Осынау ұлан байтақ даланы көшпелі қазақ елі мекендеді және әлі де мекендейді. Бір шетінен екінші шетіне шапсаң атың жолда қалмайтын, тізгінін тартсаң қарың талмайтын, киген тоның тозбайтын, иен даланы жайлаған халқымыздың қонақжайлылығының бастауы көшпелі өмір салтына негізделгендігінде жатыр.
Көзін ашқаннан таулы-тасты не ұланғайыр дала төсінде өмірге сүруге бейімделгендіктен табиғатпен үйлесе, қабыса жүргізетін өз заңына бағынған халық. Ол заңның қағидаттары жазылып қағазға түсірілмесе де бабасының шежіредей ғып айтуынан баласына берілуі арқылы жалпақ жұртқа тараған. Ауызша айтылса санада сақталып заң орнына жүріп бірте-бірте соған мойынсұну, екі сөзге келмей ата жолы деп бағыну әдетке айналған. Салт-дәстүрді, жөн-жоралғыны сақтау тағылымын іске асырып отыратын, өздері де соған жүгінетін қазақ билері болатын.
Билер – қазақ қоғамының ішіндегі бірліктің, ынтымақтың сақтаушысы, насихаттаушысы, үндеушісі рөлін атқаратын. «Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығару» ұстанымына бағынған. Олар осы негізгі мақсатты жүзеге асыруда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деген қағиданы бетке ұстап билік құратын. Билерді адақтаудың алғашқы қасиетінің бірі бұра тартпайтын турашылдығы болса, екіншіден билігінің шешімін, кесімін шешен тілмен шебер, қисынға сыйымды етіп жұртқа жеткізе білуінде. Халық арасында көнеден келе жатқан «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген ұлағат та қазақтардағы сөйлеу құдіретінің көне заманнан келе жатқандығына сілтеу жасалған. Төрт ауыз сөзді толтырып айта алмасаң несіне кеудеңе жел аласың дегенге саяды. Батыр мен биді ел туғызады, сондықтан олар халықтың қамқоры. Батыр елге қорған, ал сол батырыңыздың іс-әрекетін ел қорғауға бағыттау бидің салиқалы ақылы. Билердің өмірі, қызметі, даулы істерді шешкендегі айтқан аталы сөздері, сөз саптауларын жинау бір адамның немесе бірнеше адамның қолынан келетін іс емес. Бізде осы өңірдегі ежелгі дәуірдегі Үйсін Елжау би, Нәнді биден бастап бергі замандарда ел билеуде тізгін ұстаған, жер дауы мен жесір дауын үдетпей, бірліктің бел ортасында тұрған Суаннан шыққан билерімізді жинақтап, аты-жөнін беріп отырмыз. Біріншіден, билеріміздің қайсы рудан шыққандығын білсек те, әуелі санын анықтауды жөн көрдік. Мұнда әзірше өзіміздің өңірде өмір сүрген 34 бидің аты беріліп отыр. Есімдерді жасына, өмір сүрген жылдарына қарай емес, алфавит бойынша өрдік. Қалған сөз сіздерде, білгендеріңізді айтып, редакцияға хат жазып, үн қосарсыздар.
Аққабақ би
Алпысбек би
Әтейбек би
Бөлек би
Баян би
Бегімбек би
Биеке би
Дәулет би
Дөнен би
Жәментік би
Жақыбай би
Жұмабек би Байғазыұлы
Кененбай би
Кеңгір би
Көткеншек би
Қарамеңді би
Қожбанбет би
Қосшыбай би
Құдабай би
Малай би
Малдыбай би
Сатай би
Сады би
Салпық би
Самылтыр би
Соқыр би
Солтанай би
Сүлеймен би
Тана би
Тілеуке би
Тілеулі би
Ырыскелді би
Шәнті би
Шүкейіт би
Молот СОЛТАНАЕВ
Біз Шүкейіт би ұрпағымыз .Аталарымыздың аты аталып ұмыт болмай мақала жазғандарыңызға қуаныштымыз!