ХІІ ғасырда қуатты Моңғол империясы қалыптасты. ХІІІ-ХІV ғасырларда Еуразиядағы ерекше күрделі тарихи жағдайлар алғашқыда адам таңданарлық байланыстардың нығаюына алып келді. Папа мен орыс княздары, Иранның моңғолдық елхандары мен Франция королі Генуя көпестері, францискандық және доминикан орденінің монахтары, Кимекия Армяндарының билеушілері мен ұлы моңғол ханының сарай маңындағылары серіктес әрі одақтас болып қалды. XIV ғасырдың 40 – 60 жылдары Шыңғыс хан мен оның ізбасарлары құрған рабайсыз үлкен, саяси жүйесі тұрақсыз моңғол империясы құлағаннан кейін батыс пен шығыстың арасындағы тікелей байланыстар үзілді.
ХІІІ-ХІV ғасырларда Моңғолиядағы ұлы ханның ордасына саяхатшылар бірінен кейін бірі ағылып келіп жатты. Оның себептері әртүрлі еді: біреулері ол жерден өз жауларына қарсы одақтастар іздесе, біреулері жаңа жаулап алушыларды сүйеніш ете отырып саудасын жүргізді, үшіншілері өздері бағыныштыларға жергілікті моңғол билеушілерінің қаталдығын тежеуді сұраса, төртіншілері күмәнді іс – әрекеттермен жүргендер және тыңшылар еді.
Ежелгі саяхатшылар бізге күнделіктер қалдырған не болмаса өздерінің алған әсерлерін тарихшыларға айтып беріп жаздырып отырған, ал кейбір саяхатшылар туралы тек замандастарының естеліктерінен ғана білеміз.
Сол кездің ұлы саяхатшыларының есімдерінің арасында атақты Венециялық Марко Поло, ІV Иннокентий папаның елшісі Плано Карпини, француз Андре де Ланжюмо, италиялық Асцелин, француз королі ІХ Людовиктің елшісі Гильом Рубрук, сонымен бірге 75 мың миль жер жүріп Батыс Африкада, Индия мен Испанияда, Түркия мен Иранда, Волга бойы мен Орта Азияда болған арабтың ұлы саяхатшысы Ибн – Батута бар. Осы керемет есімдер шоғырындағы кіші Кимекияның патшасы 1 Гетумды атамай кетуге болмайды.
ХІІІ ғасырдың 30 – жылдарында моңғолдар Ұлы Арменияға басып кіргенде Кимекия Армениясының билеушілері Таврия тауының биік жоталарының тасасында жасырынып отырды. Ал 40 – жылдары І Гетум моңғолдардың билігін мойындай отырып, шағын мемлекетінің қауіпсіздігін сақтап қана қоймай, моңғолдардың тарапынан күшті одақтас тапты.
Осы үшін 1253 жылы Мөңке ханға Кавказды билеп отырған І Гетум бастаған елшілік аттанады. Моңғолдардың жергілікті билеушісі Арғынның қысымына қарсы көмек сұрауға жасырын жолға шығады. Гетум шығар алдында қашыр айдаушы болып киінеді де, Қарақорымға аздаған адамдармен көп ешкім білмейтін жолмен жетеді. Мөңкенің ордасында жақсы қабылданған елшілік моңғолдармен келісім жасасып, салықтың азайтылуына уәделесіп қайтады. 1254 жылы І Гетум отанына өзінің айтуынша «бұрынғы өзі жасырынып өткен жолмен енді арыстандай болып» қайтады. Қайтар жолдағы егжей – тегжейлі баяндалған деректеме үлкен қызығушылық танытады.
Сонымен, І Гетум 1254 жылы 1 қарашада Қарақорымнан қайта қайтады. Ол «Гумсгурге келіп, одан Пералехке қарай жүріп, одан соң Пешпалекке келеді… Ол жерден олар Арлек, Куллук, Енках, Тчанналек, Хутана, Анкилек арқылы жүреді. Одан кейін Түркістанға аяқ басып: Еконрух Динкапепек және Пулат жерінен Сут–Көлден өтіп Алаулех (Алмалық) және Иланбалых (Иланбалыққа) келіп, Илансу деп аталатын өзеннен өткеннен кейін, Тавр тауларының сілемдерінен асып түсіп Даласқа (Таразға), ал одан соң Отырар, Жизақ, Бұқара, Тебриз арқылы отанына оралған». Бұл тізімде екі қала Алмалық пен Тараз оқшауланған нақты Алаулеху – Алмалық және Далас – Тараз қалаларына келеді.
Осы бағдарлыққа сүйене отырып Иланбалық қаласының Қытай деректерінде Или-бали, немесе 1329-1331 ж. мұсылман деректерінде Иланбалықтың орнын анықтауға болады. Алайда археологтарда көптен бері осы қалашықты сол қаланың орны деп атайтындай, салыстыратындай дәлел таба алмай жүрді. Іздеу тарихы да ұзаққа созылды. Және де бұл қаланың орналасқан жері туралы әр түрлі жорамалдар айтылды.
Өз кезінде 1893-1894 жылдары шығыстанушы ғалым В.В.Бартольд Ташкент-Шымкент-Бішкек-Кеген-Жаркент-Верный бағытымен жүріп өткен ғылыми сапарында Иланбалық Махмұд Қашқаридың Екіөгіз (ХІІ ғ.) және Гильом Рубруктың белгілі хабарлаулары бойынша (ХІІІ ғ.) Эквиус қалалары болар деп пайымдады.
Верный – Жаркент жолының бойында Іле өзенінің өткелінің шығысындағы 35 шақырымдай жерде жатқан Іленің оң жағалауындағы «Шеңгелді» қалашығымен байланыстырады. А.Н.Бернштам Иланбалықтың Екіөгіз бен Эквиустың бір екендігімен келісіп және оны «Шеңгелді» қалашығының орнына жайғастырады. Бір қызығы «Шеңгелді» қалашығы жайлы, ол жерден табылған су құбырлары жөнінде ең алғаш Ш.Уәлиханов жазған еді.
Кейіннен Іле өңірінің аймағына (солтүстік-шығыс Жетісу) жүргізілген археологиялық зерттеулер бұл жерден ондаған жаңа қалашықтардың орнымен қатар Махмуд Қашқаридың Екіөгізі, Г.Рубруктің Эквиусы Талдықорған қаласынан батысқа қарай 20 шақырым жердегі Балпық би селосының орнындағы «Дөңгене» қалашығы екендігіне көз жеткізе отырып дәлелденді. «Шеңгелді» қалашығы шағын қалашықтың құландысы, атап айтқанда кішігірім керуен сарайының қалдығы екендігі анықталғаннан кейін Екіөгіз – Эквиус қалаларының орнына оның сәйкес келетіндігі күмән тудырды. Иланбалық қаласы Көктал ауылы мен Панфиловтың (қазіргі Жаркент қаласы) арасында жатқан «Үшарал» қалашығына дәл келеді деген болжамдар да айтылды.
2014 жылы Иланбалық қаласы «Үшарал» қалашығының орнында жатыр деп неғұрлым сенімді түрде айтуға мүмкіндік туғызған материалдар табылды.
Біріншіден, бұл қалашықтан монеталардың бай коллекциясы жиналды, ал мұның өзі осы жерде тұрған қаланың маңыздылығын өзінен-өзі айғақтап берді. Сәті түсіп, үш теңгелер көмілген қазына және 123-тей жекелей теңгелер табылды. Үш көмбедегі дирхемдер ХІІІ-ХІV ғасырлар кезінде пайдаланылған.
Бірінші көмбе. Алмалықтың (656/660, мұсылманша 1258-1262 жж.) 8 дана күміс жалатылған мыс дирхемдері. Шамамен 660/1262 ж жасырылған.
Екінші көмбе. Шағатай мемлекетінің (Қайду мемлекетінің) жеті күміс дирхемінен тұрады. Олар ХІІІ-ХІV ғасырлар аралығында жасырылған.
Үшінші көмбе. ХІV ғасырға жататын 40 күміс динардан тұрады. Оның 37 данасын айқындауға мүмкіндік болды, 36 теңгесі Шағатай мемлекетінің, ал біреуі Ильхан Абу Саидтың теңгесі
Бірді-екілі табылғандардан жиналған теңгелерді 3 топқа бөлуге болады: бірінші моңғол жаулап алушыларына дейінгі соғылған теңгелер, екіншісі Ұлы Моңғол империясының теңгелері, үшіншісі Шағатай мемлекетінің теңгелері. Әзірше, ХІV ғасырдың 2 жартысынан кейін соғылған бірде-бір теңге табылмады.
Сонымен: бірінші топтағы теңгелерге ХІ-ХІІ ғасырлардағы (жеке-жеке табылғандардың 5,7 %) қараханидтердің жеті дирхемі жатады. Ал, 444/1057-1053 жылдары Тункентте құйылған Боғра-Қараханның дирхемі солардың ішіндегі ең көнесі болып саналады. Қытайдың Солтүстік Сун әулетінің 2 теңгесі анықталды, оның ең көнесі ХІ ғасырдың алғашқы жартысымен Тянь- Шэн Юань-Бао (ақша шығарушы билеушінің ұраны) белгіленген.
Осы топқа кіретін ХІІІ ғасырдың басында соғылған теңгелердің Қарахандықтарға не болмаса, Хорезм шахы Ануштегиндердің күміс жалатылған үлкен мыс дирхемінің сынығы жатады. Сонымен бірінші топқа 11 теңге кіретін болса, ол бүкіл табылған теңгелердің 9%-ын құрайды.
Екінші топқа теңгелердің 93 данасын жатқызуға болатын болса, мұны бүкіл табылған нумизматикалық олжаның 76%-ы деп санауға болады. Бұл елді мекендегі тауар — ақша қатынасындағы бөлшек саудасының нағыз шарықтау кезеңі (жинақталған мәліметтерге қарағанда) 630\1232, 666\1268 жылдар екендігі байқалады. Моңғол империясы кезеңіне жататын теңгелердің құрамында алтын динардың сынығы (динардың өзі моңғол жаулап алуына дейін соғылған болуы мүмкін), 12 күміс дирхем бар, бірақ негізгі шоғырын Мөңке ханның билігі кезіндегі және ол қайтыс болғаннан соң құйылған Алмалықтың күміс жалатылған мыс дирхемдері құрайды.
Мына мәселеге де, көңіл аудармауға болмайды. «Үшарал» қонысынан табылған империялық теңгелердің көпшілігі Алмалықтың ақша сарайында құйылған. Яғни, Иланбалық қаласы ХІІІ ғасырда бұл арадан бір жарым күншілік жерге орналасқан Шағатай ұлысының астаналық орталығы Алмалықтың (қазіргі ҚХР-дің территориясында) экономикалық ықпал ету аймағына кірген. Тіпті табылған күміс теңгелердің аздаған бөлігі ХІІІ ғасырдың 630 /1233 жылдарынан 662 / 1254 жылға дейін біз зерттеу жүргізіп отырған қаланың базарына үздіксіз түсіп отырғандығын көрсетеді.
Ал, күміс жалатылған мыс дирхемдердің табылуы бұл хронологиялық тізбектің 666/1268 жылға дейін жалғасқандығын байқатады.
Алмалықтың теңгелерінен басқа топтамада Қаялықтың, Пулад пен Имилдің ақша сарайларының сол сияқты әлі белгісіз анықталмаған ақша сарайларының өнімдері ұшырасады.
Үшінші топтағы теңгелердің бір айырмашылығы саны жағынан 16 теңгені (13%) құрауы.
Әйтседе, теңгелердің негізгі құрамы сапасы жағынан әртүрлі. Екінші топтағы 93 теңгенің саны жағынан алғанда 12 данасы (13%) күміс дирхемдер ал, басымдықты мыс фелсандар (16 дана) мен күміс жалатылған мыс дирхемдер (68 дана) алып тұр.
Бұл мұрадан табылған көмбе мен бірен-сараң олжалар ХІІІ ғ мен ХІV ғ алғашқы жартысында осы қаланың аумағында ақша-сауда қатынасының пәрменді жүргізілгендігін көрсетеді.
Табылған нумизматикалық олжаларға сүйене отырып, бұл елді мекеннің ХІ ғасырдың басында өмір сүріп тұрғандығын дәлелдеуге болады. Уақыт өте келе табылған мыс теңгелерге тиісті көптеген мәліметтерді өңдеген соң Иланбалық қаласының орны деп салыстыруға болатынын және қалашықтың нумизматикалық паспортын жасай аламыз деп үміттенеміз.
Екіншіден, қалашықтан қабір басына қойылған қайрақ «құлпытас» несториандық төрткүл крест пен әзірге белгісіз жазу табылды. Мұның қызығы сол, осындай несториандық қайрақтар Алмалықтан да табылуында еді. В.В.Бартольд болса Алмалықтың моңғол үстемдігіне дейінгі мұсылман дереккөздерінде айтылатындығын ескерткен. Ол кезінде қарақшылық пен барымташылық жолдан өтіп, Алмалық пен оның төңірегіндегі бірқатар көрші қалалардың қожасынан билеушісіне дейін көтерілген Озардың (Бузар) астанасы болған. Кейіннен ол өз еркімен Шыңғыс ханның қол астына өткен. Оның әулеті екі-үш үрім-бұтақтарына дейін Алмалық аймағына билігін жүргізген. Қаланың орны, Талқы асуынан асып шатқалдың аузына шыққан соң, батысқа қарай бір күншілік жердегі қала деп көрсеткен Чан-Чуньнің бағытымен анықталды. Алмалық Ұлы Жібек жолы жүйесіне кіретіндіктен одан Отырарға дейінгі жол 45 күндік болса, ал Алмалықтан Бесбалыққа дейін 2 апталық жол екендігі белгілі.
Алмалық Шағатай иелігіндегі басты қалалардың бірі болғандықтан моңғол иелігіндегі жерлерге католик дінін таратушы еуропалық миссионерлердің жұмыс жасайтын орталықтарының бірі болды.
ХІV ғ. 30-жылдары Жанкісі (Дженкиси) ханның кезінде Алмалықта (Қорғастан 25 шақырым жердегі ҚХР территориясындағы қиранды қала) католиктердің епископы мен шіркеуі болған.
1339 жылы (немесе 1340 жыл) басталған Әли-Сұлтанның христиандарға қарсы бастаған қанды қудалауынан кейін католиктердің қызметі біржолата тоқтатылды.
В.В.Бартольд ең алғаш мұсылман дінін қабылдап, 1362-1363 жылдарда қайтыс болған Шағатай ұлысынын шығыс бөлігінің билеушілерінің бірі Тоғылық-Темірдің кесенесі сақталған Алмалық қаласының құландысын көріп қайтқан. В.В.Бартольд Алмалықтағы кесененің сипаттамасын жазып және оның Орта Азиядағы сол тектес құрылыстарға стилі жағынан ұқсас екендігін ескертіп кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша оның қасындағы көлемі кішірек кесене Тоғылық Темірдің баласы Шер-елханга тұрғызылған,
1902 жылы Алмалыққа Санк-Петербург университетінің түлегі, Верный қалалық әкімшілігінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған Н.Н.Пангусов келіп кайтады. Құлжада оған Алмалық қаласынан табылған төрткүл (крест) мен жазба түсірілген екі қайрақты (құлпытасты) көрсетеді
Қорыта келгенде, «Алмалық» жане «Үшарал» қалаларының орнынан несториандық қайрақтардың (құлпытастардың) табылуы мен I Гетумның жол жазбаларында Иланбалық Алмалықтан кейінгі қала деп атағандықтан Үшаралдағы қалашық орны Ілебалық қаласының қираған орны дегенімізді дәлелдеп тұр.
Карл БАЙПАҚОВ,
археолог, тарих ғылымдарының
докторы, академик.
(Орыс тілінен аударған Молот СОЛТАНАЕВ)