 невролог, 1 кардиолог, 1 эндокринолог, 1 функционалды диагностик, 1 реабилитолог сынды мамандар қажет.
Өткен жылы 10 дәрігер жұмысқа қабылданды. Олардың жетеуі жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 терапевт, 2 анестезиолог реаниматолог дәрігер.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2022 жылы 2 дәрігер және 3 орта буын маманы көтерме жәрдемақы алды, 1 дәрігер мен 1 орта буын маманы бюджеттік несие алды. 2023 жылы осы күнге дейін 2 жалпы тәжірибелі дәрігер мен 1 дерматовенеролог дәрігер жұмысқа қабылданды. 2022 жылы Алтыүй дәрігерлік амбулаторясына, Ынталы медициналық пунктіне, Сартөбе медициналық пунктіне, Бөрібай би медициналық пунктіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудандық емханаға лифт орнатылды.
Одан бөлек аудандық аурухана 87 584 750.68 теңге сомасында газ жүйесіне қосылды. Биыл жылдың басында аудандық ауруханаға эксперт санаттағы ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы алынды.
Ауылдық денсаулық саласын сақтауды жаңғырту бағдарламасы бойынша 2023-2024 жылдары аудандағы 11 денсаулық сақтау мекемесін жаңарту жоспарланып отыр. 2023 жылы 2 ауылға блоктік модульдік кешен орнату жоспарланған. Олар Аккент, Ақарал медпунктары. Оған қосымша жедел жәрдем мекемесі үшін де блок-модульды кешен орнату жоспарда бар. Нәдек ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Шежін ауылында бір ауысымда 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, 2023 жылға қаржы сұралуда.
5 ауылдық елді мекенде жаңа ғимараттар салу қажет. Жаркент қаласында орналасқан перзентхана ғимаратын күрделі жөндеу керек. Осындай мәселелерді шешу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жұмыс жасаудамыз.
– Өзіңіз білетіндей, Мемлекет басшысы игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл мәселе біздің өңірде қалай шешілуде?
– Панфилов ауданы бойынша 2022 жылы 40 жер пайдаланушы пайдаланымаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 12 247 гектар жер учаскелерін аудан қорына қайтарды.
Жаркент қаласы мен ауылдық округтер бойынша аудан қорына қайтару туралы 2023 жылғы 23 ақпандағы жоспары бекітілді. Бекітілген жоспарға сәйкес жалпы көлемі 27 000 гектар пайдаланбаған жер учаскелерін қала, ауылдық округтеріне, аудан қорына қайтару туралы тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізілуде.
2023 жылы 6 жер пайдаланушы жалпы көлемі 985,1 гектар пайдаланылмаған жер учаскелерін аудан қорына қайтарды.
Аудандағы «Асем-Жетісу» және «Ал сут» (Al`sut) деп аталатын жеке серіктестіктерден инвестициялық жобамен алған жер учаскелерінің 8 949,5 гектар пайдаланбаған жер көлемі анықталды. Жетісу облысы әкімінің орынбасарына және инвестициялық үйлестіру кеңесіне осы жеке серіктестікке тиесілі жерлерді инвестициялық жобалар тізімінен алып тастауға хат жолданды. Инвестициялық жобаның тізімінен алынған соң аудан қорына қайтаруға жұмыстар жүргізілетін болады. Сондықтан да біз осы жер мәселесіне қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындап отыруға міндеттіміз.
– Аудандағы газдандыру мәселесі жайлы не айтасыз?
– Бүгінгі таңда аудан бойынша газ құбырының жалпы жобалық ұзындығы 333,9 шақырымды құрайды.
Қазір жеке меншік ауласы бар 4544 үй, көп қабатты 6 үй, 7 мемлекеттік мекемелер, 129 жеке меншік ғимараттар, 1 кәсіпорын газға қосылды.
Осы жылы 11 ауылға, атап айтсақ Көктал, Кішішыған, Үлкеншыған, Қорғас, Шолақай, Алмалы, Пенжім, Лесновка, Еңбекші, Алтыүй, Үшарал ауылдарына газ жеткізу құбырының және газ тарату жүйелерінің құрылысына жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге 362,8 млн. теңге бөлінді. Алдағы уақытта осы ауылдардың тұрғындары көгілдір отынның игілігін пайдаланады.
– Аудандағы шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіппен айналысам деген адамдарға грант беру, қолдау мәселесі жайлы айтып өтсеңіз…
– Ауданымызда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес бүгінгі күнге 10832 бірлікті құрайды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға өсім бар. (2022 жылы — 8931).
2022 жылы 46 жоба 890,3 млн. теңгеге мемлекеттен қолдау алды. Несие пайызын жеңілдету арқылы 20 кәсіпкер 230,3 млн. теңге, 18 кәсіпкер кепілдік арқылы 622,6 млн. теңге, 8 кәсіпкер 37,4 млн. теңгеге қолдау алды.
Сонымен қатар, ауданымызда жаңа бастамаларды қолдау және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жергілікті бюджеттен 2022 жылы 86 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өз істерін бастауға қайтарымсыз гранттар берілді, 2023 жылы бұл бағдарлама аясында 75 адамға грант беру жоспарланған.
– Жақсы екен. Енді өңірдегі өнеркәсіп мәселесіне тоқталсақ. Көпшілік қауым біздің ауданды Қытаймен шекаралас болғандықтан тек сауда-саттықпен айналысатын өңір деп ұғады. Алайда біздің өңірде бірнеше өнеркәсіп орындары бар емес пе?
– Дұрыс айтасыз, ауданымызда өнеркәсіп саласында 6 орта, 34 кіші өнеркәсіп кәсіпорындары бар.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 2022 жылы «Көктөбе саффлауер» май өндіретін зауыт іске қосылды. Онда жаңа 10 жұмыс орны ашылды.
Онымен қоса «Элит бэйби продукшн (Elite Baby Production)» ЖШС-і гигиеналық заттарды шығару зауытының құрылысын аяқтап, биылғы жылдан бастап өнім өндіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Оның жоба құны 256 млн. теңге. Пайдалануға берілсе онда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Сондай-ақ, биыл «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақта бірқатар жобалар іске қосылуға жоспарланған. Атап айтсам:
- «Майами Солор» (Solor) күн тақтайшаларын шығаратын зауыт іске қосылуы жоспарлануда, жоба құны 2,4 млрд. теңге,
- «Роял стандартс» ЖШС (Royal standards) тігін цехының құрылысын жүргізуде, ол да биылғы жылы қосылуға жоспарланған. Жоба құны 300 млн. теңге, ашылатын жұмыс орны – 30 адам.
- «Юнити Бірлік Груп» ЖШС (Unity Birlyk Group) метал бұйымдарын шығару зауытын іске қосуға жоспарлаған, жоба құны 80 млн. теңге, ашылатын жұмыс орны – 30 адам.
Бұдан басқа былтырғы жылы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен «Ичанская производственная компания «Кэлишэн» ЖШС-ның басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында инвестиция көлемі 330 млрд. теңгені құрайтын, 2000 жұмыс орнын қамтитын заманауи технопарк құрылысын бастауға меморандумға қол қойылды. Бұл жоба бойынша 2023 жылдың екінші жарты жылдығында құрылыс жұмыстары бастауға жоспарланған. Бүгінгі күнге бұл жобаны бастауға 4,8 млрд. теңге бетон зауытының құрылысы аяқталды.
Бүгінгі күнге «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА логистика, өнеркәсіп және қоймалар қызметтері бойынша барлығы 11 жоба іске қосылып жұмыс атқаруда.
– Марат Рахымбердіұлы, ауданымызда қандай қазба байлық қорлары бар? Бұл сауал көпшіліктің көкейінде жүр деп ойлаймын.
– Ауданымыздың табиғи ландшафты өте бай және әр алуан. Мұз басқан Жоңғар Алатауынан сонау оңтүстік шөлейт жерлерге дейін табиғат сан алуан түрге енеді. Көркем жерлеріміз – Жоңғар Алатауы, Үйтас, Ой-Жайлау туризм саласын дамытуға өте қолайлы.
Тау басынан көзін алған Өсек өзені бойына су электр станциясын салу да болашақ электр қуаты көзіне қор болады деген ойдамын.
Сонымен бірге, Панфилов ауданының аумағында табиғи қазбалардың көптеген түрлері бар. Көп жылдар бойы «Керім-Ағаш», «Жаркент-Арасан» және «Көктал-Арасан» шипажайларында термоминералды және батпақпен емдеу көздерін әртүрлі ауруларды емдеуге пайдаланып келді, болашақта да кеңінен пайдаланамыз.
Құндызды учаскесінде мұнай өндіру мүмкіндігі бар. Тышқан, Бұрхан және Сұлубақан орындарында – 3 учаскеде тас көмір және Іле өзенінің солтүстік жағында қоңыр көмір бар. Нарын, Шежін және Қорғас өзендерінің маңында алтын шашпалары кездеседі. Бұлар ауданның болашақ ұрпағына қалар қорлар болмақ.
– Былтырғы жылдан бері біраз кадрлық өзгерістер жүргіздіңіз. Жаңа кадрларға қандай талаптар қоясыз?
– Ауданымызда кадр мәселесіне қатысты өзгерістер болды. Атап айтқанда Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық заңының 13-1- Әкімді сайлау тарауына сәйкес, сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңдарына сәйкес 2022 жылдың желтоқсан айында Жаркент қаласында және Сарыбел, Көктал, Айдарлы, Жаскент, Пенжім, Басқұншы ауылдық округтерінде сайлаудың шешімі бойынша әкімдер оң нәтиже алып тағайындалды. Сонымен қатар ауданымызда үлкен салалар бойынша – құрылыс, сәулет және қала құрылысы, экономика, ауыл мен жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы саласы бойынша аудан әкімінің орынбасарлары тағайындалды.
Сонымен бірге ағымдағы жылдың наурыз айында ауданымыздағы үлкен салалар аудандық емхана мен аудандық білім бөліміне жоғары білімді, білікті, жаңашыл жас басшылары жаңадан тағайындалып отыр. Осы жаңадан тағайындалып отырған басшыларға үлкен үміт арта отырып, кадрлық өзгерістер нәтиже беретініне сенімім мол. Оларға қоятын талабым – ең бастысы халықпен ашық жұмыс істей білу, ел-жұрттың мәселесіне уақытылы назар аудару және өз істеріне адал болу.
– Жақында ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің және Мәслихаттардың депуттарын сайлау өтті. Халық қандай өзгеріс күтеді деп ойласыз?
Қазақстан Республикасында Сайлау туралы Заңына сәйкес, 19 наурызда өткен Мәжіліс және мәслихат сайлауының алғашқы exit poll нәтижесі белгілі болды. «Еуразиялық интеграция» институты жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес Мәжіліс және мәслихат депутаттары 6 партия фракция өкілдерінен құралмақ.
Мәжіліс және мәслихат сайланушылар арасында пропорционалдық жүйе бойынша, әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастырылуы да атап өтетін жай. Мәжілістегі жаңа партиялардың пайда болуы, жаңа адамдардың, жаңа есімдердің келуі сайлаудың демократиялық түрде ашық өткенін айтуға болады. Көптеген саяси өзгерістер, саяси мәдениет қалыптасады. Президенттің жариялаған «Беделді парламент» ұстанымына сәйкес келуі, партиялық фракциялардың белсенді қызмет атқаруы, парламенттік оппозиция институтының шынайы түрде ықпалды факторға айналуы, биыл арнайы квота алып отырған депутаттардың өздеріне деген сенімді ақтауы деген сияқты талаптар бар. Менің ойымша, депутаттар корпусындағы тәуелсіздік дәуірінде азаматтық позициялары қалыптасқан депутаттардың мемлекетшілдік, патриоттық ұстанымдары елдің саяси-әлеуметтік дамуына жаңа импульс бермек.
– Ұлыстың ұлы күніне орай аудан халқына айтар тілегіңіз?
– Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары! Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз әр күніміз өсу мен даму үшін мүмкіндік туғызатын, ырыс-берекеміз нығайған елде өмір сүріп отырмыз. Барлық игілікті істер табыспен аяқталып, жемісті еңбек тек қана қуаныш әкелсін. Наурыз елімізге, әрбір отбасына бірлік, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге алғысымыз шексіз. Істеріңізге табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Молот СОЛТАНАЕВ